Қызылорда облысындағы осындай әрекетті жуырда өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 15-сессиясына жиналған депутаттар алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты. Білім және ғылым министрлігі жеке балабақшалар мен мектептер желісін көбейтуге барынша мүмкіндік жасап отыр. Дегенмен әлі күнге дейін білім нысандарын саларда нақты қажеттілік ескерілмей келеді. Ешқандай есеп жоқ, жоспарлау дұрыс жүргізілмейді. Соның салдарынан жұмсалған ақшаның қайтарымы көрінбейді.
Мысалы, 90 орындық балабақша құрылысы бюджеттен 350-460 млн теңге аралығында қаржы бөлуді қажет етеді. Алайда жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі бұл балабақша өз шығынын өтей алмайтынын көрсетеді. Демек ол пайдалануға берілген соң да бюджеттің бүйіріне жабысқан күйі қалады деген сөз.
Тағы бір мысал, осыған дейін Арал ауданындағы Ақшатау елді мекенінен салынатын 50 орындық мектеп пен 20 орындық балабақша құрылысына облыстық бюджеттен 432 млн теңге бөлінген. Бірақ жобаны бастар алдында елді мекендегі бала туу көрсеткіші, тұрғындар өсімі тағы ескерусіз қалған. Осы ауылдағы бұрынғы мектепті аз қаржымен күрделі жөндеуден өткізіп, кәдеге жаратуға болатынын ешкім ойламаған. Әлде ойлағысы келмеген.
– Сырдария ауданында 250 орындық мектептің құны 1,5 млрд теңгеге жеткен. Бір мектептің құрылысы үшін бұл қыруар қаржы, – деді облыс әкімі. – Алда жеке мектептер желісін дамыту маңызды болып тұр. Жаңадан жеке мектеп ашқан инвесторлар шығын әр оқушы орнына жылына 96 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 8 жыл бойы Білім және ғылым министрлігі есебінен өтеледі. Бұның өңір бюджетіне айтарлықтай пайдасы бар. Ортақ қазына қаржысын тиімді пайдалану мақсатында біз де жеке инвесторлармен білім нысандарының мәселесін шешуді ширатуымыз керек, – деді облыс басшысы.
Балалардың тынығу лагерьлерінің жағдайы да жүрдім-бардым қараудың кесірін тартып отыр. Қармақшы ауданындағы балалар лагері құрылысына облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінген. Бірақ осынша қаржы бөлінген нысанның орналасқан жері дұрыс таңдалмай отыр. Халықаралық автодәліздің дәл жанына түскені бір бөлек, балалар демалатын лагерьді құмның арасына салғандар қандай қисынға жүгінді екен?..
Аралдағы Қамбаш пен Жаңақорған ауданындағы осындай лагерьлерді күтіп ұстауға жыл сайын бюджеттен 292,6 млн теңге бөлінуде. Жуырда жасалған зерттеу он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейді деген осы нысандарда бірде-бір бала демалып жатпағанын анықтаған. Осыған қарамастан бюджеттің лимитіне кірген бір лагерьдегі қырықтан астам қызметкер ай сайын айлықтарын кідіріссіз алып келген.
Облыс басшысы қаражатты тиімсіз жұмсаудың осындай мысалдарын сынға алып, өңірдегі бар лагерьлерді дұрыс пайдалану керегін атап өтті. Жоқ нәрсеге ақша жұмсап, өзімізді-өзіміз алдағанша, балаларға табиғаты әсем Көкше өңіріндегі, Алматы, Шымкент қалаларында орналасқан лагерьлерге жолдама берген дұрыс.
Осыған байланысты аймақ басшысы облыстық білім басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне аты бар да заты жоқ лагерьлер жұмысына талдау жасап, тиімді пайдалану үшін ұсыныс беруді тапсырды.
Осыдан біраз бұрын Жаңақорған ауданында салынған 600 орындық мектеп бюджетке 2,7 млрд теңгеге түскені ел арасында көпке дейін айтылып келген. Сол ақшаның 1 млрд теңгесі нысан түсетін жерді дайындауға жұмсалыпты.
– Әу баста мектеп салынар жер дұрыс таңдалса, мұндай шығын болмайды. Аудан орталығындағы кәсіпкерлерден жер сатып алса немесе 20 тұрғын үй иесімен нарықтағы бағамен саудаласқанның өзінде шамамен 800 млн теңгеге жуық қаржы үнемделер еді. Бұл жағдай сол кездегі аудан әкімі, сала басшыларының өз жұмыстарына жауапкершілігінің төмендігінен болған, – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Мұндай мәселе басқа салада да бой көрсетіп тұр. Аймақтағы төрт спорт мекемесі жылына 24,3 млн теңгеге ғимараттар жалдап отыр. Ал «Евразия» спорт кешені, Мұзайдынының, орталық стадион мен спорт мектептерінің толық пайдаланылмай тұрғаны ешкімді ойландырар емес. Есебін тауып бос тұрған ғимараттарды кәдеге жаратуға жоқ сала басшылары бюджет қаржысын жұмсауды ғана біледі.
Облыстық бюджеттен бөлінген 286,8 млн теңгеге салынған байдарка және каноэ есу базасын ұстап тұруға тапсырылған өтінім бағасы 80 млн теңге. Қыруар қаржыны «жұтып» отырған базада осы спорт түрімен бар болғаны отыз-ақ бала айналысады.
Өңір басшысы аймақта арнайы кеңес құрылып, жүзеге асырылатын барлық жобалар сонда қаралатынын жеткізген. Жиыннан соң көп ұзамай облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтің төрағалығымен кеңестің алғашқы отырыстары өткізіліп, Қазалы, Жалағаш аудандары әкімдіктері ұсынып отырған 40 жоба талқыланды. Ұсынылған жобалардың қала мен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына сәйкестігі ескеріліп, сол аумақ үшін тиімділігі мен өзектілігі назарға алынатын кеңес жұмысының басты бағыты – үнемдемеу үлкен іске кедергі болатынын ұқтыру.
Қызылорда облысы