Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Белгілі заңгер Абзал Құспан киберқылмыспен күресетін мамандарды даярлаудың екі жолын ұсынады. Бірі – IT саласында мамандарды даярлау, екінші мәселе – құқықтық тұрғыдан дайын кәсіби мамандарды қайта бейімдеуге көңіл бөлу, яғни киберкеңістіктегі сауатты дамыту.
Назарымызды аударған бұл тақырыпты соңғы кездері түрлі салаларды зерттейтін әлемдік сарапшылар мен ғалымдар жан-жақты талдап келеді. Біз бір-екі мәселе бойынша ғана ой қоспақпыз. Мақаладағы құқық саласы мамандарының бүгінгі киберқылмыспен күресуге дайындығы туралы пікірі еліміздегі оқу орындарында пәнаралық мамандықтарға даярлау мәселесіне тікелей қатысты.
Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері пәнаралық мамандықтарды болашақтың тренді деп есептейді. Жыл сайын АҚШ-тың жүз мыңнан астам студенті пәнаралық мамандық бойынша диплом алады. Кейбір университеттер, тіпті interdisciplinary units (бір пәнді түрлі салалар бойынша бірнеше оқытушы жүргізуі) пәндерін көбейткен. Мысалы, Гарвард, Йель, Бристол университеттері секілді білім ордаларында бұл пәндер бүкіл студентке қолжетімді ғана емес, көбіне міндетті екен.
Компанияның тұрақты дамуын зерттеу үшін бизнес, экология және заң салалары бойынша өзара байланысты курстар қажет болса, студент жеке оқу траекториясы бойынша пәнаралық білім ала алады. Сарапшылар 2030 жылға қарай 100-ге жуық пәнаралық мамандық пайда болады дейді. Бұл үрдістен біздің еліміз де тыс қалмасы сөзсіз. Тек бір саланы жетік білу маманның бәсекеге қабілетті болуы үшін жеткіліксіз екені күні ертең-ақ білінеді. Қоғамға әртүрлі саладағы біліктілікті қолдана алатын және оларды интеграциялай алатын мамандар қажет. Пәнаралық тұғыр бір саланың маманы жасай алмайтын күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орындары маман даярлауды негізінен бір мамандықпен жүзеге асырып келеді. Мысалы, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышында», тақырыбымызға қатысты «Құқық», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандықтары бойынша түлектер аталған біліктілік дипломын алады. Заңгер көтеріп отырған мәселенің негізгі түйіні осы жерде. Бүгінгі қоғамның сұранысы – түрлі сала тоғысындағы пәнаралық бағдарламалар мен мамандар даярлау. Оны жоғары оқу орындарына батыл енгізу уақыты келді.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияның пәнаралық әлеуетін бизнес, құқықтану, экономика, педагогика, психология, медицина және басқа да салаларда кеңейту, киберәлем негіздерін оқыту және мамандандыру өте өзекті. ЖОО ондай өзгерістерді ендіруге мүмкіндік алды. Білім беру бағдарламаларына енгізілген major (мэйджор) және minor (майнор) форматын пайдаланып, қосымша бағдарламалар жасақтауға әбден болады. Қосымша білім беру бағдарламасы мinor пәндер жиынтығы ретінде алынып, мамандандырылған сала бойынша қосымша құзыреттіліктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мақалада көтерілген тақырып бойынша алсақ, заң саласы мамандардың киберәлеуетін кеңейтуде пәнаралық модуль жасақтау, немесе мамандандыру арқылы киберқылмыспен күрес саласына қажетті құзыреттілікті қалыптастыратын білім бағдарламасын қолға алып жатқан оқу орындары да бар.
Аталған мақалада А.Құспан заңгер ретінде өз саласы бойынша мамандарға қажетті заманауи құзыреттіліктері туралы өте орынды ұсыныс айтып отыр. Осындай бағытта оқу орындарында жұмыс берушілер, серіктестер ұсыныстарын ескеріп, кәсіби стандарттар мен еңбек фунциялары негізінде қажетті құзыреттіліктер анықталып, қосымша пәнаралық білім беру бағдарламасы жасалуға тиіс. Оған негіз де бар.
Еліміздегі салалық сарапшылардың форсайт-болжамдары негізінде құрылған «Жаңа мамандықтар Атласы» әзірленіп, трансформацияланатын және жоғалып бара жатқан кәсіптер анықталды. Әр мамандық үшін сұраныс драйверлері, мамандардың алдында тұрған міндеттер және оларды шешу үшін қажетті білім мен дағдылар қарастырылып келеді. Соған орай оқу орындары жаңа құзыреттіліктерге негізделген білім беру бағдарламасын, модульдер мен пәндерді әрдайым жаңартып отыруға тиіс. Әрине, жаңа мамандықтар мен құзыреттерге сұраныс тудыратын негізгі трендтерді үнемі зерделеп отыру – пәнаралық мамандар даярлауда басты факторлардың бірі. Еңбек нарығы мамандарға қойылатын талаптарын өзгертіп отырады. Соған орай, кәсіби білім беру жүйесі технологиялық өзгерістерге жедел жауап беретін деңгейге көтерілуге тиіс. Бұлар пәнаралық мамандандыру және студентті жеке оқу траекториясында оқыту арқылы тиімді жүзеге асырылады.
Мақаладағы проблеманы тағы бір қырынан қарастырсақ, киберкеңістіктегі қарым-қатынас мәселесі тек құқықтану саласы емес, барлық мамандық үшін аса маңызды. Білім беру саласында киберпедагогика, киберпсихология, киберәлеуметтену сияқты салалар да дамытуды қажет етеді. Киберқылмыспен киберзаңгер күреседі десек, киберкеңістікте өмір сүретін жастарға білім беретін педагогтің дағдысы мен құзыретті қандай болуға тиіс? Постпандемия және қоғамның технологиялық трансформациясы цифрлы кеңістікті тек әлеуметтік желі, ақпараттық ресурс, оқыту платформасы ретінде қарастыруға болмайтынын көрсетті. Әлеуметтік желілер арқылы адамдар бір-бірін көрмей, кейде танымай-ақ байланысады. Онда бірін-бірі қолдау, пікір алмасу, кеңес берумен қатар, кибербуллинг, желідегі агрессия, киберқылмыстар бары да шындық.
Киберәлем бүгінде адам өмірінің бір бөлігіне айналды. Оның пайдасы мен зияны туралы сұрақ аз емес. Цифрлық технология білім беру аясын кеңейткенімен, оның ресурстары білім берудің әлеуметтік-құндылықтық мақсатын толығымен орындай алмайды. Білім берудің технологиясы көп болса да, ақпаратты зәру білімге айналдыру тек қана адамның өз санасында жүзеге асады. Бұл адамның киберкеңістікпен өзара әрекетіндегі кәсібилікті ғана емес, гуманистік құндылықтарды дамытумен байланысты.
Технология қарқыны тұлғаны киберәлеуметтендіру мәселесін тудырып, ол өз кезегінде киберәлемдегі сауаттылықты меңгерген педагог-мамандарды қажет етеді. Қазіргі қоғамда мамандардың «гуманитарий» мен «технарь» болып дәстүрлі бөлінуі біртіндеп жоғалып барады. Гуманитарлық салада технология мен жаратылыстану ықпалын түсінбей жұмыс істеу мүмкін емес, керісінше де солай. Бұл осы екі сала бойынша болашақ мамандарының өзара әлеуетін пәнаралық бағдарламалар негізінде дамыту қажеттілігін тудырады. Көптеген ел тәжірибесінде оқу орындары пәнаралық мамандарға деген сұраныстың артуына орай студенттерге екі-үш мамандандырылған бағдарлама ендірілгенін айта кету керек.
Болашақта мамандардың кәсіби өсуі мен тиімді қызметін қамтамасыз ететін пәнаралық білімге деген сұраныс артады деген болжам бар. Қазіргі кезең мектеп бітірушілердің оқу орнын таңдау кезеңіне сәйкес келіп тұр. Еңбек нарығының өзгеріп отыру жағдайын және бәсекеге қабілетті болу үшін жастардың көбі пәнаралық мамандандырылған оқу бағдарламасын таңдайтыны сөзсіз. Футуролог Д.Кашио айтқан «бүгінгі VUCA-әлемінің орнына келген BANI тұжырымдамасы – әлемдегі қазіргі жағдайды шынайы бағалау және оған жауап беруге дайын болу» жастарға ұсынылатын мамандықтарға тікелей қатысты.
Светлана БАХИШЕВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры