Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығы айтылған жиында сенатор халықтың бұл саяси науқаннан үлкен үміт күтіп отырғанын айтты.
– Мемлекет басшысы наурыз айындағы Жолдауында саяси реформаның өзгеретінін және экономикалық тұрғыдан нақты әрекеттер жүргізілетінін айтқанын білесіздер. Соның басты қадамы – осы Конституциядағы өзгеріс. Мен осы өзгерістерді үшке бөліп айтар едім. Оның алғашқысы – билік тармағы арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыру. Екіншісі – азаматтарды мемлекеттік билікке тарту, араластыру. Үшінші бөлігі – адам және адам құқықтары. Енді «Бұл өзгерістерге ел қалай қарайды?» дегенге келейік. Жер-жерде өткізіліп жатқан кездесулерде жұртшылықтың жаңаруға деген ұмтылысы байқалады, – деді Мұрат Бақтиярұлы.
Ата Заң тарихын саралаған сенатор 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Конституцияның ерекшелігіне тоқталды. Бірақ көп билікті Парламентке берген сол Конституциядан кейін заңдардың қабылдануы қиындады. Сенатор заңдардың алты ай, 1 жылға дейін айтыс-тартысқа түсіп қабылдануы, кешігуі саяси-экономикалық жүйеге қатты әсер ете бастағанын ашық айтты.
Мұрат Бақтиярұлы қазіргі Конституция да алғашқы жылдары нарық талабына сай заңдар шығуына негіз болып, ол экономикамызды алға жылжытқанын атап өтті. Бірақ кейіннен күшейген президенттік билік, Парламент қабылдаған конституциялық реформалар саяси жүйенің дамуын тежеді.
– Халық пен билік арасында сенім болғанда ғана қоғам алға басады. Мысалы, Президенттің екі мерзімге ғана сайлануы, оның жақын туыстарының лауазымды қызметтерге тағайындалуына тоқтау қойылуы – ел күткен жаңалық. Негізгі Заңдағы басқа да өзгерістер азаматтарымыздың ертеңге деген сенімін оятады, – деді сенатор.
Қызылорда