Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жетпіс жыл ана тіліміздегі айтылатын ұлы сөздерді, ұлағаттарды, мақалдарды ұқпай өскен ұрпақ, әрине қазір ел алдында ұлт атынан сөйлеуге ұялады, қиналады және көп нәрсені білмейді.
Адамзат тарихы қателіктер мен түзетулерден тұратыны рас. Қай ғасырда да, қай қоғамда да алдымен қателік, одан кейін оны жөндеу күресі, алдымен күрес, одан кейін оның қателіктері, міне, осылай алмасып жүріп келе жатқан жолды ешкім жоққа шығара алмайды.
Бүгінде ана тіл деп шырылдап отырғанымыздың үлкен мәні бар, әрине. Ана тілде айтылған ұлы сөздердің барлығы жадында жатталмаған ұлттың өкілінен ана тілге қызмет ету қиындығы туады екен. Кезінде «Қайық адасса, кемеден жөн сұрайды» деп айтып отырған үлкендерді тыңдап өстік. Бүгінгі таңда өмір теңізінде кетіп бара жатқан қайықтар ешқандай кемеден жөн сұрағаны байқалмайды.
Ата-баба армандаған егемендікке жеттік. Оның да жетістігі мен қателігін бүгін салыстырып отырмыз. «Жаңа Қазақстан» деп жас ұрпаққа үміт арттық. Жас балаларды басшылыққа қойып жатырмыз. Қуанып, тілектес болып отырмыз. Бірақ соның аяғы қалай болады деген де ой мазалайды мені.
Еркін ұрпақ өсірдік, еркелетіп отырмыз. Бірақ оның аяғы қайда барып соғады деп ойлап отырған қоғам бар ма? Мынау бүркеніп жүрген қыздарымыз қай жаққа барып тоқтайды? Олар ұлтқа қандай ұрпақ береді деп ойланып отырған басшылар бар ма?
Сахнаны ашып қойып еркін ән салғыздық. Не айтса да, еркіне жібердік. Енді Көк Туды тапап жүргендерді сонша залдың ортасынан бетінен шапалақпен тартып жіберетін біреудің шықпағаны – мені таңғалдырып отыр.
Референдумнан кейін «Жаңа Қазақстан» жаңа жолға шығады деп бүкіл халық елеңдеп және үміт күтіп отыр. Әсіресе жас ұрпақтың сауаты, білімі, тәрбиесіне көңіл бөлінеді деген зор үмітте. Әсіресе дала жастарының жағдайы жақсарса деген үлкен үміт күтіп отырғанын көріп отырмын.
Басқарсын жастар даласын, қарсылық жоқ. Басқарсын жастар барлық саланы: спортын, мәдениетін. Қарсылық жоқ. Бірақ сол, әсіресе мен жиі араласатын мәдениетте қандай жаңалықтар бар? Қандай қиындықтар бар? Қандай кемшіліктер бар? Мен, әрине соған тоқталсам деп едім.
Бұрын да айтқанмын. Қазір кім болса сол өзі ән жазады, өзі сөз жазады, өзі орындайды. Ол сахна мәдениеті жайлы үлкен оқу орнын бітірмеген. Ән жазу жайлы үлкен тәжірибеден өтпеген. Үлкен ұстаздан ешқандай сабақ алмағандар. Осыларды сахнаға шығарып қойып, қол соғып отыра берген ел-жұрт қазір өз деңгейін түсіріп алды. «Менің жүрегім ауырады» деп бұл жайлы да жанайқайымды жазғанмын. Шын мәнінде, солай. Ойлансақ қайтеді, жастар?
Біз түрлі кітаптарды оқыдық. Түрлі қариялардың сөзін тыңдадық. Түрлі жазушылардың жиындарында болып, олардың кітаптарынан мағлұматтар алып, ой түйдік. Міне, сол еске түскенде қазіргілердің кітап оқымағаны, мынау 30 жылда өз беттерімен кетіп қалғаны, мектептегі білім деңгейінің түсіп кеткені, бәрі-бәріне көңіл бөле алмай, бәрін ақшаға жеңдіріп алғанымыз – алдымыздан шығып жатыр. Қазіргі ұрпақты да, елді де қинап отырған осы бір жайт сияқты.
Сонау кездің өзінде өмірде тәжірибеден өткен ел ағалары әбден шынығып барып билікке отыратын. Ал бүгінде «ана жақтан бітіріп келді», «мына жақтан бітіріп келді» деген желеумен бір балаларды кейде сүйеп, сүйемелдеп ана орыннан мына орынға секіртіп, басшы қойып алдық. Сол басшыларымыз қазір басшылық көрсете алып отыр ма?
Ұлы Мұхтар Әуезов айтатын: «Жас басшы қолына ұстара алған баламен бірдей. Не ол өзін кесіп алады, не ол біреуді жаралайды». Ендеше, жас балаға билік беру – жас балаға ұстара берумен бірдей. Ол көргендінің жүрегін жаралайды, көрмегенге өзі ештеңе көрсете алмайды. Мен кей жерлерде соның куәсі болғандықтан, қолыма қалам алып отырмын.
Кішкентай ғана жиында қарапайым басшы үлкенді сыйлап, алдынан шығарып жібермейді. Үлкенді сыйлап, содан кейін сөйлемейді. Жоқ, міндетті түрде өзі сөйлейді, өзі алдында бастап жүреді, өзі алдына шығады. Әрине, басшы болған соң, халық сыйлайды. Сонау Нұх пайғамбар да: «Басшыға бағыныңдар, басшыңды сыйла» деген. Кешегі Әбіштің сөзін тыңдасақ: «Бағалай білмегенге – бақ қонбайды, табына білмеген – әулиеге жарымайды» дейді. Нұх пайғамбардың сөзімен айтсақ, иә, басшыға бағыну керек, сөйлесін, айтсын, үйренсін, көрсін, оған қарсылығымыз жоқ.
Бірақ, қайда барсаң, ақыл сұрамай, «мен білемін» деп төс қағатынды көремін. Жап-жас бала. Айтып тұрған сөзінің мән-мағынасын білмейді. Ол сөзді, сөйлемді қалай құрауды білмейді. Жаңағы ана тілден кетіп қалған ұрпақ, келесі ана тілді тағы да оқи алмай, үш тілде оқып, басы қатып жүрген ұрпақ солардың сөйлегені дұрыс екен деп қабылдап жатыр. Солардың сөзіне еліктеп жатыр. Солардың жасап жүргенінен үлгі алып жатыр. Үлкенді сыйлау деген мәдениет бірінші жүруі керек. Үлкенді сыйлағаннан қор болмайды. Ол, жалпы, қай ғасырдың да мәдениеті. Мен Жапонияда болғанда тек қана ақсақалын сыйлағанды көрдім. Жапонияда болғанда әйел-ананың ұрпаққа «мен жауаптымын» деп жүгіргенін естідім. Мен сол жапон елінің мәдениетіне, тәрбиесіне таңғаламын.
Біздің Ұлы далада да Жапоннан кем емес Шығыс мәдениеті болған. «Үлкеннің алдын кесіп өтпе» дегенді үйреніп өскен балалардың бірі едік. Әрине, қазіргі асығыс заманда үлкеннің алдын кесіп өтіп кетіп жатыр. Соңғы кездері оқу орындарына барып, есігінен аттағанда арқасындағы дорбасымен соғып кетпесе, қағып кетпесе жарар еді деген оймен кіремін. Менің өзім сол дәліздерден кейде үреймен, қорқынышпен өтемін. Апыр-ау, жоғары оқу орнында оқып жатқан қыздар мен ұлдар неге шаштарын жайып алып саған қарсы шабады? Неге олар үлкен келе жатыр деп кішкене болсын именбейді, үлкендерге жол бермейді? «Осы тәрбиені айтып отырған ұстаз бар ма, әже бар ма, ана бар ма?» деген сұрақ – мені жоғары оқу орнынан шығып үйіме келгенше мазалайтын басты сауал.
Ел басқарып отырғандар өздері сол үлгіні көрсетуі керек. Яғни өздері көрсетпеген үлгіні кітаптан да, кинодан да, өмірден де ала алмайды. Ал өмірде ондай үлгі көрсететін іс-шаралар мүлде азайды.
Біздің көзі ашықтар Нострадамусқа, болмаса кешегі Вангаға жүгінеді. Ал біздің дала философиясы, даланың ұлы сөзі қандай еді?! Кеше Мөңке би айтты деп бізге жеткен сөздер ше? «Кірпіш тастан үй шықты, Бозбаладан би шықты». Оны кешегі жырау Әбубәкір де қайталаған. Міне, сол қатар-қатар кірпіш тастан үй шыққанды көрдік, бозбаладан би шыққанды да көрдік. Ендеше, соған ойлана қарауды ескерткен екен бабалар. Бозбала бидің айтқаны, бозбала бидің ісі қазір біздің «Жаңа Қазақстанды» жаңа деңгейге көтере алар ма екен?! Жоқ, әлі де өткендерден үлгі керек пе екен? Әлі де ұлттық рухқа бұрылу қажет пе екен? Соны қазіргілерді ойландыратын бір сабақтар жүргізу керек сияқты. Дала идеологиясы, бүгінгі «Жаңа Қазақстан» идеологиясы осы бір жағынан ақсап тұрған сияқты.
Жастарымызда қазір өзім білемдік пайда болды. Олар өзгеден ақыл сұраудан қалды. Ақшасы барды ағалап, билігі барды жағалап кетіп бара жатыр. Бұл үлгіні де күні кеше, егемендік алғалы үйренді. Оған дейінгі ұрпақта анаға бұрылу, ата сөзін қастерлеу, Отанды сүю, тіпті ән айтса да «Менің ұлы далам бар!» деп кеуде соғу сияқты тақырыптар жүріп жататын еді. Қазіргі ұлы концерттерде де, мерекелік концерттерде де осы нәрселер жоғалып кеткен. Қазіргі концертіміз – тойдағы ауыл үйдегі айтатын «әләләйлар» болып кетті. Өйткені бұл концертті ұйымдастырушылар, оған қатысушылар, әнді орындаушылар әлемдік классикадан шет қалды, оқудан шет қалды. Тек ақшамен үйтіп-бүйтіп алған диплом бұларға қор жинауға, маңызды өмір сүруге жетпей жатыр. Осыны түбегейлі ойламаса, қоғам болмайды-ау.
Бұл күнде ел басқарамын деген басшы елмен сөйлесе білуі керек. Ол үшін ана тілге жетік болып, елдің психологиясын, жиналған халықтың хал-жайын жақсы білуі қажет. Ал біздің басшылар әлі де қашқалақтап тұр. Біздің халық өзі таңдап сайлаған депутаттар дайындап қойған есіктен кіріп, дайындап қойған жерге сөйлеп, сол жерден теледидарға көрінеді де, халықтың арасына жеке баруға қымсынады, сескенеді, жасқанады, халықтың арасына келмейді. Сол халықтың арасындамыз деп отырған біз сияқтылармен жолығып, сөйлесуден қашады. Себебі қазіргі сайланған депутаттар – әлі де халықтың қалағандары емес. Олардың бәрі болмағанымен, көбі өз жағдайы үшін жүргендер. Халықты ойлайтын азғантайлары ғана бар, оларды халық жақсы біледі.
Өз басым «Жаңа Қазақстанның» жас басшысы халықтың тілін білетін, үлкенін де, кішісін де түсінетін, олармен сөйлесе алатын және туған далаға, кіндік қаны тамған бабалар топырағына әбден берілген патриот болса дер едім. Ендеше, сондай балаларды өсірудің жолын бүкіл қоғам болып ойлауымыз керек. Ойланыңыздар, жастар!
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын