Қоғам • 31 Мамыр, 2022

Ең бірінші кезекте ұрпақ қамын ойлайық

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылғы халық санағы елдегі халық саны 19 миллионға жеткенін және оның ішінде қазақтардың үлесі 70 пайыздан асқанын көрсетті. Статистика дерегіне сүйенсек, бұл «мың өліп, мың тірілген» қазақтың көптен күткен асыл арманы емес пе?

Ең бірінші кезекте ұрпақ қамын ойлайық

Сонымен қатар біз мұндай идеялардың, ең алдымен, мемлекет құраушы ұлт үшін керек екенін ерекше ескеруге тиіспіз. Ең бастысы, қазақ мүддесі өзге ұлттарға қарағанда алдыңғы қатарға шығуы керек.

Қазақстандағы жалпы бала саны 5 миллионнан асады екен. Оның ішінде 120 мың балғынның мүмкіндігі шектеулі, 16 мыңнан астам жеткіншектің ақыл-есі дұрыс емес, ал 17 мыңға жуық бала жетімдер санатында көрінеді. Сонымен қатар қазір еліміздегі 6 миллионнан астам тұрғынға ағзаға қажетті дәрумендер жетіспесе, өкініштісі сол, 47 пайыз­ы балаларға тиесілі екен. Сондай-ақ Қазақстан ана мен бала өлімі бойынша әлемде 87 орында деген мәлімет бар. Соңғы 15 жылда анемия дерті аяғы ауыр аналарда 20 пайыздан 40 пайызға көтеріліпті. Көптеген жас ана, өкінішке қарай, аяғы ауыр кезде немесе босану уақытында қайтыс болатын көрінеді. Жас ананың ажалын туған-туыстары көп жағдайда мамандардың жауапсыздығынан көреді... Ажалдың аяқастынан екенімен ешкімнің ісі жоқ. Қан аздық, темір мен фолий қышқылының жетіспеушілігі айтып келмейтін ажалға соқтырып жатыр. Қаны аз аналардың 74,7 пайызы алғашқы аптада-ақ сәбиін жоғалтады. Ал аналардың 43,7 пайызының сәбиі бір ай ғана өмір сүреді. Ағзаға темір жетіспеушілігі салдарынан сәбилердің 40-60 пайызының ақыл-есіне нұқсан келіп, сабаққа деген ынтасы нашарлайды екен. Мен 50 жылдық тәжірибесі бар дәрігер-бала хирургі ретінде айтайын, осының барлығы халықтың әл-ауқатының нашарлығының көрсеткіші...

Ойлана қарасақ, бала – мемлекеттің басты байлығы, қазынасы және болашақ тірегі. Демек оны бағып-қағу – тек ата-ананың ғана емес, мемлекеттің де басты міндеті. Бала да қарттар мен мүгедектер секілді қоғамның қорғансыз мүшесі, сондықтан әр баланы бағып-қағып өсіруге, тәрбиелеуге Үкімет қажетінше жәрдем беріп отырса, аналар да бала туудан бас тартпас еді және балалардың да денсаулықтары анағұрлым жақсарар еді. Ал мұның өзі дені сау, білімді, білікті ұрпақ өсіруді қамтамасыз ететіні де даусыз.

 

Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,

балалар хирургі, профессор

 

АЛМАТЫ