Ахмет Байтұрсынұлы • 05 Шілде, 2022

Ахаңның адалдығы

678 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстандағы 1937-1938 жыл­дар­дағы репрессия тақырыбын ­жіті зерттеп, мұрағаттық құжаттар­мен тың­ғылықты бірден-бір жұмыс істеген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Кеңес Нұрпейісовтің өз аузынан Алаш қайраткерлері үшін «саяси репрессия кезеңі нағыз сын сағатына» айналғанын естіген едім.

Ахаңның адалдығы

Осы оттың ортасынан абыро­йын сақтап, аман шыққан тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы екенін тарихи мұрағаттық құжаттар айғақ­тайтынын айтқан еді. Бұл жайт­ты тәптіштеп сұраға­ным­да, Кеңес Нұрпейісов аға­мыз: «Қан­құйлы репрессия тепкісін көрген жандарды кінәлай алмаймын. Ал жеке ісін қарап отырып, қайран қалғаным, Ахмет Байтұрсынұлы ешкімді сатпаған, жауапкершілікті тек өзінің мойнына алған. Ол кезде Ахаң патша түрмесін көріп, өмірдің ащысы мен тұщысын татқан, шыныққан, шыңдалған. Басқалары мұндай мектептен өтіп, шынықпаған еді» – деген болатын. Кейін тура осы ойларын Кеңес Нұрпейісов кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасынан шыққан жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Үзеңгі жолдас» хабарына берген сұхбатында да айтқан-ды.

Иә, Алаш қайраткерлерінің аң­дысын баққан кеңестік билік алаш элитасын өзіне қарсы тұр­ған ықпалды әрі қауіпті күш ре­тін­де бағалап, ақыры есеп айыры­су қажет, оппоненттерін түп-тамы­рынан шауып тастау керек деп ше­шеді. 1926-1927 жылдардан бас­тап репрессиялық шаралар­ды қолға алған олар, 1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік сая­си басқарма) алқа­сының шеші­мімен Ахмет Бай­тұрсынұлы, Әли­хан Бөкейхан, Міржақып Дулат­ұлы бастаған қырыққа жуық Алаш зиялысын түрлі мерзімге түр­ме­лерге және концлагерьлерге қа­мап, жер аударады және басқа да жа­заларға кеседі.

1932 жылғы 20 сәуірдегі ОГПУ «үштігінің» үкімімен жиыр­мадан астам Алаш зиялысы бес жылға Ресейдің Воронеж облы­сына жер аударылды. Ал алаш­­шыл жастың бірқатары ағалары­ның ақылын тыңдап, Алаш идеологиясынан бас тартатындықтарын ресми түрде мәлімдей отырып, ұлт мүддесін коммунистік партия қатарында жүріп қорғауға тырыс­ты. М.Жұмабаев, М.Әуе­зов және Ә.Ермеков осы жолды таң­дағанмен де ОГПУ-дің тепкі­сін көрді. Өкінішке қарай, М.Дула­тов, Ж.Аймауытов, ­Д.Әділов, Ә.Байділдин, А.Юсупов және басқа бірқатар Алаш зиялысы ату жазасына кесілді немесе абақтыда көз жұмды.

1920 жылы Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы және Мұхтар Әуезов коммунис­тік партия қатарына бекерден-бекер өткен жоқ. Осы уақыттың талмауыр талабын тап басқан Әлихан Бөкейхан қазақ халқын және танылып қалған алашордашыларды аман сақтау үшін «көзге түспеген» жастар тезірек міндетті түрде коммунистік партияға өтуі керек деген ұстанымын білдіреді.

Алаш жұртының қамы үшін айла мен тығырықтан шығар амал іздеген олар оттан да, судан да тайсалмады. Айталық, Алаш идея­сын толыққанды жүзеге асыруда большевиктерден жеңіліс тап­қанымен, таулары шағылып, тауандары қайта қойған жоқ. Қайта қайраттана, ширыға түсті. Өз елінің тарихын жақсы біліп қана қой­май, туған топырағының сүйем­дей жері көрші мемлекеттердің құзырына өтіп кетпес үшін бар білігі мен батылдығын жұмсаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Мұхаметжан Сералиндер қазақ ұлтының бірлігімен қатар, жері­нің де тұтастығын сақтап қалды. Кеңес өкіметінің көсемі Ленин бұл ретте бір жағынан әділдікке, бір жағынан саясатқа салып, қазақ зиялыларының ығына жығыл­ды. Нәтижесінде, бұрын Ресей­дің құрамына өтіп кеткен жерлер Қазақстанға қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады.

Академик Кеңес Нұрпейісов айтқандай, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы революциялық күреске қатысқан ағартушы, ақын, публицист, ғалым-түрколог Ахмет Байтұрсынұлы ерте жазықты болған жанның бірі. Айталық, 1907-1909 жылдары Қарқаралы, Семей түрмелерінде тұтқында болды. 1910 жылы ақпанда Орынборға екі жылға жер аударылған, онда 1912 жылдың аяғына дейін саяси бақылауда өмір сүрген.

Жүрген жерінде Ахмет Байтұр­сынұлы патша өкіметіне қарсы насихатпен үздіксіз айналысады, отаршылдық қанауда қалған халықтың санасын оятуға жанын салады.

Онда патшадан: 1) діни сенімге қысым жасауды тоқтату; 2) қазақ тілінде оқыту, интернат, пансионат, жоғары оқу орындары жайлы; 3) қазақ тілінде газет шығару; 4) переселендердің көшіп келуін тоқтатып, жерді қазақтікі деп жариялау; 5) қазақтарды атаме­кен қоныстарынан көшіруді тоқтату; 6) «Дала ережелерін» өзгерту; ­
7) бо­лыстық кеңселер мен халық­тық соттарды істі қазақша жүргізу, өтініштерді қазақ тілінде қабылдау правосын қалпына келтіру, 8) сот ісін қазақша жүргізу; 9) бастықтар мен урядниктер санын қысқарту; 10) генерал-губернатор билігімен жер аударуды тоқтату; 11) Жоғары үкіметте қазақ депутаттарының болуын талап етеді.

Төңкеріс басып-жаншылған 1907 жылы өкімет Ахаңды Қар­қаралы түрмесіне отырғызады. Кейін босатқанымен, бұрын­нан ұйымдасқан астыртын топ­ты қа­таң бақылауға алған патша итар­­шылары 1909 жылы Ахмет Бай­тұрсынұлын, Әлихан Бөкей­ханды, Міржақып Дулатұлын, тағы да үш жолдасымен бірге Семей түрмесіне қамап, 1910 жылы 21 ақпанда қазақ жерінде тұруға екі жылға тыйым салып, жер аударады. Ахмет Байтұрсынұлы сол жылы Омбыға, 1913 жылы Орынборға келеді.

1919 жылы «Алаш» партиясы басшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы онымен байланысын үзеді. Бұған В.И.Ленин қол қойған амнистия («Алаш» пар­тиясында болғандарға кешірім жасау) мен Ә.Жанкелдиннің тікелей ық­палы да тисе керек. Сөйтіп, ол 1919 жылғы 24 шілдедегі РСФСР Совнаркомының қаулысы бойын­ша Қазақ өлкелік әскери-рево­люциялық советіне мүше болып кіреді, коммунистік партия қа­тарына өтіп, қызу еңбек ете бастайды.

Алайда 1929 жылы қамауға алынған қазақ зиялыларының ішінде «рухани көсем» Ахмет Байтұрсынұлы да болды. Өзі Архан­гельскіге, әйелі Бадрисафа (Алек­сандра) мен қызы Шолпан Томскіге жер аударылады. Оған М.Горький Қызыл Крест арқылы көмектесіп, Ахметті 1934 жылы айдаудан босаттырады. Ол әуелі Батыс Сібір өлкесіне, сонан соң Алматыға келеді. Ұзақ уақыт жұ­мыссыз қалып, әзер деп қыз­мет­ке орналасқан халық перзенті 1937 жылғы 9 қарашада сталиндік реп­рессияның қанды пышағына ілігеді.

Бүгінде Алаш қайраткерле­рін қуғын-сүргінге ұшыратқан 1937-1938 жылдардың ызғарлы лебi ескен сұрапыл зұлматтың зардабы мен салдары қандайлық болғаны тарихтан белгілі. Яғни тарихи нәубеттiң қазiргi жаңа буын, жас ұрпаққа берер сабағы турасында ойлану қажеттiгі туындайды. Атап айтқанда, сол аға буын­ның қабырғасын қайыстырып, iрге­сiн сөгуге қауiп тудырған зауал­дың ендiгi уақытта алдын алу, оның әлеуметтiк зардаптары­нан арылу жайы тұр. Осы тұрғыда өткен ғасырдың 1937-жылдары бет­ке ұстар ұлт зиялыларын сая­си қуғын-сүргiнге ұшыратқан қо­ғамның қайшылықты қареке­тiн таразылау, тарихи жадыны жаң­ғырту қажеттілігі туындайды.

Әрине, 1937-жылдары кеңес­тiк тоталитарлық жүйе жүргiзген солақай саясаттың ауыр зардаптарын арқалаған азаматтар мен сол жылда құрбан болған Алаш зиялыларымен қатар, бiр ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың жалпы саны 25 мың адамнан асып жығылады. Сонымен қатар ұжымдастыру­дың сұмдық салдарынан 1,5 миллион­ға жуық қазақ көз жұмды. 1930-1932 жылдары 1,5 миллион қазақ КСРО-дан шетелдерге біржола көшiп кеттi.

1930 жылы Республикада 5 мил­лион 873 мың адам тұратын – бұл осында көшiрiлгендердiң жалпы санымен бiрдей делiк. 1933 жыл­ға қарай халықтың саны 2 миллион 493 мың адам ғана болды. Ал 1937-1938 жылдардағы қу­ғын-сүргiннен бастап Сталин дүниеден өткенге дейiнгi аралықта Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның жоғарыда айтып кеткендей 4/1 «ОГПУ – НКВД үштiктерi» үкiмiмен, сот үкiмiмен атылған». Осы отызыншы жылдардың жуан ортасындағы Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық-саяси және психологиялық қыспаққа ұшырағандығына нақты тарихи құжаттармен таныса отырып, көз жеткізуге болады.

Осы ретте азалы тарихымызға бас ие отырып, құрбан болған аяулы азаматтар рухына тағ­зым етiп, өткенiмiзге сауап, өтке­нi­мiзге салауат айту парызы­мыз дегенiмен, дәл мұндай жағдай­лардағы шетелдердiң озық тәжiри­бесiнен үлгi алу қажеттiгi туындайды.

Айталық, сол кездегi кеңестiк жүйенiң ықпалында болған Моң­ғолия мемлекетi кеңестiк реп­рес­сияның артынша-ақ оны өз елдерiнде қайталаған болатын. Кейiннен Моңғолия басшылығы бұл солақай саясаты үшiн халқы­нан кешiрiм сұрап, құрбан бол­ғандар мен азап шеккендердiң ұрпақ­тарына өтемақы төледi. Бұл жайт турасында оның куәгерлерi – бүгiнде сол жақтан атажұртқа қоныс аударған ағайынның айтары баршылық. Осы сынды азалы тарихымыздың қасіреттi беттерiн парақтағанда әлi алда атқарар iстердің көп екенiне көз жетедi.

Енді осы отызыншы жылдар­дың бел ортасындағы Алаш зия­лылары итжеккенге айдалып, атылмас бұрын қандай қоғамдық-сая­си және психологиялық қыс­пақ­қа ұшырағанына нақты тарихи құжаттармен таныса оты­рып, көз жіберіп көрсек. Өйткені дәл сол уақытта қалыптасқан саяси ахуалдың зілмауыр салмағы тек Алаш элитасын ғана емес, тұ­тас­тай қазақ ұлтын жаныштады.

Әрине, бүгін біз сол кездегі замананың ығымен кезінде алашшыл азаматтарға қара күйе жақ­қан адамдарды айыптай алмаймыз. Оның әлі әділ бағасын беретін уақытты төрешілікке қалдырамыз. Дегенмен құжаттың аты құжат. Әсіресе қазақ тарихында өзіндік орны ғана емес, тағылымы зор саналатын Алаш қозғалысына, оның қайраткерлеріне қатысты мәселелердің күнгейі мен көлең­кесінің барлық қырын қамтитын құжаттарды рухани айналымға шығару міндетіміз.

Жалпы, кезінде биік мінбелер­де сөйленген немесе мерзімді басылым беттерінде жарық көр­ген негізсіз сындарды авторлары өз еріктерімен айтты ма, әлде әлдебіреулердің нұсқауы немесе қысымы арқылы жүзеге асырды ма дегенге сол құжаттардың өздері жауап беріп тұрғандай. Бұл жағын, яғни мәселенің ақ-қарасын таразылауды зерделі оқырманның өзіне қалдырдық. Ал коммунистердің қызыл қырғын мен азапты сүргінді қалайша қаныпезерлікпен жүргізуге деген шамадан тыс белсенділіктеріне құжаттар айғақ болары анық.

Сонымен тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзатқа ауыр қасірет алып келген жиырма­сын­шы ғасырдың басында ұлт­тық идея өзінің рухани және әлеуметтік эволюциясының барысында «Алаш» идеясы түрінде көрінді.

Сөз басында айтқандай, тарих ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстан Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Ке­ңес Нұрпейісов айтқандай, Ах­мет Байтұрсынұлы ұлт ұстазы, ағар­тушы, ақын, публицист, ғалым-түрколог қана емес, ең алдымен, өз ұлтының адал ұлы бола білді.

 

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

философия ғылымдарының кандидаты