Тарих • 17 Мамыр, 2022

Кіндігін таспен кескен тас тағдырлы тұлға

424 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Санат болмысында өмір сүруімен құбылыс атанып ойландыратын, еңбек қуатымен толғандыратын тұлғалар бар. Мені осындай ойға қалдырған және таным тамырымды тереңге қарай бойлауға ұмтылдырған бұрынғы көзтаныс, кейіннен аға дос, құрдас дәрежесіне ауысқан аты мәшһүр түркітанушы ғалым, профессор, Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі Қаржаубай Сартқожаұлының көне түркі жазба ескеткіштері туралы түбірлі де түбегейлі еңбектері. Қатар жүріп, қазақы, қуақы қалжыңмен қағытқаныммен де, осынау көш жөнекей туып, кіндігін таспен кескен қара қазақтың менің көзқарасыма жасаған бұл ықпалын қашанда түйсік-санамның төрінде ұстаймын.

Кіндігін таспен кескен тас тағдырлы тұлға

Мен бұл ықпалды, әсіресе, сирек қолжазбалар мен кітаптардың қормалы болуға тиісті «Отырар кітапханасы» ғылы­ми орталығын ұйымдастыру барысында етене жақын сезіндім. Жазушы­лық көркем ойлау жүйесіне тән қанатты қиялдарды жербауырлатып, жертабандап жатып алатын ғылыми сараң ойлау жүйесіне, әсіресе, тастағы өлі таңбалар мен дымын ішіне тартқан сына жазуларының тағдыры мен маз­мұнын түсінуге бетімді бейімдеген де осы Қаржаубай Сартқожаұлының тас тағдырлы тұлғасы.

Байырғы түркі біті жазуы  түркі ха­лықтарының әлем өркениетіне қос­қан қомақты үлесінің бірі. Осы жазу­дың шығу тегіне байланысты батыс ғалымдары еуропашыл көзқарасқа негізделген сыңаржақ пікірді ұстанып келді. Еуропаның түркітанушылары байырғы түркі бітігін арамей, семит, соғды жазуынан шыққан деген дәлелсіз, дәйексіз сараптамалар жүргізуде. Олар түркі халықтарын рухани құндылық жасайтындай деңгейге көтеріле алмаған халықтардың қатарына қосты.

Міне, Қаржаубай Сартқожаұлының осы түркі жазуларының тарихына қысқаша шолуы  «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басты тұжырым­дамасының тұтқасы болды. Бұл – «Отырар кітапханасы» ғылыми орта­лы­ғының ғылыми жобасы бойынша Университеттегі Қаржаубай ұйым­дастырған  «Түркітану және алтайтану» орталығымен қанаттаса жүргізген «Жазу тарихы мұражайы» оқу-әдістемелік мұрағатын жасақтауға негіз қалады. «Қазақ қолжазбалары» атты он томдық ғылыми жоба аясында қамтылуға тиіс­ті осы салада жарық көрген азды-көп­ті, көлемді-шағын еңбектермен та­ны­сып шыққаннан кейін және осы тақырыпты елу жылдан астам уақыттан бері түркі тарихымен, археологиямен, жалпы тарихпен, тілмен, әдеби жазба үлгілермен, көркемөнермен, жазу тарихымен байланыстыра зерттеп келе жатқан көрнекті түрколог, филология ғылымының докторы, профессор, «Күлтегін» сыйлығының иегері Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түркі жазуының генезисі» (2007) атты көлемді монографиясын және «Орхон ескерткіштерінің толық атласының» І томын (М.Жолдасбековпен бірге. 2005), жеке авторлығымен дайындалған ІІ томын (2011) оқып шыққан соң, жоғарыдағы сұрақтар ойыма оралды және түйткілді түйіндердің себебіне көзім жеткендей болды. 

Сөйтсем, танымдық түйткілдің бас­ты себебі, бізде қазақстандық түрколо­гияның тұжырымдамасын былай қой­ғанда, бұл ілімнің тұғыры негізделе қаланбапты. Өздерін түркітанушы ретінде танытатындар бар және көп, бірақ нағыз түркітанушы жоқтың қасы екен. Көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан оқып, тілтану тұрғысынан зерттеп, тікелей аударма жасаған С.Аман­­жолов, А.Аманжолов, А.Құ­рыш­жа­нов, Ғ.Айдаров сияқты тұлғалары­мыздың еңбектерімен түркітану ілімі то­қырап қалғандай екен. Өйткені, біздің түркітанушыларымыз жер жүзіне таралған көне түркі жазба ескерт­кіштері мен таңбаларының 5-6 мәтінін ғана, оның өзінде Томсен, Радлов, Малов, Рамстед, Самойлович, Айдаров аударған нұсқаларды ғана малданып, соны жаңғыртумен ғана шектеліп келеді екен. Яғни, белгілі мәтіннің оқылуы мен тоқылуына шолу жасап, диірменнен өткен кебекті (иә, кебекті! Өйткені дәні ғылыми айналымға түсіп кеткен) қайтадан араластырып, өзінше електен өткізгенсіп, баяндап беруді машық етіп алыпты. Бұл – біздегі түрко­логия ілімінің тарихы басқа ұлт өкілдерінің көзімен жазылған, солардың пікірін пайдаланып қана тәуелді тұжырым жасап келеміз деген сөз. Өзге-өзге, түркітанудың тәуелсіз де іргелі, тұғырлы тұжырымдамасы қазақ қоғамтану ғылымы үшін аса мүдделі ілім саласы болып табылуы тиіс еді. Басқаны былай қойғанда, осы уақытқа дейін неміс, француз, орыс, қытай, монғол, түрік, қырғыз ғалымдары түпнұсқадан аударған 300-ге тарта мәтіннің  дені  қазақ жұртшылығы үшін беймәлім қалпында. Сол аудармаларды көшіріп басып, ғылыми түсініктеме жасап, тым құрығанда «кебегін қалқып» беру де ойымызға оралмапты

Әлмисақтан осы заманға дейін түркі, оның ішінде қазақ елі де пайдаланған 16 әріпте жазылған, Тұрфаннан, Дунхуаңнан, Ши-аньнан, Енесей аң­ғарынан, Пенжикенттен табылған мұралар – әфсаналар, драмалық дас­тандар, жоқтаулар, тәңірлік тәпсірлер, аза-сөздер мен аманат сөздер Қытайда 300 том етіп жариялану үстінде. Түркі әлемінің тұғыры саналатын қазақ мем­лекеті мұндай мұрадан қалай тыс қалады? Әлгі түркітанушыларымыз қайда? Қы­тай­дағы ғылыми және оқытушылық сапармен жүрген  ұзын-ырғасы екі жарым жылға жуық  мерзім ішінде және ондағы түркітанушы тарихшы, тілші, әдебиетші ғалымдармен тереңдеп ашық әңгімелескен кезде ойға түйгенім мынау: жоғарыдағы 300 том еңбек тек қана ұйғыртану мен моңғолтану тұрғысынан түсіндіріледі екен. Түркітану деген сөз астарлап та айтылмайды.

Сөйтіп дағдарып жүргенде, Алтайдың Ресей қапталынан 60, монғол Алтайынан 20 жазу табылғаны, олардың оқылғаны туралы Қ.Сартқожаұлының кітабынан мағлұмат алғанда, Алтайдың Қытайдағы аңғары мен Қазақстандағы төскейі тұсынан бір жазудың табылмағаны таңғалдырды. Енді табыла қоюы қиын. Өйткені күнгейі мен төскейін су қоймасы басып қалған. Ол үлкен арман болсын, ал жаңағы 80 жазудың мәтіні неге бізге осы күнге дейін бейтаныс?

Міне, «Жазу тарихы мұражайы» оқу-әдістемелік мұрағатын жасақтау, сондай-ақ,  «Қазақ қолжазбалары» атты он томдық ғылыми жобаны негіздеу барысында осыдан жиырма жыл бұрын Қ.Сартқожаұлының монографиясын оқи отырып өзіммен-өзім таласып, өзіме-өзім сұрақ қойып, жауабын таба алмаған алғашқы үстірт әсерім осын­дай ойға жетелеп еді. Одан кейін өткен  жиырма жылдың ішінде  тас табанды Қаржаубайдың бәдіздеуімен жарық көрген (Көне түркі жазба әдеби үлгілері: Орхон мұралары І кітап; Орхон мұралары. II-кітап; Ерте орта ғасырдағы жер асты кесенесі; Монғолиядағы ежелгі және байырғы түрік майда жазулары; Үйсін хандығы; Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. І-ІІІ  том; Тас кітаптың құпиясы; Записки казахского тюрколога; Көшпенділердің өнер галереясы (моңғол тілінде.  А.Очир, Л.Эрдэболдлармен бірге); Керейлердің этникалық тарихы (б.з.б ІІ ғ.; Бабатүріктің байырғы мұ­расы (P.S. санскриттің брахми әліп­­­биімен жазылған байырғы түрік мә­тіні) атты түбірлі зерттеулерді тауыса оқып, қайталай парақтап, тереңіне таман байырқалағанда байқағаным, жоғарыдағы түйткілді жайлардың бі­реуіне, түркі жазуының шығу тегіне, оның тарихи жолына, қалыптасу кезең­деріне, пайда болған тарихи шарттарына, түркінің ойлау жүйесінің тұрақ­тануына, әр қаріптің дыбысталуы мен  тұлғалануына, тұрлаулануына, бәдіз­делуіне қатысты пікірлер барынша жан-жақты қамтылып, тұжырым дәрежесінде зерттеліпті.

Бастапқыда геология мамандығын игеруге бейімделген қағылез қарасирақ шыбар баланы көне түркі жазуын зерттеуге бейімдеген Чой. Лувсанжав атты моңғол ұстазының қақпайлауымен: көшпелілер өркениеті мен түркі жұрты жазуының пайда болуының алғышарттары, даму жолы, қалыптасуы туралы толық ғылыми мағлұмат беруге талпынған «қаршадай хасағ» бозбала бүгінде «Қаржаубай Сартқожа» деген түркі дүниесіне әйгілі ғалымға айналды. Ол «көр қазып» (жер астында қалған көне жазуларды қазу кезіндегі әзіліміз) жүргенде, мен сөз қазу үшін екі жыл қатарынан ғылыми экспедицияға бірге шықтық. Монғолдың қағыр жотасын күндіз-түні оңды-солды кезіп жүріп, жетінші күні түн ортасында Эрденетідегі қонақ үйге келгенде еріні кеберзіп, жүзі теберсіп, бетін боз тозаң басып, көзі ғана жылтырап, өзі де барқының қалмақтасына (балбал бәдіздерді қазақтар ауызекі тілде бұрын осылай атаған) айналып кеткендей болған Қаржаубайды нұсқап, тарихшы Хайролла Ғабжалиловқа: «Осы біз несіне шаң қауып, тас төсеніп, тау-тасты кезіп жүрміз. Қаржаубайдың әр секпілінің астындағы таңбаларды оқысақ те жетіп жатыр гой. Сонда бәрі жазулы тұр емес пе!», – деп қалжыңдағаным есімде.

Содан кейінгі он бес жылда онда­ған ғылыми-экпедицияға шығып, түр­ко­логия іліміндегі ондаған ғылыми бағыттарды біріктірген аса күрделі зерт­­теулерді жүзеге асырды. Қазақ дом­­бырасының көне үлгісін тауып, оны қалпына келтіруінің өзі бір ғылы­ми әфсананың желісі емес пе?  Ол еңбек­тердің маңызы мен мазмұны тас тағдырлы Қаржаубайдың тұлғасымен тұтаса қапталдасып, ығыстыра-ығысып өмір сүріп келе жатқаным болмаса,  жағаласа жүріп екі-үш ғылыми экспедициясына қатысып, көр астындағы гүрзілерді қазысқаным болмаса, түркі­танудан, оның ішінде тас жазудан мағ­лұ­маты шектеулі мен қамти алатын ғылыми жүк емес бұл.  Сондықтан да, жазу тарихы мен түркі жазуының те­гін тектемей кету – қандай да бір сылтауды көтермейтін болғандықтан да қыс­қаша шолуды назарға ұсынуды лайық санадық.

Ол – шын мәнінде, кіндігін әкесі тас­пен кескен тас тағдырлы тұлға. Ада­лынан ақ сөйлейтін, тура мінезді, бірақ биязы, сынса –  шорт сынатын, киелі тастармен тағдырын байланыстырған бір де бірегей тұлға. Алпыс жасқа толған мүшелінде айтқан: «Терең қазып, нық қазып, Тауып алды мықты азық» – деген сөзімнің астарында шындық бар. Өйткені, ен даланың қарауылы сияқты барқы тастардағы киелі көне баба бәздері – оның өмірлік мақсаты мен талайына жазылған киелі ырыздық.Еңбегіңді ел ескеретін жасқа келдің. Аман, сау, ырыздықты бол, құба жонды аға-дос!

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

жазушы-ғалым

Соңғы жаңалықтар