18 Сәуір, 2014

Эллиндер «Эльпидасы»

800 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
улттар 43 Ifandopulo_Lyudmila_PetrovnaҚазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Людмила Ифандопуломен әңгіме – Людмила Петровна, «Эль­­­пида» сөзі грек этномәдени бір­лес­ігі» дегенді білдіреді ғой. Ор­ыс­ жазуы – кириллица да грек ал­фавитінен бастау алмай ма? – Әрине, қазіргі күні күнделік­ті өмірде өзіміз қолданып жүрген медицина, саясат, ғылым, өнер саласындағы сөздердің көпшілігі грек тілінен енген ғой. Облыс орта­лығындағы этномәдени бірлес­тігіміз жайлы грек тілінде жазып-үйренгеніміздің өзі көне грек еліне, мәдениетін, жазуын, тілін танып-білуге деген қы­зығушылықты арттырары анық. Әрине, осындай мүмкіндіктің бәрі – осы жерде өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің өзін өзі тануына жағдай жасап отырған Елбасы саясатының нәтижесі. 2001 жылы Грекияға жаса­ған арнайы сапары барысын­да еліміздің Президенті Н.Назар­баев: «Алыстығына қарамастан, бізді Грекиямен тек қана дос­тық жақындастырады. Қазақ даласы­ның Гомері атанған ақын, даныш­пан Абай да достық, бірлік – адам­заттың ең басты игілігі» деге­нін атап өткен болатын. Қазақ­стандықтардың баршасы Елбасына сенеді, елдік мақсат биік, тұрақты тыныштық туы берік қолда. – Диаспора да грек сөзі, ша­­­­шы­ранды дегенді білдіреді екен... – Қазіргі уақытта диаспораны халықтың өз тарихи отанынан тыс жерде тұратын бөлігі деп айтады. Гректердің негізгі атауы – эллиндер. Олардың да тағдыры репрессия кезінде күштеп жер аударылуға тап болған басқа да этностардың тарихы тәрізді қасіретті. Жан-жаққа шашырап кетті. Қазақ даласына тап болды. Осы кең дала кейін туған Отандарына айналды. Эллиндер де осы кең далаға бауыр басты. Өздерін құшағына алған қазақ халқының жақсылығын ұмытпайды. Қазақ елінің егемендік алуы осы жерде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне де өмірдің барлық саласында ұлтаралық қарым-қатынастың жарасымы мен ұлттық мәдениетті жаңғырту қуанышын сыйлады. Гректердің қоғамы қазақ жерін мекендейтін ұлттар достығының нығая беруі үшін қызмет жасауға қашанда дайын. Біздің павлодарлық өлкетанушы Э.Соколкиннің айтуынша, ғылыми экспедиция құрамында Христофор Барданес деген грек XVIII ғасырдың 70-жылдары қазақ даласын араласа керек. Кен іздеуші гректер де келіпті. Тіпті, Мильтиади деген грек Ертіс болыстығында тұрған көрінеді. Ал, жалпы, қуғын-сүргін кезінде келген гректерді понтийлықтар деп атайды. – «Эльпиданың» 10 жылды­­ғында «Спецэшелоны идут на восток» деген кітаптың тұсау­кесеріне қатысқаным бар еді... – Жүк вагондарына тиеп әкелген ғой. Көрмегендері жоқ. Орталығымыздың 10 жылдығына біздің шақыруымызбен Мәс­кеуден жазушы, грек тарихын зерттеуші Иван Джуха кел­ді. Қуғын-сүргін зардаптарын көп зерттеп, жазған адам. Біз­дің облысқа келген Джуха Ертіс, Железин аудандарында тұра­тын гректің үлкендерімен кез­десіп, сол кезден қалған ескі фотосуреттерін, қуғын-сүргін көрген өткен өмірлерін жазып алып кетті. Жалпы, біздің этномәдени бірлестік аудандарды, ауылдарды аралап, көп этно-экспедиция жасаймыз. Гректердің қазақ жеріне келгені жайлы деректер, ескілікті фотосуреттер жинас­тырудамыз. Қала, аудандардағы архивтерді ақтарумен айналысамыз. Аталар жолының өткенін кейінгі ұрпақ білсін. – Понтийлік гректер деген кімдер? – Қаратеңіздік, Эллада мен Кіші Азиядан шыққан гректер. Понт Кіші Азия аралының солтүстік-шығысында жатыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұрындары осы жерде өмір сүрген гректер түріктер тарапынан да қуғын-сүргінге ұшырайды. Босқындардың бір бөлігі Кеңес Одағына өтіп кетеді. Бірақ, екінші рет сталиндік қуғын-сүргін басталады. Әрине, өткен тарих ұмытылмайды. Қазақстанда тұратын этностар өткенін жинақ­­­­­тап, жаңғыру жолына түсті. Бұл күндері «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінде де басқа бірлестіктер сияқты күнделікті тынымсыз жұмыс жүруде. Грек жастарына қолдан келгенше ұмыт бола бастаған грек халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын үйретіп келеміз. Понтий тілінде, понтий диалектісімен сөйлейтіндер де сонша көп емес. Керісінше, ауылда тұратын гректердің қазақша сөйлегендері керемет. Әже-апаларымыз немере қыздарына понтий асханасының тамақ дайындайтын ескі тәсілдерін үйретеді. – Өзіңіз басқаратын «Эль­пида» грек этномәдени бірлестігі жайлы айтып берсеңіз. – Құрылғанымызға биыл 15 жыл толады. Алдағы қыркүйек айында атап өтеміз. Қазір да­йындық жасаудамыз. Бұл күндері «Эльпида» құрамында 500-дей грек ұлтының өкілдері бар. Менімен бірге әріптестерім Алексей Саруджиди, «Спарта» жастар қанатының жетекшісі Константин Григориади, ардагерлер кеңесінің төрағасы Константин Чахалов, «Маргаритари» әйелдер клубының жеткешісі Татьяна Анистратова, Владимир Ифандопуло, Раиса Григориади, Ольга Пилипенко, Юрий Кути­киди, тағы басқалары қызмет етуде. Людмила Аксюзова, Яна Муратиди кішкентай күндерінен келіп би билеп, ән айтты, қазір ержетті, өмірден өз жолдарын тапты. Грек бірлестігінің мәдени өміріне жақсы үлес қосты. Облыстық фестивальдардың бірнеше дүркін лауреаты «Ага­пи» қыздар хореографиялық ұжым­ның репертуарында грек және қазақ би композициялары, әлем халықтарының билері бар. «Анагенниси» (Өркендеу) және «Микра астераки» (Кішкентай жұлдыздар), «Зорбас» гректердің ерлер биі ұжымдары өңірде жақсы танымал. «Микра астераки» ансамблінде 5-9 жас ара­лы­ғындағы бүлдіршіндер би билеп, ән салады. Сонымен қатар, «Ор­фей» студиясы жұмыс жасайды, «Эльпида» достарын ша­­қы­рады» атты фестивальдар өткі­зе­міз. – Лаки Кесоглу бірлестіктің құрметті қонағы ғой? – Иә, фестивальдарға келіп грекше, қазақша әндер айтады. Жастар белсенділері «Грек-пати» атты дөңгелек үстел басында жиналып, еліміздегі достық, бірлік, өркендеу, туған тіл тақырыбында сұхбаттасады, пікірталастар өткізеді. Жыл сайын Грекияның тәуелсіздік күні, Рождество, көне стиль бойынша белгіленген жаңа жыл мерекеленіп, оған қоса, Панагия, Охи күні сияқты діни мейрамдар да аталып өтеді. Ұлттық мәдени бірлестіктердің қолдауымен грек тілін, тарихын және көне Грекия мен қазіргі таңдағы Грекияның мәдениетін оқыту ұйымдастырылады. Осы жердегі грек елшілігі де көмектестеді. Мәдени бірлестіктің жанын­дағы жексенбілік мектепте үлкендер, балалар, жастар жаңа грек тілін үйреніп, өздерінің тарихи отанының рухани мәдениетімен танысады. Бұл мектеп гректерге ғана емес, Элладаның рухани мәдениетін біліп, грекше сөйлеп, оқып, жазғысы келетін орыс, қазақ, неміс, украиндарға да ортақ. Тарихи отанына қонаққа барғысы келетіндерге көмек, қолдау көрсетіледі. Бірлестік мүшелерінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өткізіледі. – Гректер өзі қандай халық? – Еңбекқор, көңілді, байсалды, момын және биші халық. Мен гректердің келінімін ғой, білемін. Ұлттық аспаптары – кеменджидің дауысын естігенде кәрі, жасына қарамай, таң атқанша билеуге бар. – Гректердің келінімін дейсіз бе? – Иә, ата-анам Петр Ильич пен Мария Яковлевна Балашовтар. Екеуі де өмірлерін еңбекке арнаған адамдар. Әкем соғыс өртін көрді. Анам соғыс кезінде телефон құлағында отырған байланыс маманы болды. Жұбайым Владимир Ифандопуло ұшқыш, Павлодар аэропортында қызмет жасап келеді. Александр есімді ұлым, Ольга деген қызым бар. Бүкіл отбасым грек этномәдени бірлестігінің ашылуына ұйытқы болды, әлі де қолдап, көмектесіп келеді. Мен гректер, олардың қуғын көрген тағдырлары, бұл жаққа келуі туралы қайын атамнан көп біліп, көп естідім. Грек отбасына келін болып түскен соң, тыныс-тіршілігіміз, болмыс-бітіміміз, тағдырымыз осы халықтың босағасына байланып, грекке ұқсап та кеттік. Көбі мені гректің қызы екен деп қалады. – Мен де солай ойлап жүр­генмін. Бірлестік жұмы­­­­сымен қатар, «Нұр Отан» партиясы қалалық бөлімшесінде де қызметіңіз бар ғой? – Бұл – еліміздегі көпұлтты және көпконфессиялы қоғамның табыстылық негізіне, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, қоғам тыныштығы, елдің дамуы, өркендеуі үшін бірге қызмет жасау деген сөз. Біздің «Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалында күнделікті тынымсыз тірлік. Күнделікті қабылдаулар, арыз-шағымдарын айтып келген қалалықтарға көмектесу. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы деп ел бізге сенім артып отыр. Қай қызметте болмасын ел сенімін ақтап, белсенділік таныту – басты міндет. Біздің елімізде әйел адам­дардың қай салада болмасын белсенділігі мықты. Еліміз 30 елдің қатарына қосылу үшін бәріміз де бірге қызмет жасауы­мыз қажет. Ол үшін алдымен Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында айтқандай, тыныштық, бірлік қажет. Елбасы: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз!.. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктірген және ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі», деп атап өтті. – Грекияда болдыңыз ба? – Айтпақшы, мен – респуб­­­ли­калық «Филия» атты гректер қауымдастығының мүшесімін. Сондықтан, Грекиямен де, қоғамдастықпен де біздің байланысымыз жақсы. 2002 жылы Ставрос қаласында өткен семинарға қатысып қайттым. 2006 жылы біздің еліміздің делегациясы құрамында Афинада өткен Понтий гректерінің бүкіл дүниежүзілік 6-шы құрылтайына қатысып қайттым. – Қазақшаңыз қалай? – Қазақ достарым баршылық. Әрине, кішкенеден естіп өскен­­діктен, бәрін болмаса да түсінемін. Қазір біздің бірлестіктегі грек балалары басқа ұлт өкілдері сияқты қазақ тілін оқып-үйренуде. Өзіңіз жақсы білесіз, жерлесіміз, ауылда өскен грек баласы Ламбриан Топузидис қазір «Қазақстан-1» телеарнасының жүргізушісі. Біздің облыста да қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көп. – Алдағы Ассамблея сессия­сына қандай тілек білдірер едіңіз? – Біздің еліміз Қазақстан менің елім, Отаным дейтін әрбір этнос үшін достықтың кепіліне айналды. Ұлтаралық келісімді сақтап, тыныштық пен татулықта, бір мақсат-мүдде, елдікті орнықтыру жолында өмір сүруден басқа қандай бақыт керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ жеріндегі тұрақтылық тұғырын берік сақтау саясатының мәні осы. Кеудеңді елің үшін мақтаныш сезімі кернейді. Алдымызда жас ұрпақты отаншылдыққа, өскен жерлерін сүюге тәрбиелеу, мемле­­­­кеттік тіл – қазақ тілін оқып-үйре­ну, оны құрметтеу арқылы әртүрлі ұлт өкілдерінің арасын одан сайын жақындастыру міндеті тұр. Бізге достық пен татулықты, құрмет пен сыйластықты берік сақтау қажет. – Рахмет, әңгімеңізге. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.
Соңғы жаңалықтар