Біреуінің ғана етегінен ұстап, өзгесімен сыпайы қатынаста болудың себебі, көріп отырғанымыздай, жаратылыстары бір-бірінен алшақтау, жуыса бермейтіндігінде жатыр. Оларды бір терминнің құрамына жинақтайтын ортақ негіздері емес, ортақ тетік – бас әріппен жазылады және әрқайсысы жеке нысанның жалқы атауы ретінде қолданысқа түседі, яғни ұқсас қызмет атқарады. Қазақ ономастикасының тарихында жекелеген салалар бойынша қомақты зерттеулер жазған ғалымдар бар, солардың ішінде Телғожа Жанұзақ ағамыздың басты ерекшелігі – ол қазақ ономастикасының біртұтас болмысын сомдап шығуында. Сан тараулы саланың ортақ негізі ретінде жанды тіршілік иесі мен жансыз заттарға берілген жалқы атаулардың барлығын ұлттық тіл мен таным кеңістігі аясында өзара сабақтастырып, тілдік құрылым жүйесі бойынша лингвистикалық сипаттамасын ұсынды.
Телғожа Жанұзақтың зерттеулері адамзат пен ғаламзат есімдерін қамтиды. Аспан мен жердің арасындағы қазақ баласы ат қойып, айдар таққан барша жаратылыстың лингвистикалық табиғатына ұлттың көзімен қарады, оларды ұлттық таныммен таныды. Осынша ауқымды саланың ғылыми негізін қалап, біртұтас бейнесін сомдады. Қазақ ономастикасы салаларын жер-су атаулары, кісі есімі, этнонимдер (халық, ру, тайпа атаулары), жануарлар атаулары, аспан денелерінің атаулары, т.б. түрлеріне қарай жүйелегенде бірнеше ғана тақырыптың аясына жинақтағанмен, әрқайсысы тамырын тереңге жіберіп, жапырағын биікке жайған алып бәйтерек іспетті. Әрбір жапырағы замана желімен тербеліп сыр шертеді. Т.Жанұзақ олардың ешбірін бөтен көрмеді, барлығының ішкі әлеміне үңілді, сыбдырынан сыр аулады. Сөйтіп, қазақ ономастикасының тамыршысына айналды.
Әуел баста қазақ ономастикасының антропонимика (кісі есімдері) саласына ат байлаған. Себепші болған – белгілі түркітанушы С.Е.Малов. 1953 жылдың желтоқсан айының соңында 2 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасау жұмыстары бойынша тәжірибе алмасу үшін Қазақстан Ғылым академиясы жанындағы Тіл және әдебиет институтының аманаты – академик І.Кеңесбаевтың жазып берген хатын алып Ленинградқа барған жас ғалым үлкен олжамен оралады. Сөздік жасау жұмыстарынан мол мағлұмат алумен қатар, С.Е.Маловпен жолығып көп ақыл-кеңес тыңдайды. Сол жолы ғалым «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» деген тақырыпты ұсынады. Алғаш аты кеңінен танымал түркологтің алдында жүрексініп отырған жас ізденуші өзінің зеректігімен ғалымның назарын аударса керек, бір ай бойы үйіндегі кітапханасымен танысуына мүмкіндік жасайды, өзі де алтын уақытын қиып білгенін аямайды. Рухы желпініп, жаңаша түлеп шыға келген жас талапкерге ғалым үш түрлі шарт қояды: біріншісі – араб, парсы тілдеріндегі материалдарды пайдалана білетіндей оқу, жазуын білуің керек; екіншісі – Орхон-Енисей жазуын білуің керек; үшінші – тарихи әрі этнографиялық еңбектерді көп оқып, жетік білуің керек. Бұл үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас шәкірттің бағытын айқындар сәттегі жанашырлық талап еді.
Елге де үлкен аманат арқалап оралған Телағаң содан бері бүгінге арқасын суытып, бір демалған емес. Қазақ ономастикасына деген сүйіспеншілігінен жаңылып көрген жоқ. Оны өмір бойы отасқан жары, үйдегі жеңгейдің (профессор Ерғазиева Нарима Исмайылқызы) мына бірауыз сөзінен түсінуге болады: «Мен Төкеңнің адалдығына ешқашан күмәнданған емеспін, бірақ өмір бойғы қызғанышым ономастика болды, өйткені ол ономастиканы менен гөрі жақсы көрді!» – деп жұртты бір күлдірген еді.
Ғылыми бағытын айқындап алған жас талап алдынан ашылған ономастикалық кеңістіктің әр қиырына қалам сілтеді. Ілгеріде атап өткеніміздей қазақ тіліндегі атаулар әлемін барынша шарлады. Ғылымы мен ғұмыры қатар өрілген ұзақ сапарда өзіндік мәдени-танымдық кеңістігі де қалыптасып жетілді. Осы кеңістіктегі қомақты олжа салған бағытының бірі – қазақ есімдері болатын.
Кісі есімдері – ұлттық мәдени-танымның айнасы, ғасырлар бойғы халықтық талғамның негізінде сұрыпталып, өзіндік қоры қалыптасып, тіл мәдениетінің бір тарауы ретінде өмір сүріп келеді. Ол ұлттың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрімен тікелей сабақтастықта дамиды, сондықтан халық мәдениетінен тыс тұра алмайды. Осы тұрғыдан алғанда есімдердің лингвистикалық табиғатын саралауға арналған ғалымның еңбектері мәдени-танымдық қырымен де ерекшеленеді. С.Е.Малов ұсынған «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» тақырыбы бойынша 1961 жылы І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Сол еңбектің негізінде «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» атты ЖОО студенттеріне арналған оқу құралы жарық көрді. Осыдан соң 1971 жылы «Қазақ есімдерінің тарихы» атты монографиясын жариялады. Көне түркі жазба мұраларынан қазіргі заманға дейінгі кісі есімдерінің лингвистикалық, тарихи-этнографиялық, танымдық-мәдени негіздерін зерделеген, ғылыми қауым үшін де, жалпы кісі есімдерінің тарихы мен тағылымдық мәдениетін білгісі келетін көпшілік оқырмандар үшін де аса маңызды бұл еңбек түркі әлемінде алғаш рет жарық көрген көлемді ғылыми-зерттеу болатын. Осы зерттеулердің негізінде кісі есімдерінің мағынасын, шығу уәждері мен этимологиясын айқындауға арналған еңбек қалың қауымға «Есімдер сыры» деген атпен ұсынылды. Бұл кітап уақыт талаптарымен өзгеріп, жаңғырып-жасарып немесе өткен тарихымызды қайта еске алып отыратын кісі есімдерінің табиғатына сай әр жылдарда толықтырылып, қоғам сұраныстарына сәйкес қайтадан жарияланып отырды.
Қазақ есімдерінің күрделі ықпалға ұшыраған кезеңдерінің бірі, оның әсіресе соңғы жүз жылдық тарихтағы тағдырымен байланысты. Лингвистикалық табиғатына тікелей әсер еткен тарихи факторлар сол саланың мамандарын толғандырғаны белгілі. Қазақ есімі орыс тіліне аударылмайды, бірақ орыс тілінің заңдылығына бейімделе жазылады. Бұл талаптың астарында үлкен шығын жатыр еді. Үлкен шығын деп отырғанымыз ұлттық болмысынан ауытқып, сол тұста құжаттарда не орысша емес, не қазақша емес аты-жөндер пайда бола бастаған. Орыс тілі «модаға» шығып тұрған заманда оның қаншалықты ұлттық табиғатымызға жат екенін тек кісі есімдерінің сырларын терең танып жүрген Телағаң сияқты мамандар ғана аңғара алды. Айғаймен қорқытуға, соғысып жеңуге болмайтын қатал жүйені тек жүйемен ғана жеңу мүмкін еді. Сондықтан осы қиындықты жеңудің жолы ретінде 1988 жылы К.Еспаевамен бірлесіп, он мыңға жуық жиі қолданылатын кісі аттарын қамтыған «Қазақ есімдері» атты сөздігін жариялады. Бұл сөздікте ер мен әйел есімдері жеке тізіліп, тек есімдер ғана емес, әке аттары мен фамилияларының орысша, қазақша жазылу нұсқалары да көрсетілді. Ең бастысы, бұл еңбек қалың көпшілікпен қатар, Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары мен ИМ паспорт орындарына, ауылдық, селолық, қалалық, облыстық әкімдіктерге, бұқаралық ақпарат пен мектеп оқушыларына арналып еді. Қоғам өмірінің ауқымды бөлігін қамтыған бұл еңбектің негізгі мақсатын түсіне отырып, патриот ғалымның ішкі жан шырылы деп те, ауыруды дәл табатын тамыршы деп те бағалауға болады. Бұл еңбек идеологияның бет қаратпай тұрған тұсында, үнсіз дайындалып, мәселенің ың-шыңсыз шешілуіне, яғни ресми мекемелерде біршама қиындықтардың жеңілдеп, істің оңға қадам басуына ықпал етті. Ең бастысы, ресми мекемелерге қазақ есімдерінің артында іздеушісі барын сезіндірді.
Бұл кітап сол кезде паспорт үстелдері мен азаматтық хал актілерін тіркейтін орындарда, басқа да мекеме, ұйым, қоғам, мемлекеттік мекемелерде кеңінен пайдаланылатын аса қажетті құралға айналды. Белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы кісі аттарының жазылуына байланысты сорақылықтарға күйінген бір мақаласында Т.Жанұзақтың осы кітабын іздеген болатын, өкінішке қарай, қазіргі тиісті орындар өздеріне аса қажетті осы еңбекті пайдаланбағандықтан көптеген кемшілікке жол берілгенін сынады. Сондықтан елдігіміз бен тіліміздің ұлттық нақышын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып жатқан қазіргі кезде мемлекеттік деңгейде маңызы зор осы кітап толықтырылып, қайта жарық көрсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қордаланған осы мәселелердің құқықтық-нормативтік шешімін іздеу Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап-ақ қолға алынды. Осы мақсатпен 1991 жылы қыркүйекте «Egemen Qazaqstan» газетіне «Аты-жөн тарихына тереңдесек» дейтін мақала жазады. Артынан академик Ә.Қайдармен бірігіп, «Қазақстан Республикасында қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттарын және фамилияларын реттеу туралы» Тұжырымдаманы ұсынды. Бұл еңбек те 1994 жылы ақпан айында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланды. Осы Тұжырымдаманың негізінде 1996 жылы сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.
Тұтастай алып қарағанда Т.Жанұзақтың антропонимика саласындағы еңбектерінде қазақ есімдерінің тілдік табиғаты, тынысы мен тіршілігі, өткен тарихы мен болашақ тағдыры түгел қамтылды. Осы айтылғандардан-ақ оның ұлттық есімдердің жоғын түгендеуге қаншалықты үлес қосқанын шамалауға болады. Зерттеулерінің астарында қазақ тілі мәдениетінің даму тарихы мен халықтың ат қою принциптеріне қатысты көптеген ақпарат берілген.
Ғалым қазақ есімдерімен қатар, ономастиканың топоним, этноним, космоним, зооним, т.б. салаларын қамтыған «Қазақ есімдерінің негізгі проблемалары» тақырыбында 1976 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Әуелде ономастикалық атауларды жалқы есім ретінде біртұтастықта қарастырып, құрылымдық жүйесін негіздеп алды да, кейін әрқайсысын тереңдете зерттеп, жекелеген көлемді еңбектерге арқау етті. Ізденіс барысында Қазақстан Республикасының аймақтары бойынша жер-су атауларына арналған біршама еңбектер жариялады. «Орталық Қазақстан жер-су аттары, 1989 ж.», «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Жезқазған облысы, 1990 ж.», «Қазақстан Республикасының топонимдері, 2001», «Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы, 2005», «Қазақ ономастикасы. Казахская ономастика 1-том. 2006 ж.», «Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры. 3-том, 2007 ж.», «Қазақ ономастикасы. Топонимика. 2-том, 2008», «Жер-су атауларының түп-төркіні», «Жер-су атаулары. Этимологиялық анықтамалық, 2011 ж.», «Халықтық географиялық терминдер, 2013 ж.» (басуға берілген), «Академик Н.Сауранбаев, 2014 ж. (жауапты редакторы және авторларының бірі)», «Этимология древних топонимов, 2017 ж.», «Қазақстан Республикасы әкімшілік аумақтық бірліктер атаулары (Анықтамалық), 2017 ж. (жауапты редакторы және авторларының бірі)», т.б. секілді көлемді еңбектері мен әр кезеңдегі өзекті мәселелерге арналған мақалалары қазақ топонимикасына қосылған елеулі олжа болатын.
Осы еңбектердің негізгі мазмұнын жинақтай қарағанда қазақ ғылымына және Тәуелсіз Қазақстанның тілдік-мәдени дамуына қажет бағыттарды дөп басып танығанын байқаймыз. Қолданбалы зерттеу жұмыстары қазақ ономастикасының болашағы үшін аса маңызды өмірлік қажеттіліктер екен. Көп жылдар бойы жинаған тәжірибесінен түйгені мен зерделегені «халықтікі халыққа» деген қағидаға тиянақтап тұрғандай.
Қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы түркі және қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде 1968 жылдан 2010 жылға дейін абыройлы да игілікті қызмет атқарды. Осы тұста Т.Жанұзақтың қазақ тіл білімінің шегінен шығып, туыстас түркі халықтарының жоғын түгендеуге атсалысқанын көреміз. Кезінде қамқорлығын көрген түркі жұртының ғалымдары оны үнемі еске алып отырады. Осы іскерлік байланыстың арқасында ғалым дүниежүзі лингвистері бас қосқан XIII, XIV, XVII Халықаралық ономастикалық конгрестерге (Краков, 1978, Лейпциг, 1984, Хельсинки, 1990), Бүкілодақтық түркологиялық конференцияларға (Ташкент, 1980, Бішкек, 1986, Ленинград, 1965, Мәскеу, 1968, 1987, Алматы, 1985), Республикалық конференцияларға (Алматы, 1973, 1986; Ташкент, 1990, 1991; Баку, 1987, 1988) қатысып, баяндамалар жасады. Әлем ғалымдарының қазақ ономастикасына назарын аударды. Қазақ-түркі ономастикасы бойынша кәсіби мамандар дайындауда да айтарлықтай жұмыстар атқарды. Қазақ ономастикасы бойынша қорғалған еңбектерді айтпағанда Е.Бегматов (Өзбекстан), Ш.Жапаров (Қырғызстан). Г.Р.Алиев (Әзербайжан), А.Камалов (Башқұртстан), Г.Ф.Саттаров (Татарстан), т.б. секілді қазіргі түркологияда аттары танымал ғалымдардың докторлық диссертацияларына кеңесші болды (бірнеше папка көлеміндегі кандидаттық және докторлық диссертацияларға, түрлі жинақтар мен монографияларға жазған талдау, сараптау пікірлері қазір Телағаңның архивінде сақтаулы тұрғанын осы орайда ескере кеткен орынды).
Осы орайда Телағаңның ұйымдастырушылық қызметіне де тоқтала кеткен жөн. Желтоқсан оқиғасынан кейін кеңестік өктемдік мініп алған қаһарынан түспей тұрған жылдарда Қазақстан Жоғары Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары В.С.Сидороваға Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы ашық хат жазып, осыдан соң ол кісінің қолдауымен Жоғары Кеңестің тұрақты комиссиясының арнайы отырысында баяндама жасады. Қызу талқылаулардан соң Министрлер Советі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Ономастикалық комиссияның ережесін Телағаң өзі дайындады және 1990-2003 жылдары Үкімет қаулысы бойынша (1990 жыл 20 сәуір №150 қаулы) осы комиссияның тұрақты мүшесі әрі ғалым хатшысы ретінде халқымыз қолданған жүздеген географиялық атауларды қайта жаңғырту, яғни заманы өтіп ескірген атауларды өзгерту, бұрмаланғандарын қалпына келтіру – транскрипциясын түзету жұмыстарын жүзеге асыруға қоғамдық негізде қызмет етіп, орасан зор үлес қосты.
Осы жұмыстарды атқару барысында жинаған тәжірибенің негізінде келелі құжаттар дүниеге келді. Академик Ә.Қайдармен бірлесе отырып, «Республикадағы Мемлекеттік және әкімшілік аумақтық бірлестіктердің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту және тарихи-географиялық атауларын қалпына келтіру Тұжырымдамасын» дайындап шықты.
Қандай жұмыс атқарса да ғылыми негізін қалыптастырып, оның болашағына жол ашып жүретін ғалым, қазақ топонимдерінің де өткен тарихы мен алдағы болашағының арасындағы алтын арқаудың жібі сөгілмегенін қалады. Осы сабақтастықтың үзілмеуі үшін құқықтық-нормативтік ережелерін дайындады және шәкірттерімен бірлесе отырып, республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арнап 2001 жылы «Қазақстан Республикасының топонимдері. Топонимия Республики Казахстан» атты қазақ және орыс тілдеріндегі көлемді анықтамалықты дайындап, қолданысқа берді. С.Әбдірахманов, Қ.Рысбергеновалармен бірлесе отырып, 2002 жылы «Қазақстан Республикасындағы қазақ географиялық атауларын орысша жазу бойынша нұсқаулықты (Инструкция по русской передаче казахских географических названий Республики Казахстан)» қолданысқа берді. Қазақ жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, бұрмаланып, теріс жазылып жүрген атауларды өзгерту ісіне Т.Жанұзақ осылайша жетекшілік етіп, белсене атсалысқан еді.
Т.Жанұзақтың зерттеулері, сөз басында айтып кеткеніміздей, аспан мен жердің арасындағы қазақ баласы ат қойып, айдар таққан барша жаратылыс атауларын қамтыды. Оларды өзара сабақтастықта тани отырып, әрқайсысының өзіндік мәртебесін айқындады, яғни негізгі жүйесін қалыптастырды. Атаулардың табиғаты арқылы қазақ баласы, даласы, ұлттық әлемі үштігінің бірлігін анықтады. Осы үш саланың тізгінін тең ұстап, талай белестерден асқан Телағаң бүгінде мерейлі биігінде.
Т.Жанұзақ ұзақ жылдар ҰҒА жанындағы Тіл білімі институтының ономастика бөлімін басқарды. Ономастиканың түрлі салалары бойынша 300 мыңнан астам аса бай картотекалық қор жасалды, көптеген ономаст-мамандар дайындады. Бөлім жұмысы жүйелі, жоспарлы қалыпқа түсіп, қызметкерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстары қазақ ономастикасын жаңа деңгейге көтерді.
Саналы ғұмырының 70 жылын қазақ ономастикасына арнаған ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз бүгін тоқсан бес жасқа толды. Бұрынғы жазғандарына сын көзбен қарай отырып, бірер жыл бұрын еңбектерінің бес томдық жинағын жариялады. Ешкімнің көмегінсіз, әр сөзін жүрек сүзгісінен өткізе отырып, мұқият зерделенген еңбек болып шықты. Сөйтіп, қазақ ономастикасы дейтін ұғымның біртұтас болмысын сомдап, құрылымын жүйелеп, көпшілік оқырманға ұсынды. Әлі де айтары аз емес. Арман алыс, арқалаған әуелгі аманат арқасында...
Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,
Қыздархан РЫСБЕРГЕН,
филология ғылымдарының докторы