Аталған көрмеге қазақ халқының музыкалық аспаптарының – ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлеріне жататын: жетіген, шертер, қобыз, шаңқобыз, асатаяқ, тұяқ, қоңырау түрлерімен қатар, домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің бұйымдары бар барлығы 175 жәдігер көрермен назарына ұсынылды.
Осылардың ішінде, әйгілі әнші – сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының 1955 жылы музей қорына ұлы Салық тапсырған домбырасы мен ішектері, жылқы қылынан жасалған қобызы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жары – Ділдә Алшынбайқызының 1978 жылы музей қорына шөбересі А.Ысқақов тапсырған қос ішекті сүйектелген қалақ домбырасы, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, әйгілі әнші Күләш Байсейітованың анасы тапсырған домбыра, т.б. қойылды.
Сонымен қатар қазақ тарихындағы шоқтығы биік тұлғалар – Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Елубай Өмірзақов, Қаныш Сәтбаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Кемел Ақышев, Өзбекәлі Жәнібеков сынды ғылым, мәдениет және өнер майталмандарының музыкалық аспаптары да көрермен көзайымына айналды.
Осы орайда, мәдени шараны ашып сөз сөйлеген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов: «Баршаңызды келе жатқан Ұлттық домбыра күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін Ұлттық музейде тұңғыш рет мәдени астанамыз – Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінің «Сырлы аспаптардың сиқырлы үні» атты көрмесі ашылуда. Бұл көрме – қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер береді деп ойлаймын. Экспозициядан орын алған әрбір тарихи мұраны тамашалаушылар қазақтың ұлттық аспаптары арқылы ұлттық өнерімізді танып, тарихымызды білуге ерекше әсер етеді деген ойдамын. Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбанов атамыз айтқандай, қазақтың домбырасының әрбір пернесінде біздің өткен тарихымыз, қуанышымыз бен мұңымыз жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі осындай игі іс-шараларды тек домбыра күнінде ғана емес, жыл бойы өткізетін жоспарлы бағдарлама құруда. Бүгінгі көрменің де символикалық мәні ерекше. Ұлыларымыз ұстаған домбыралар сол кездегі тарихымызды елестетеді. Қазақ бар жерде домбыра мәңгілік. Ұлтымыздың осындай киелі, қасиетті өнері әрқашан биікте болсын!», деді
Іс-шара барысында музыкалық аспап жасаудың шебері Сабыр Арғын арнайы шеберлік дәрісін өткізсе, «Қарақат» мектеп студиясы оқушылары домбыра және жетіген ұлттық аспаптарымен қазақтың ән-күйлерін орындады.