Әдебиет • 17 Мамыр, 2022

Сағат Әшімбаевтың өмірлік концепциясы

598 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сағат Әшімбаевтың рухани әлемін тану үшін оның әдеби сындарын оқу аздық етеді. Сәкеңнің күнделіктеріне үңілсең, оны бұрынғыдан да тани түсесің. Ой биіктігі мен білім тереңдігі бірден баурап алады. 42 дәптер күнделік рухтық ойлардың мәйегіндей көрінеді.

Сағат Әшімбаевтың өмірлік концепциясы

Әрине, күнделік жазу әлемдік дәс­түрде бар. Ол туралы профессор інім Құлбек Ергөбек жазған екен. Бірақ әр қаламгердің өз ерекшелігі бар. Біреулер күні бойы не істеп, не қойғанын, кім­дермен әңгімелескенін, олар не дегенін жазады. Бұл да әдеби форма.

Адамның рухани болмысы – сүйініші мен күйініші. М.Әуезов, М.Ғабдуллин, С.Шай­мерденов күнделіктері заман ағы­сы, уақыт тынысын аңғартады. Қадыр Мырзалиев аға өз күнделіктерін «Иірім» деген атпен кітап етіп бастырып кетті.

Ал Жұмекен Нәжімеденов пен Мұқа­ғали Мақатаевтың күнделіктерін тап­­қы­зып, бүгінгі «Жас Алашқа» жария­лат­қанымды өзімнің үлкен әдеби олжам деп есептеймін.

Сонымен бар болғаны 44 жыл ғана өмір сүрген замандас, қаламдас Сағат Әшімбаевтың күнделіктерін оқығанда, мүлдем бөлек күйге енесің. Мұнда көрген-білгенінен гөрі, оқыған-тоқыған биіктігі көрінеді. Мұны түйсініп терең зерделеп оқыған адам әдебиетші, әдеби сын туралы лекция тыңдағандай болады.

Ұлылар өмірінің әрбір сәті немесе көрінісі жанды жеріңе тиеді. Білме­геніңді – білесің, өрең жетпегеніңді – түсі­несің. Өйткені бұл Сағаттың қанша­лықты оқы­ған кітаптың нәрін алып, керек жерін те­ріп, оған өзінің көзқарасын білдіргенін байқайсың.

М.Әуезовтің мемориалдық музей үйін­де ұлы классиктің қолы тиген қан­шама кітап бар. Мұның бәрін оқыды ма екен? – деген орынды сұрақ туын­дауы мүмкін. Ал кітаптың бетін ашсаң, Мұқаң­ның кітап­тың шетіне жазған қаншама пікірлерін көрер едің. Кейбір авторға көңілі толмайды, кейбір деректердің қате­лігін, тіпті сти­лис­тикаға да назар аудар­ғанын көресің.

Сағат Әшімбаевтың күнделігін оқы­ғанда дерек пен дәйек табасың. Әдебиет­тің парызы мен қарызы туралы пікірің қалыптасады. Қайырып айтқанда, сол заманда осыншама шығарманы оқып, оған пікір қосқанын көргенде, еңбегіне тәнті боласың.

Бір курсты екі әдебиет сыншысы қатар бітірді. Бірі – Сағат Әшімбаев та, екіншісі – Сайлау Жұмабеков. Екеуі де Алматыдағы ең бай кітапханалары бар қаламгерлер болды. Олар кітаптарды сәндік үшін жинамайтын, оқу үшін, білу үшін алатын.

Әдебиет сыншысы болу – әдебиет зерттеушісінен жоғары тұрады. Ол әде­би процестер туралы сөз қозғау үшін, бағ­зы замандардан бергі жазылған шығар­маларға сүйеніп отырады. Тереңнен сөз қозғайды. Әдебиет сыншысының бағы да, қиыншылығы да осында ғой деп ойлаймын. Досынан гөрі, қарсыластарының көптеу болатыны содан шығар.

Енді Сағаттың бірінші дәптеріне назар аударалық. Оны 1974 жылы жазылған жүрек сыры деп айтуға болады. 23 абзацтан тұратын күнделікті сараптап көрелік. Сөз құдіреті туралы пайымнан басталық. «Уәли сөз – әулие сөз, Пайғамбардың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» деген өлеңін қараңыз. Уәжді – уәли».

Марқұм, академик ұстазым Зейнолла Қабдолов осы бір абзацтан бір сағаттық лекция оқыр еді. Өйткені әр сөздің со­ңында мазмұн мен түр жатыр. 1974 жылы «Пайғамбардың сөзі» деп кім айта алар еді? Міне осылардың бәрі Сағат үшін, мазмұнға ие болатын кесек ой бастауы болып табылады. Яғни ойға – ой, қиялға – қиял қосатын авторлық ремарка.

Лев Толстой туралы жазылған төрт абзацқа назар салып көрейікші.

«Лев Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1870 жылы Петр туралы роман жазуға отырған.

Л.Толстойдың әйелі 15 бала көтеріпті.

Л.Толстой «Детствоны» 24 жасында жазған.

Л.Толстой А.А.Феттің үйінде (1861 жыл­дың көктемінде) отырып И.С.Турге­невпен ұрсысып қалып, оны дуэльге шақырыпты. Содан екеуі 1878 жылы қайта татуласқан».

Сағат келтірген төрт деректе Л.Тол­с­той­дың өмір жолының арналары жатыр. Ұлы жазу­шыны мүлдем оқымаған адам, осыдан-ақ ол туралы тұщымды ақпарат ала алады.

Сағат Әшімбаевтың энциклопедиялық ой түю түйсігі осындай жинақтау арқылы, парасат-пайымымен жарқырап көрінеді.

Ол ұлы тұлғаның өмірінің кейбір тұс­­тарын айта отырып, өзінің де пікі­­рін ара­лас­тыра біледі. Қараңыз: «Адам ­жа­­нындағы астарлы сезімдерді бүк­пе­сіз көр­сетуі керек». Яғни Сағат Әшім­баев­тың ішкі рухани жандүниесі таза­лық­тан құралған. Адал сөз – өмір шырағы, көңіл – пырағы.

Бұл мінез Сағат Әшімбаевтың бүкіл ой-сезіміне арқау болған кредо. Бұл – жолдан тайсақтаған емес, бұл – жолдан шыққан емес.

Біздің бәріміз Василий Янның «Шың­ғыс хан» романын күні бүгінге дейін қызыға оқып жүрміз. Бірақ кітап авто­рының оны жариялауға байланысты қиыншылықтарын білмейді екенбіз. Шы­ғарманың жазылу тарихына зер де сала бермейміз. Ал Сағат Әшімбаев болса әдебиет сыншысы ретінде оған мән бермей өте алмайды.

– Василий Григорьевич Янчевецкий (Ян) 1875 жылы туылыпты, – деп жазады Сағат өз күнделігінде. – Университет бітірген соң үш жылдай ел көріп, жер аралаған. Азияны тұтастай көріп шыққан. 1931 жылы 56 жасында алғашқы повесі жарық көреді. 1935 жылы «Шыңғыс ханды» жазып бітіреді. Бірақ «Молодая гвардия» баспасы басуға отказ береді. Содан 1942 жылы жарық көріп, іле-шала қайта басылады. 1942 жылы бұл роман Мемлекеттік сыйлық алған. Сонда жазу­шының даңқы 60 жасында басталған».

Қараңыздаршы, қаншама құнды ақпа­рат берілген. Осы жоғарыдағы жолдар­да Янның жазушылық ғұмыры да, кітаптың тарихы да тұр. Бұл мәліметтер бір жерде жинақталып тұрмағаны анық. Сағат Әшімбаев оны бір жерден алып қазақшалай салмаған ғой. Автордың да, кітаптың да тарихын зерттеген. Сөйтіп, автор мен кітап тағдыры туралы ақпаратты жинақтап, күнделікке түсірген. Әрине, қазір ғаламтормен қарап, ақпарат алу оңай. Ал бірақ, осыдан 38 жыл бұрын мұндай деректерді жинау оңай болар ма еді? Осы деректерді Сағат Әшімбаев тірнектеп, жинақтап, екшеп бір ақпарат көзіне айналдырады.

Жастай фәлсафалық биікке көтеріл­ген Сағат Әшімбаевтың ой көкжиегі кең. Ол үзбей ізденістің үстіндегі адам болды. Журналистік қызметтің ауырлығына қарамай, терең ой, білім жинады. Жур­налисті 8 түрлі мамандықтың иесі деп біледі. «Білімі – мужской гимназияда ғана оқыған... статистик, мұғалім, грузчик, прод (сатушы болар – У.Қ.), инс­пектор, ка­мен­щик, счетовод, канцелярский работник, журналист). Иә, бұдан не аңғарамыз? Журналист өз кейіпкерін жазу барысында жоғарыда өзі келтірген мамандықтың иесі бола алады. Сол ойдың нүктесін Сағат Әшім­баев былай деп қорытындылапты: «Ненің жазылып, ненің жазылмағанын білу үшін де білім керек».

Әрине, әдебиет сыншысы болған­дықтан, Сағат Әшімбаевтың әдебиеттің, адам, қоғам өміріндегі орны, мәні мен мазмұны туралы айтқандары өте ауқымды. Осыған көз жүгіртіп көрелікші.

«Роман – әдебиеттің симфониялық оркестрі».

«Әр дәуір әдебиетінің өз міндеттері болған. ХІХ ғасыр әдебиетінде жаман­дықты әшкерелеу басым болса (сыншыл реализмді айтып отыр – У.Қ) ХХ ғасыр бүгінгі совет әдебиетінде өмірдегі жаңалықты марапаттау басты бағыт бо­луға тиіс». (18.02.1977 ж.)

«Әдебиеттегі кейіпкер адамдардан өмірдегі замандас адамдардың ойы да озық».

Бұдан нені пайымдауға болады? Сағат Әшімбаев бір мәселеге ашық барса, екінші мәселені тұспалдап айтады. Әр оқушы оны өз ой елегінен өткізе алады.

Айталық, қазіргі әдебиеттегі жасанды кейіпкерлер өмір шындығын, заман болмысын аша алмайды. Жадаң, нәрсіз, құнсыз әдебиет болмыстың түпкі мақсатын көрмейді. Осыдан қоғам мен әдебиеттің алдамшы функциясы сезіледі. Өз сөзі, өз пікірі жансебіл тіркес болып, күнделікке түскен секілді.

Сағат Әшімбаевтың «Айтайын десең, ұят сияқты, айтпайын десең, ішіңе сыймайды» деп жазғаны осыдан болса керек.

«Тақырып жанрға тәуелді немесе бі­рін­шісі екіншісін таңдайды».

«Жазушының шындығы – көркемдік шындық, өмір шындығы».

Сондықтан да Сағат Әшімбаев әде­биет­тің әлсіреп, өмір шындығынан алшақ­тап, көркемдік рухани қуаты азайып бара жатқанына жаны күйінеді.

«Шындықты айтамын деп қателесіп кетерсің, бүгінде өтірік айтқан адам ғана қателеспейді». «Оқылмайтын роман, повесть көп, оқы­­майтын оқушы аз». Демек әде­биет­тің құлдырауы социалистік реализм де­ген сталиндік концепциядан бас­тал­ға­нын Сағат Әшімбаев ашып жазады. Қалам­гердің ой-толғамдарын зерделейсің, түсінесің, күрсінесің.

«Тарихи тақырыпты ескі деп қарау­шы­лық, – дей келе, Сағат Әшімбаев Дос­тоевский шығармаларындағы трагизм, В.Шукшиннің «Калина краснаясында­ғы» трагизм, М.Шолоховтың «Тынық До­нындағы» Мелеховтың образындағы трагедиялық сипат, В.Быковтың повес­теріндегі трагикалық ситуациялар туралы неге жазды? Меніңше, бұл арнаулы зерт­теуді қажет ететін тақырып. Оның түбінде Сағаттың әдебиеттегі жағымды, жа­ғымсыз кейіпкерлердің тағдырына бас­қаша, сын көзімен қарау керектігі жат­қандай көрінеді.

«Адам тарихқа табан тіремей, алысқа бармайды.

Тарихты білу өте қажет. Тарихтағы үл­кенді-кішілі оқиғалар жердің білінбей айналатыны сияқты, басқа формада қайта­ланып келіп отырады.

Өз уақытынан озып туған адамнан ғана нағыз азамат, жазушы шығуға тиіс».

Расы солай. Сағат Әшімбаевтың өзі де өз заманының ноқтаға басы сый­ма­ған қайраткер ұлы. Ол Т.Рысқұлов, Б.Момыш­ұлы сияқты кесек тұлға. Өз уақытынан әлдеқашан озып кеткен қаламгер екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Сыр дәптерді оқығаннан кейін осындай ойларға бекінгенімді жасыра алмай­мын. Өйткені Сағат Әшімбаевтың ойы, көз­қарасы сол кездегі кеңестік жүйенің стандарттарына сай келмейтін, үйлеспейтін.

«Әдебиет қоғамдық ойдың өсуімен көрінеді» – деген ойлары жаңа заманның талаптарымен үйлесіп жатыр.

«Қоғам әдебиетке емес, әдебиет қо­ғамға төрелік жасап келген» – деп жазуы қазір де мәнді.

Ол Радищев, Пушкин, Гоголь, Дос­тоев­ский, Толстой, Вольтер, Дидро, То­мас Ман шығармашылығын зерделей келе, ол жазушылардың күрделі уақыт тезіне шыдағанын үлгі етеді. Әрі Сағат Әшімбаевты «идеялық жаңалық жоқ шығармалардың» көптігі мазалайды.

Осыдан 41 жыл бұрын өз күнделігінде: «Жазу оңай, шығару оңай, оқу қиын болып бара жатқан жоқ па?!» – деп жазыпты.

Қаламгер күнделігін оқыған сайын оның бүкіл өмір сүру концепциясын танисың.

Сағат Әшімбаев жазыпты: «Шындық­қа бергісіз өтірік болады, өтірікке алғы­сыз шындық болады». Бұл дәл айтыл­ған сөз. Ешкім таласа алмайтын тұжы­рым. Әдебиеттің құнсызданып бара жат­қандығы әдебиет сыншысы Сағат Әшім­баевты қатты алаңдатады.

Әрине, әдебиетке келген адам қо­ғам­мен бірге өседі, жетіледі. Өмірді эсте­тикалық тұрғыдан пайымдау үшін, әр қаламгердің өз көзқарасы болуға тиісті. Ақиқатқа құрылған көркем шығарма оқыр­ман жүрегіне жетеді. Онсыз әдебиет өспейді, жетілмейді. Мұны күнделіктегі жазбаны оқығанда түйсіне түсесің. «Твор­честволық өсу үстіндегі адам ғана өз кем­­шілігін көре алады», – деп жазыпты Сағат Әшімбаев. – Ал өз кемшілігіңді көру, сезу, мойындау, сөйте отырып, одан қорытынды жасауға тырысу, нағыз білім­діліктің кө­рінісі. Надандар ғана өз кем­шілігін мойын­дамайды».

Сағат Әшімбаевтың бұл сөздері қай уақыт болмасын, қай ғасыр келмесін шындықтың шырағындай жанып тұрады. Қаламгер айтқандай, «айғайы көп, айтары жоқ жазушылар бар».

Сын мұраты қандай? Оның даму концепциясы қандай мәселеге негізделген? Оны да Сағат марқұмның көңіл күнде­лігінен табасың. 1980 жылы 21 ақпанда күнделігіне: «Сын әдебиет арқылы туады, ал әдебиет сын арқылы дамиды» – деп жазыпты.

Сағат Әшімбаевтың осы сөздері, оның бүкіл шығармашылық қызметінің негізі болып табылады. Ол жазған мақала­лар­дың тек тақырыптарына ғана көз жүгір­­телікші: «Жастар сыны туралы бірер сөз», «Сыншыл ой туралы сыр», «Әде­биет және мораль», «Роман арқауы – әлеуметтік шындық», «Өлең сөздің – өнегесі», «Бір проблема – бес толғам». Міне, осы тақырыптардың өзінен-ақ Сағат Әшімбаевтың көзқарасы көрініп тұр емес пе? Мұның бәрін – әдебиеттің тазалығы, халтурадан сақтандыру үшін жазған.

Әдебиет те қоғам сияқты жанды құ­былыс. Ол өседі, қажет жерінде өшеді. Көр­кемдік талғам, тіл бірлігі, рух айқын­дығы айтылғанда ғана әдебиет өз міндетін орындайды.

1979 жылы 31 қазанда Сағат Әшімбаев­тың күнделігіне төмендегідей ойлар жазылыпты:

«Даму дегеніміз – тек көбею болмаса, өлім емес, сондай-ақ жоғалту да».

Осы сөздерге аз-кем үңіліп көрелікші.

Дүниеге қаншама шығармалар келіп жатады. Яғни қоғамдағы, жаратылыс­тағы өзін өзі тазарту процесі әдебиетті де айналып өтпейді. Идеялық, көркемдік, маз­мұны мен формасы болмаған әдебиет заман сынынан шығуға ұмтылмайды. Қурай секілді тез жанады, бірақ қызу-ыстығы сақталмайды.

«Шынайы таланттың келуі тазалыққа, адалдыққа жол ашып, халтураның жолын бөгейді, – деп жазыпты Сәкең. – Белгілі мәтелге салып айтсақ, кемел талап кемесі келгенде халтураның қалтыраған қайығы судан шығады».

Қорытындылай айтсақ, күнделіктегі жазулар Сағат Әшімбаевтың өмір сүру концепциясына айналғанын білесің.

Бірінші, «Ақиқатты айтқан адам айып­ты емес, ақиқатты көріп тұрып көзін жұм­ған адам қауіпті».

Екінші, «Көркем шығарма – жазу­шы­ның өмір, уақыт, адамдар туралы көркемдік тұрғыдан айтылған философиялық концепциясы».

Үшінші, «Талантты адам – қынсыз қылыш сияқты».

Төртінші, «Уақыттың, дәуірдің қо­йып отырған идеясы жоқ шығармадан көр­кемдік іздеуге болмайды».

Бесінші, «Классика – үш жақты, өт­кенді, бүгінді және болашақты тұтас қам­тиды. Және үшеуіне қатысты мәселелерді сөз етеді».

Алтыншы, «Әдебиет дегеніміз – шын­дық деген сөздің синонимі».

Жетінші, «Біреулер бар жақындаған сайын алыстай түседі, біреулер бар алыс­таған сайын жақындай түседі».

Сегізінші, «Қазақты түсіну үшін Абай­ды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт».

Тоғызыншы, «Сын – әдебиеттану ғылымының ірге тасы. Әдебиет – адамтану ғылымы десем, сын – әдебиеттану ғылымының философиясы».

Оныншы, «Сын есеп айырысудың, өш алудың, кек қайтарудың құралы емес. Сын, тәрбиенің ең жоғарғы түрін көр­сетеді. Этикалық және эстетикалық тәрбие құралы».

Қаламгердің осы он концепциясы әр жазушы үшін, әр қаламгер үшін аманат болар сөз ғой деп ойлаймын.

Иә, Сағат, Сағатхан Әшімбаев қазақ әдебиетіне құбылыс болып келіп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін рухани күйзеліске ұшырады.

«17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы», – деп күнделікте жазылған сөз­дер, сол жан күйзелісінің көрінісі ғой деп есептеймін.

Бұл Сағат Әшімбаевтың жүрек сағатын қысқартқан, қазақтың басындағы қаралы, жаралы күндер болатын.

Сағат Әшімбаев қазағымен, қазақ әде­биетімен, қазақ тілімен, қазақ тарихы­мен бірге жасайтын жаңартушы, ренес­санстық тұлға!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

ҰҒА академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері