Әдебиет • 05 Шілде, 2022

Дәрігер-жазушылар

487 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Медицина мен әдебиет. Екеуі де емдейді. Біреуі – тәніңді, біреуі – жаныңды. Әрқайсысының жүгі ауыр. Бірақ соған қарамастан екеуін бірдей арқалағандар бар.

Дәрігер-жазушылар

Қазақ жазушыларының арасында Зейін Шашкин дәрігерлік училищені бітіріп, өмірінің біраз жылын осы салаға арнаған. Жазушы «мен өз өмірімде көп жылдар медицинамен айналыстым. Сол өмірдің қақ ортасында болдым. Бірақ соны әлі дұрыстап жаза алмай жүрмін», деген болатын. Кейін өз мамандығы турасында «Доктор Дарханов» атты роман жазған.

Кітап алғашында орынсыз сынға ұшы­рағанымен, кейін жақсы бағаланды. Бұл – қазақ әдебиетінде дәрігерлер өміріне арналған тұңғыш роман (1962 жылы жарық көрген). Шығармада бас кейіпкер — Нияз Дархановқа, оның төңірегіндегі жайттарға қатысты түрлі оқиғалар баяндалады. «Бармашы» санаторийіндегі дәрігердің тартысты тағдырын арқау етіп көптеген мәселені қозғайды. Ғылым-білімді насихаттап, қоғамдағы дәрігерлердің орны, олардың кәсіби парызы туралы жазады. Кейіпкерлердің қарым-қатынасы арқылы достық, бауырмалдық, сенім ұғымын тереңдетіп көрсетеді.

Орыстың белгілі жазушысы Антон Чехов та дәрігер болған. Ол мектеп қабырғасында жүріп әдебиетке бетбұрыс жасағанымен, гимназияны тәмамдап, медицина факуль­тетіне түседі. Сабақтан бос кезінде түрлі әңгімелер жазып, басылымдарға ұсынады. Кейін оқуын аяқтаған соң, белгілі мекемеде дәрігер болудан бас тартып, жеке жұмыс істеген. Алайда қызметі оң бола қоймайды. Бірақ ғылым академиясы оның шығармашылығын бағалап, Пушкин атындағы сыйлықпен марапаттайды. Осы марапат әдебиетпен біржола шұғылдануға шешім қабылдауына ықпал етеді.

Орыс әдебиетінің тағы бір көрнекті өкілі жазушы Михаил Булгаков та медицина маманы. Ол дәрігерлікті өзінің ағаларының қызметіне қызығып таңдаған. Алғашқы еңбек жолын Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери дәрігер болудан бастайды. Соғыстан кейін Никольскіде өмір сүріп, сонда қызмет қылады. Сол жылдары «Жас дәрігердің жазбаларын» (толықтырып «Морфий» деген атпен жариялаған) жазған.

Азамат соғысы кезінде полк дәрігері қызметіне ауыстырылады. Алайда жұмыс барысымен Кавказда жүріп сүзек ауруын жұқтырып алады. Содан соң қызметін тас­тап, әдебиетке бет бұрған. Ол ағасына жазған хатында: «Мен істеу керек іс, ол – жазу. Баяғыдан жазып бастауым керек еді. Төрт жылымды бос жіберіп алыппын», дейді.

Әйгілі ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл да дәрігер. Осы жолды өз қалауымен таңдап, Эндинбург университетінің медицина факультетін тәмамдаған. Өмірінің он жылын осы салаға арнайды. Сол кезеңде әдеби шығармалары қатар жазылып, жарық көреді. Жазушы бірінші әңгімелер жинағы «Шерлок Холмсты» шығарғаннан кейін ғана дәрігерлік жұмысын тастап, әдебиетпен айналысқысы келетінін түсінеді.

Ал Сомерсет Моэм әдебиет және философия мамандығын бітірген. Кейін дәрігер болу үшін медицина мектебіне оқуға түскен. Бұл мамандығы бойынша үш жыл ғана жұмыс істейді. Бірақ осы тәжірибесін алғашқы романы «Ламбеталық Лизаға» арқау етеді.

Қызметін медицинадан бастаса да, көп жазушы тәнді емес жанды емдеуді таңдаған. Олардың аты аталғанда дәрігер деп емес, әуелі жазушы деп танитынымыз содан.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Еуразия ұлттық университетінің студенті