Әдебиет • 13 Шілде, 2022

Мен мармеладты жақсы көремін...

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мен мармеладты жақсы көремін...

– Антон Павлович! Сіздің ойыңызша соғыс немен аяқталады?

Чехов жөткірініп алып, сәл ойланып, салмақты һәм мейірімді дауыспен былай дейді:

– Бәлкім, бейбітшілікпен...

– Әрине, оған дау бар ма! Бірақ кім жеңеді? Гректер ме, түріктер ме?

– Менің ойымша, күштісі жеңеді.

– Сіздің ойыңызша, қайсысы күшті?

– Жақсы тамақтанатындары мен білім­дірегі...

– Қалай тауып айттыңыз! – деп сүйсі­неді біреу.

– Ал сіз қайсысын көбірек жақсы көресіз – гректерді ме, әлде түріктерді ме?

Чехов оған сыпайы жымиып жауап қатады:

– Мен мармеладты жақсы көремін... Ал сіз ше?

Иә, Антон Павлович қай уақытта да кесіп-пішіп айтудан, жалпы абстракты­лы әңгі­мелерден сақтанатын. Мейлі, өмір, мейлі, соғыс, бейбітшілік – қандай та­қы­рып болса да бәрібір. Ал қоғамдық орын­­дарда болған әлгіндей диалогтарда жазу­шы барынша сыпайы жауап беріп, «құтылуға» тырысады. Не дегенмен, «чеховский интеллигент» түсінігін тірідей көрсетіп һәм оның алғашқы зиялысы да өзі болды емес пе...

Мектепте нашар оқыған Чеховтың өмірлік ғадеттері де қызық. Жазушы қысқа ғұмырында өзіне көптеген міндет жүктеген деседі. Мәселен, бір бекінген ойы болса, аяқтамай қоймаған. Ал оның мұнтаздай таза киініп, жинақы жүретіні туралы аңыз бөлек әңгіме. Тіпті өз үйінде монахтың жеке бөлмесіндей ерекше тәртіп пен рәсім орнатып өткен: «Адамда бәрі жақсы болуға тиіс: беті болсын, киімі болсын, жаны болсын, ойы болсын». Чехов сырт келбетіне мұқият қараға­ны соншалық, үлкен дертке шалдық­қан күндерінде де қонақ алдына халатпен шықпауға тырысқан. Ал демалыс күндері үйде костюммен жұмыс істеген. Таңғаласың.

Сол Чеховтың басқалардан ерек сы­пайылығы да ел аузында. Бірде рево­люциялық бағытты ұстанатын қыздар Горькийді қоршап алып, оның «марксист» әлде «халықшыл» екенін анықтамақ болады. Горький өзін тығырыққа тірегенді жек көретіндіктен бір қыздың «Сіз қай платформада тұрсыз?» деген сауалына: «Қымбаттым, платформада бөрене тасиды», деп тарс еткізіпті. «Мармелад» пен «бөрене» арасындағы айырмашылықтан-ақ бірінің Чехов, бірінің Горький екенінен жаңылысу мүмкін еместей.

Әлемдік театр сахналарында Шекс­пир мен Чехов пьесаларының қанша ­рет қойылғаны беймәлім. Тым көп. Екеуін ­де тәуір драматург санамаған Лев Толстой кейін қатты таңғалған болар. Тіпті Чехов үшін ерекше қуанатын жөні бар деп те ойлаймыз. Өмір жолдарына қа­расақ, ұлы Толстой Чехов ағайды қатты құрмет тұтқан. Толстой ақсақал 1901-1902 жылдары Қырымда емі жоқ үш ауру­мен ауырғанда, Чеховпен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп отырады екен. Ал Гаспрада Толстой, тек Чеховпен ғана суретке түс­кен. Мұңды суретте айықпас дертке шал­дық­қан қос алып жазушы графиня Пани­наның вилласының террасасында отыр. Бұдан кейін қарт Толстойға он жылдай өмір сүру жазылса, одан әлдеқайда жас Чехов екі жыл өткен соң Баденвейлерде қайтыс болады. Тағдыр.

Енді бір жайт, 1897 жылдың көкте­мінде Чеховтың құрт ауруы асқынып, ауруханаға түскенде, ең бірінші көңіл сұрап келген де Толстой. Сонда оның ден­саулығы әзірге сыр бермегендіктен бе, мәңгілік өмір туралы сөз қозғаған. Әсерлі сөйлегені соншалық, кеткен соң Чехов тоқтаусыз қан құсыпты. Жазушы Толстоймен бұл кездесуі туралы: «Ол мәңгілік өмірді канттық күйінде ұғады. Толстой түсінігінше, біздің барлығымыз (адамдар мен жануарлар) бастапқы күйімізде өмір сүреміз (сана, махаббат), біз үшін болмыс пен мақсат құпия күйде қалады. Мен үшін бұл бастау немесе күш қалыпсыз мұздай масса ретінде көрінеді, менің «менім» – менің даралығым, менің санам осы массамен бірігіп кетеді – маған мұндай мәңгілік өмірдің қажеті жоқ, мен оны қабылдай алмаймын, ал Лев Николаевич менің осыны ұқпағаныма таңғалды», деп жазады.

Сахалин сапарынан Үнді мұхиты мен Цейлон арқылы қайтқан суреткер бар­лық қаламдастары сияқты саяхаттағанды ұнатқан. Бірақ Чеховтың отырықшы өмірге, өз «үйіне» деген ұмтылысы сұм­дық. Ол 44 жыл ғұмырының 26 жы­лында ғана мүмкіндігі бола тұра, Мәскеу түбінен Мелихово қожалығын, Ялта­дан Белая дачаны, жазғы үйді және Гурзуфтан Книпперді сатып алады. Мели­ховада тұрғанда хат жазумен (оның хат алмасатын дорбасы әлі күнге дейін Мелихов музейінде ілулі тұр), дәрігерлікпен шұғылданған.

Шығармашылықта қысқалық концепциясын ұстанған һәм сонысымен әдебиетке ерекше құбылыс әкелген Чехов ақсақалды әлем әмсе сүйіп оқыды, қазақ оқырманы да жақын тартты. Ол шебер жазды. Қысқа болса да жақсы өмір сүрді. Жазушының ғұмыры еңбекке де, саяхатқа да, тіпті соқыр тәуекелге де толы болды. Ауыр науқас әлпетін адам танымастай өзгерткенге дейін ол өте келбетті болыпты. Тіпті Ялтада өткізген соңғы жылдарында оған гимназия қыздары жиі келіпті деседі. Бүгінде бұның бәрі аңыз.