Медицина • 16 Маусым, 2022

Донор болдым, мінеки...

518 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Донор болу – өзге адамға екінші өмір сыйлаумен пара-пар. Адамзат баласының арманын сабақтап, жүрегіне үміт отын ұялатудың мәні мен маңызын біреу білсе, біреу біле бермейді. Күні кеше Орталық коммуни­кациялар қызметінің алаңында «Дүниежүзілік қан доноры күні. За­манауи донор, ол кім?» тақырыбында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берілді.

Донор болдым, мінеки...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде елімізде қан құю саласында 470-тен астам медициналық ұйым еңбек етеді. Әр жыл сайын рес­публикада 80 мыңға тарта науқасқа қан құйылады. Оларға шамамен 400 мың қан құю жүргізіледі. Еліміздің медициналық ұйымдары 100% қан­мен және оның компоненттерімен қам­тамасыз етіледі.

Осы жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмек­ті ұйымдастыру департаментінің Амбула­ториялық-емханалық және жедел медициналық көмек бас­қар­масының басшысы Батырхан Сарымсақов баяндады.

– Қан компоненттері көбінесе акушерлік тәжірибеде, онкогематологияда, хирургияда, травматология­да қолданылады. Қан алу және құю процесі өте ауыр жұмыс. Оған қан орталықтарында 300-ге жуық дәрігер мен шамамен 700 медбике, стационарларда 500 дәрігер тартылады. Тиімді қан қызметі мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін емес. Мемлекеттің қолдауымен 2008 жылдан бастап елімізде 10 жаңа заманауи қан орталығы салынды. Олар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, вирустық инактивация және карантиндеу технологиялары енгізілді», деді Б.Сарымсақов.

2005 жылдан бастап 14-маусым­да әлемнің барлық елдерінде Дүние­жүзілік Донор күні атап өтіледі. Атау­лы күннің басты мақсаты – медици­налық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ету мәселесіне қоғам назарын аудару, сондай-ақ қан донорларын құттықтау.

Бүгінгі таңда науқастарға жана­шыр­лық көрсету үшін күн сайын мың­даған ерікті қан орталықтарына барып, қан тапсыруда. Ұлтымыздың қанына сіңген мейірім мен қамқорлық соңғы уақытта айқын көрініс табуда. Алайда кез келген адам донор бола алмайды. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігі «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дулат Имашпаев мәлімет берді. Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы біреудің өмірін бір тамшы қанмен құтқаруға көмектесе алады. Донордың ауыр созылмалы аурулары болмауы керек, салмағы кемінде 50 кг болуға тиіс.

– Донордың денсаулығын қан тап­сыру алдында қан орталығының дәрігері қосымша тексереді, сондай-ақ донордың қанына зертханалық тестілеу жүргізіледі. Республика бойын­ша қан орталықтарында да­йындау және өңдеу тәсілдеріне бай­ланысты қан компоненттерінің 90 түрі дайындалады. Донорлық қанды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу шығарылатын өнімнің жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Донорлар үнемі келіп тұруы үшін, халықты қан донорлығы туралы барлық қолжетімді және ықтимал тәсілдермен хабардар етеміз. Бұл үшін ақпарат берудің әртүрлі жолдары қолданылады. Мысалы, елорданың орталық көшелерінде мотоцикл жарысы өтеді, онда донорлық символикасы бейнеленген жалауша, донорлыққа қатысты аудиоақпарат ұсынылады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қол­дауымен елордада билбордтар мен аял­дама павильондарында қан донор­лығының көрнекі жарнамасы орнатылды», деді спикер.

Қан және оның өнімдері – жүк­тілік және босану кезінде қан кеткен әйелдерге, жарақаттары бар пациент­терге және операциядан кейін, онко­логиялық аурулары бар адамдарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды ресурс.

Д.Имашпаев түйткілді мәселелер жайлы ой қорыта келе: «Қауіпсіз қан­ның оны құюға мұқтаж әрбір адамға қолжетімді болуы маңызды. Халық­тың кеңінен және белсенді қатысуын қамтамасыз ететін қан донорлығы­ның тиімді бағдарламасының болуы бейбіт уақытта да, төтенше жағ­дайлар мен апаттар кезінде де қа­жетті қан құюды уақтылы орын­дауға мүмкіндік береді. Қан донор­лығының тиімді бағдарламасын дамы­туға көп жағдайда жалпыға ортақ ынтымақтастықтың қолайлы әлеу­меттік және мәдени ахуалы ықпал етеді. Бұл ретте қан донорлығы актісі қоғамдағы байланыстарды дамы­туға және әлеуметтік келісімді нығай­туға көмектесетіні белгілі. Қан донор­лығы – ынтымақтастық актісі. Биылғы атаулы күн «Донор болыңыз және өмірді құтқарыңыз» ұранымен өтті. Бұл адамдардың өмірін сақтап қалу және қоғамдағы ынтымақты нығайту үшін ерікті қан тапсырудың маңыздылығына назар аударуға бағытталған. Мексика 2022 жылғы Дүниежүзілік қан доноры күнін қабыл­даушы тарап болады. Жаһандық іс-шара Мехикода өтеді», деді.

Донор болу – үлкен жүректі, ме­йір­бан көңілді қажет ететін жоғарғы қасиет. Өзгенің өмірі үшін күресу ісі барлық ізгіліктің басында тұрған абзал қасиет. Содан да донорлар туралы тек 14 маусымда ғана айтылып қоймайды. Оларды насихаттау мен көптеген донорлар тарту жұмысы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, былтырғы желтоқсанда BloodDonation платформасы іске қосылған болатын. Мақсат – барынша көп адамды қамтып, оларды ерікті донор болуға ынталандыруға көмектесу. Сондай-ақ платформада донорлар үшін жақын маңдағы қан тапсыру орталықтары жайлы ақпарат ұсынылған. Бүгінгі таңда әлемде жа­қын жердегі донорлық пункттерден хабарлама алып отыруға 100 млн-нан астам Facebook қолданушылары келіскен. Бұл мәліметтерге қарап болашақта науқастардың өміріне араша түсуші кең жүректі жандардың бұдан да арта түсетініне шүбәсіз сенуге болады.