Қоғам • 24 Маусым, 2022

«Қарасора» кезінде анықталған қылмыстар

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қызыл­ордалық полицейлер тағы да ірі есірткі алқабын жойды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

«Қарасора» кезінде анықталған қылмыстар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Полиция департаментінің Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасы мен ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойын­­ша департаменті қызметкерлері бір­ле­сіп жүргізген операция барысын­­да Шиелі ауданына қарасты дала­­лық алқапта 1 665 түп сора өсімдігін еккен азамат ұсталды. Күдіктіні тінту ке­зін­­де одан кептірілген марихуана алынды.

Маусым айының ортасында полицейлер Жалағаш ауданында қалың шеңгел арасында егілген дәл осындай ірі алқапты анықтап, 1 149 түп сораны жойған еді.

Облыстық полиция департа­мен­тінің басшысы Бектөре Сұлтанның айтуынша, өңірде 5 ай ішінде 73 қыл­мыс тіркеліп, оларды тергеп-тек­серу барысында марихуана мен син­тетикалық есірткі тәркіленіп алын­ған. Осы есептік мерзімде есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы 53 пайызды құрап отыр.

Құқық қорғаушылар аймақта марихуананың үнді және голланд­тық түрлерін өсіруді кәсіпке айнал­дырғандардың бар екендігін айтады. Елімізде 1 маусым – 31 қазан аралығында өтетін «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-ша­ралары аясында қалалар мен ауыл­дардағы бау-бақшалар, шаруа қо­жа­­лықтарының аумақтары және облыстың барлық далалық жерле­рінде әуеден мониторинг жасалып жатыр.

Дәл осы мәселе жақында өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында да қаралды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиынға жа­уапты сала басшылары мен бірқатар аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі есірткіге қатысты қылмыстарды ашуға байланысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

– Есірткі заттары тасымалданатын каналдарды, дайындайтын және өткізетін орындарды анық­тап, пәрменді әшкерелеу шаралары қабылдансын. Осы бағытта заманауи технологияларды кеңінен пайдалану мүмкіндіктерін қарастыр­ған жөн. Есірткімен күрес жалғыз поли­цейлердің ғана жұмысы емес. Қоғам кеселіне қарсы көп болып жұмылуымыз керек. «Ғарыштық мониторинг» қызметін қолдану үшін облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, ұсыныс берілсін. Облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, заңсыз есірткі айналымы үшін құқықтық жауаптылықты түсіндіру заңнамаға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жариялануы керек, – деді Н.Нәлібаев.

Сонымен қатар нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қи­мылға бағытталған қызметті үйлес­тіру жөніндегі облыстық штабтың жұмысын күшейтіп, жастар жиі қол­данатын әлеуметтік желілерде наша­құмарлықтың зияны туралы арнайы бейнероликтер мен посттар жариялау қажет екенін баса айтты.

Комиссия отырысында интер­нет­тегі алаяқтық қылмыстар мәселесі де айтылды. Облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан 5 айда алаяқтық қылмыстың 297 дерегі тіркеліп, бұл қылмыс түрінің өткен жылмен салыстырғанда 27,4 пайызға төмендегенін жеткізді. Анықталған қылмыстардың 53,1 па­йызы интернет алаяқтық сипатында болған.

Комиссия отырысында аймақ бас­шысы алаяқтық, қаржы пирамидасы, интернет және әлеуметтік желі­лер арқылы жасалатын құқық бұзу­шылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Әсіресе интернет алаяқтықтың жолын кесу үшін нақты шаралар қабылдап, адам санасын арбайтын түрлі жазбалар мен ақпараттардан сақтандыратын иммунитет қалыптастыру қажеттігі сөз болды.

 

Қызылорда