Жаңа кітаптардың тақырыбы да сан алуан. Авторлар тамырлы тарих, ел мен жер, патриоттық сезім, ар-ұждан секілді қастерлі қасиеттерді арқау етеді. Тәуелсіздіктен тамыр тартқан ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрметі – шығармалардың негізгі өзегі. Сондай-ақ елорданың жылнамасы қаламгерлер қаламынан төгілген өлең-жырлар мен прозалық шығармаларда айқын көрініс тауып отыр. Айта кетейік, «Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптар республиканың түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға таратылды.
Сонымен игі жобаның бастауымен астаналық ақын-жазушылар Талғат Ешенұлы («Ұлы қаладағы блюз» өлеңдер жинағы), Дәурен Берікқажы («Сенің атың – от» өлеңдер жинағы), Дәулеткерей Кәпұлы («Маралтамыр» өлеңдер жинағы), Ербол Бейілхан («Құсқанаты» өлеңдер жинағы), Серікзат Дүйсенғазы («Мезгіл суреттері» өлеңдер жинағы), Маржан Ершу («Білезік» өлеңдер жинағы), Танакөз Толқынқызы («Үнсіз отырмашы» өлеңдер жинағы), Ұларбек Дәлей («Хат бармайтын қыстақ» әңгімелер), Ықылас Ожайұлы («Семсердің жүзіне өскен гүл» өлеңдер жинағы), Серік Сейітман («Қамшының сабы» өлеңдер жинағы), Ахат Расул («Ай құсы» өлеңдер жинағы), Алмаз Мырзахмет («Дежавю» проза), Құралай Омар («Жасырынбақ ойнап жүрміз...» өлеңдер жинағы), Олжас Сәндібек («Беймаза шақ» өлеңдер жинағы), Ұмтыл Зарыққан («Қоңыр көлеңке» өлеңдер жинағы), Олжас Қасым («Жан райы» өлеңдер жинағы), Айжан Тәбарак («Есіл, сенің кінәң жоқ...» өлеңдер жинағы), Айдын Байыс («Құланиек» өлеңдер жинағы), Бақытбек Қадыр («Жасыл шатырлар» прозалық кітабы), Жұлдызай Ысқақ («Жапыраққа тамған жыр» өлеңдер жинағы), Есбол Нұрахмет («Жар басындағы алтын тақ» проза), Жадыра Шамұратова («Секундтар арасындағы шексіздік» проза), Біржан Ахмер («Көзіңдегі көктем» өлеңдер жинағы), Арман Шеризат («Күміс шық» өлеңдер жинағы), Серікбай Әбілмәжін («Мизамшуақ» өлеңдер жинағы), Рауан Қабидолдин & Айзада Рахымжанова («Біз екеуміз...» өлеңдер жинағы), Алпамыс Файзолла («Ақ сезімге ескерткіш» өлеңдер жинағы) кітаптары оқырман қауымға жол тартты. Ал поэзия, проза антологиясына Шерхан Талап, Ділдә Уәлибек, Дәулет Телманов, Ауғанбай Санақұлы, Әли Бекмұханбет, Мұқият Қойшыбай, Алаш Тұрсынәлі, Дәурен Бақытқажы, Айнұр Шәмші, Айгүл Жұбаныш, Темірлан Қылышбек, Зәуре Төрехан, Ғылымнұр Кәдірбай, Қуат Ежембек, Бауыржан Бөгенбай, Айзада Сәдуақасова, Ерасыл Сәдуақас, Мадияр Төлеу, Абылайхан Жұмаш сынды жас қаламгерлердің проза мен поэзия жанрындағы шығармалары топтастырылды.
Бұл қатарда әдеби ортада көптен көрінбей кеткен авторлар мен жас қаламгерлердің тұңғыш жинақтары да бар.
Айта кетейік, елордалық қаламгерлердің жаңа жинақтары «Фолиант» баспасынан 1 000 данамен жарық көрді. Аталған серия бойынша алдағы уақытта тағы 50 автордың кітабын шығару жоспарланып отыр.
Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ел астанасында рухани жаңалықтар аз болған жоқ. Мәселен, көрнекті ақын-жазушылардың, әдебиеттанушылардың атына бірнеше көше мен мектеп берілді. Атап айтсақ, көшелерге Кәмен Оразалин, Кеңшілік Мырзабеков, Рахманқұл Бердібай, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Ербол Шаймерденұлы есімдері, мектептерге Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, Ақселеу Сейдімбек аттары берілген.
Ал 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен астаналық қаламгерлер бас қосатын Жазушылар үйі ашылған еді. Елорда төрінде өткен ірі әдеби жиындар да («Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты халықаралық форум, Азия қаламгерлерінің І форумы) қазіргі қазақ әдебиетінің өміріне қозғау салғандай болды.
Бұдан бөлек бас қалада Қаламгерлер аллеясы ашылды. Бүгінде бұл аллеяның бойында үш арыс – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, сондай-ақ Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының ескерткіштері бой көтеріп тұр. Әлқисса.
Бұл мекен астана болғалы бері Есіл деп қанша ән айтылды екен, Есілді қанша ақын жырлады екен... «Нұр-Сұлтан кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптарда да Есілге арналған өлең бар.
«Есіл, сенің кінәң жоқ,
Мен толқысам, сен де бірге
толқыдың.
Мен жыласам өзіңе кеп егіліп,
Жұбата алмай бүк түсетін
толқының.
Есіл, сенің кінәң жоқ
Бір мейірім аңсап келсем жағаңа,
Жылы желің маңдайымнан
сипайтын,
Жүзі елес ұқсап бір сәт анама.
Есіл, сенің кінәң жоқ..
Мендік күйді сен ғана едің ұғатын.
Кей мінезің аумай қалған әкемнен,
Іштей тынып үнсіз қарап
тұратын».
(Айжан Тәбарак)