Қазақстан • 18 Шілде, 2022

Қазақстан Қарулы Күштері: Отан күзетіндегі 30 жыл

788 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға баса назар аударылады. Бұл саладағы негізгі қағидаттар мен тәсілдер Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасында айқындалған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының әскери доктринаны, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта жарақтандыру және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі тұжырымдамасын қайта қарау жөніндегі тапсырмалары іске асырылып жатыр.

Қазақстан Қарулы Күштері: Отан күзетіндегі 30 жыл

Әскери қауіпсіздіктің негізгі аспектілері

Құрлық әскерлерінен, Әуе қор­ғанысы күш­терінен және Әскери-теңіз күш­те­рі­нен тұратын Қарулы Күштердің үш түрлі құрылымы же­тілдірілуде. «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтары өздерінің жауапкершілік аймақтарында жеткілікті әскери топтардың қалып­тасуын қамта­ма­сыз етеді. Десанттық-шабуылдау әс­керлері Жоғар­ғы Бас қолбасшының резер­ві ретінде қо­йылған міндеттерді кез келген ба­ғытта орындауға дайын.

Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің құрылымында Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оларға қорғаныс және әске­ри қауіпсіздік жөніндегі арнайы мін­дет­терді шешу, терроризмге қарсы опе­ра­цияларға қатысу және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жасау міндеттері жүктелді.

Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесінде үлкен рөл атқа­ратын аумақтық әскерлердің да­йын­дығын арттыру бойынша да қар­қын­ды жұмыстар жүргізілді. Мемле­кет басшысының Жарлығымен аумақтық қорғанысты ұйымдастырудың жалпы міндеттері мен жүйесі бекітілді. Аумақтық қорғаныс тапсырмаларын бір­лесіп орындау кезінде әскери басқару ор­гандары өкілеттіктерінің аражігі ажыратылып, жергілікті атқарушы ор­ган­­дармен өзара іс-қимыл тәртібі ай­қын­далды.

Аумақтық әскерлерді жабдықтау нормалары бекітілді. Жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық әскерлердің лауазымды адамдарының біліктілігі арттырылды. Жаттығулар, командалық-штабтық оқу-жаттығулар, әскери оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Аумақтық қорғаныс әскерлері Қазақстанның әскери қауіпсіздік жүйесінің пәрменді құралына айналуы үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр деуге болады.

Әскери ведомство қызметінің ма­ңыз­ды бағыттарының бірі – оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету. Бұл мәселелер тыйым салынған аймақтар мен аудандарды заңнамалық бекітуде, сондай-ақ «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасында көрініс тапты. Ол оқ-дәрілерді кә­деге жаратудың барлық процесін рет­ке келтіруді, қауіпсіздіктің тиісті дең­гейімен сақтау базаларын салуды және техникалық жарақтандыруды көз­дей­ді. Сақтау орындары елді мекендерден қауіпсіз қашықтықта орналасады. Бұл жоба азаматтардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Сол себепті біз үшін бұл сөзсіз басымдық болмақ.

о

Басты назарда – үйлестіру мен жауынгерлік дайындық

Бүгінде Қарулы Күштерде Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жауынгерлік даярлық бағдарламаларын қайта қарау, әскерлерді қолданудың жаңа тәсілдерін енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Әскерге жүктелген міндеттерді сапалы орындау мақсатында қалада және таулы жерлерде заңсыз қарулы құ­ра­лым­дарға қарсы іс-қимыл тәсілдері жетіл­ді­ріліп жатыр. Бұл ретте қорғаныс және шабуыл­дау сияқты классикалық ұрыс түр­ле­рі­не оқыту да жалғаса бермек.

Бөлімшелерді даярлау тәжірибесіне атыс дағдысы бойынша жаңа жаттығулар енгізілді. Тактикалық сабақтарда дағ­да­рыстық жағдайларды жою және төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету ке­зін­де әскерлерді қолдану мәселелері пы­сық­талуда. Ұшқышсыз ұшатын аппараттармен күресудің әртүрлі әдісін дамытуға да көп көңіл бөлініп келеді.

Ел Президентінің тиімді ведом­ство­аралық үйлестіруді қамта­ма­сыз ету, күштік құрылымдардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмалары шең­берінде «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық ко­мандалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

Оқу-жаттығу барысында мемлекеттік шекараны қорғауды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери қауіп-қатердің өршуі жағдайында терроризмге қарсы операция жүргізу мәсе­ле­лері пысықталды.

2022 жылдың басында «Қарулы Күш­тердің 30 жылдығына – біздің ерен еңбегіміз» ұранымен 28 мыңнан ас­там оқу-жаттығу және жауынгерлік атыстар ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер парашютпен 3 мыңнан астам секіру жасап, теңізге 185 рет шықты. Ұшқыштардың ұшу ауысымдары 300-ден асады.

Қазақстандық әскери қызметшілер халық­аралық форматта ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО алаңдарында Қытаймен, Пәкіс­танмен, Ресеймен, Түркиямен, Өзбек­ста­нмен және басқа да бірқатар мемле­кет­пен өткен оқу-жаттығуларға қа­тыс­ты.

Бұдан басқа, жауынгерлік оқу барысында басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бөлімшелерімен өзара іс-қимыл және практикалық тәжірибе алмасу жүргізіліп жатыр. Жаңа енгізілімдер Қарулы Күштер бөлімшелерінің жа­уын­герлік қабілетін арттыруға, қолда бар күштер мен құ­рал­дарды тиімді пай­да­ла­нуға мүм­кін­дік беріп отыр.

о

Цифрландыру әсері: уақытты, күш пен қаражатты үнемдеу

Қарулы Күштер қызметіндегі басым­дық­тардың бірі – цифрландыру. Бұл жұмыстар «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасының іс-шара­ла­рын іске асыруға қатысу, халыққа «Элек­тронды үкімет» порталы арқылы қыз­мет көрсету, басқару жүйесін автоматтандыру және әскери мақсаттағы ақпараттық жүйелерді енгізу сияқты үш бағыт бо­­­йынша жүргізіледі.

Жоғары буын басқармасы мен Құр­лық әскерлерінде деректерді берудің ведомстволық желісін құру әскери бөлімдер мен мекемелерді бірыңғай цифрл­ы ақпараттық кеңістікке бірік­ті­руге мүмкіндік береді. Қазіргі уақыт­та әскери басқару органдары мен меке­ме­лер­дің 41 пайызы осы желіге қосылған.

Автоматтандырылған жүйе әскерді басқарудың тиімділігі мен сапасын арттырып, шешім қабылдау уақытын қысқартады. Сондай-ақ күш пен қа­ра­жат­ты аз шығындап,табысқа жетуге мүм­кіндік береді.

Мәселен, Әуе қорғанысы күш­те­рінде планшетшілердің қол еңбегі тарихқа айналды. Жауынгерлік құрал­дардың дайындығын бақылау, мақ­сатты бөлу және штурмандық мін­деттерді шешу бағдарламалық-ап­параттық кешендерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Жауынгерлік іс-қимылдар кезін­де бөлімдер мен бөлімшелердің манев­рін қамтамасыз ету үшін Әуе қорғанысы күш­терін басқарудың авто­мат­тан­ды­рыл­ған жүйесінің ұтқыр кешендері енгізіліп жатыр. Майдандық, армиялық, сондай-ақ көлік авиациясын басқару мүмкіндігін арттыру мақсатында арнайы бағдарламалық қамтылымның функционалы кеңейтіледі.

Қарулы Күштер ресурстарын бас­қару­дың автоматтандырылған жүйе­сі­нің құрылған ақпараттық жүйелері дамып отыр. Бүгінде қолда бар және құры­латын анықтамалықтар мен жікте­уіш­тердің негізінде есептеу-жабдықтау бір­­ліктерін қалыптастыру процесі автоматтандырылды.

Жауынгерлердің жетістіктері шеберлікке негізделген

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бітімгерлік процестерге бастамашыл бола отырып, Халықаралық қауіпсіздік қағидаттарын ұстанып келеді. Бүгінде қазақстандық контингенттің БҰҰ-ның Ливандағы бітімгершілік миссиясына және Батыс Сахарадағы әскери бақылаушыларға қатысуы жалғасады. Біздің әскери қызметшілер өте күрделі жағ­дайда өткен азаматтарымызды Кабул­дан эвакуациялау операциясына қа­тысты.

Кадрларды даярлаудың ұлттық жү­йе­сі шеңберінде бүкіл әскери маман­дық бойынша оқыту жүзеге асырылады. Офицерлердің, сержанттар мен сарбаздардың кәсіби шеберлігі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің әскери қызметшілер барлық жерде рух күшін, қазіргі заманғы, күрделі жауынгерлік техника мен қару-жарақты меңгерудің берік дағдыларын көрсетіп жүр.

Қазақстандық әскери қызметшілер Армия халықаралық ойындарына тұрақ­ты түрде қатыса отырып, жақ­сы нәти­желер көрсетеді. Маңызды халық­ара­лық және республикалық спорттық жарыс­тар барысында армия спортшылары жеңімпаз болып, 179 алтын, 99 күміс және 89 қола медаль иеленді.

о

Әскердегі қызмет – жауапты патриоттық миссия

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мемлекеттің басты басымдық­та­рының бірі болып қала береді. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ететін органдарда, оның ішін­де Қарулы Күштерде еңбекақы төлеуді жүйелендірді. 2021 жылы әскери қызметшілердің жалақысы 35 пайызға өсті. 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш орта есеппен 60 пайызға артпақ.

Нормативтік құқықтық актілерге резервтегі қызметке, әскери қызмет­ші­лерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, материалдық-техникалық жарақ­тандыруға және басқа да өзекті мәселе­лер­ге қатысты бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді.

Жергілікті атқарушы және мемле­кет­тік органдармен, соғыс және Қарулы Күштер ардагерлерімен бірлесіп, жас­тар­ға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары жүргізіледі. Еңбек нары­ғын­да сұранысқа ие мамандықтар бойынша мерзімді қызметтегі әскери қыз­мет­ші­лер­ді даярлауды ұйымдастыру жолға қойылды. Жастар армиядағы қызмет елдің әрбір азаматының конституциялық борышы ғана емес, сондай-ақ жауапты патриоттық миссиясы екенін түсінеді.

Бүгінгі таңда өз өмірін әскери маман­дық­пен байланыстырғысы келетін жас­тар санының өсуі кездейсоқтық емес. Олар әскери мамандықтың қыр-сырын табандылықпен зерттеп, заманауи техника мен қару-жарақты игеріп, оқу-жаттығуларда жауынгерлік машық пен шеберліктерін паш ете білді.

Мұндай үрдісті барынша қолдаймыз. Сондықтан қажет болған жағдайда әске­ри қызметшілеріміз елдің аумақтық тұтас­тығы мен егемендігін қорғау жөнін­дегі міндеттерді абыроймен орындайты­ны­на сенім мол.

 

Марат ҚҰСАЙЫНОВ,

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары –

Қарулы күштер Бас штабының басшысы,

генерал-лейтенант