Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Тіл майданы – тілдің саяси астарына үңілуді, төл тіліңнің тағдыры үшін күресуді үйретеді. Міне, осы тұста толып жатқан тілдердің бір-бірімен «ұлы айқасы» басталады. Айқастың аты – айқас. Бірі – жеңіліп, бірі – жеңуге тиіс. Мұндайда түрлі қитұрқы әрекеттер бас көтереді, жымысқы саясаттар да тұс-тұстан анталап, тоқпағы күштілердің саяси бағыттары басшылыққа алынып іске асырылады. Жалпы, тіл саясаты дегеніміз қандайда ұлыс «ұлт» ретінде қалыптасқан күннен бастап, қатар жүретін ұғым. Ұлт үшін оның тілінің атқаратын маңызы өте зор. Кім өзінің тілінің түп-тамыры жоқ немесе «тілдік қоры аз» деп, өзге «басым тілдің» жетегіне еруші еді?! Әлбетте, кеудесінде жаны, жүрегінде намыс оты бар сауатты адам өзінің ана тілін қорлатпайды. Сонымен, тіл майданы дегеніміз тіршілікте күн тәртібінен түспейтін күрделі де саяси маңызы зор өзекті мәселе. Тарих төрінен орын алатын ұлттың «тілі – озық, мәдениеті – жоғары» болатыны айтпаса да түсінікті. Өзінің ықылым заманнан атамекені анық ұлыстардың тіл майданынан қалыс қалуы мүмкін де емес!
Қазақ деген ұлыстың ұлт болып қалыптасуының тамыры тереңде, оның бірі-бірімен қатынас құралы ретіндегі ана тілі – сөйлеу тілі болғанымен, жазуы ілгері жұрттың таңбасына тәуелді болғаны тарихтан белгілі. Ғасырлар бойы озық жұрттың таңбасына таңылу, тіл майданында өзінің тарихи тұлғаларын күрес сахнасына шығарды. Қазақ халқының дербес ел болып қалыптасу дәуіріндегі тіл үшін күрескен тұлғалардың тарихтан алар өзіндік орындары бар. Атап айтсақ, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Құдайберген Жұбан, Халел Досмұхамбетұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы тағы басқалар.
Ұлттық тілімізге төтеден түрен салып, дербестік әперу бақыты – Ахмет Байтұрсынұлының маңдайына жазылған тағдырдың тауқыметті де ең үлкен сынағы болды.
«Ахмет Байтұрсынұлы түрлеген ана тілдің» ұлт тілі ретінде мойындалуы оңайға түскен жоқ. Сан рет сүзгіден өтіп, талай-талай талқыға түсті. Ғылымы мен білімі озғын елдердің ғалымдары да бодан елдің болмысы бөлек баласының бойындағы «ұлттық бұлқынысты» көрді. Дарын иесі А.Байтұрсынұлының даралығын таныды, әрі үлкен сынақтан сүрінбей өткенін мойындады. Бұған тарихта қалған мұрағат деректері – куә.
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Дербес өмiрге төл әдебиетi бар халық қана таласа алады» деп ХХ-ғасыр басында айтқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тілі мен әдебиетінің ғылымилануына бар өмірін сарп еткен бірден бір тұлға. Әлбетте, А.Байтұрсынұлына дейін де қазақта сөйлеу тілі болғаны ақиқат һәм ол тілдің бабалардан бастау алғаны да анық. Бұл күні ұллтымыз үшін әдебиет десе, Абай – Ахмет – Мұхтар, қазақ тілі десе, Ыбырай – Ахмет – Құдайбергендердің қаз-қатар айтылуы үйлесімін тапқан дәстүрге айналды.
Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының пайымына жүгінсек, «...Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жайт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың» деген екен «Ұлағатты ұстаз» атты мақаласында.
Шын мәнінде, тәуелсіздік кезеңнің тіл, әдебиет саласында жүрген зерттеуші ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық ғылымға жасаған еңбегін жазушы Әбіш Кекілбайұлындай жіліктеп талдап, бүгінгі жаһандану дәуірінде тіл мен әдебиеттің ұлттық тамырынан айырылмауына жұмыс істеуге міндетті. Иә, технология билеген заманда адамзат үшінші мыңжылдықты қарқынды даму үдерістерімен қарсы алуда. Қарқынды дамудың бір көрінісі техникалық ғылым салаларының адам нанғысыз жетістіктерге қол жеткізуі. Осыдан бір ғасыр бұрын адам баласына «аяқ немесе қолдың протезін 3D принтерімен шығаруға болады» деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жағдай еді. Ғылымның зымыран дәрежеде дамуы адам дүниетанымына өзіндік жағымды һәм жағымсыз әсерін тигізеді. Жалпы, адам дүниетанымын қалыптастыруда ғылыммен қоса, руханияттың орны ерекше. Руханият – тіл мен әдебиетке тікелей қатысты, маңызы жағынан дінмен қатар тұратын ұғым.
Әсіресе, қазақ халқы үшін тіл мен әдебиеттің орны бөлек. Халқымыздың салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы, ырым-пайымдары, тарихы, өнері осы тіл мен әдебиеттен туындайды. Басқа ұлттарға қарағанда, тіліміздің сөздік қоры өлшеусіз мол. Тіліміздегі сөздердің тереңдігі, құнарлығы, бейнелігі, әдемілігі, шешендігі, қанаттылығы, алуандығы, ойлылығы, әуенділігі, наздылығы, астарлығы, т.б. тұстарын сөзбен жеткізу үлкен өнер. Қазақ тілі небір нәубәтті басынан өткерген, тағдырында көп қиындықтарға мойымаған жасампаз тіл. Ресей империясының, кейін Кеңес жүйесінің сұрқия саясатының барлық қитұрқы амалдарына қарсы тұрып, өзінің өміршең тіл екендігін дәлелдеп шықты. Құдайға шүкір, әлемдегі тарихтан өшіп кеткен тілдер мен ұлттардың қатарында емеспіз. Тіл бен әдебиеттің сақталуы, осы жолда талмай еңбек еткен тұлғалардың жанқиярлық ісі екені хақ. Математика, физика, химия, биология секілді, т.б. ғылым салаларында нәтиже бірден шығарылған есеп, дәлелденген теорема сияқты көзге көрінетін нәтижелермен белгілі болады. Тіл мен әдебиетте олай емес, тілдегі құбылыстарды заңдастыру үшін материал қоры жинақталуы қажет. Ал оны жинақтау айлар мен жылдардың еншісіндегі сынақты дүние.
Қазақ тілі мен әдебиеті – филологияның қос қанаты сықылды. Ең өкініштісі, тіл мамандары мен әдебиетшілер зерттеу нысандары ортақ екенін ұмытып, өз тақырыптарын сала-салатып «балалалатып» қарапайымды «күрделендіріп» жатады. Бұған түрткі болатын батыстан енген «узкая специализация» деген ұғымның ықпалы. Осы «ұғымды» ұстанған батысшылдар ғылымға, әсіресе жас зерттеушілерге белгілі деңгейде талаптар қойып отыр. Ол талаптар жаратылыс саласына мүмкін кейбір шарттарда дұрыс та шығар, бірақ руханиятқа немесе гуманитарлық ғылымдарға «тұсау» болады. Соңғы уақытта барлық ғылым саласында инновация деген пайда болып, «сәнге» айналды. Қандай жұмыс болсын осы «инновация» болмаса еңбегіңіз жарамсыз. Ұлттық сөз саптасымызда келсін-келмесін «инновацияның» иісі шығып тұруы керек. Сол «инновация» қазақшалағанда, «жаңаша ойлау, жаңа тәсіл» дегенді білдіреді. Ал осы «инновацияны» бүгінгілер тіпті «науқанға» айналдырып алды. Мәселен, тіл мен әдебиетке арналған кейбір мақалаларда зерттеуші «нені айтқысы келгенін, өзге түгілі өзі де түсінбейтінін» аңғармайды. Бұл жерде біреуді кемсітуден аулақпыз, десек те мынадай тіркестер: «Стилистика ұғымының трактовкасы және теориялық поэтика мен теориялық лингвистиканың арақатынасы», «Тілдегі модальділік, идиоматикалық құбылыстар мен дейксис, символ құбылыстары адамның психофизикалық ерекшеліктерінен туындаған тілдік таңбалар», «Психолингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі – ассоциация», «Ассоциациялық эксперимент», «Поэтикалық мәтіндегі метафизикалық концептілер» не орысша, не қазақша емес толып жатыр. Филология ғылымында жазылып жатқан осындай «тың ізденулерде» батыстық тілтанымға еліктеушілік басымдық алған. Бұдан ұлттық ғылымның «шұбарланбаса» дамымайтыны әрі байымайтыны анық.
Қазақтың ұлттық әдебиеті қандай деңгейде зерттеліп, зерделеніп жатыр, әдебиет тарихы, теориясы, сыны, мәтіні, библиографиясын қамтитын салаларда қандай мәселелер бар. Әдебиет ғылымының мақсаты қазақ әдебиетінің пайда болуы, қалыптасуы, даму жолдарын зерттеу. Ұлттық әдебиеттің халық руханиятына, сана-сезімі мен ұлттық танымына әсерін пайымдау. Әдебиеттің тарихи бағыттары мен жекелеген жанр түрлерінің қазақ әдебиетінде өсіп-өркендеу жолдарын анықтау, ғылыми тұжырымдар жасау күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптар.
Қазақ әдебиеті тарихының негізгі мәселелерін жан-жақты шешіп зерттеуде ғалымдар тарихи нақтылыққа, яғни әдеби құбылыстарды тарихи даму үдерісінде, әрбір шығарманы, әрбір ақынды өзінің туған тарихи-қоғамдық ортасына сай зерделеуге тырысады. Әдебиет тарихын зерттеудегі ең үлкен кемшілік – түпнұсқа материалдарды жан-жақты зерттеліп игерілмеуі. Ақиқатында, сол кезең жазуын анық танитын мамандардың тапшы болуы.
Ертеректе тіл мен әдебиеттің өзекті мәселелері қатар қарастырылатын еді. Қазір бұл үрдіс жүрісінен жаңылғандай... Ғылыми дәреже алу үшін асығыс жазылған шала еңбектер саны қаншама?! «Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы ұмытқан «меңіреу» оқымыстылар мен қаламгерлерден қарапайым халық та шаршады. Айтар ойымызды мына өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдік.
«...О, Түркі тілі!
– Шыққан төркінің қайда?!.
– Шығар төрің қайда?!
– Төркінің ата-бабалардан шығар...
– Төрің келер бала-даналардан шығар...
– Біз солардың арасын қоса алар көпірміз бе?
– Жоқ, әлде жолда адасқан нөпірміз бе», – демекші, түркі тілінің бір тармағы қазақтың тілі мен әдебиетін түп қазығы бабалар тілімен ғылым тіліне айналдыру – бүгінгі ұрпақтың міндеті екенін еске салу. Осы жолда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елдігіміздің басты нышаны ұлттық тілімізге қызмет ету баршамыздың перзенттік парызымыз.
Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі