Әдебиет • 13 Шілде, 2022

«Түркістан солай туған» қалай жазылды?

332 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тың игеру тақырыбына қалам тербеген ерекше бір дүниесі – «Түркістан солай туған» очеркі. Ел экономикасы мен өміріне өзгеріс әкелген сол айтулы кезеңді қаламгер осы шығармасы арқылы қиындыққа толы алғашқы жылдар туралы ерекше көркем әрі нақты деректермен бейнелеп берді.

«Түркістан солай туған» қалай жазылды?

Заңғар жазушы очеркіне арқау еткен қасиетті, тарихы мол Қаратаудың қойнауында жатқан Көкжон өлкесі жанға да, малға да жайлы, жері құнарлы, нені ексең содан мол өнім беретін табиғаты бай, көрікті де шырайлы аймақ. Тастар арасынан бұрқ-бұрқ қайнап шығып жатқан бұлақтарындағы тіс қаритын салқын да таза, мөлдір сулары қандай ғажап! Ыстық күнде шөлдеп келіп тартып жіберсеңіз, сұп-суық маңдай теріңіз бұрқ ете қалады. Жан рахатын сезінесіз.

Елімізде тың игеру науқаны Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан ке­йін-ақ бастау алғанымен, 1953 жылдан нақты жүзеге асырылды. КОКП Орталық комитетінің осы жылғы маусым пленумынан кейін КСРО Министрлер кеңесі өзінің №1570 қаулысына сәйкес елімізде тың игерудің жаңа шараларын қолға ала бастады. 1954 жылдың 19 шілдесін­де Қазақстан Компартиясы орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесі «Республикада 1956 жылдың егініне арнап, тың және тыңайған жер­лерді іріктеу туралы», ал 1954 жылғы 19 қазанда Қазақ КСР Министрлер ке­ңесі «Жамбыл облысында жаңа астық совхоздарын ұйымдастыру туралы» ше­­­шім қабылдады. Осы қаулыға сәйкес Жамбыл облысында жер көлемі 249 мың гектар, соның ішінде, астық егуге жарамды 126 мың гектар алқапта жаңадан ұйымдастырылатын 8 сов­хозды орналастыру белгіленді. Олар Талас ауданында «Қаратау», Сарысу ауданында «Түркістан», Қордай ауданында «Қордай», Луговой ауданында «Подгорный», «Қорағаты», Красногор ауданында «Красногор», Шу ауданында «Шоқпар» және «Далақайнар» елді мекендері еді. Сарысу ауданының Көкжон өңіріндегі Үшбас, Октябрь, Қаратас, Дихан, Жданов колхоздары біріктіріліп, 1954 жылы астық өндіре­тін «Түркістан» тың совхозының іргесі қаланды. Кілемдей құлпырған жазық­тар мен қыраттарға түрен түсіп, шынжырлы ауыр темір тұлпар-трактор­лар соқаларын сүйретіп сан ғасыр бойы тыныштық құшағында жатқан бай өлкені абыр-дабыр қылды.

КСРО Министрлер кеңесінің 1954 жылғы 14 қазанда «Запасқа шыға­тын әскери қызметкерлерді ауыл­шаруа­шылықтарында пайдалану туралы» арнайы қаулысына сәйкес Түркіс­тан әскери округінде азаматтық пары­зын өтеген солдаттар, офицерлер осы жаңа шаруашылықты тікелей шеф­тік қамқорлыққа алды. Сондықтан жаңа шаруа­шылыққа «Түркістан» аты бе­рілді. (Қазір оның бұрынғы орта­лығы Андреевка ауылы мемлекет қай­рат­кері, қазақтан шыққан алғашқы тау инженерлерінің бірі Әшір Бүркітбаевтың атымен аталады).

Шынын айту керек, алғашқы тың игерушілер қатарында таза жүректі беделді коммунистер мен арман қуған комсомол жастар көп болды. Олармен қабаттасып Ресейде, Белоруссияда, Украи­нада сенделіп жұмыс таппай жүр­ген тоғышар жастар, түрмеден шыққан, ойдан-қырдан қашқан берекесіз жандар да жиналды. Несін айтамыз, «тың көтереміз» деген ұранға елеңдеп, үн қосқан арманшыл жастар Қазақстанға жүздеп, мыңдап, бүкіл состав болып әр республикадан ағылып келіп жатты.

Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы облыстық «Сталиндік жол», Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газеттерінің 1955 жылғы тігін­ділерін ақтарып, сол жылдары Сарысу ауданын басқарып, Мұхаңның қасында бірге болған ардагер ақсақал Аман Алпысбаев ағамызбен жолықтық. Аман ағамыздың айтуынша, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Сарысу ауданына 1955 жылдың жаз айында келген. Ол кісінің қасында облысты аралатуға Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитеті төр­ағасының орынбасары Ғарипжан Досым­беков, облыстық газеттің редакторы Ғайса Сармұрзин жүріпті. Құрметті қонақты Сарысу ауданының басшы­лары аудандық партия комитетінің бірін­ші хатшысы Шаймардан Қалдыбаев, аудан­дық кеңес атқару комитетінің төрағасы Аман Алпысбаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Иген Нұрмаханов, аудан проку­роры Оспан Сауранбаев мөлдір сулы көгілдір Көлменің тұсында қарсы алып, біраз күн елді аралатқан. «Түркістанның» егін алқабында Мұхаң ел-жұртпен әңгі­мелесіп, елдің жай-күйімен танысқан.

 – Қазақты әлемге танытқан заңғар ­жазушы 1955 жылы іссапармен Көк­жонға келді. Қаламгерді аудан және ауыл басшылары Шолақтаудан келетін қара жол бойында, Ақтоғай ауылына таяу Көлме көлінің тұсында күтіп алды. Сүліктей қара «ЗИМ» машинасы келіп тоқтай қалғанда, дүйім халық алға лықсыды. Машина есігі ашылып, көліктен жымия күліп Мұхаң түс­ті. Қасында облыстан ерген бірнеше қыз­мет­кер бар. Ұлы жазушыны көруге, қо­лын алып сәлемдесуге келген халық­та қисап жоқ. Көпшіліктің өзіне құр­метін, көңілін сезінген жазушы қол соз­ғандардың бәрімен сәлемдесіп жатыр. Жиналғандарға ризашылық сезімін білдірген Мұхаң, тың игерушілерге деген партия мен қоғамның қамқорлығы, жалпы Үкіметтің оларға деген саясатын қоңыр, әуезді үнімен қысқаша баян­дап берді. Адамдарға шапағат шаша қа­рай­тын мейірімді көзі, парасаттылығы, те­рең білімділігі, ұлағатты сөздері көп­ті тәнті етті. Содан кейін аудан басшы­ла­­­рының бастауымен шырайлы Үшбас ауылы­ның тұсындағы Шірімбет сазына тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бет алды, – дейді Аман Алпысбаев ағамыз.

Сол сапарында жазушы үш күн Жон өңірінде болып, шаруашылықтың басшылары мен еңбеккерлермен кезде­­сіп, егінжай мен дала қостарында болып, мән-жаймен танысып, жүрген жер­лерінің аттарын, тіпті, сол аймақ­та өскен шөптердің, аң-құстардың түрін асықпай ақ қағазға түсіріп, тау-қы­рат­тарды аралап, ой түйген. Мұндағы шы­бынсыз қоңыр жаздың, табиғат­тың сұлулығы мен кереметтігіне іштей риза болған қаламгер ауылдың көнекөз қарияларымен ұзақ әңгімелесіп, Көкжон­ның көрікті тау шатқалдарын тамсана аралапты. «Бәйдібек» сазындағы суы мол бұлақтарды, бітік өскен көк шал­ғыннан ат сүрінгенін көріп, оның төңі­регіндегі әсем табиғатқа тамсана қарап, ерекше әсерге бөленіпті.

«Мен еліміздің тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратаудың құді­ретіне таңғалудан ажырай алмай келемін. Біле-білгенге оның әр қой­науы толған сыр екен. Сай-саласы мың бұлақ, шөбін тартсаң су шыққан құтты өлке екен, пәлі. Осы бір жүрекке жақын өңірді аралай жүріп жүз роман оқығандай болдым. Анау Жон өлкесіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауыл төбелер, Созақтағы Бабата, Құмкент, Шолаққорған, Түкті Әзиз баба әулие... бәрі-бәрі құпиясын ішіне бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң талай тарихқа кенелер едік, шіркін! Қолды бір босатып алып, зерттер ме еді?! Жазатын, зерттейтін дүние жетерлік екен...», деп армандай аттанған екен сұңғыла ғалым-қаламгер бұл тарихы толық ашылмаған, жұмбаққа толы өңірден. Бірақ «Көсегенің Көкжонын, Үшбас аймағын тағы бірде асықпай қона жатып араласам» деген заңғар қаламгердің ойы орындалмай қалды. Сірә, Мұхаңның бұл арманын іске асыруға уақыт тапшылығы қолбайлау болған шығар.

«Сол біздің өңірден алған әсері мен шабытын суытпай, облыс орталығын­дағы «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газеті­нің редакциясына барып, «Түркістан солай туған» очеркін диктовкамен жазып, оның бір данасын облыстық газетке беріп, Алматыға аттанып кетіпті. Көп уақыт өтпей ол очеркі республика­лық «Социалистік Қазақстан» газетінде, сол жылы «Әдебиет және искусство» журналының он екінші нөмірінде жарияланады. Кейінірек шығарма көптом­дық кітаптарының 7-ші томына енгізілді. Сөз етіп отырған очеркте келтірілген кейіпкерлердің көбі бізге таныс есімдер, ал біразының аты-жөндері өзгертіліп алынған. Мысалы, совхоз директоры Григорий Алексеевич Струков – Алексей Иванович Строгов болып, аудандық партия комитетінің хатшысы Шаймардан Қалдыбаев Мардан Сандыбаев болып аталса, механизаторлар Новиков, Ткаченко ағайынды Флиглер, комсомолдар, танкист Целигородцев, Кокарев, Попов, Поправко Анатолий өмірдегі өз аты-жөндерімен аталған.

Сол сияқты Струковтар жолда қар астынан тауып алып, тірілтіп алатын «Садаға» аталған апаның өмірдегі шын аты да Сақыш – Сақыпжамал. Вася – Василий Захарович Матайбаев та, Әбіш шофер – Әбіш Тайкешов (ол Сарысу ауданындағы алғашқы шоферлар­дың ұстазы болған). Сол сияқты аудан­дық кеңес атқару комитетінің төр­ағасы бол­ған, шығарма кейіпкері Алпыс­баевтың өмірдегі шын аты-жөні де сол қалпында – Аман Алпысбаев.

Сол жылдары ауылдық кеңестің төр­ағасы болып көп жыл аталған өңірдің білгір, қадірлі азаматы Жұмағұл Аха­тов қызмет етті. Аудандық партия коми­­те­тінің хатшысы А.Сандыбаев, аудан­­дық атқару комитетінің төрағасы А.Алпыс­баев, совхоздың алғашқы директоры Валентин Струков, агроном Нина Ма­тайбаева, механизаторлар Новиков, В.З.Матайбаев, Попов, Ткаченко, Поп­равко және т.б. өмірде болған, көп жыл­дар сол өңірде аса қажырлықпен еңбек еткен тың игерушілер. Олардың біразының балалары «Түркістан» сов­хозында дүниеге келіп, сол жердегі мек­тепте білім алып, үлкен өмірге қа­нат қақты. Бұл күндері олар өсіп-өніп, әр өңірде, әр салада еңбек етіп жүр. Олар әрдайым Қаратаудың Жон өңі­рін са­ғынышпен еске алады», дей­тін Көкжон өңіріндегі Үшбас ауы­лы­ның перзенті, көп жылдар аудан басшы­ла­рының бірі болған, еңбек ардагері, Сарысу ауда­ны­ның Құрметті азаматы, марқұм Қуаныш Пәрімбеков ағамыз.

Ұлы жазушы Көкжон өңірінің қатал қысын, тың игерушілердің алғашқы күр­делі қадамдарын, сол кезде кездескен қиындықтарды былайша суреттейді: «Екі жүргіншінің көңіліне бүгін елсіз құлазыған жапан түз жәйі әбден мәлім. Олар бұл маңнан, бүгінгі жолдан адам мекенін күтпейді де. Бірақ көз бен көңілге соншалық жат, жайын дүние аса суық тартып, орасан өгейлік андатады. Екі ұртын мұздақ колбаса мен қара нанға көмейлете толтырып алған Новиков, зорға сөйлесе де, бұл жол мен Жонға қатты наразылығын айтады.

– Күншуақты Қазақстан... Жақсы-ақ екен, несін айтасың!

Жолдасы қостай түсті:

– Тым құрыса Қостанай мен Павло­дар облысы болса бір сәрі. Февральдің аяғында Қазақстанның жылы жағын­да, Жам­был облысында мұндай қалың қар, мұн­дай ұзақ қыс болар ма?! – деді. Новиковтан гөрі көбірек білетін де түсі­нетін қалпы бар. Өзімен-өзі ойлана сөйлескендей болып, біраз жайларды таратып айтып кетті.

– Рас, биыл «отыз жылдан бері бол­маған ауыр қыс болды» деді маған облыс қызметкерлері. Бұл жолдың қиындығын көп айтысып еді. Бірақ сон­да да, дәл сен екеуміз көргендей, мұн­шалық қалың қар, мұндайлық меңіреу дүниені күткен емеспін. Біз қазір «Жон» деген жерге жеттік. Осы жаңағы шыққан өрден былай қарай, анау ұзаққа кетіп жатқан жота, мынау көлбеп жатқан адырлар, төбелер бәрі енді сол біздің болашақ совхоздың жер шегіне кіреді. Бірақ не керек, әлі де, Новиков, екеуміз алда тататын ащы азап көп. Мынау жүк, мынау ақырын жүріс, ауыр жолсыздық жағдайында екеуміз бүгін түнге шейін алдағы кішкене пунктке жете аламыз деп сенбеймін. Одан да асай түс колбасаны! Майды және молырақ аса, болмаса өзіңнің моторың да әлсіреп жүрмесін. «Не глушить мотор!» Ол тракторға ғана айтылған емес! Қажымасқа, берілмеске, тоқтамасқа сен екеумізге де арналған ұран! – деді».

Әрі қарай очерк авторы: «...Ол өзі Қазақстанға жүрерден бұрын жалпы осы республиканың экономикалық, гео­графиялық жайларынан әдейілеп оқып алған көп кітаптар мәліметін еске түсірді.

– Рас, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, тіпті Көкшетау, Ақмола об­лыс­тарының бәрі де бұл жақтардан суық. Қары қалың, бораны да көп. Бізде мынау қар, мынау ұзақ қыс сирек болатын жәй! Бірақ сонымен қатар ол жақта таулар аз. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, көп жерінде Көкшетау, Ақмо­лада тегіс далалар мол. Онда трактор сенің тракторың көрген қорлық азапты дәл мұндай көрмейді. Біз сияқты по­йыз стансасынан тоқсан километр жер­ге ор­наған және жолының бәрі тау, ой-шұңқыр, тасқия, жар-жыра бол­ған совхоз жоқ деуге болады. Не деген сөз? Бір ғана вагонды болашақ совхоз орталығына жеткізу үшін екеуміз трактормен бүгін үш күн сүйреп келеміз! Осы жолдың әрі жырақтық, әрі ой-шұңқыр, тау-тас­ты қиындықтары Солтүстік Қазақ­стан­дағы совхоздарда жоқ деуге болады. Біз­дің жай­сыз жағымыз дегенім осы. Сон­дық­тан әлі де баса бер, Новиков, тар­та бер! – деп, өзінің термосындағы ыстық шайының ең соңғы кружкесін Нови­ков­ке төңкере құйып берді.

Сәл тынығып, тамақтанып бой жылытып, серги түскен қалпында ауыр жолдың жолаушылары тағы да мимырт жүріске басты. Аяздап қалған машина шықырлай шықырлап, сықырлай күтірлеп, қалың қарды жентектеген күйде екі жағына ыршыта шапшытып, лақтыра отырып, Жонның күдір жотасымен баяулап тарта берді. Бұлыңғыр күңгірт сәуле арасында айнала айқын көрінбейді. Сұрқай аспан мен ақсұр дала ұласып, кілегей сұйық сұрғылт бір бояуға батқан.

Жон маңы жүргіншілерге тағы бір тың әлек әкеле бастады. Бұрынғы ойда, сай-қолатта келе жатқандай емес, жотаның үсті қатты ызғырық аязды жел аңқытуға айналды. Новиков тракторды жүргізе отыра енді жиі-жиі аузы-мұрнын уқалай бермесе, үсінетін тәрізі бар. Жолдасы жел өтіне тоңа бастаған беті-мұрнын сақтау үшін сырт айналып, арқасымен шегіне жүріп, беті-қолын уқалай берді.

Жон үсті жақында жауған қарын қуғылайды. Алыс жиек қана емес, жақын жерлердің өзінде де ирек-ирек күртіктер үстінде түтіндей, құйындай бұралып шалқи түсіп, жаяу боран – ақ жорға жүре бастады.

Күн анық аязды, желді борасынға айнала берді. Жонның қарының да бұрынғыдан әлдеқайда қалыңдай түске­нін Новиков түйілген қабақпен алыстап келеді. Айқын жол жоқ. Бұларды бас­тап келе жатқан бірер машинаның ескі сүрлеуі ғана. Ол кей жерлерде боран астында басылып қалады. Кей тұстарда омырылған томар-томар қар кесектерін, үлкенді-кішілі қиыршықтарын көрсетіп қояды. Кешке де, таңғы елең-алаңда да, қазіргі жаяу боранда да жат жолдағы жатырқағыш жолаушы-тракторшыны бастап келе жатқан соқыр жол осы.

Жон енді біразда кей тұстарда жақпар тастарды, қатпарлы қатар төбелерді, сирек бұталарды жиілетті. Боран қара тас­тан да, қалтылдаған тікенді шеңгелдің үсті-басынан да, бауырынан да ұйтқып өтіп жатыр. Новиковтің көзі тек қана алда, соқыр жолда болатын»...

Жазушы суреттеген бұл көріністер сол кездегі Көкжон аймағын көз алды­ңызға кең полотно ретінде әкеледі. Оны ерекше бір сезіммен қабылдайсыз. Расын айту ләзім, алғашқы кезде тосын қиын­дықтар аз болмады. Жергілікті тұрғындар ығысып, сырттан келген «қонақтарға» орын берді. 1954-1955 жыл­дары қыс пен көктем айларында сол өңірден 90 шақырым жердегі Шолақтау елді мекенінің (қазіргі Қаратау қала­сы) теміржол бекетінен құрылыс материалдары мен трактор-машиналар, соқалар мен тұқым сепкіштер тасылып, 1955 жылы көктемде ерлікке тең қызу еңбек басталып кетті. Қысқа мерзімде 4 пәтерлік 12 ағаш үй, екі пәтерлік 6 үй тұрғызылып, вагон үйлер мен палаткалар болашақ совхоз орталығы болады деген Андреевка аулына қойылды. Көп уақыт өтпей ұйымдастырылған 6 трактор бригадасы тың игеруді бастап кетті. Ғасырлар бойы моп-момақан болып бұйығып жатқан өлке қайнаған еңбек майданына айналды. Әрине көпшілік болғасын, тың игерушілер арасында аласы да, қарасы да бар еді. Бірақ алға қойылған ұлы мақсатты орындау үшін 18 ұлтты құрайтын тың игерушілер жергілікті халықпен тізе тіресе еңбек етті. Сөйтіп, бірінші жылдың өзінде он екі мың гектар жерге арпа-бидай егіліп, әр гектар егістіктен 20-25 центнер өнім алынды. Мұндай өнім бұрын облыс көлемінде бірде-бір шаруашылықта болмаған еді. Одан кейінгі жылдары да бұл шұрайлы өңір Отанымыздың қамбасына мол астық құйып, ел экономикасын нығайтып, өсуіне өз үлесін қосты.

Облыста 1953 жылы егіс алқаптар көлемі 428 мың гектар болса, 1960 жылы 908 мың гектарға жетті. Астықтың жалпы түсімі 1954 жылы 308,1 мың тоннадан 1960 жылы 526,8 мың тоннаға дейін ұлғайған. Тағы бір есте ұстар дерек, 1956 жылы Қазақстанда тұңғыш рет миллиард пұт астық мемлекеттік қамбаға құйылды. Бұған жамбылдық дихандар да қомақты үлес қосып, сол жылы мемлекетке 25 миллион пұт астық сатты.

Қарымды қаламгер Мұхаңның «Түр­­кістан солай туған» очеркінің жа­зы­лу тарихы осындай. Заңғар жазу­шының Сарысу ауданындағы қазы­налы Қаратау төсіндегі Көсегенің Көк­жоны аймағында ұйымдастырылған «Түркістан» (қазіргі Әшір Бүркітбаев кеңшары) шаруашылығы туралы жа­зылған шежіреге тең очеркі сол өңірдің еңбеккерлеріне үлкен мақтаныш, тың игерушілерге арнап соғылған мәңгілік ескерткіштерге тең әдемі дүние.

Содан бері қанша жыл өтсе де заң­ғар жазушының сол өңірге арнайы кел­генін, айтулы көркем очерк жазға­нын түркістандықтар (қазіргі Ә.Бүркіт­баев ауылының тұрғындары) әрдайым мақтанышпен еске алып отырады. Жазу­шының есімі сол ауылдағы орта мектепке берілген. Оны жыл сайын бірнеше ондаған түлек бітіріп, білімге сусындап, қанаттары қатайып мына кең өмірге жолдама алады. Бұл күндері олар өз жү­рек­тері қалаған мамандықты таңдап, елі­міздің халық шаруашылығының әр сала­сында қажырлы еңбек етіп жүр. Сол Мұхтар Әуезов атындағы орта мек­­теп­тің көп түлегінің бірі екенімді мен де жүрегімнің бір түкпірінде ерекше мақ­танышпен сақтап жүрмін. Өмір жал­ғасып жатыр...

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы