Аймақтар • 29 Маусым, 2022

Маса мазаны ала бастады

534 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иә, дәл солай. Боран, Қалжыр ауылы тұрғындарына маса маза берер емес. Қан сорғыштар ауыл төңірегінде қара бұлт­тай буып тұрады. Шыдас бермеген ел көшіп те жатыр. Соңғы екі жылда маса тіптен көбейген, ызыңы құлақ тұндырады. Балалар далаға шығудан қалды деседі тұрғындар. Ал «Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы» ЖШС мамандары улау жұмыстарын жүргізіп-ақ жатыр. Нәтиже шамалы.

Маса мазаны ала бастады

– Масамен күресті жүйе­лі түрде жүргізіп отырмыз. 5-31 ма­мыр аралығында дер­нәсілдерін уладық. Ал 12 мау­сымнан бас­тап ұшып жүрген масаларды улау­мен әлекпіз. Шама келген­ше, азайтуға ты­ры­судамыз. Енді ұшақ шақыр­тып, бір жүріп өтсе дейміз. Бірақ түп-тұяғымен жоя алмаймыз. Масаның ұясы ыл­ғалды, қамысты, батпақты жерде болады. Сондықтан өзен аң­ға­рындағы шалшық суларды құр­ғату керек, – дейді «Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы» ЖШС-ның бас маманы Бибигүл Батырханова.

Ауылдықтардың айтуынша, Кеңес өкіметі тұсында ұшақпен улап, құстарға дейін қырып салады екен. Әри­не, құстарды емес, терезелер­де киіз болып тұр­ған масалар­ды жою керек. Был­тырлары дельтапланмен у шашып, азайтпақ болыпты. Алай­да еш пайда болмаған. Ұшып жүрген масаларды ғана қырып салған көрінеді. Нәтиже болмаған соң, биыл мамандар қолмен ша­шып улауға кіріскен.

– Күршім аудандық тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы­нан қаржы бөлініп, масаларды улауға көктемде кіріскенбіз. Мынау күннің қапырығында әйелдер тұмша­ланып, у шашып жүр. Қолдан келгенше еңбектеніп-ақ жатыр. Бірақ маңайдың бәрі саздауыт. Меніңше, ғылыми-зерт­теу жүргізіп барып, іске кіріспесек, болмайтын секілді, – дейді Қал­жыр ауылдық округінің әкімі Қуат Қизатов.

Жалпы, дезинфекциялау жұ­мыстарына 18 млн 750 мың тең­ге қарастырылған екен. Оның 10 млн теңгеге жуы­­ғы «Зайсан аудандық дезин­фекциялау станциясы» ЖШС-на берілген. Алға­шында дернәсілдерін «байцидал», «агран» дейтұғын дезин­фек­ция­лық препа­рат­тармен ула­ған. Екінші ке­зеңде «амазан», «цифокс», «фоби» секілді препараттарды пай­далануда. Ал эколог мамандардың пайым­дауын­ша, масаның мұншалықты шектен тыс көбеюі құстардың азайып кеткендігінен екен. Ол да мүмкін. Өткенде орни­толог ғалым Борис Щербаков құстың қай түрі болсын, азайып кеткендігін айтып дабыл қаққан. Бәлкім, округ әкімі айтқандай, жедел түрде ғы­лыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізілуі керек шығар. Әйтпесе, улап тауысу мүмкін емес, рас.

Әдетте ел жаз шықса қуа­нар еді. Ал Қалжыр, Боран жақ­­­тың тұрғындары алаңдай бастайды. Ала жаздай маса­ның ызыңы құ­лақтан кет­пей­ді. Ызыңын қойшы, инфекция ­таратуы әбден мүмкін. Қала бер­ді малдың жайылуы қиында­ған. Таңертең, кешке сиыр сауу да әуре екен. Түтін салады, химиялық заттарын шашқан болады. Қайран жоқ.

– Маса дегенге мән бер­мей­тін де шығар жоғарғы жақ. Бірақ буып тұрған маса бізді әб­ден қажытты. Далада жүру мүмкін емес. Сенесіздер ме? Қал­жыр мен Қара Ертістің ортасында отыр­мыз. Масаның ордасы. Ба­ланы қойып, өзіміз далаға шы­ғу­ға тартыншақтаймыз. Бет соға­ды. Түк қалдырмай талайды. Шө­бімізді қалай шауып ала­мыз, біл­меймін. Былтыр да осы­лай бол­ған. Биыл азаятын шы­ғар де­генбіз. Көбеймесе, азай­ған жоқ. Маса мәселесін рес­пуб­ли­кадағы басшыларға сіздер жет­кізбесеңіздер, аудан мен облыс бас­шыларына дес берейін деп тұр­ған жоқ, – дейді Боран ауылының тұрғыны Гүлжан Сәкенова.

Бұл бір ғана тұрғынның тіле­гі емес, Қалжыр, Боран, Қазақ­стан, Игілік, Жаңа ауыл секілді бірнеше ауыл тұр­ғындарының өтініші, арыз-тілегі. Оның үстіне торғайдай маса бір ғана дезинфекциялау стансасының мамандарына бой бермейтін сияқты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы