Ғылым • 15 Мамыр, 2022

Зағиптарға электронды әліппе жасаған өнертапқыш-тифлопедагог

625 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Ғалымтану» бағытындағы жобамызды жүзеге асырып келе жатқан 2 жылдан аса уақытта бір нәрсеге анық көз жеткізгендейміз. «Қазақстанда ғылым жоқ» дейтіндердікі – бар болғаны стереотип, қатып қалған қасаң қағида ғана. Кезекті кейіпкеріміз де дәл осы ойға дәлел бола алады. Ол сан түрлі салада 30-дан аса патент пен өнертабысына отандық, шетелдік ұйымдардан авторлық куәлік иеленген. Біз бұл материалымызда оның бір ғана жобасына тоқталмақпыз.

Зағиптарға электронды әліппе жасаған өнертапқыш-тифлопедагог

Ол кім? Бұл не?

Ғалымжан Ғабдрешов – қазақ­стан­дық өнертапқыш-ғалым. Ке­йіпке­рі­міз оқушы күнінен жаңа нәрсе ойлап табуды жақсы көріпті. Кейін бұл дағдысы кәсібіне айналды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы­ның ғылыми-зерттеу институтында темір­ жол саласына, Қорғаныс министр­лі­гінде қорғанысқа, Денсаулық сақ­тау министрлігінде қатерлі ісікті емдеу­ге қажетті түрлі өнімдерді (құрал, құ­рыл­ғы, жүйе) ойлап тауып, өндіріске енгізген. Бірақ бір қызығы Ғ.Ғабдрешов – тифлопедагогика саласының PhD докторы. Ғалым кенжелеп қалған саланы дамыту үшін осы бағытты таңдап­ты. Тағы бір ерекшелігі – оның көп зерттеушідей магистратура, докторантураны оқымағанында. Ол ғы­лы­ми өнертабыстарының нәтижесі­­мен Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде док­тор­лық диссертациясын қорғап шық­ты. Ал бакалавр дәрежесін математика мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситетінде алды.

Кейіпкеріміздің біз сөз еткелі отыр­­ған өнертабысы – көзі нашар және мүлде көрмейтін балаларға ар­нап Брайль әліпбиін өздігінше үйре­нуге көмектесетін электронды әліппе. Өнертапқыш өзінің осы өні­мін редакциямызға келіп таныстыр­ды. Басында көргенде әлдебір техниканың қос алақан­ды қосқандай пішіндегі басқару пульті секілді деп ойладық. Қолға ұстамай тұрып бекер ұқсатпаппыз, аппараттың түймелерін саусақ ұшымен бассаңыз, пультке тигіз­гендей күй кешесіз. Әр түйме бел­гілі бір әріпті, цифрды немесе таң­баны білдіреді. Қайсысын бассаңыз, сонысы өз белгісін дыбыстайды.

Идея мұқтаждықтан туған

Әуелде балаларға арнап жасал­ғанымен, қазір оны зағиптарға арналған кітапхананың ересек оқыр­мандары да игілігіне пайдаланып жүр. Өнертапқыштың бұл аппа­раты SEZUAL деп аталады.

– Осыдан тура 4 жыл бұрын, яғни 2018 жылдың мамыр айында көзі нашар және мүлде көрмейтін оқушылары бар елордадағы №10 мектеп-гимназиясының әкімші­лі­гі балаларға санау мен оқуды үй­ре­нуді жеңілдететін құрылғы жасау­ды сұрады. Мектеп өкілдері көру қабілеті терең бұзылған оқушы­лардың мектепке келгенде бірінші кезекте Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпін үйренуден қиналатынын айт­ты. Мұндай балалар ерекше бі­лім беруді қажет етеді. Дені сау бала­ның өзіне мектептегі жаңа та­қы­рыпты үйге келгенде қайталап, бекі­ту керек. Оларға әріп танитын кез келген ересек көмектесе алады. Ал көзі көрмейтін оқушыға үйде кім көмектеседі? Олардың әрқай­сысымен мектепте де, үйде де жұ­мыс істеп отыратын тифлопеда­гог жоқ қой. Осы олқылықтың ор­нын толтыру мақсатында арнайы аппарат ойлап таптым. Өнім алды­мен сол сұраныс білдірген, бірінші сыныптан бастап төртінші сы­ныпқа дейінгі зағип балалар бі­лім алатын астанадағы №10 мектеп-гимназиясында тестілеу­ден өткі­зілді. Мектептің мамандары мен қол­данушылар аппаратты өте жоғары бағалады, – дейді Ғ.Ғабдрешов.

Бір өкініштісі, елордалық емес, атыраулық мектептің оқу­шы­­ла­ры аппараттың алғашқы қолда­ну­шылары болды. Өйткені батыс өңірден демеушілер табылыпты, ал Нұр-Сұлтаннан жаны жомарт жан да, компаниялар да табыла қоймаған. Ғ.Ғабдрешовтің айтуын­ша, тіпті «Самұрық-Қазына» компаниясы, Елбасы қоры, «Болашақ» қоры қызығушылық танытқаны­мен, түптеп келгенде демеуші бола алмапты. Алайда өнертапқыш өзінің командасымен бірге демеуші іздеуді, өнімін таныстыруды тоқ­татпады. Аппарат Қазақстан ма­ман­дандырылған кітапханалары жас кітапханашыларының I рес­публикалық слетінде және Алма­ты қаласы білім басқармасының Н.Островский атындағы №4 Зағип және нашар көретін балаларға ар­налған арнайы мектеп-интернатында таныстырылды. Сондай-ақ зағип балаларға арналған «Әлем­ді ашамыз және шекараны ке­ңейтеміз» атты халықаралық фес­тивалінде SEZUAL аппараты Түр­кия мен Әзербайжаннан келген ха­лық­аралық комиссияның жоғары бағасына ие болды. Аталған өнім осы саладағы жобаларға әдетте 3 жыл­дың көлемінде қауіпсіздігі, тиім­ділігі жөнінде құжат беретін швей­цариялық ұйымның патентін жар­ты жылда-ақ алған.

Иә, қарап отырсақ, идея мұқ­таждықтан туды, бірақ мұқ­таж­дықтың бәрі қанағаттандырыла ма? Оны орындай алатындар бұған мүдделі ме? Әңгіме сонда секілді.

Өнертабысты өндіріске айналдыруға да жүрек керек

Жоғарыдағы салмақты сауалдан соң, өнертабысты өндіріске айналдыруға да жүрек керек екен ғой деп ойладық. Жай емес, жомарт жүрек керек екен. Кейіпкеріміз өзінің командасымен өнімді әзір­леуден кейін де көп ізденді. Тек 2020 жылы ғана олар батыс өңірден табылған демеуші - ТеңізШевройлдың қолдауымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дыбыстай алатын 45 дана аппарат өндіріп, оны Атырау облысы білім басқармасына бағынысты Облыс­тық арнайы мектеп-интернаты­ның зағип балаларына тапсырды. Осыдан кейін өнертапқыш аталған өңірден тағы да тапсырыс алды. Қазір кейіпкеріміз «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалына және Ғабдол Сланов атындағы Аты­рау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына тапсыру үшін аппарат әзірлеп жүр.

Ендігі тапсырыстар шекара сыр­тынан түсіп жатыр. Себебі SEZUAL қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызы­ғушылы­ғын оятты.

– Алғашқы үлгілерін әзірлеу барысында қытайлық ұйымдардың өкілдерінен аппараттың қытай тіліндегі нұсқасын шығару туралы сұраныс түсті. Біз осы сұра­нысты орындауға бір жыл уақыт жұмсадық, ақыр соңында қытай тілінде Брайль жүйесін жасап шы­ғардық. Неге ұзақ уақыт кеткенін айтайын, себебі қытай иероглифте­рін Брайль қарпінің нұсқасына сәй­кестендіру керек болды. Қытай тарапына өнімнің нәтижелерін ішін­ара көрсеткеннен кейін бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткіздік. Қытайда зағип балаларға келіп оқуға мүмкіндік беретін әлем­дегі алғашқы қытайлық Брайль сы­ныптарын ашу жоспарланып отыр. Өйткені қазір Қытайда 10 миллионға жуық зағип жан өмір сү­реді және олардың саны жыл са­йын артып барады. Бұдан бөлек бізге Біріккен Араб Әмірліктері­нің мұғалімдерінен «Брайль оқулы­ғын араб тілінде Құранды үйренуге бейімдеу мүмкін бе?» деген сауал келді. Иә, шынымен де болады. Бұл жұмысты да біз бастап кет­тік. Қазіргі уақытта Еуропа мен АҚШ-тың мамандандырылған мек­тептерін осы құрылғылармен қам­тамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Негізі алдымен АҚШ-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Әлбетте олар біздің өнім­ді, еңбегімізді бірден мойындай қойған жоқ, әбден тексерді. Әуел­де тіпті «Қандай ел? Бораттың елі ме?» деген сыңайдағы сөзді де естідік. Бірақ қазір бізбен мүлдем басқаша сөйлеседі. Америкадағы көзі нашар және мүлде көрмейтін балаларға арналған 46 мектептің өкілдері біздің аппаратты алуға ынталы. Осыншама мектептің өкілі және Америкалық кітапханалар қауым­дастығы өнім туралы біледі, алдын ала тапсырыс бар. Бірақ дәл қа­шан және қанша сатып алатынын нақтылау үшін бізге АҚШ-қа бару керек. Себебі олар алдымен аппаратты көзбен көріп, қолмен ұстап көргісі келеді, – дейді Ғ.Ғабдрешов.

Кейіпкеріміз өзінің серік­тес­терімен осы жазда Америкаға баруды жоспарлап отыр. Бәрі де сол жақтан келетін ұсынысқа, алда белгіленетін ыңғайлы уақытқа байланысты болмақ.

Өнімнің өміршеңдігі мен өтімділігі неде?

Мамандардың айтуынша, бір баланың Брайль қарпін толық мең­геруіне бірнеше жыл кетіп қа­лады. Ал жаңа өнім арқылы мұны үйре­нушінің қарым-қабілеті мен осыған дейінгі дағдысына қарай бірнеше айға, тіпті аптаға дейін қысқартуға болады. Бұл әліпбиді үйренушінің де, үйретушінің де уақытын біраз үнемдейді. Бірақ мәселе мен аппараттың маңызы – тек уақытты үнемдейтінінде ғана емес, жұмыстың өнімділігін және нә­тижесін арттыратынында. Өйт­кені көзі көрмейтіндерге арналған әліпбиді аз уақытта меңгерген бала өзінің білім қорын молайта береді, негізгі үй тапсырмасынан бөлек те өз бетінше танымын кеңейтеді, мүмкіндігі шектелмейді, керісінше арта түседі.

Өнімнің өтімділігіне тағы бір себеп қолданушылар ауқымының әуелдегі көзделгеннен кеңейгенін­де секілді. Өнертапқыш аппаратты бастапқыда балаларға арнап жаса­ғанымен, оны көзі көрмейтін ересек адамдар да қолдана алады, пай­даланып та жүр. Жоғарыда атап өткеніміздей, Атырау облы­сын­дағы арнайы кітапхананың келу­шілері үйіне алып кетіп Брайль әліп­биін үйренеді екен. Мұның да ма­ңыздылығы жоғары.

Ойлап қараңызшы, басқа елді былай қояйық, біздің қоғамда адам­дардың көру қабілеті көбіне туа­бітті емес, жүре келе, тіпті егде тартқанда бұзыла бастайды. Бірақ «алпыс – талтүс» демекші, зейнет­ке шығып, өмірінің жаңа парағын енді ғана ашып жатқандай күйде жүрген жан көзі көрмей қалса, оған оқу-жазу керек емес деп айта алмаймыз ғой. Ал алпыстан асқан адамды арнайы мектепке қабылдай ма? Әрине жоқ, егде жастағылар түгілі жас­тарды мектепке алмайды. Мектеп жасындағы балалардың өзіне орын жетпей жатқанда бұл мүмкін де емес. Өнертапқыштың өнімі Брайль қарпін адамға өз бе­тімен үйренуге мүмкіндік береді.

Мәселе

Әлбетте, аппарат – біраз адамға пайдалы, алайда қолжетімді емес. Жас ерекшелігіне қарамастан елі­міздегі көзі нашар және мүл­де көрмейтін барлық адамға қол­же­тімді болу үшін оған мемлекет пен қалталы кәсіпкерлер, ірі кәсіп­орын­дар, арнайы қорлар мүдделі болуы керек, қаржыландыру қа­жет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылы қыркүйектегі Жолдауында: «Ғы­лымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіп­орындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қа­ражаты. Тапқан табыстың 1 па­йызын ғылым мен технология­ны дамытуға беру туралы қолда­ныстағы норма талаптары сақ­талмай отыр. Көп жағдайда бұл қара­жат компаниялардың ішін­де бөлініске түсіп кетеді», деген еді. Кей кәсіпорындардың жыл­­дық табысының 1 пайызы бір­­неше миллиардты құрайды. Ондай қаражатпен бірнеше мек­теп­тің зағип оқушысын, арнайы кітапханалардың келушілерін құ­ралмен қамтамасыз етуге болар еді.

Кейіпкеріміз бұдан басқа мәсе­ленің екінші бір ұшын шығарғандай болды.

– Алматыда орналасқан Н.Островский атындағы №4 Зағип және нашар көретін балаларға ар­налған арнайы мектеп-интернатында 250 орын бар. Бірақ онда 300 бала оқып жатыр. Демек 50 орынға артық оқушы білім алып жүр. Оған сыймай қалғандар тағы бар, қанша қаласа да олардың орналасуына мүмкіндік жоқ. Ал елордада, қателеспесем, көру қабілетінен айырылған балалардың саны 400-ден асады, – дейді тифлопедагог-ғалым Ғ.Ғабдрешов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы деректері бойынша Қазақстанда 160 мың көру қабілеті нашар адам болса, оның 90 мыңы есепте тұр. Телефонға телмірген жас буынды көріп, «бұл санның көбеймесе азаймағаны анық-ау» деген ойға келесіз. Енді сол 160 мың адамның 10 мыңға жуығы – 18 жасқа дейінгі бала, оның ішінде 1,5 мыңға жуығы арнайы мектептерге баруға мүмкіндігі бар. Қалғандары мұндай мектептер жоқ елді мекендерде тұрады. Демек 8,5 мыңдай бала білім алу құқығынан айырылып отыр. Бұл – заңға қайшы. Себебі қолданыстағы «Білім туралы» заңда әр бала өзі­­нің ерекшелігіне қарамастан сапа­лы білім алуға құқылы екені көр­се­тілген. Ал біз биыл «Балалар жылы» дейміз...