Қазақстан • 18 Шілде, 2022

Шерағаның аманаты

1064 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағидалы сөз бар. Осы идеяны іс жүзіне асыру мақсатында құрылған Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының жұмыс істей бастағанына екі жылдың жүзі болды. Аталмыш қор аз уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарды. Аудан аумағында қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асырды. Бірқатар білім ошағына көмек қолын созды. Алты мектепке музыкалық жабдықтар алынды.

Шерағаның аманаты

Айта кетейік, қорды елеу­лі ісімен елге танымал қоғам қай­­раткері, саясаттану ғылым­да­ры­ның докторы Қайрат Айтбаев басқарады. Осындай шаралар­дың ішінде ең ауқымдысы әрі ма­ңыздысы – Түлкібас ауданының бастапқы тарихи атауын қай­тару. Соңғы жылдары қайырым­дылық қоры осы мәселені шешуге ерекше ден қойып, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына елдік, ұлттық мүддені ұялатуда айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Бұдан бөлек Қордың иман­дылық бағытында жүзеге асы­рып жатқан жобалары да аз емес.

Кезінде қазақ көркемсөзінің көшбасшысы атанған халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз Түлкібас атауын Түркібасы деп өзгерту керектігін Тәуелсіздікке қол жетпей тұрып-ақ талай рет жазды. Елеп-ескерерлік тың деректер келтіре отырып, осындай байырғы атаулар алдағы уақытта азаттық­тың ақ таңымен бірге қайта жаңғы­рып, ұлт рухымен үндесетініне сенген. Сол айтқандарының бірінде: «Түлкі­басы десе, мен түлкінің басын елестете алмаймын. Түр­кібасы десе, көне заман көз алдыма келіп, көлбеңдей береді...» деген еді. Ендеше Түлкібасы ата­уын Түркібасыға өзгерту бүгін­гі ұрпақтың тарихи парызы. Шерхан Мұртаза бұны кейінгі ұрпақ­қа аманат етіп қалдырды. Аманат­қа қиянат жасамаған қазақ­пыз. Мо­йынына қарыз ілмей, Шер­ағаңнын аманатын орындау, бүгінгі өскелең ұрпақтың басты міндеті деп санаймыз. Түркібасы – Ұлы Жібек жолы бойында Алатау мен қарт Қаратаудың қауышқан жерінде орналасқан, табиғаты тамылжыған, тұла бойы тарихқа тұнған, шежірелі де берекелі бай өлке.

Ғажайып жер тарихының тұң­ғиығын үңіле шолар бол­сақ, әріде, тым тереңде жатқа­ны аңғарылады. Кезінде «Шараб­вент», «Бұдұқкент», «Тлмтодж», «Абардедж» деген үлкен қала­лардың орны анықталған. Бертін келе көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткері Тұрар Рысқұлов­тың тікелей басшылығымен 1926 жылы қорық болып ашылған Ақсу-Жабағылының жайы – беті құнар, түбі шүйгін бөлек сыр. Ауданда сонымен қатар небір әулие-әмбиелер мекендеген тарихи үңгірлер көп. Атақты Арыс пен Құлан өзенінің қосылар тұсында қос өркешті Түркібасы төбесі тұр. Түркі-Түркеш қағанаттары тұсында қағандардың ордалары қонған. Ақ шатырлары тігілген. Мұнда ұлы жиындар өткен. Тарихи дерек бойынша VI-VII ғасырда бұл жерде атақты Түркібасы Естемес Дулы Қаған шатырын тігіп, ел басқарған деген сөз бар. Соның құрметіне тау Түркібасы деп аталып кеткен. Ел әлі күнге дейін төбедегі Түркібасы әулие бастауына барып зиярат жасап тұрады.

Атақты академик Бартольд: «Түлкібас мүлде қате атау, дұрысы – Түркібасы» деп дәлелмен жаз­ған. Сол айтқандай, Түлкібас ауданының атын Түркібасы деп өзгерту туралы мәселе көптен бері жария етіліп жүр. Кейінгі жылдары аудан халқының арасында қызу талқыланып, Түркібасы атауына басымдық беріліп жатқаны тағы анық. Бұл мәселенің облыстағы тіпті республика көлеміндегі зия­лылар, әсіресе, ақын-жазушы­лар мен ғалымдар ортасында жиі көтерілгені мәлім. Парламент депутаттары тарапынан да қолдау табуда. Тіпті кезінде Премьер-министрге дейін жетіп, істің ақи­қаты ашық айтылды. Айта кету керек, 2018 жылы референдум өткізіліп, аудан халқы Түркібасы тарихи атауы қайта берілуін бір­ауыздан қолдаған болатын. Ре­ферендум нәтижесі облыс әкім­дігі тарапынан қолдау тауып, Пре­зи­дент әкімшілігі жан-жақты қа­рап, оң шешімін тапқандай болған. Соның негізінде Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің «Түркіс­тан облысының Түлкібас ауда­нын қайта атау туралы» (20 қа­раша 2018 жылы) қаулысы дайын­дал­ған. Кейіннен Қазақстан Рес­­пуб­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолданды. Онда «Аудан халқы мен өңір жұрт­шылығының тілегін қол­дап, тарихи әділдік орнауына ық­пал етіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай халық рухын көтеретіндей дем беретін оң шешім қабылдауыңызды сұрай­мыз» делінген.

Біртуар тұлға Шерхан Мұрта­за айтқандай, «Түлкібасы – тұлпар­лар туған жер, сұңқарлар қонған жер». Таңғажайып табиғатымен тартымды өңір күн өткен сайын көркейіп келеді десек, Тәңір­таудың текті төрі Түркібасы кең байтақ Қазақстан жерінің кие­лі бір бөлшегі, жер жаннаты іспет­ті. Соңғы жылдары салынған «Шы­­нар бастау» рухани демалыс аймағы бүгінде шипалы суы бар, халық көп келетін киелі орынға айналған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шұрайлы өлкенің ежелгі есті атауын өзіне қайтарып, Шер­ағаң­ның аманатын орындауға бәрі­міз қосылып атсалыссақ деген ой еді.

 

Сенбек ЕРАЛЫ,

Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры төрағасының орынбасары,

Түлкібас ауданының Құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024