– Камал Сейітжанұлы, сіз кімге хат арнасаңыз да, мейлі, ол саяси қайраткер ме, әлде заңгер, болмаса химик, дипломат па, барлығымен тең дәрежеде сөйлесіп, әңгімелеген салаңызды «шемішкеше шағып», төрт аяғы тең жорғадай жосыласыз да отырасыз…
– Журналист өзінің жазам деген объектісін алдын-ала зерттейді. Оған іштей дайындалады. Және оған өзінің жеке дүниетанымы жан-жақты болса, тіпті жақсы. Құдай біледі, маған әңгімелесуге келерде сен де менің бұрынды-соңды қалам тартқан дүниелеріме бір көз жүгіртіп шыққан шығарсың.
– Сіздің 11 кітабыңызды «сүзіп» шықтым. Оқырмандарға осы кітаптарға келу жолдарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Бұл ұзақ әңгіме. Дегенмен, «сөзге сөз қайырмаса, сөздің атасы өледі» деген бар, негізгілерін шолып айтуға тырысайын… Менің әкем Сейітжан Троицкіде медресе бітірген, орысша-қазақша бірдей сауатты, өз заманының сұңғыла адамы болды. Ұзақ жылдар бойы мектептерде ұстаздық етті. Көп шұқынып оқуым, білгенімді зерделеп-зейіндеп замандастарыма ұсынуым, бәлкім сол кісінің тиянақты тәрбиесінен шығар.
Ал қолға қалам алуыма себепкер әуелде газет-журналдарды түгін қоймай қопарып оқудан басталса, кейініректе өзімнің немере ағам Баубек Бұлқышев атымен тікелей байланысты. Баубектің атасы Байқоңыр мен менің атам Смайыл бір кісінің балалары болатын.
– Кәдімгі атақты публицист Баубек Бұлқышевті айтып отырсыз ба?
– Иә, сол Баубек ағаны айтып отырмын. Өзі бір аса қияпатты, келбетті адам еді. Алматыдан ауылға каникулға келгенде маған ойыншық әкеліп бергені, қызықтап әңгімелескені есімде қалыпты. Оның сол кезде де газеттерде мақалалары шығып тұратын. Осы кісіге еліктеп, бәлкім, сондай болсам деген бір арман мені де жетелеп журналистикаға әкелді. Сөйтіп, менің бүкіл өмірім журналистикамен біте қайнасып кетті.
– Баубек ағамыздың Мұқан Иманжановқа майданнан жазған хатында: «Сейітжанның кішкене баласынан хат алып тұрамын. Ол: «Мұқаңның мақалалары «Социалистік Қазақстанның» беттерінде көп шығып тұрады деп жазады» деген жолдар сіз жөнінде екен ғой.
– Солай. Баубек әке-шешесі ашаршылықта қайтыс болғаннан кейін біздің үйде өсті, ФЗО-да оқыды, кейін Алматыға Мұқан Иманжановпен оқуға бірге кетті, «Лениншіл жаста» бірге қызмет істеді. Ол өте ынталы, жігерлі азамат еді. Алматыда оқыған айналасы 5-6 жылда орыс тілін соншалықты жетік меңгеруі оның аса қабілетті және ізденімпаз адам болғанын көрсетеді. Соғыс кезінде «Комсомольская правда» газетіне орыс тілінде жазылған 5 мақаласының публицистикалық қуат-күші орасан еді. Оны талғампаз Ғабит Мүсіреповтің қазақша аударып бастырғаны тегіннен тегін емес. Баубек Бұлқышев менің рухани ұстазым болды. Көсемсөз жанрына келуіме, онда өмір бойы «тұрақтап» қалуыма Б.Бұлқышевтің игі әсері болды. Жалпы, адам жас кезінде тез әсерленгіш болады, оның кейде адам болашағына түбегейлі бағдар сілтеуі де мүмкін.
– Ұлытаудан шыққан сіздей ұланның өмір баспалдақтары қызықтырады.
– Біздер қазір өмірді, заманды тек екі түрлі бояумен: ақ және қарамен анықтайтын «аураға» көштік. Адам тағдыры, замана келбеті табиғаттың өзі секілді сан сапат бояуға толы. Оны неге көрмейміз, неге байқамаймыз? Қазір кешегі кеңес заманында болған игіліктер мен ізгіліктер жайлы айта бастасаң, сен бір ескі заманды көксеген, бүгінгіге мүлде қарсы, кері тартпа кісідей көрінесің. Неге әр бояуды өз түсімен айтпаймыз? Өмірдің өз бояуы бар ғой. Иә, кеңес кезінде де кедей, нашар тұратын адамдар болды.
Біздерді, Ұлытаудың орта мектебін тұңғыш бітірген 17 баланы Қарағанды обкомының хатшысы қабылдап:
– Ұлытау алыс аудан, бұдан жоғары оқу орындарына барып түсіп жатқандар аз. Сендер оқыңдар, еліміз білімді азаматтарға сусап отыр, – деп ақыл айтып, «оқуға түсеміз» деген бәріміздің уәдемізді алып барып, аттестатымызды қолымызға ұстатты. Сөйтіп, қасымызға тағы да жетекші мұғалімді қосып беріп, Алматыға аттандырды. Қазір неге сондай бір қамқорлықтың ұштығын көрмейміз. Мектептер компьютерлерге толмай-ақ қойсын, бірақ, бірде-бір бала оқуға тартылмай қалмасын. Компьютерге кеткен шығын балаларды надандықтан құтқаруға жұмсалсын. Осы жағдайларды салыстыра қарасам, өткен заманның өтпелі кезеңнен гөрі жарқынырақ бояулары көбірек көзге түседі.
Біз аса қиындықпен оқыдық. ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімінің 3-курсынан кейін Қарағандының облыстық газетінен тәжірибе алдым. Күні бойы көргенімізді қызметке келіп, қағазға түсіргенімізде ойларымыздың басы бірікпей, оларды өңдеуден өткізген әдеби қызметкерлер әбден қиналып, әлек-шәлегі шығатын. Сөйтіп жүріп журналист болдық, енді, міне, кітаптан соң кітап жазып жатырмыз.
– Сол кезде өзіңізге қатты әсер еткен бір оқиғаны есіңізге түсіре аласыз ба?
– 1951 жылдың қыс айында «Социалистік Қазақстан» газетіне «Мұз айдыны» деген хабарым шықты. «Аяз сорып беттері алаулаған, электр шамдары самаладай жарқыраған» деген көтеріңкі жолдар бар онда. Әңгіме осы күнгі Медеу мұз айдынының орнындағы шағын сырғанақ жайлы еді. Соған әлдеқандай болып, көпке дейін бусанып жүрдім. Сол қыста ешкім тапсырма бермесе де, өздігіммен Орталық музейге бардым. Онда Қарағанды туралы көптеген ескілікті материалдар, деректер бар екен, соны қорытындылап, мақала етіп «Советтік Қарағанды» газетіне жолдап келіп жібердім. Артынша өзіміздің факультеттің комсомолдық тобында осы күнгі белгілі жазушы Естай Мырзахметов екеумізді, мені Қарағанды жайындағы ескі тарихты қозғағаным үшін, Естайды Кенесары көтерілісі туралы жазғаны үшін талқыға салды. Маған онша шүйліккен жоқ, Естайға көбірек таяқ тиді.
Сонда мен Кеңес өкіметінің өзінің өпірем идеологиясынан көз жазбай, қырағылықпен қарап отырғанын алғаш рет жан-дүниеммен сезіндім, түсіндім, тіксіндім. Кеңес өкіметінің осы қара бояулы тұстарын бүгін бүгіп қалуға болмайды. Бірақ бәрін орын-орнымен айтқанға не жетсін!
Дипломды орыс тілінде қорғадым. Сол кезде тың игеру басталды да, ұсынылған аспирантураға да қалмай, «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды мен Ақмоладағы тілшісі болып кеттім. Үш жылдан соң менің орныма Шерхан Мұртаза барды.
– Ел мойындаған, жазғандарын жұрт іздеп жүріп оқитын журналист болу үшін жастарда қандай қасиет болуы керек?
– Ең алдымен керегі – талант, терең білім, сосын шабыт. Мен шабытым келмей, қолыма қалам алмаймын. Кейін «Лениншіл жастың» насихат бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде газетке «Әлемдегі 92 керемет» атты бір бет материал дайындадым. Сол кезде «Техника молодежи», «Знание сила» секілді журналдарды іздеп жүріп оқуымның көп септігі тиді. Жұртшылық сол мақаламды жақсы қабылдап, көзге түсе бастадым.
– Сіз кино өнері туралы алғашқылардың бірі болып кітап жаздыңыз. «Қыз Жібек» секілді көркем фильм түсірудің басы-қасында болып, Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай 40 сериялы деректі фильм шығаруды ұйымдастырдыңыз...
– Менің киноға келуім кездейсоқтық емес еді. «Білім және еңбек» журналының бас редакторы болып жүрген кезімде Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов болып, бір кезде Ленинградтан жер ауып келген Варшавский Лев Игнатьевичтің киносценарлық шеберханасынан тәлім алып жүрдік. Ол аса зиялы, білімдар адам болатын. Бір белгілі адамның көмекшісі болған екен. Сол кісіден киноға бойымызды үйретіп алғанбыз. Комсомолдың Орталық Комитетінің насихат жөніндегі хатшысы ретінде кинематографистердің пленумдарында да сөз сөйлеп жүрдім. Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының төрағасы Шәкен Айманов мені жаңа құрылған Кинокомитетіне орынбасар болып келуге үгіттеді. Комсомол жібермей, ақыры алты айдан соң сол Шәкеңнің арқасында киноға келдім. Орынбасарлық биік лауазымды қызмет қой. Бірақ қарамағында бір ғана «Қазақфильм» студиясынан басқа ештеңе жоқ.
Енді Шәкен Айманов маған «әрі орынбасар, әрі студияға директор бол» дей берді. Сол кезде жазушы Ілияс Есенберлин айдаудан оралып, киностудияның сценарий алқасының мүшелігіне сұранып барған еді. Ілекең мен Шәкең бірлесіп Д.Қонаевқа кіріп, мені «өзі жас, қолынан іс келеді, киноны жақсы біледі» деп мақтап, директорлыққа сұрап алды. Ол кезде маман режиссерлер жоққа тән. Бүгінде аттары аузымыздан түспейтін Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев – қазақ киносының алғашқы қарлығаштары еді. Сценарий жетіспеді. Екі жылдың ішінде 23 жазушымен шарт жасастық. Кейбір жазушылардың қасына драматургтерді немесе режиссерлерді қосып беріп, жұмыс жасатқан кездеріміз есімде. Біздің ойымыз: алатын қаламақысының төрттен бірін алдын-ала авторлардың қолына беріп, бастарын байлап қойсақ, түбі бірдеңе шығар деген үміт қой. Содан 7-8 сценарий ғана пайдаға асты. Мәскеуден көмекке арнайы драматург-сценаристер де алдырдық.
Менің есіме қазір «Қилы кезең» фильмін қалай түсіргеніміз оралып отыр. Зейін Шашкиннің Тоқаш Бокин туралы кітабы бойынша жазылған сценарийді өзгертуге тура келді. Онда Олжас Сүлейменов – студияда сценарлық алқа мүшесі. Ол бір аптаның ішінде осы тақырып бойынша мүлде басқа, жаңа сценарий жазып шықты. Оны Абдолла Қарсақбаев құлшына түсірді. Фильмді әдейілеп келіп көрген Шыңғыс Айтматов:
– «Қазақфильм» студиясы шығарған фильмдердің ішіндегі ең шырайлысы, – деп баға берді. Сосын «Ел басына күн туса…» көркем фильмі.
– Осы фильмді көрермендер де, сыншылар да ортақол дүние деп бағалады. Оның себебі неде?
– Әуелі фильм Александр Бектің «Волокалам тас жолы» кітабы бойынша түсірілмек болған. Бірақ автормен ортақ тіл табыса алмадық. Өйткені А.Бек фильм сценарийі тым қазақыланып кеткен, менің кітабымда олай емес еді деп отырып алды. Сөйтіп, Б.Момышұлының өз кітаптарынан құрастырылған сценарий арқылы көркем фильм дүниеге келді. Сценарийді кезінде «Соғыс және бейбітшілік» фильмінің авторы болған В.Соловьев жазды. Бірақ тақырыпты тап басып аша алмады ма, әйтеуір, фильмнің солғындығы бұл жолы режиссерден емес, сценаристен болды. Ал Баукеңді кадрда көрсету ол кезде тіпті де мүмкін емес еді. Ол кісіге деген жоғарыдағылардың көзқарасы онша болмады ғой. Тіпті фильмнің кейіпкері Бауыржан емес, басқаша аталсын деген жоғарыдан болған ұсынысқа Мәжит Бегалиннің бірбеткей ерлігі болмағанда төтеп беру мүлде қиын еді. Ол:
– Егер кейіпкер Бауыржан деп аталмаса мен бұл фильмді шығармаймын, – деп бір-ақ кесті.
«Мәншүк туралы жыр» фильмінің сценарийін жазуға мәскеулік Андрей Кончаловскийге қолқа салдық. Әй-шәйге келместен:
– Егер фильмде менің әйелімді басты рөлге алсаңдар ғана жазамын, – деп шарт қойды ол.
– Ойбай-ау, Мәншүкті Наталья Орынбасаровадан артық кім ойнайды? (Сол кезде екеуі ерлі-зайыпты болатын) – деп келісе кеттік.
Енді «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек» секілді жақсы фильмдер дүниеге келе бастады. Асанәлі Әшімов екі фильмде қатар ойнауға үлгеріп жүрді. Біреуінде – Шадияров, екіншісінде – Бекежан дегендей. «Қыз Жібек» фильмінің сценарийін Ғабең (Мүсірепов) бастан-аяқ қайтадан жазып шықты. Фильм бір серияға сыймай, екінші сериясын шығаруға қаржы табылмай қиналғанда Димекең (Қонаев) қолма-қол көмектесті.
Фильм түсірудің, әсіресе, финалы қызғылықты болды. Ол – басты рөлдегі актерлер Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің үйлену тойы еді. Газеттер «Қыз Жібек пен Төлеген қосылды!» деп жар салып жатты. Ал жастар фильмде бір-біріне ғашықтар рөлін ойнап жүргендіктен, олардың шынайы сезімдері сырт көзге байқала бермейтін. Сөйтіп, әшейіндегі «сыпсың» бұл жолы ауызын ашып қалды. Бірақ осылай болғанына қалың жұртшылық талайғы бір арманына жеткендей шын жүрегімен жарыла қуанды.
Бір күні маған Әмен Хайдаров келіп:
– Камал, сен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» екенін білесің бе? – деді.
– Білемін, ертегі ғой.
– Білсең, маған сол ертегіні мультфильм жасауға ақша тауып бер, – дейді.
Ақша қашан да жетпейді. Мәскеуге де, өзіміздің комитетке де айтпай, студияның қаржы-жоспарлау бөлімінің бастығын шақырып алып:
– Анау «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырына» бөлінген қаржыдан Ә.Хайдаровтың мультфильміне 30 мың сом (ол кезде әжептәуір көп ақша) бөліңіз. Түбі қайтарымы болады, – деп тізеге салып отырып, Әбекеңе қажетті қаржысын әпердім.
Ә.Хайдаров өзі суретші, әрі Мәскеуден екі жылдық режиссерлік курсты бітіріп келіп, бұрынғы директорға өтінішін өткізе алмай сергелдең болған екен. Балаша қуанды. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш мультфильмінің шығуының да куәсі, себепкері болдық. Біткен фильмді Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальге Шәкен Айманов, Нұрғиса Тілендиев, Мәжит Бегалин болып, бәріміз алып бардық. Мультфильм байқаудың бірінші орынын жеңіп алды. Одақтық экранға қабылданды, шығарған қаржымыз еселеп қайтты.
– Камал Сейітжанұлы, 40 серия мен «Тамаша» туралы ұмытып барасыз…
– Мен кино туралы талмай айта беруге бармын, 40 серияның қалай туғанын айтсам, күлерсің. Сол мерейтойды теледидарда қалай (мен ол кезде телерадиокомитетінің төрағасымын) атап өтеміз деп ойланып жүрген кезде басымнан «40» деген сан шықпай қойды. Бір түні таңда оянып кетіп, осы туралы ойда жүрген тақырыптарды тізбектесем, саны 27-28-ге жетіп жығылды. Кейде небір құнды ойлардың осылай түн ортасында келетіні де болады (күлді). Қалғанын теледидардың көркемдік кеңесімен ақылдасып отырып, фильм санын 40-қа жеткіздік. Оның 40 сериялы болатын себебі, соғыс жылдары Мәскеудің бүкіл киношеберлері осы Алматыда тұрды. Біздің архивімізде олар түсірген кинохроникалар сонша көп, ал, олардың бәрін пайдалансақ, 40 сериядан да асып кететін еді. Дегенмен, бұл да біздің өзіміздің шығармашылық күш-қайратымызды, ажар-келбетімізді танытқан бір ғанибетті іс болды. Теледидарда сол жылдары көрермен көңілінен шыққан талай-
талай жақсы хабарлар бар еді. Соның ең шоқтықтысы – өзің бастап ашқан, Лұқпан Есенов 20 жыл бойы тұтқасын ұстап келе жатқан «Тамаша» ойын-сауық
отауы. Сол, өзің айтқандай, «Тамашаны» жұртшылыққа жетпей тұрып, талай-талай талқыдан өткізетінбіз. Марқұм Оспанхан Әубәкіров:
– Кәмеке, жазған сықағыма әуелі өзім тырқылдап күле алмасам, басқалар да күлмейді деп есептеп, жазғандарымды жыртып-жыртып лақтырып тастаймын, – деуші еді. Сондай сықақтың өзіне де сын көз керек. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа», бората беруге болмайды. «Тамаша» – шығармашылық ұжымның пікір бірлестігінің жемісі.
– Шер-ағамен екеуіңіздің «Егемен Қазақстанға» басылған мақалаларыңыз халықтың көңіл күйін, замана шырайын шынайы суреттеген шығарма болды. Қазақстанның екі бірдей қайраткерінің жанайқайына жоғары жақта құлақ асқандар бар ма?
– Қазір ол мақалалар «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен кітап болып шықты. Біздің мақалаларымыз халыққа ой салу, ел тізгінін ұстағандарға құлаққағыс жасау мақсатында әрі қаламгер ретінде замана өзгерістеріне деген өз көзқарасымызды білдіру үшін жазылды. Жоғары жақтағылардың біразы ол мақалаларды оқығанынан хабардармыз. Бізге керегі де сол – қазіргі жағдай барынша күлбілтесіз, ашық айтылуы керек. Оны басшылар да түсініп отыр.
– Қазір немен шұғылданып жүрсіз?
– «Қазақ киносының тарихы» деген кітапты жазып бітірдім. Енді «Таңдамалы қазақ публицистикасы» атты кітап құрастырып жатырмын. Бұған сонау Әлихан Бөкейхановтан бастап қазақ публицистикасының бүгінгі күнге дейінгі үздік шығармалары енгізілмекші.
– Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз.
– Жұбайым Надля Нәжімеденқызы Шыманова – орыс тілі әдістемесінің маманы, профессор. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілінің оқулығын бірнеше қайтара шығарған. Үлкен ұлым Сәлім – биология ғылымдарының кандидаты, Лениндік сыйлықтың лауреаты атақты Мұрат Айтқожиннің шәкірті. Қазір шетелдік «Баир» фирмасында жұмыс істейді. Қызым Зайра – кардиолог-дәрігер. Швейцарияның «Лярош» фирмасында қызмет істейді. Қазір бір конгреске қатысу үшін шетелге кетті. Марқұм Нұрлан деген ұлымның қызы – Нәзия осында ағылшын тілін жетік меңгеруден өткізілген конкурстан жеңіп шығып, Американың Миссури штатында оқып жүр. Мектепте оқитын Нариман, Тайыр, мына жүрген Әсия деген немерелерім бар.
* * *
Балаларын, немерелерін айтқанда Камал Сейітжанұлының жүзі жайнап, жанданып қоя берді.
– Мыс та алтын, жез де алтын, алтын да – алтын,
Адамда сыр болмайды айтылмайтын, – деуші еді бір әнде. Саған бүгін бар сырымды ағыттым, алтыны болса аларсың, – деді Камал Сейітжанұлы.
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы А.Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Атырау облысы