Сұхбат • 16 Маусым, 2022

Айжарық Абылқасым: Үлкейген сайын тағдырың да тұлғалана түседі

482 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Табиғатына тарта туған Айжарық Абылқасымның азаматтық үні Алакөлдің толқындарындай асқақ. Өмір арнасын өскен өлкеге таңған тағдырлы ақын әдеби ортадан алыс жүрсе де оның қаламынан «Сағынған көздің моншағы», «Махаббатым менің», «Жүректе бүгін сызат көп», «Ең бақытты шақтарым», «Сен жанымда жүрсең», «Көңілдария» сияқты жыр жинақтары өзгеше өрнек, тосын ой, жаңаша леппен өрілді. «Қазақтың Корчагині» атанған аяулы ақын Алакөлден Алматыға бұл жолы да ақжолтай жаңалықпен жетіпті. Оқырманға жол тартқан «Өлеңқұдірет» жинағының таныстырылымынан кейін автормен әңгімелескен едік.

Айжарық Абылқасым: Үлкейген сайын тағдырың да тұлғалана түседі

– «Ақыннан хал сұрама, жыр сұра» деген. Өмірді өлең­­мен өріп келесіз. Ширек ға­сыр төсек тартып жатқанда да тағ­­дырыңызға таяныш бол­­ған осы өлең еді... Жаңа жи­на­ғыңыз­дың оқырманы көп бол­сын! Әкелердің жұрты алпыс­та жа­зылған жүрек сөзін Ал­маты қа­лай қабылдады?

– Қараңдаған дүниеге қадала қарайтын, білгенің жамбасыңа батқан белге мен де іліндім. Құс көңілім дүрлігіп, уыз ұйқыдан алшақтадым. Әр нәрсе уақытында ғой... Уақыт шіркін жылдарды асықтырып, жүздерге өрнек салып жылжып барады. Алдың сиреңкіреп, артың қалыңдай түс­кен тұсқа жеттім. Әке ғасырлар ұрпағын өлеңмен сусындатып келеді. Менікі – өз топырағымнан құмарта жолықтырған тамшы суымды, өмір даласының алабына ақкөңілмен ұсыну ғана. Арман інішек, алдымен ішкі арпалысымды бөлісіп жатқан азаматтығыңа разымын. Ел газеті – ұлтымыздың маңдайалды рухани жол басшысы ғой. Жаңаша түлеп, қанатын парасаттылықтың сабырлы нұ­ры­на малып ұшқан газетіміз – ұлт­тық құндылықтың жүрек қуа­ты. Арыға ұмтылған өмір сапа­рындағы рухты адамдардың ой қайраты дер едім.Тағдыр талайын көріп келемін ғой. Бүгін үлкен ортаға келіп, аға болып, аяулы жандарға табиғатымды ұсындым. Әкелер жұртының ошақ жылуына шақырдым. Өлең оқылды. Ішім босады. Жырларым жылы көздерде тұрды. Қуандым. Иә, ағалық арнасы шетсіз далаға қарай сырғыды...

– Жөргегінде жыр құдіретін емген халық үшін ақын деген қастерлі, қасиетті ұғым. Десе де романтика азайып, құн­ды­лықтар құлдыраған бүгін­гі қо­ғамда ақындардың бет-бей­несі қандай һәм оларды қоғам қалай қабылдайды?

– Ақын – адам. Адам сансыз формалы субьект. Жанының да салмағы, қасиет қуаты бар. Ақыл, өнер, күллі адами қасиеттер өзіңмен бірге жаратылады. Маркс­тік идеологияда да солай. Аз ақыл – есейгенде ұлғаймайды. Ит мінез молайып, тісі сарғаяды. Бар нәрсе ғана көрінеді. Білімді жолдан, өмірден жұқтырасың. Тәрбие – тума дүниені икемдеу, бейімдеу. Бірақ ол түрлі орта­да кіріге сіңіспесе, өзгергіш келе­ді. Мінез – ақылға қайрат, қорған. Өнер екі жақты тектілік тамырынан өрбиді. Көлеңке мен күнгейі де солай. Айнымайтын асылға ойлы орта, әсерлі ошақ көргенділігі, әке мен ана құдіреті уызынан жұғады. Үлкейген са­йын, тағдырың да тұлғалана түседі. Әкеден – ел баласына айналады. Ұртында ұлылықтың кесек шешімі тұрады. Міне, тірлікті ой-арманынан ұзатпайтын да осындай құйма дарындар. Ендеше, жасық рухты ақындықты өмір толқындары алысқа лақтырып тас­тайды. Жаңа заманның реңі қалай өзгерсе де, қияда туған қыран өлең қанатын қағуға тиіс. Қоғам реңі айнығыш. Табиғи бейнеңді әр адымың көрсетеді. Сатқыны мол дүние дауылы биікке ұрынғыш. Көзге де сом тұлға жылдам ілі­не­ді. Ойың таусылса – көңіл іліп әкетуі керек. Қайрап алар рух қаруың – жүректе ғана. Әр құстың өз үні, құмырсқаның өз ізі бар. Мен даланың баласымын. Қоғам – тірліктің көшпенді керуені. Тәуелділік – тамырыңды кептіреді-ау осы.

– Алыс ауылда жатып-ақ әдеби ортада мойында­лып, та­лай мүшайрада жарқы­рап көрін­діңіз. Көзі тірісінде Фари­за апамыздың батасын алып, ру­ха­­­­ни үндес болғаныңыздан хабар­­дармыз. Солай бола тұра көңіліңізде әдебиеттің қайнаған ортасына келіп, қанаттас-қа­лам­­­дастарыммен көп араласа ал­ма­дым-ау деген өкініш жоқ па?

– Бар ғой. Адам болған соң бәрін көресің. Үлкен арманға үлкен күш керек. Жолыққан адам­ға өлең оқып, ән айтпайсың ғой. Өмір тек жаңалықтан тұрады. Өлең жоспармен жазылмайды. Рас, ақылды адамдармен жақын жүргенді қалаймын. Қазанның маңын­дағылардың тірлігі өзге. Есептеулі дүниенің есігі, лауазым­ның лебі – екінші пендеге өзгеріс әкеледі. Қызғаныш та тудырады. Ұқсамау – оңашалау. Әдейі қылмайсың, тағдырдың арбасында отырасың. Осы өнер кешінде, Бауыржан Жақып, Ақберен Елгезек, Ержан Жұмабек, Бағдат Мүбарак, Серік Қалиев сынды арналы ақындармен әңгімелестім. Ризалықтан ішім езіліп тұрды. Ержан Алаштуған ақынның таза дүниесіне жолықтым. Кесек та­лант­тың келбетіне сүйсіндім. О, нағыз ақын інілерім бар екен ғой. Бауыржан мен Ақбереннің кісілік, тіпті өз қолымнан келе ме, дейтін адамдық ажарына қатты тәнті болдым. Осы өткен қоңыр әңгіменің ортасын алыстан орап, орнықтырған – аяулы Ұлықбек ағам-ау!

Апайы өмірден алыстап, ақын көңілі бәсең тартса да еңсесін түсірмеді. Ақын орманы толқыса да орнында қалды. Бәсе, адамның – адамдығы қуаныш пен қайғыда таразыланса керек. Игі шараға сәлемін жеткізді. Ішім жылып қалды. Ақылдылық алдыңда отырса-ішкі құстарың дүрлігіп қалады. Өнерге, өлеңге жасалған қамқорлық – ұлы жандардың ғана қолынан келмек. Разымын!

– Адамзат көші аялдар тұс­қа дейін жалғаса беретін күрес­тердің ішіндегі ең ұлы күрес деп нені атаған болар едіңіз?

– Меніңше, ақыл мен өнер күресі. Сансыз соқпақтармен аста­сатын осынау ұлы күрес – мәң­гіліктің мәресі. Ақылың артқан сайын – жауың молаймақ. Өнерің өзгеше келсе – сорың. Өзіңе ұқсас мықты тұлғалар қолдаса ғана, не өз дүмпуің әлеуетті келіп жатса қане! Қызмет – қолдың кірі емес. Азаматтығың пенделігіңді тақымында ұстаса игі. Сонда күрестің адал жағы басым келеді. Пасық, іші қыл-қыбыр адамдар қай заманда да көп болған. Арам шөп сынды. Қызыл тасты жарып өскен қарағайлар аз, бірақ оңайлықпен құламайды. Арызын ала жүгіретін, далалық таза таби­ға­тыңды ластайтын пенденікі – на­дандық. Надандық та – бір қасиет қауырсыны. Қанатыңда ол да тұрады. Иә, күрестердің ұлысы – қызғаныштан өрбитін ақыл мен өнердің игіліксіз күресі болар.

– Пенде біткенге тән ахуал­дың барлығы ақынға да тиесі­лі ғой. Өмірде құлазитын кезде­ріңіз көп бола ма, көңілде қан­дай алаң бар?

– Тамақ жейміз. Пәленің басы осыдан шыға ма, деп ойлаймын. Жалғыз жемейсің, айналаң бар. Еңбек қыл, ақша тап. Бірақ ол қалай? Ал енді шексіз мехнатты процесс басталады. Өлең сатылмайды. Рухани ұлылық. Сенен әлдеқайда әлсіз, өлең түгілі қаріпті әрең ажырататын адамдарға ісің түседі. Ол итке енді сенің әңгімең, әнің, тәтті өлеңің тұрпайылау нәр­се-ау осы. Айбергеновті есті­ме­ген біреу, кластасыңыз ба, деп сұрады. Жұмыс бөлмемнің төріндегі Әлихан Бөкейханов ғұламаны, лауазымды біреу әкеңіз ғой иә, деді. Рас, әкем дедім. Май жеп отырған азамат саудадағы қарызын ала алмай өкініп, емханаға түсті. Әкесі өмірден қайтқанда алыстан келмеген жігіт малы өліп, жиналыс­та жылады. Бір нақұрыс өлең оқыған баласына зекіді. Аспанға ұмтылған үйі бар таныстың қоқ­сығында домбыра жатыр. Ән айту біртүрлі ауытқушылық тәріз­ді. Кітапқа үрке, одырая қарай­ды. Шай басының шатпағын Жұмекен, Өмірзақпен шатастырды. Осындай опырық, боркемік орта ұлғая бастады ма деп үрейле­нем, Арман! Сұмдық қой, бәрі бір­дей болмаса да бұл – образ­ды шындық! Осыған қатты алаңдаймын. Қарапайым күйеуін ақын деп таныған замандас қатын­ның түсінігінен түңілдім. Алаң­дағаным, ол – ана еді. Баласына обал ғой... Құлазығаным – қабыр­ғамның жұқарғаны-ау. Ұлттық идеологияның биігі – өз отбасы, шаңырағың. Түтін түзулігі үй адам­дарының кісілік қырынан. Қоңыр әңгімеге қолпаш таппай алаңдап қалам...

– Бақытты болу үшін адамға не керек?

– Бақыт туралы талас тудыратын пікір көп. Түсінік шексіз. Көзқарас сансыз. Өмір – мәңгілік, ғұмыр – сәттік. Бақыт деген әй­теуір жақсылық болар. Арман қанатындағы сусыл әуресі болар. Қыбырлаған шексіз тірлік пе екен. Азапқа толы ғашықтық па, әлде. Біреуге кеткен есенің қайтқаны ма. Сәтін салған дүние ме, топ ете қалған сый ма. Ұзақ ғұмыр ма. Адал жар, қатпарлы қарттық па екен. Қулық па әлде, ұтылмаған. Алдап құлатқан арман ба екен. Күшеніп, ішіңде жүрген есебің бе. Қиналғанға қимаған ақшаң ба. Шайнаған майлы жілігің бе екен. Сұлулау сұрың ба. Асқынып алған арамдығың ба. Қулыққа толы қызметің бе. Алаңсыз қорылың ба. Тыныш қара шайың ба? Ендеше, адамға бақытты болу үшін ғана шексіз нәрсе керек екен. Маған да солай. Мен өмір сүру үшін – өлең жазам. Өлең жазу үшін – өмір сүрем. Сондықтан адамға керегі – ғашықтық әуресі!

– Оқушыларды әдебиетке, руханиятқа баулып жүр екен­сіз. Ауылда өзіңізге шәкірт болар­лық жастар өсіп келе жатыр ма?

– Ауылда екі мектеп бар. Тари­хы терең атамекенім, Қабанбай батырдың топырағы. Жарбұлақ өзенінің екі жағасы – жеті Қабан­бай, бес Мөнейдің мекені! Ұзақ әңгіме. Осында әкем Құбаш, анам Ағайшаның отбасында тудым. Өстік, тәрбие көрдік. Ұзақ ауырдым. Оқу оқыдым. Талай белестер артта қалды. Ол туралы кітаптарымда айтып келемін. Енді осыны балалар білсін дейсің. Сол мақсатта әлгі мектептен бұрыш аштық. Ұзақ жылдар жұмыс атқарып келеміз. «Баладарын» –әдебиет үйірмесі.

Мақсатым – парасатты адам қалыптастыру. Өнерге апарар жол таныту. Күллі адами нәрселерге жақындату. Сөз өнерінің бақша­сын аралату. Әңгіменің алысына жетектеу. Ел тарихы, жер ше­жі­ресі, сөз құдіреті, жеке тұл­ға­­лар – біздің таусылмайтын тақы­рыптарымыз. Әдебиет тео­риясы, өлең құрылысы, қисы­ны, троптар, тарихы туралы қай­талай оқимыз. Сөз қисыны, өлең формасы, сурет, ән, ұйқас­тар, қабырға газеті, әңгіме – осы­ларға біз өзгелеу әдістермен барамыз. Әрине, қиындығы да мол. Үйірмеге үрке қарайтын түсінігі өзгеше адамдар да болады. Баладан еш уақытта тегінде жоқ ақындықты жасай алмайсың. Әр нәрсенің тамыры болады. Адамды табу, тану, түсіну – ғажап нәрсе. Мен шәкірттерімнің жүрегінен ұлттық ірілік рухын іздеп келемін. Кесек мінез, айнымас рух табылып жатса – жаңа қазақ елін құру үшін азапқа түсер азаматтар табы ұлғаяды. Ұсақ, аяр ортадан мезі болған киелі даланың ұлдары бар шығар. Ұстаз осы бағытта қимылдау керек. Еркек мінездің иісі керек, иіні қашқан тұсқа.

– Ең басты шығармаңызды жаза алдыңыз ба?

– Егер осыған жауап ретінде, бір өлеңімді алсам – жүрегімнен ұмтылған барша құштарлық атаулының қалғаны жабырқап қалар еді. Өлең – тұтас өмірдің өзіне ұқсайды. Кәдімгі жанды ағза. Ағзадағы мүшенің бәрі қымбат. Атқарар рөлі бар. Жүрек – ось. Яғни ақыл да, сезім де, қуат та жүрекке тәуелді. Әрине, оның да әртүрлі деңгейі бар, Әкем Құбаш екеуіміз осы төңіректе түн ұзақ әңгіме құратынбыз. Қайран әкем, қазір жоқ. Көп балалы әке секілдімін. Бір сәбиімді бөліп қа­рай алмадым. Үйдегі жеңгеңнің есімі – Гүлбаһрам. Ендігі жерде біз екеулесіп, бөгде біреулердің көзі тереңдеп түсе алмаған өлең азабында бақытты болып келеміз. Аса қуанғанымыз, «Мен әлі өмір кешем» кітабымыз болды. Бастапқы жағы прозалы келді. Жақында ғана «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Өзің туралы айту өте ыңғайсыз нәрсе. Қуандым. Себебі менімен бірге ұзақ төсек тартқан армандарым еді ғой. Біреулердің қызғана қа­был­дағанын байқадым. Риза бол­дым. Яғни туындым қыз­ғаныш­қа тұрады екен ғой. Тәт­ті­лік – те­рең­ге, тазалыққа, махаб­батқа шом­­дырады. Ой қалды­ра­ды. Ұй­қың­ды ұрлайды. Өзіңе ора­ла­сың. Әсерден жылағың келе­ді. Риза­лық күлкісі көзіңнен сыр­ғиды. Ұмыт дүниеге ұм­ты­ла­сың. Біреуді іздейсің. Өрекпі­ген жүрек уыз құдіретімен қорек­тенеді. Аз ғана айшықты шақта патшалық құрасың. Өлеңді сен жаздың, құшағыңдағы қуаныш өз көңілің. Бір өлең – киелі құс­тың бір дүр еткені. Бір өмір жырты­ғынан ағытыла құйылған кірсіз көңіл балқымасы. Тек, шарасыз сәби секілді, көзіңді жұмып жұта бергің келеді. Көп жерде мойындала бермесе де, түбінде айтылатын ғажайып құбылыс – өлең! Түсінігі төмен пендеге, зираттағы құлпытас өлеңін көрсетуге болады. Сонда, Арман інім басты шы­ғармам – осы қазір ғана жазып отырған өлеңім болды ғой. Ертең ол да өзгереді. Кешегі – мәңгі­лік, ертеңгі – болашақ болады. Бұ­ры­­нырақта туған өлеңің ескі та­ны­сың секілді. Жылы ұшырап қалады.

– Қазақ поэзиясының ал­тын дәуірін жасаған алдың­ғы тол­қынның арнасында кім­дер­дің қолтаңбасы жа­ныңыз­ға жақын?

– Не нәрсе да еліктеуден, құш­тарлықтан басталады. Әсіресе, ол өнерде, өлеңде ғажап-ақ. Әкеме ерекше жақын болдым. Өміртанымы, әні, қылығы, мінезі үйіріп әкететін. Үлкен мектеп еді. Сөзді қалап, қоршап, бір есікті етіп айту оның өзіндік ерекшелігі болатын. Сөздің айтылу ортасы, кісісі, мөлшері, салмағы, әсері болатынын аңғару шеберлігі әкемде айтарлықтай биік қабілетінде еді. Енді, сөздің ырғағы, салқыны, ұзақтығы, дәмі дегеніңіз екі жақты қатынас обьектісінде тұруға тиіс. Иә, оның орындалуы, өрбуі, аяғы бар деген сынды. Кешегі ұлт алыптары, Абайдың айналасы, Қасым, Мұқағалиға қосылатын ел жауһары мен өз арнаң болып көкірегіңнен ақтарыла алса ғана –өлең! Сонда ғана ол ұлттық рухтың уыз қорегі. Ертеңгі балаға бел, көз, мінез, қуат бола алатын құдіретті табиғат еді. Осы тұстағы әр өнер иесі, ақыл кешені, дарын мөлшері, тағдыр – ұқсастығына қарай ұрына толқитыны бар. Тарихты халық емес, жеке тұлғалар ғана жасайды. Өнерде де солай. Ендеше, Қасым, Мұқағали, Меңдекеш, Төлегендер – ғасырда мүмкін кезіге бермейтін ұлттың кесек тұлғалары. Тек, бүгін де оларды түсіне алсақ. Қа­дірін біле білсек. Бала кезімнен өзіме өте жақын, әсерлі болғаны әрине, Төлеген ақын. Қазақ поэ­зиясына Төлеген үлкен жаңалық, тың қуат әкелді. Сөзді теңіздей дөңбекшітті. Қуатын қылға әкеп тіреді. Төлеген өлеңінің табиғаты – ой орбитасының биігі. Ырғақтар ыршып, сөздерді сан құбылтты. Буын, бунақ, шумақтар ағытылған ақын көкірегінен бұрқақтай атты. О, сөз құдіретінің шебері алдында тағзым еттік! Тума дарынның аз ғана ғұмыры – мәңгілікке арна салды. Өлең формасы, қисын, құрылыстардан ақын ұлтына, поэзияға өз биігін тұрғызды. Ол – мөлдір, құдіретті өлең күмбезі еді. Көп ғасырда осы құдіретті өлең күмбезінде өмір кешетін боламыз. Иә, мен Төлеген ақынды ерекше көрем, басымды иіп тәу етем!

– Қиын шақта қол созған азаматтар болды ма?

– Жалпы, өмірдің белгілі бір ережесі жоқ сияқты. Уақыт ағы­сына еріп кете бересің. Оны тағ­дыр делік. Әйтеуір, ширағырақ болсаң қалғаны салмақтырақ келмек. Ойлы болған сайын орманың қоюлана түседі. Өнерлі жанға әрнәрсе үйір. Бір көзің тірлікке түспесе, қалтаң тесік болып қа­лыптасады. Үйреніп аласың. Ұзақ жылғы дерт мені біраз өмірден кешіктірді. Ұзап кеткен болма­шы тірліктің соңына түстім. Сөйт­сем, ол сондайлық оңай нәрсе емес екен. Өңі суық, қулығы жы­лым адамдарға жолықтым. Бетім қайтып, бүркеніп жаттым. Балаларым Гәкку мен Дос есейіп, бөлме тарылды. Әкем үлкен әбігерге түсті. Мен балдаққа асы­лып алысқа бара алмадым. Жыл­дар жылыстап кетті. Үй сал­дық. Егделеу жастың есігін аштым. Ентіккен ақын табиғатым өзге реңге ойысты. Балалар арман ағысымен алыста жүр. Тәуба. Өмір жете алмаған жолдардан, алдап ерткен уақыттан болар. Осындай шақта айналама қарадым. Адам іздедім. Сонда, осы азаматтарға разы болдым. Мәселен, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Фариза апай, Ерлан Сыдықов, Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Жақып, Қанат Зейнол­ла, Рақымғали Абрарұлы, Ай­ман Жақыпова, Думан Анаш, Балдырған апайым болып кете берер еді. Адамдық ізгіліктің үлкен-кішісі болмайды. Зұлымдық та солай. Кейбірінің есімдері сәл ұмыт қалып жатқан болар. Ол бүгінгі әжімдерімде жасырынған шығар тегі. Ертең байқармын. Барлығына тілекшімін. Өмір ғой. Неше түрлі оқиға ортасында жүресің. Әркім өз түсінігімен қабылдайды. Аңғар­май, аңқалаңдап қасына барасың. Ол әрі қарайды. Жүрек шым ете қалады. Әңгімесі әсерлі, жылы ортаны аңсайсың. Алакөлге барам. Гүлбарашпен сырымыз таусылмайды. Иттер үреді. Мен алысқа ке­­тіп, азғана тірлігіме араласа ба­тып, ыстық көшемде келе жатамын...

– Өлеңмен әлдилеп өсірген қос перзентіңіз өмірден өз жолын тапты ма?

– Жастау күндерімді ойласам, елегізіп қалам. Осы бір қапталымда тұрған секілді. Асы­ға өткен, елестей ғана болған қай­ран уыз ойлы уақыттарым! Қадірін білмедім, ойсыз өттім демеймін. Тек, ұлғайтып алған сағыныштары болмаса. Адамбыз ғой, махаббат құдіретінің өскен, көрінген, тәтті әуресі еді ғой. Ендігісі, сондағы құдіретті сезім қорегінің қуатымен келе жатқан қоңыр тірлік қана. Иә, өмірге аз да болса, махаббат уызы араласып отыруы керек. Жыласаң – ол жүрек уы болады. Күлсең – ол шындықтың әжуасы екен. Қателік – құштарлықтың бір қадамы ғана. Енді, осыны жалғыз көтерсең еңсең түсіп, сыртта әлсіз келесің. Түзде мықты болу үшін, үйде ырысың ыстық болуы керек. Сен сүйген адамның – айнымас райы болуы қажет. Үйдің қабырғасы сықырласа да, сыры сыртқы дауылдан үрей қабылдамауға тиіс. Ол – сендердің, яғни, өз ұяларың ғой. Осы ұядан Гүлбаһрам екеуіміз екі балапан ұшырдық. Гәкку – Се­мейде докторантурада оқып жүр. Осы төңіректе ұстаз, декан орынбасары. Ғылыми жолда. Талай іргелі оқу орындарын­да істеді. Болашағы зор. Жан­ұялы. Елдос күйеу балам еңбекқор, орнын білетін азамат. Айзада, Ханзада есімді балапандар бар. Тәуба. Ұлым – Дос, Т.Жүргенов өнер академиясын бітірген. Режиссер. Біраз киноларда ойнады. Қостанайда театрда болды. Қазір, Өскеменде осы салада көркемдік жетекші бо­лып жүр.Сахна сырын біраз мең­геріп қалған болар. Іргелі ортада, Руслан Қайырбекұлы секілді үлкен жүректі азаматтардың маңында келеді. Жалпы, өнер адамы көлеңке мен күнгейді мекен етеді ғой. Иә, үлкен өмірді, кішкене ғана сахнада образдау дегеніміз – біраз еңбек. Көңіл мен көздер әртүрлі сезілетін қуатты да нәзік орта. Бақытты да, азапты табиғат аясы ғой ол жер... Міне, Арман, осындай балапандарымды қанатыммен орап, алтыншы белден асыңқырап ұшып келем.Амандықтарыңды тілейміз ғой. Алла ұзақ та, мағыналы ғұмыр берсін, бәріңе!

– Бүгінгі тіршіліктің тынысы қалай, аға?

– Қазір ауылда мәдениет үйінің меңгерушісімін. Ауыл тір­лігі мен мәдениеті өрлеу үстінде. Жөндеуден өткен мәдениет үйі көз тартарлық келбетке айналды. Қолымнан келгенінше әдемі етіп отырмын. Кәдімгі қала театры дерсің. Талай қиын кезеңдерден өтіп келеміз. Кезіндегі әкім Се­­рік Зайнулдинге разымын. Осы үй үшін барын салды. Ма­ған сенді. Өзі бірге аралас­ты. Ше­шімді, мінезді азамат жаңа үй са­луыма да зор қайрат қыл­ды. Еңбегімді бағалады. Мәде­ниет үйіне басшылыққа ұсын­ды. Арпалыстарда араша тұр­ды. Ауданды алдыға апарды. Алакөлге заманауи өң берді. Жайлы жолдар созылды. Гүлді өңірдің ажарын ашты. Сом мінезі түренге соқа салды. Баладай көңілі талай жүректі елжіретті. Нағыз ұлт мінезді, көргенді азамат. Ел атынан алғы­сым шексіз. Иә, сол мәдениет үйінде игі істер әуресімен жүрміз. Нұржан, Біржан, Әсет, сынды аудан бас­шы­ларымен де үзеңгілес еңбек­теміз. Қарбалас жұмыс бақытты, жаңа елдің биігіне бас­тап барады. Алты белестің арқа­сында тұрмын. Тағдырдың жаз­ға­нына өкпе айтпадым. Туған топы­рақ адамдары арасында, өлеңімді аялап келе жатырмын. Иә, бақыт та, өмір деген де осы болар.

Ұлт газеті – «Егемен Қазақ­стан» ұжымына биік шығар­машы­лық табыстар тілеймін. Бар­шаңызға Қабанбай бабамыз­дың топырағынан тек ағалық тілекші көңіл ауанын ұсындым. Зор ризашылығымды білдіремін. Ел іргесі аман болсын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Алматы