Спорт • 27 Сәуір, 2022

Дәулет Тұрлыханов: Ендігі меже – Азия ойындары

629 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Моңғолияның астанасы – Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында қазақ балуандары табысты өнер көрсетіп, сары құрлықтың үздік командалары санатынан көрінгені белгілі. Отандастарымыз сол сапардан оралған бетте жанкүйерлер оларды әуежайдан күтіп алды. Дәл сол сәтте UWW бюро мүшесі, Азия күрес одағы мен Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет ТҰРЛЫХАНОВПЕН аз-кем әңгімелесудің реті келген еді.

Дәулет Тұрлыханов: Ендігі меже –  Азия ойындары

– Күрестің үш түрі бойынша Қазақстанның балуандары 5 алтын, 8 күміс және 8 қола медаль олжалады. Бар­лы­ғы – 21 жүлде. Осы көр­сет­­­кішке көңіліңіз толған шы­­ғар?

– Былтырғы желтоқсан айында Республикалық күрес федерациясында біраз өзгеріс­тердің болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Басшылық құрамынан бастап, ұлттық, жастар және жасөспірімдер командаларының бапкерлері ауысты. Қысқа ғана мерзімде олар ауқымды істер атқарып, соның нәтижесінде Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеттік. Аталған жарысқа Қытай құрамасы ғана келмеді. Қалған мықты командалардың барлығы да Ұланбатырда өнер көрсетті. Бозкілемге шыққандар арасында әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтар да болды. Ең бастысы, жауапты жарыста жерлестеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Грек-рим күресі шеберлері жалпы есепте көш бастады. Негізі сол межеден көріне алма­ғанымызға біраз уақыт болған еді. Бұл жолы жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асты. Ал еркін күрес пен әйелдер күресі сайысында отандастарымыз үшінші орынды иеленді. Әрине бұл – өте жақсы көрсеткіш! Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Қазақстанда күрес өнерінің деңгейін көтеру үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек.

– Иә, грек-рим күресі ше­берлерінің табысы қомақты болғаны сөзсіз. Бір кереметі, боз­кілемге шыққан 10 ба­луанның тоғызы жеңіс тұғы­рына көте­рілді. Олжаға ке­нел­­­ген сол өрен­деріміздің бар­­лығы өз дең­гейінде өнер көр­сетті деп ойлайсыз ба?

– Күрестің әр түрі бойынша әлем және құрлық чемпионаттарында 10 жүлде жиынтығы сарапқа салынғанымен, Олим­пия ойындарында белдесулер алты салмақ дәрежесі бойын­ша ғана өтетіні өздеріңізге мә­лім. Бір айта кетерлігі, бас жүлдені олжалаған Мейіржан Шермаханбет (67 кило) пен Әлім­хан Сыздықов (130 кило) дәл сол олимпиадалық салмақ­тарда өнер көрсетті. Соған қуанып отырмыз. Моңғолияда олар өте жақсы күресті. Ше­шуші тұста біздің өрендер азулы қарсыластарымен ай­қас­қандарына қарамастан, өзде­рінің қайсарлығы мен табан­дылығының арқасында алтын тұғырға көтерілді. Осындай жеңістер спортшылардың өз-өзіне деген сенімін ны­ғай­тады. Сонымен қатар жауап­кершіліктері де артады. Алдағы уақытта Мейіржан мен Әлімхан бұдан да зор табысқа қол жеткізу үшін барынша күш салады деген ойдамын.

Иә, «әттеген-ай!» деген тұс­тарымыз да жоқ емес. Мәселен, талай дүбірлі додада дараланған Мейрамбек Айнағұловтың (63 кило) өнеріне көңілім толмады. Финалға дейін өте жақсы күрескен ол шешуші тұста шабысынан жаңылды. Аманғали Бекболатов та (55 кило) дәл сондай жағдайды басынан кешірді. Екеуі де күміс жүлдені қанағат тұтты. Жастар буыны өкілдері арасынан Ернұр Фидахметовтен (60 кило) бұдан да зор нәтиже күткен едік. Бірақ ол қола медальмен шектелді. Енді сол олқы­лықтарды түзеу үшін біз­дер бар, бапкерлер мен балуандар бар, барлығымыз бірігіп, көп жұмыс істеуіміз керек.

– Қазақстан құрамасын би­ыл екі бірдей аса жауапты жа­рыс күтіп тұр. Біріншісі – Азия ойындары, екіншісі – әлем чем­пионаты. Еліміздің ең үз­дік ба­­луандары сол бәсеке­лер­­дің қайсысына қатысады?

– Біз үшін Азия ойындары маңыздырақ. Сол себепті де еліміздің бірінші нөмірлі балуандары төрт жылда бір рет алауы тұтанатын сары құрлықтың басты додасында өнер көрсетеді. Бұл жарыс – 10-25 қыркүйек аралығында Қытайдың Ханч­жоу қаласында өтеді. Сол жерде мықтылығымызды түбе­гейлі мойындатуға тиіспіз. Ал қосалқы құрамдағы балуандар Сербияның астанасы – Белградта жалауы желбірейтін әлем чемпионатында күш сынасады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»