Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өткен жылы өңірлік театрлар қатарына қосылған Түркістан музыкалық драма театры репертуарындағы бес қойылымның екеуі осы жылдың премьерасы. Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» қойылымын ресейлік балетмейстер, театр режиссері К.Семенов мамыр айында сахналаса, қазан айында У.Шекспир, М.Әуезов, И.Гете туындылары тоғысқан «Триптих: «Гамлет», «Қарагөз», «Фауст» спектаклінің тұсауы кесілмек. Туындының режиссері – Әлібек Өмірбекұлы. Ал шығармаларды сахна тіліне икемдеген – Мирас Әбіл. Режиссер бұған дейін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында Qora Z, Қ.Қуанышбаев театрында «Дон Кихот» қойылымдарын ұсынған болатын. Сол спектакльдердегі қолтаңбаны тани алған болсақ, бұл триптихта да режиссер сюжетті емес идеяны тарқататыны анық.
Бір қойылымда ұшырасатын үш шығармаға да адамзаттың ғасырлық мұңын арқалап, ақиқат үшін күрескендердің тағдыры, махаббат машақатын тартқандардың мұңлы хикаясы арқау болған. Режиссер әрбір шығармамен жеке жұмыс істеу барысында осы ортақтықты ескеріп триптих етуді жөн көрген. Оның айтуынша, бір оқиғаны әртүрлі автордың ойымен беріп, жан-жақты көрсету тиімді шешім. «М.Әуезовті Шекспир, Гетемен байланыстырған себебім, «Қарагөз» жоғары деңгейдегі туынды. Дегенмен әлемде оны көп ешкім біле бермейді. Сондықтан жазушының еңбектерін сахналап, әлемдік деңгейдегі спектакльдермен қатар тұратындай етіп, биікке шығарғым келеді. Жалпы, «Қарагөз» бұған дейін еліміздің театрларында сахналанған. Бірақ менің режиссерлік шешімімде ол мүлде басқаша көрініс табады. Бұл жолы Гамлетпен бастап Қарагөзге өтіп, Фаустпен аяқтап, үшеуін бір сахнада көрсетемін», дейді ол.
Режиссер осы қойылымға көп дайындалған. Бас-аяғы бір жыл жеті ай уақыт жұмсапты. Спектакльдің сәтті болуы, актерлердің жақсы ойнап шығуы тікелей режиссерге байланысты деп есептейтінін айтты. «Ал актерлерді таңдауға келгенде қатып калған қағидаларым жоқ. Ең бастысы, табиғатынан әртістік қабілеті болуы керек. Сахнада сол кейіпкер болып өмір сүруі, өзінің не айтып тұрғанын түсінуі шарт. Тәжірибе маңызды болғанымен, кейде ол да кедергі емес. Түркістан театрының труппасы жастардан құралғандықтан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы әртістерді шақырдым. Кейбірі бұған дейін менің қойылымдарымда ойнаған», деді Әлібек Өмірбекұлы.
Өзіне ғана тән өзгеше қолтаңбасын танытып үлгерген режиссердің үшінші туындысы көрерменге күзде жол тартады.
* * *
І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры кезекті маусымын Өтен Ахметтің шығармасы желісімен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған режиссер Қуандық Қасымовтың «Алаштың Ахметі» премьерасымен жапты. Қойылымда А.Байтұрсынұлының өмір жолындағы қилы кезеңдері көрсетіледі. Ұлт үшін еткен еңбегін баяндайды. Отаршыл саясаттың құрбанына айналып, тартқан тауқыметін, көрген азабын көрерменге жеткізеді. Сондай-ақ бар ауыртпалықты бірге көтеріскен аяулы жары Бәдрисафаның қайсар болмысы мен жарқын бейнесін аша түскен. Ахмет Байтұрсынұлы екеуінің арасындағы кіршіксіз махаббатты, бір-біріне деген ықылас-құрметті тамаша бейнелейді.
Режиссер Қуандық Қасымовтың айтуынша, бұл шығарма театрдың көркемдік жетекшісі Батырбек Шамбетовтің ұсынысымен сахналанған. Қойылымға жазушы, журналист, аудармашы Өтен Ахметтің «Қуғын» пьесасы таңдалған. Шығармада Ахмет пен Бәдрисафаның арасындағы байланыс, сол кезеңдегі талас-тартыс, уақыт тынысы дөп жазылған. Осы қойылымда Ахмет Байтұрсынұлының сол жылдары шығарған «Аққұм», «Екі-ай жирен» әндері орындалады.
«Оқиғада Бәдрисафаның да қуғынға түскен жылдарын да қамтыдық. Ал осы спектакльдегі ең бір табысты кейіпкер – Атсыз. Ол Ахмет Байтұрсынұлының тағдырына әсер еткен қара ниетті адам. Жиынтық образ, яғни патша заманындағы, кеңес кезеңіндегі жүйе», дейді режиссер.
Ал премьераға екі уақыт дайындық жүргізілген. Спектакльде басты рөлдерді, Ахмет Байтұрсынұлын – Азамат Чукеев, Александра (жас кезі) – Ақбота Ықыласова, Диана Тұрсынова, Бәдрисафа (қартайған кезі) – Зәмзәгүл Бегайдарова, Атсыз – Жәнібек Иман, Ерхан Барақов сомдап шыққан.
«Ахмет Байтұрсынұлының ағарту жұмыстары ғана емес, адами тұрғыдан оның бүкіл жан дүниесін сезініп жеткізуге тырыстық. Әсіресе оның жан-жарымен қарым-қатынасы, өзге ұлт өкілінің ғашық болып, өмір бойы құрметтеп «төрем» деп өткені Ахмет атамыздың үлкен жеңісі ғой деп ойлаймын. Өйткені ұлтының тағдырын ойлай жүріп, өзінің жан дүниесіндегі сезімімен қиыншылықтардың бәріне қарсы тұра алған. Біз оның күрескерлігін ғана емес осындай қиын кезеңдегі шығармашылық әлемін, әрбір ән, өлең қалай туып жатты соны қоса көрсетуіміз керек», деді Қуандық Қасымов.
Бұл туынды 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы, осы маусымда өнер ұжымы төрт спектакльдің тұсауын кескен. Атап өтсек, Б.Шашбековтің «Темір қатын» комедиясы, С.Ваннустың «Сұлтанның аты – Сұлтан» комедиясы (айта кетейік, аталған қойылым Қырғызстан Республикасының «ЭРГҮҮ» ұлттық театр сыйлығының «Ең үздік шетелдік қойылым» номинациясын иеленген), А.Тасымбековтің «А.Л.Ж.И.Р» реквиемі, Ө.Ахметтің «Алаштың Ахметі» элегиясы.
* * *
Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры жыл басынан бері үш премьера өткізді. Ал жалпы биылғы театр маусымында репертуарына 8 жаңа қойылым қосылған: алтауы – қазақ тілінде, екеуі – орыс тілінде. Айта кетейік, шығыс театры үш ұжымның басын қосып отыр (қазақ, жастар және орыс театры). Осы маусымда режиссер Дос Құбаш Рақымжан Отарбайдың шығармасы желісімен «Айна ғұмыр» қойылымын сахналады. Сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов Қалихан Ысқақ пен Шахимарден Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын қойған. Драмада Қасым ханның қазақ іргесін нығайтып, елдігін сақтауға талпынған күрескерлік жолы көрсетіледі. Одан бөлек режиссер Тұрсынбек Түзбаев «Ер Төстік» халық ертегісін сахналады.
Ал орыс театрында Роман Степенскийдің режиссерлігімен Чеховтың әңгімелері желісімен «От Антоши Чехонте до Чехова» комедиясы мен «Баба-Яга, кот и Новый год» ертегісі қойылса, жастар труппасы кішкентай көрермендерге «Мұзды өлке» ертегісін ұсынған. Биыл ұжым кеңейіп, қуыршақ театры қосылғанын да айта кетейік. Қуыршақ труппасы Элина Быстрицкаяның «Кішкентай бақаның үлкен оқиғасы» атты қуыршақ ертегісімен ашылған. Оның режиссері – қуыршақ жасау шебері, актер Сырым Маратбек.
ШҚО қазақ драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызының айтуынша, биыл көрерменнің назарын ерекше аудартқан «Алжир» психологиялық драмасы болыпты. «Туындының авторы әрі режиссері – Абай Дәулетұлы. Қазірге дейін спектакльді 6 рет сахналап үлгердік. Көрерменнің сұрауы бойынша жақында жетінші рет қоймақпыз», дейді ол.
* * *
Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ музыкалық драма театрының ХХV маусымында жеті премьера сахналанған. Оның төртеуі ересектерге арналса, үшеуі балаларға, жасөспірімдерге арналды. Жыл басында арнайы шақырылған режиссер Оразхан Кенебаев М.Әуезов театрында сахналанып жүрген Медеу Сәрсекенің бір отбасына тосыннан келген тағдыр сынағы арқылы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсететін «Тендерге түскен келіншек» драмасын қойған. Қалған спектакльдер – театр режиссері Аян Әлімбаев пен Тасқын Мажитовтің туындылары.
Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау облыстық қазақ музыкалық драма театры әдебиет бөлімінің басшысы Манарбек Қыдырбайұлының айтуынша, көрерменге көбіне музыкалық, концерттік комедиялық қойылымдар ұнайды. «Облыстық театрдың көрермендері драмаға аса қызығушылықпен келе бермейді. Меніңше, көрерменге түсінікті, қарапайым туындылар жақын болады. Алайда
биылғы қойылымдардың ішінде Тасқын Мәжитовтің Б.Абдураззақовтың шығармасы желісімен сахналанған «Алло, мама» драмасы көптің көңілінен шықты», дейді ол.
* * *
Ал Жамбыл облыстық А.Тоқпанов театрында жыл басынан бері екі премьера ұсынылды. Драматург Сұлтанбек Құдайбергеннің шығармасы желісімен режиссер Гүлсина Миргалиева «Періште қонған үй» драмасын сахналады. Драма оқиғасы арқылы дүниеге сәби әкелу, өз отбасына нәресте сыйлау жүгі қай анаға болса да жеңіл емес екенін ұғындыру. Жас қыздарды шалыс қадам басып, қателікке ұрынудан сақтау.
Ал драматург Қолғанат Мұраттың шығармасы желісімен қойылған режиссер Фархадбек Қанафиннің «Мұғалім» спектаклінің мақсаты жас ұрпақты жан-жақты білімді де тәрбиелі етіп өсірудегі мектеп пен отбасының, мұғалімдер мен ата-ананың атқарар жұмыстары туралы бағыт-бағдар беру, ой салу. Бүгінде заман ағымына ілескен жасөспірімдердің ойлау жүйесі мен дүниетанымы ерек болғанымен, оларды біз өз деңгейінде түсіне алып жүрміз бе? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, өз баламызға қаншалықты лайықты тәрбие беріп, қаншалықты көңіл бөліп жүрміз деген сұрақтар көтеріледі.
А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының директоры Мәлік Ақүрпековтің айтуынша, екі қойылым да көрермен тарапынан оң қабылданған. «Бұл қойылымдар қазіргі уақыттағы өзекті мәселелерді қозғайды. Бұл спектакльдердің премьерасы аншлагпен өтті. Осы уақытқа дейін бірнеше рет репертуарға ілініп, көрерменге көрсетіліп келеді», дейді ол.
* * *
Ал Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ драма театрында Х.Хурсандовтың шығармасы желісімен режиссер Б.Құрманғожаевтың ата-ана қадірін тірісінде білу керек деген ойды жеткізетін «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясы мен Ж.Ануй, Х.Мюллер шығармалары желісімен (аударған Ө.Ахмет) режиссер Қуандық Қасымов сахналаған «Медея»/«Филоктет» трагедиясының премьерасы өтсе, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында режиссер Д.Базарқұлов, А.Шарипов Алтын Орданың 750 жылдығына орай Едіге батырдың ерлігін дәріптеген Светқали Нұржанның «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасын қойған. Спектакльде қайсар қолбасшының Әмір Темірмен байланысы, Тоқтамыс ханмен болған шиеленіс жағдайлары көрсетіледі. Режиссер Мейрам Хабибуллин Уильям Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясын, режиссер Жеңіс Қалқабеков «Эй, кто-нибудь!» заманауи трагедиясын көрерменге ұсынған.
* * *
М.Өтемісов атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында режиссер Мұқанғали Томанов Ш.Айтматовтың жүрек сыры ән құдіретімен жететін махаббат хикасы туралы «Жәмила», Әлия Дәулетбаеваның шығармасы желісімен Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай батыр қыздың ерлігі жайында деректі драма «Хиуаз» (сценарийін жазған Темірбек Мұхтаров) және Махамбеттің өрлігін де, ерлігін де көрсететін «Қош бол, Қараой!» қойылымының, Ж.Телтаевтың режиссерлігімен қойылған Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясының тұсауы кесілді.
* * *
Ал Қарағанды облыстық Сәкен театрының биылғы репертуарына режиссер А.Салбановтың Шерхан Мұртазаның шығарма желісімен «Текебұрқақ» және Г.Балпейісованың режиссерлігімен «Қарагөз» қойылымы қосылса, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыка театрында балалар жылына орай Қасымхан Бегмановтың «Ер Төстік» ертегісі қойылды. Одан бөлек К.Ибраеваның шығармасы желісімен режиссер С.Жүзбайдың «Шыны керек», Анураг Кашьяптың шығармасы желісімен Қ.Ахабаевтың «Кім?» психологиялық драмасын және Л.Разумовскаяның (аударған А.Маемиров) шығармасы желісімен өзекті тақырыптағы «ҰБТ кілті» спектаклін көрерменге көрсетті. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыка-драма театрында режиссер А.Маемиров Иран-Ғайыптың ғашықтықтың қайғысын кешкен «Естайдың Қорланын», О.Луцива Виктор Легентовтің La mom Piaf туындысын сахнаға шығарған. Режиссер Фархад Молдағали Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен спектакль қойған.
* * *
Ал Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры репертуарын Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романының желісінде режиссер Г.Омарованың моноспектаклімен, режиссер Ә.Ақановтың, Л.Разумовскаяның шығарма желісімен «Қымбатты Елена Сергеевна» (аударған Е.Жуасбек) қойылымымен және режиссер Е.Қауланов Ж.Әлікеннің осыдан үш жыл бұрын қаза тапқан бес балдырғанның трагедиялық тағдырын көрсеткен «Қызыл гүлдер» элегиясымен толықтырса, Х.Бөкеева атындағы Орал облыстық қазақ драма театры режиссер Алмат Шарипов М.Алғожаеваның шығармасы желісімен «Танго» мистикалық драмасын көрерменге ұсынған.
* * *
Байқасақ, өңірдегі театрлар өз репертуарын жан-жақты тақырыптар мен түрлі жанрдағы туындылармен толықтырып отыр. Жаңа қойылымдардан көрермен өзіне керегін алып, ой түйеді деп сенеміз. Сондай-ақ осы маусымда көп театр кішкентай көрермендерін де естен шығармай түрлі ертегілерді қоржынына қосқан екен. Биылғы Балалар жылының қарсаңында ең жақсы тарту деп есептейміз. Осы еңбектің барлығы – руханиятқа қосылған үлкен үлес.
Айтолған ЖҮНІСХАН,
Еуразия ұлттық университетінің студенті