Өнер • 17 Мамыр, 2022

Қазақстандық фильм Лос-Анджелесте өткен фестивальде жүлделі болды

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әділхан Ержанов түсірген жаңа кинотуынды LA Asian Pacific Film Festival кинофестивалінде Гран-при жүлдесіне (Grand Jury Award for Best Narrative Feature) ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.

 

Қазақстандық фильм Лос-Анджелесте өткен фестивальде жүлделі болды

Фильмдегі оқиға Қаратас ауылындағы мектепте өрбиді. Білім ордасын басып алған белгісіз біреулер оқушыларды тұтқынға алып, оларды босату үшін ешқандай талап қоймайды. Қаладан көмекке шыққан құтқарушылар алай-дүлей соққан ызғарлы бораннан жете алмағандықтан, мектеп ұстазы Тазшы ата-аналардың басын қосып, балаларды босатуға бел буады.

Фильмдегі басты рөлдерді Азамат Нығманов, Александра Ревенко, Берік Айтжанов, Данияр Алшынов, Нұрлан Батыров, Теоман Хос, Еркен Губашев және Ерден Телемісов сомдайды. «Штурм» – ресейлік LOOKFILM және FORESTFILM компанияларының қолдауымен ShortBrothers продюсерлік компаниясы түсірген Қазақстан мен Ресейдің бірлескен туындысы.

Сондай-ақ жобаны жасауға «Қазақфильм», Cinerental киностудиясы және әйгілі Nomad Stunts каскадерлер тобы атсалысты.

Естеріңізге сала кетсек, сәуір айында аталған фильм Францияда өткен Festival international du Film Policier Reims Polar кинофестивалінде Гран-при және сыншылардың жүлдесімен марапатталған болатын.

Фильмнің сценаристі және режиссері Әділхан Ержанов. Продюсерлер: Серік Әбішев, Ольга Хлащева, Александр Плотников, Борис Хлебников, Наталья Дрозд, Анна Тихонова, Абылайхан Әшімов, Жайдарбек Күнғожинов. Қоюшы оператор Айдар Шәріпов. Қоюшы суретші Ермек Өтегенов. Композиторы Ғалымжан Молданазар.