Білім • 03 Мамыр, 2022

Отандық эндаументтер форумы

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздегі алғашқы «Қазақстанның Эндаументтері» форумы және ENU Endowment Fund таныстырылымы өтті. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, қаржы компанияларының және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері қатысты.

Отандық эндаументтер форумы

Ресми деректерге сүйенсек, еліміз­дегі жоғары оқу орындарының жанынан құрылған он шақты эндаумент бар. Эндаумент ұйымның тұрақты дамуы мен болашаққа ұзақ мерзімді инвестициялау құралдарының біріне жатады.

Университеттер жанынан құрыл­ған эндаументтер өкілдері І Қазақс­тан­ның Эндаументтері форумында жүз­дес­ті. Еуразия ұлттық университеті мұрындық болуымен өткізілген форум мақсатты ка­питалды қалыптастыру мен да­мы­ту­дың өзекті мәселелерін талқы­лау, эндаументтерді басқару бойынша озық тә­жірибе алмасу үшін бірыңғай алаң құру мақсатында ұйымдастырылды.

Форум жұмысын ашқан Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев эндаумент қорларының мүмкіндіктеріне тоқталды. «Мұндай форумды өткізу өте уақтылы және өзекті. Эндаумент қорын құру – білім беру үрдісіне инновацияларды енгізудің маңызды құралдарының бірі. Бұл жоғары оқу орындарының дамуына, студенттерді қолдауға, зерттеу қызметін ілгерілетуге ықпал етеді. Мен бұл бастаманы қолдаймын», деді ол.

Іс-шара барысында ММХҚИ, ҚазҰУ, Ұлттық кардиохирургия орта­лы­ғының «Жүрек орталығы», КАЗГЮУ, Назарбаев Университетінің «Әлеуметтік даму қоры», т.б. өкілдері сөз сөйледі.

Форумда Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің түлек­тері құрған ENU Endowment Fund таныс­тырылды. Таныстырылымда сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов университет түлектерінің әлеу­мет­тік жауап­кершілігі жоғары еке­нін жет­кізді.

 «Біздің түлектер ENU Endowment Fund құруға бастамашы болды. Университетімізде эндаумент тәжірибесі жүзжылдықтармен өлшенетін үздік әлем­дік жоғары оқу орындарының үлгі­сі бойынша мақсатты капитал қо­ры­ның құрылуы – бұрын-соңды бол­маған оқиға. Жақын арада қордың табысы дарынды студенттерге және олардың инновациялық жобаларына қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осылайша, тү­лек­тер өздерінің білім алған ЖОО-ның өміріне белсене араласып, адам әлеуе­тін дамытуға ғана емес, бүкіл елдің бола­ша­ғына да үлес қосады», деді ректор.

ENU Endowment Fund директоры Динара Мұсабалина қорды және веб-сайтты https://endowmentenu.kz/ таныс­тыру барысында мақсатты капиталға қол сұғылмайтынын және жинақтау сипаты бар екенін атап өтті. Одан түс­кен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарланған. ЕҰУ-дың құрылтайшы-түлектері мұқтаж студенттерге гранттар мен стипендия­лар тағайындау арқылы қолдау көрсетуді, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді көздеп отыр.

Қорға алғашқы жарнаны 10 млн теңге көлемінде ENU Endowment Fund құрыл­тай­шыларының бірі әрі ЖОО түлегі Дмитрий Инютин құйды. Ол болашақ ұрпақ ғылыммен айналысады деп үміттенеді. «Осы университетте алған білім мен дағдылар көптеген өмірлік қиындықты жеңуге көмектесті. Бүгінгі жетістіктерімде білімнің үлесі бар. Өзім­нің университетіме, оның ішінде жаңа технологиялар дәуірінде білімге құш­тар студенттерге көмектесу тәрізді жауапты іс-әрекеттердің уақыты келді. Эндаумент – қиын-қыстау кезеңдерде университеттердің тұрақтылығын сақ­тау мен нығайтудың тиімді тетігі. Осы қор­дың қолдауымен біздің болашақ ұрпақтарымыз ғылыммен айналысады», деп атап өтті Д.Инютин.