Отырыс барысында жалпыхалықтық референдумға дайындық барысы жан-жақты пысықталды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде жағдайлар жасау, референдум комиссиясына республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін беру жөнінде жүргізген жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар, референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын белгілеу, дауыс беру және оның қорытындыларын шығару тәртібі жан-жақты талқыланды.
Осы мәселелер бойынша баяндаған облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің аппарат басшылары дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жағдайлар жасау жөнінде жүргізілген жұмыстар туралы хабарлады.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ел аумағында дауыс беруге арналған 10 013 учаске жұмыс істейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол жергілікті атқарушы органдардың құзыреті аясындағы дауыс беру күнін ұйымдастыру жөніндегі барлық мәселелер міндетті түрде шешілуі қажеттігін және ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
Комиссия хатшысы Мұхтар Ерман «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес дауыс беруге арналған бюллетеньдерді дайындау тәртібін Орталық референдум комиссиясы айқындайтынын хабарлады.
Конституциялық заңның нормаларына сүйене отырып, Орталық референдум комиссиясының «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын белгілеу туралы» қаулысы қабылданды. Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері референдум комиссиясына ұсынылып, тиісті әкімнің қолы қойылды.
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес тізімдерге 11 722 536 азамат енгізілді.
Отырыс соңында Н.Әбдіров азаматтарды дауыс беру уақыты мен орны туралы кеңінен хабардар ету жөнінде жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартты. «Бұл дәстүрлі түрде қолданылып отырған «дауыс беруге шақыру қағаздары» сияқты тәсілдерден бастап, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің заманауи гаджеттері мен SMS-хабарламаларын пайдалануға дейінгі ақпараттандырудың әртүрлі, ыңғайлы әрі тиімді тәсілдері болуы тиіс», деп атап өтті ол.
Н.Әбдіров алдағы республикалық референдумға қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, БАҚ өкілдерінің, шет мемлекеттерден байқаушылардың қатысу мәселелеріне, сондай-ақ учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін дауыс беру күні алдында оқытуға, оның ішінде азаматтардың «Электрондық үкімет» порталында тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервисінің жұмысы бойынша оқытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Орталық референдум комиссиясының басшысы отырысқа қатысушыларды референдумға дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша ОРК мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары жоспарланып отырғаны туралы хабарлады. Атап айтқанда, халықты ақпараттандыру, учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы және азаматтардың дауыс беруі үшін, оның ішінде дауыс беру кезінде мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелері қаралатын болады.
Отырыстың соңында БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг өтті.