Мұның салдары өзінің кері әсерін екіқабат аналарға да тигізіп жатыр. Олардың біразы ашқұрсақ, аурушаң, тойып тамақ жемеген соң кез келгенінің анемияға (қан аздыққа) шалдығу қаупі де аса жоғары. Ондай аналардан қайбір дені сау нәресте дүниеге келсін. Сондықтан дүниеге ұрпақ әкелетін ананың денсаулығы да жақсы болуы керек және ол құрсағындағы шаранасын да қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін тамағы тоқ, уайымы жоқ болуы керек. Шын мәнісінде екіқабат әйел де емізетін әйел сияқты дұрыс тамақтанғанда және көңіл күйі жақсы болғанда ғана дүниеге денсаулығы дұрыс баланы әкеле алады.
«Ұлт боламын десең, ұрпағыңды ойла!» дейді дана халқымыз. Ұрпақ тәрбиесі – қай заманның, қай қоғамның болсын ең өзекті мәселелерінің бірі. Бала тәрбиесіне енжар қараған ата-ана ертең сан соғары сөзсіз. Демек алдыңғы буын өкілдері алдын ала жоспарлы түрде баланың денсаулығына көңіл бөліп, оның тәрбиесін де назарда ұстаса, бұл істің өз нәтижесін беретіні еш күмән туғызбайды.
Төле би бабамыздан айналасындағы жақын жүрген адамдары «Кейінгі ұрпақтарыңызға қандай өсиет қалдырасыз?» деп сұрапты. Сонда айтқан бабамыздың «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер, адыра қалады. Көпті қорлаған, көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады, халық азса, хандыққа таласады» деген өсиетті сөздері әрбір қазақтың жүрегінің төрінен орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл қазына болып қалуға тиіс.
Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,
балалар хирургі, профессор
ТАРАЗ