Қазақстан • 12 Шілде, 2022

Ономастикалық ғылыми орталық қажет

421 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ономастика мәселесі – ұлттық намыс қана емес, ұлттық саясат. Сон­дықтан оған терең мән беріп, жан-жақты қарау қажет. Қазір осы салада көзге айқын көрініп тұрған екі кемшілік бар: біріншісі бүгінге дейін елімізде ономастика туралы жеке заң қабылданған жоқ. Ал Еуропаның көптеген елінде мұндай заң бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ, Франция, Германия секілді дамыған мемлекеттерде ономастика туралы заң қабылданға­ны­на бірнеше жыл болса да, олар уақыт талабына сай оны жаңартып, өзгертулер мен толықтырулар енгізіп отырады.

Ономастикалық ғылыми орталық қажет

Сондай-ақ көрші Қырғызстанда да ономастика туралы заң осыдан 20 жыл бұрын қабылданған. Ол ел­дегі ономастикалық комиссия ономас­тика­лық атауларды бірнеше сатыда тал­қы­лап, зерттейді. Комиссияға сондай құ­қық берілген. Олар атаулардың тарихы мен маңызын қарап, оның айту­ға жеңілдігіне дейін мән беріп, со­ған деген халықтың көзқарасын біліп, то­лық талқылайды. Содан кейін Қырғыз­станның Ұлттық академиясына жібереді. Онда академияға қарасты этнография, тарих және осы салаға қатысты басқа да институт мамандары жан-жақты са­раптан өткізіп, Жоғары Кеңеске ұсы­нады. Соңғы шешімді Жоғары Кеңес қабылдайды.

Ал біздің еліміздегі осы уақытқа дейін ономастикалық шешімді кім қабылдап, кім бекітетіні – белгісіз. Кейде қабылданған шешім орта жолдан тоқтап қалады. Ономастикаға байланысты мораторий де жиі жарияланды.

Шындығын айтқанда, еліміз еге­мендік алғаннан бері де бірнеше кезең­ді бастан өткерді. Алғашқы жылдары ­тә­уел­сіздігіміздің іргесін бекемдеп, эко­но­микаға баса назар аудардық. Мұ­ның бәрі – халықтың жағдайын тү­­зеп, тұр­мысын жақсартуға бағытталған іс-шаралар еке­­нін түсінеміз. Сонда да кеңестік дәуірден қалған атауларды өз­гертуге талай мүмкіндік туды.

Парламент Мәжілісінің депутаты бо­лып жүргенде Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне ономастика туралы ар­найы заң қабылдауға бірнеше рет ұсы­нысымды жолдасам да, олар бұған құлықсыздық танытты. Біздегі ономастика туралы заң бірнеше заңның бөлімдеріне таралып ­кеткен. Мәселен, «Өзін-өзі басқару» туралы заңда ономастика туралы бір та­рау болса, «Тіл» туралы заңда осы сала ­жайында аз-мұз айтылған. Соған қарамастан ономас­ти­ка туралы заң бөлімдеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс беріп, ол қабылданып, жаңа өзгерістер енгізілді. Әсіресе осыған дейін тарихи атауларды өзгертуге, жаңадан қалаға, ауданға, көшеге ат берудің ешқандай критериі болмаған. Яғни критерийсіз беріліп жүрген. Мысалы, қалалық немесе аудандық ономастикалық комиссия елден түскен өтініштерді жинап алады да, соны талқыға салады. Сондықтан мұ­ның арнайы өз тәртібі болу үшін 11 крите­рийді жазып, ұсындым. Оны Мәжілістегі басқа да әріптестерім толық­тырып, қабыл­да­дық. Бірақ осы кри­терийдің өзі қазір толық орындалып жүр дей алмаймын.

Айталық, бұрынғы тарихи атаулар қайтарылуы керек. Бірақ олар қайта­рылып жатқан жоқ. Сонымен бірге көзі тірі адамға қала немесе көшенің атын беруге болмайды. Немесе, бір әкімшілік территорияда бір тұлғаға бірнеше нысан берілмеуі жазылған. Мәселен, көше берілсе, мектеп берілмеу керек.

Сондай-ақ белгілі бір кезеңдерде өзгер­ген жердің немесе қаланың атының тарихи атауы бар екені дәлелденсе, сол атау міндетті түрде қайтару және біздің елге, жерге көпе-көрнеу қиянат жасаған немесе қарсы идеологиялық жұмыс істе­ген адамдардың есімдері қазір бар болса, оны да өзгерту жайында аталған заңға енгізуге ұсынған едім. Бірақ ол өткен жоқ.

Екінші үлкен мәселе: елімізде оно­мас­тикамен айналысатын комитет не­месе агенттік түрінде бола ма, сон­дай мемлекеттік құрылым керек. Өркениет­ті елдерде ономастикамен бірнеше сала­ның қызметкерлері айналысады. Мы­салы, Америкада ономастикаға арналған ұлттық бюро жұмыс істесе, Канадада гео­графиялық атаулардың тұрақты комитеті шұғылданады. Сонымен бірге Германия мен Украинада ономасти­ка мәселелері географиялық атаулар­дың ұлттық комитетіне жүктелген. Ал Англияда географиялық қоғамның гео­графиялық атаулардың тұрақты комиссиясы зерттесе, Ресейде ономастика­ға байланысты үш бірдей құрылым жа­уапты. Бұл ұйымдардың бәрі оны ғылы­ми түрде айқындап алған. Мәселен, оно­мастиканың бірнеше саласы бар, оны жұртшылық біле қоймайды. Осы­лардың бәрі ғылыми тұрғыда зерт­теліп, оған осы саланы бүге-шігесіне дейін білетін ғалымдар тартылғаны жөн. Әсі­ресе бізде эргоним саласы өте қажет. Эргоним дегеніміз, қаладағы тұрғын үй кешендерінің атауы. Біз осыған жіті мән беріп жүрген жоқпыз. Мысалы, мен тұратын квартал «ағылшын» орамы аталады. Одан кейін «Лондон», «Барселона», «Испания, «Француз» болып кете береді. Бұлай бетімен жіберуге болмайды. Елорданы әр азамат қазақтың астанасы екенін сезіну керек. Сондықтан эргоним саласын қолға алып, қаладағы осындай атауларды ұлттық мүддеге орай­ластыра білген жөн. Егер оно­мас­тика туралы жеке заң қабылдана­тын болса, соның ішінде осы сала мін­дет­ті түрде болуы қажет.

Сонымен қатар бізде кәсіпкерлерге шектен тыс ерік берілген. Мысалы, бір кәсіпкер мейрамхана ашса, оған атауды орысша немесе ағылшынша қоя ма, өзі біледі. Оның алдымен қалалық Әділет бөлімі тіркеуден өткізеді. Содан кейін оның атауын өзгертуге ономастикалық комиссияның күші жоқ. Сондықтан қалалық мәслихат немесе басқа ұйым болсын ономастикалық комиссияның келісімін алмай ештеңе өзгертуге немесе қабылдауға болмайтындығы жайында аталған заңға бір тармақша енгізген­біз. Бірақ бұл да ескеріліп жүрген жоқ. Осыны да бір ізге түсіру керек.

Содан кейін елімізде осыдан біраз бұрын географиялық атаулардың мем­ле­кеттік катологы жасалды. Бұған жері­мізде қанша қала, қанша аудан, қанша тау, қанша өзен-көл атауларының бәрі кірді. Менің білуімше, сол кезде 120 мың географиялық атау жасалды. Кейін бұл атаулар толықтырылды деп ойлаймын. Осы атаулардың бәрі де бірдей емес. Сондықтан таудың, өзен-көлдің атаулары бөлек, қала, елді мекен атаулары бөлек зерттелгені дұрыс.

Қазір осыны зерттеп жүрген мамандар бар ма, жоқ па білмеймін. Осы атаулар толық зерттелмегеннен кейін ономастикалық комиссияға ұсынған атаулар талқыланған кезде оң шешім жасау қиынға соғады. Осының барлығын саралап, бір жүйеге түсіретін, жоқ дегенде ономастикалық ғылыми орталық ашылса деймін.

 

Алдан СМАЙЫЛ,

жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты