Білім • 19 Мамыр, 2022

Студенттер кеңес беру жобасына қатысады

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінің жанынан «Жер мәсе­лелері бойынша азаматтарға кеңес беру» орта­лы­ғы ашылды. Енді аталған оқу орнының студенттері азаматтарға кеңес беру жобасына қатыспақ.

Студенттер кеңес беру жобасына қатысады

Аталған орталық астана маңындағы тұрғын­дар­дан бас­тап, барша қазақ­стандыққа қызмет көр­се­теді. Елімізде жер пайда­ла­нушылар қата­рын­да сая­жай­лардың, жеке үйлер­дің, учаскелердің, ауыл шаруашылығы жер­ле­рі­нің иелері мен гараж­дар­дың иелері бар. Осы жер пайдаланушылар өз территорияларына байланыс­ты ірілі-ұсақты сұрақтар туындаған кезде мемлекеттік органдарға жүгінеді. Бірақ мәселе бір орталықтан ше­­­шіліп бір жерден жа­­уап алу мүмкін болмайды. Содан азаматтар бірнеше мекемеге бас сұғып, сабылып, уақытын жоғалтады. Орталық жетекшісі Фараби Ермековтың айтуынша, кеңес беру орталығы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында студенттерді тарту арқылы «бір терезе» қағидаты негізінде құрылды.

– Біз алдымен жұмысты студенттерді іріктеуден бастадық. Жалпы қабыл­данған 250 студенттің ішін­де 94 ерікті жобаға қатысуға ниет білдірді. Өтініш бе­ру өте ыңғайлы, теле­фон қоңыраулары немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар арқылы да қабылданады. Студенттер мен оқытушылардан құрал­ған жобалық топ қазірдің өзінде жұмысқа кірісіп кетті. Өтініштер базаға енгізіледі, одан әрі орындаушы маман айналысады. Түпнұсқа тексеру үшін сарапшыға беріледі. Сараптама оң болғанда түпкілікті жауап өтініш берушіге жіберіледі. Өтініш түсіп, барлық жұмыс толығымен аяқталғаннан ке­йін орындалған жұмыс актісіне екіжақты қол қо­йы­лады. Қажет болған жағ­дайда өтінімдерді өңдеу жұмысына университеттің студент­терінен бөлек, агро­өнер­кәсіп кешенін цифрландыру саласындағы жерге орналастыру, сәулет және дизайн факультеті мен Технологиялық құзырет­ті­лік орталығының мамандары тартылады. Сондай-ақ «Азаматтарға ар­нал­ған үкімет» КеАҚ да кон­суль­та­циялық көмек көр­се­теді, – дейді Ф.Ермеков.

Орталық өкілінің мә­лім­­де­уінше, мамандар­ жер­гілікті жерге барып, за­манауи тех­но­ло­гия­лық тұрғыдан мә­се­лені анық­­тауға да қаты­са­ды. Са­уат­ты әрі жан-жақты жауап беру үшін студенттер жер заңнамасы бойынша алдын ала дайындық курстарынан өтіп отыр. Бұл ретте QazBederProject ЖШС басшысы Жәнібек Сат­ты­ба­ев студенттерге ар­на­йы бі­лік­тілігін арттыру мақ­са­тын­­да семинар-тренингтер ұйым­дас­тырған.

Жұмыс барысындағы тәжіри­бесін бөліскен орта­лықтың маманы, С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­техникалық универ­сите­тінің 2 курс студенті Мадина Төлегенқызы: «Біз келіп түскен ақпаратты дереу орындауға кірісеміз. Осыған дейін бізге беріл­ген ақпараттар дерегін қолда­намыз. Егер жұмыс күр­де­лене түссе, жетек­ші­леріміз бен құзы­ретті орындарға жүгіне­міз. Осы­лай­ша уақыт оздырмай мәсе­лені шешуге тырысамыз», дейді.