Аймақтар • 14 Маусым, 2022

Заңсыз шеру адам өлімімен аяқталды

218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азаматтық қоғамда әр адам өз үнін естіртіп, қарсылығын білдіруге құқылы. Алайда азаматтардың талап-тілектері, туындаған мәселеге қатысты наразылықтары белгіленген заң шеңберінде, тәртіпке сай жүзеге асқаны абзал. Жанайқайын жеткізудің төте жолы осы екен деп өзгенің құқығын шектеу һәм бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіру митинг мәдениетіне жатпайды. Себебі қоғам тыныштығы мен адамдардың амандығы бәрінен қымбат.

Заңсыз шеру адам өлімімен аяқталды

Күні кеше Алматы қаласында рұқсат етілмеген митингтің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Алматы қалалық полиция бас­қармасының мәліметіне қара­ғанда, оқыс оқиға былайша өр­біген. Наразылық акциясын Короленко көшесіндегі үй­лер­дің бірінің тұрғындары ұйым­дастырған. Олар 2019 жылдан бері өздеріне жақын аумақта салы­нып жатқан жаңа тұрғын үй кешені­нің құрылысына байла­нысты кө­лік­тердің көбейіп кеткенін айтып, аулаларын қоршауды талап еткен. Наразылыққа шық­қан тұрғындар 11 маусым күні Гагарин көшесінің көлік жүретін бөлігін бөгеп тастапты. Мұны желіге тараған бейнежазбадан анық байқауға болады. Жолдың негізсіз жабылғанына қарсылық білдірген жүргізушілердің бірі көлігінен түсіп, жиналғандардан жолды босатуды сұраған. Алайда даудың соңы төбелеске ұласып, көлік жүргізушісі соққыға жы­ғылған. Өкінішке қарай, 48 жас­тағы азаматты ажалдан арашалау мүмкін болмады.

«Жанжал кезінде қозғалы­сы бөгелген көліктердің бірінің жүргізушісі 1974 жылы туған К. есімді азамат жарақаттан­ған. Жәбір­ленуші қайтыс болды. Соқ­қыға жыққан азаматтың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі «Абайсызда өлім­ге әкеп соққан денсаулық­қа қасақана ауыр зиян келтіру» ісі бойынша қаралып жатыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, бұл іс бойынша сот­қа дейінгі тергеу басталды. Күдікті 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деп атап өтті Полиция басқармасының баспасөз қыз­меті. Бұдан бөлек рұқсат етіл­меген акцияның тағы төрт ұйым­д­астырушысы әкімшілік жауап­кершілікке тартылған.

Құзырлы орындардың мәлі­метінше, тұрғындар наразы­лық акциясына шығатындарын ес­кертпеген. Соның салдарынан Гагарин даңғылының бойын­да бей-берекетсіздік орнап, жүз­деген көлік сағаттап кеп­телісте тұ­руға мәжбүр болған. Орын ал­ған жайға қатысты әлеу­мет­тік желі қолданушылары өз пікір­лерін ортаға салды. Олардың көп­шілігі шаһарда жаңа салынып жатқан нысандардың кесірінен аула­лардың тарылып кеткенін, тіп­ті көлік қоятын орындардың қал­мағанын айтса, кейбірі митинг соңын қайғылы жағдай­мен аяқ­таған тұрғындарды сынға алды.

Расында, митинг мәдениетін меңгеру оңай болмай тұр. Соңғы уақыттары бейбіт шерулердің қо­­ғамдық тәртіпті бұзуға ұла­суы жиі­леп кеткен. Заңгер Олжас Есен­­байдың пікірінше, қан­дай да бір наразылық шеруін ұйым­дастырушы тұлғалар жағ­дайды толық бақылауда ұстауға тиіс. Ал ондай мүмкіндігі болма­са мұндай қадамға бармағаны дұрыс.

– Белгілі бір топты шеруге шақырғанда оларды ұстап тұра алатындай күшің болуы керек. Шерудің соңы неге ұласып кетуі мүмкін? Осы жағын ой елегінен өткізіп алған абзал. Қазір қо­ғам­да Алматыдағы жағдай қы­зу талқыға түсіп жатыр. «Ашын­ғаннан шығады ащы даусым» дегендей, амалы таусылған жұрт осындай қадамға барған. Сол арқылы мәселелерінің оңтай­лы шешілуінен үміт етті. Десе де олар өз әрекеттерін заң шең­берінде жүзеге асырған жоқ. Қарбалас уақытта жолды жауып,­ басқалар­ға кедергі келтірді. Агрессияға жол беріліп, соңы адам өлімімен аяқталып отыр. Митингке мүлде қатысы жоқ жа­зықсыз жандар жапа шекті. «Бата тимей, қата тиді» деген осы.

Соңғы уақыттары өз-өзін өртеу, жолдарды жабу, өз өмірін қатерге тігу арқылы наразы­лық білдіру оқиғалары белең алуда. Әрине, мұндай жағдайға адам жайдан-жай бармайды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Елі­мізде бей­біт жиындар туралы заң қабыл­­­дан­­­­­ды. Кез келген наразы топ аталған заң­­­ның белгіленген ережелеріне жүгінгені жөн. Зайырлы мемлекеттерде митингтің де өз мәде­ниеті, этикасы әлдеқашан жол­ға қойылған. Жүздеген, тіпті мың­даған адам наразылық акцияларына шықса да келеңсіз оқиғаға жол берілмейді. Жұрт жиналатын уақытта жиналып, тарқайтын тұста мәмілемен тар­қасады. Әрине, зайырлы қо­ғам бір күнде орнай салмайды. Қоғамдық сананың өзгеруі, әділетті қоғам орнату, дұрыс өмір сүру қағидаларын қалыптастыру, әлеуметтік мәселелердің жүйелі жолға қойылуы секілді көптеген жай бір-біріне тығыз байла­нысты, – дейді Олжас Есенбай.

«Қазақстан Республикасын­да бейбіт жиналыстарды ұйым­дастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңда қоғамдық қауіп­сіздікке баса мән берілген. Жа­уапты мамандар заң талапта­рын қабылдау барысында Ұлы­британия, АҚШ, Франция, Аустралия, Сингапур, Жапо­ния, Швеция елдерінің аталған сала­дағы заңнамалары мұқият зерттелгенін алға тартқан еді. Демократияны ту еткен бейбіт елдер митинг ұйымдастыру және өткізуде қауіпсіздік мәселесін негізгі назарға алады. Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіріп, қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жеткенін Мемлекет басшысы бұған дейін мәлімдеген болатын. Десе де митинг өткізу жеке бастың құқығы ғана емес, үлкен жауапкершілік екенін естен шығармаған жөн.

 

АЛМАТЫ