Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында Маңғыстауда өткен оқиғалар туралы зерттеу жұмысын жүргізіп, оны басылымдарда жариялаған болатынмын. Зерттеу еңбегіміздің бір бөлімі саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған халық батыры, Адай төңкеріс комитетінің бірінші төрағасы, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, елінің аумақтық тұтастығы үшін күресушілердің бipi Әлниязұлы Тобаниязға арналған еді.
Тобанияз Әлниязұлы Маңғыстау өлкесі, Қаратаудың бойындағы Ақшымырау деген жерде 1875 жылы кедей отбасында дүниеге келген. Он үш жасқа толғанда әкесі дүниеден озып, отбасының тауқыметі мойнына ерте түседі. Ол жастығына қарамай өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқор болып, шаруашылық жұмыстарымен ерте шұғылданады. Жастайынан ақылды, сөзге шебер болып, ауылдастары арасында ертерек көзге түседі. Барған сайын атағы елге жайылып, оған халық үлкен үміт артады.
Тобанияз патша өкіметі тұсында Бозашы түбегіндегі Шылым болысына болыс болып сайланады. Бірақ бұл қызметті ұзақ атқарған жоқ. Себебі Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы тұрып, қазақ жігіттерін армияның қара жұмысына бермеу үшін жергілікті әкімдермен бітіспес күреске түседі. Ақырында оны түрмеге жауып, тек Ақпан төңкерісі кезінде босатылады. Яғни саналы қызметінің басынан-ақ халық жағында болды.
Қазан төңкерісі басталғанда Тобанияз әскери жасақшылар қолбасшыларының бірі ретінде бүкіл Адай уезінде аты әйгілі азамат болған кезі еді. Өзі жеті атасынан кедей болғандықтан, Қазан төңкерісін үлкен үмітпен қарсы алып, Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласады.
Кеңес өкіметі Маңғыстауда Қазан төңкерісінен кейін 15 күннен соң орнады. Жаңа өкіметті қолдаудың бір айғағы 1918 жылдың тамызының 23-інде Маңғыстауға, Қараған түбегіне Астрахань қаласынан теңіз арқылы Ә.Жангелдин бастаған интернационалдық отрядтың келіп түскені бізге мәлім. Бұларды Тобанияз Әлниязұлы бастаған ел азаматтары қарсы алып, Бозашы түбегіне, елдің қалың орналасқан жеріне жеткізеді.
Осы кезде ел ішінде «Маңғыстауға орыс әскерлері келіпті, бұлар да баяғы патша басқыншылары сияқты халыққа қысымшылық жасайтын орыс отаршылары болар» деп жергілікті қазақтар сезіктене бастайды. Бірақ Тобанияз және басқа да ел азаматтары халық арасында дұрыс түсінік жұмысын жүргізіп, жұртқа шындықты айтты. Адайлар интернационалдық отрядты қарсы алып, Әліби Жангелдинге қолдау көрсетті. Тобанияз өз тарапынан ел арасында өкімет саясатын, оның мақсаты жөнінде түсінік жұмысын жүргізіп, Қаратөбе, Мәстек деген жерлерде Адай елінің съезін ашып, Маңғыстау революциялық комитетін құрды. Бұл 1918 жылдың күзі болатын.
Тобанияздың ұйымдастыруымен Жангелдин отряды керекті адам күшімен, көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ел арасындағы алауыздықтан, қауіп-қатерден жол табудың арқасында су тапшылығына жолықтырмай, отрядтың аман-сау, екі жарым ай жол жүріп, Ақтөбе майданына, Шалқарға жетуіне көмектесті. Жергілікті халық Әліби Жангелдин экспедициясына 600 түйе, 700 жылқы беріп, жолшыбай тамақпен, жем-шөппен қамтамасыз етті. Тобанияздың көмегімен 100-ден аса қазақ жігіттері экспедиция жауынгерлері қатарына қосылады.
Т.Әлниязұлы Маңғыстау революциялық комитетінің төрағасы қызметімен қатар, Қырғыз (Қазақ) дала өлкесінің төтенше комиссары Әліби Жангелдиннің Маңғыстау уезі бойынша орынбасары болып тағайындалды. Тобаниязға мұндай мемлекеттік тұрғыдағы жауапты міндеттің жүктелуін төмендегі құжаттан көруге болады:
«Дала өлкесінің төтенше комиссарының Маңғыстау уезі бойынша орынбасарына инструкция.
Маңғыстау уезі. Қазан айы, 1918 жыл.
Торғай облысына кетуіме тура келгендіктен, бұл жердегі тұрғындарды Кеңес өкіметі мен Қырғыз (Қазақ) өлкесінің автономиясын ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын жүргізу үшін, Сізді өзімнің Маңғыстау уезіндегі орынбасарым етіп қалдырамын.
Сіз тікелей маған бағынатын, уездегі жоғарғы өкімет болып табыласыз, сондықтан Сізге жүктелген тапсырмаларды орындау барысында менің көмегіме сүйенуіңізге болады, – дей келіп, ... әртүрлі шекаралық дауларды шешуге және көршілік қатынастарды орнықтыру үшін көршілеріңізбен келіссөз жүргізуге құқыңыз бар. ...
Қырғыз өлкесінің далалық төтенше комиссары Ә. Жангелдин.»
1920 жылы 4 қазанда Бүкілқазақстандық I съезд Маңғыстау уезін Адай уезі деп жариялайды. 1917-1920 жылдары бірде ақтардың, бірде қызылдардың қолына көшкен өкімет өз билігін Форт Александровск қаласынан басқа жерге жүргізуге шамасы жөнді келмеді.
Маңғыстау түбегінен бастап, Ойылға дейін, бip жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең-байтақ далада көшіп жүрген ел арасында бірден-бір билік жүргізу құқы тек қана революциялық комитеттің төрағасы, «Адайдың ханы» атанған Тобанияз Әлниязұлының халық арасындағы аса жоғары абыройы мен беделінің арқасында жүрді деуге болады. Тобанияздың басшылығымен революциялық комитеттер елдің жағдайын түзеу жолында бұқара арасында саяси, мәдени-тәрбиелік, әлеуметтік шаруашылық жұмыстарын жүргізді.
Алғашқыда ұлт істері жөніндегі халық комиссарының орынбасары, содан соң көп кешікпей Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару бойынша әскери революциялық комитетінің төрағасы болған С.С.Пестковскийдің қолдауымен Қырғыз (Қазақ) әскери комиссариаты арқылы Адай уезі ревкомының құрамына енгізілген Данилов пен Холодков және Форт-Александровскідегі Кеңес өкіметінің өкілдері Тобаниязға сенімсіздікпен қарайды, әcipece уездің әскери комиссары Лаптев және уездегі төтенше комиссияның төрағасы Маньковичпен ара қатынастары барған сайын шиеленісе түседі. Оның бір себебі бұлардың барлығы Тобанияздың болыстық және ауылдық ревкомдарды құрған кезде Адай ішіндегі беделді адамдарға сүйенгенін қолдамай, оларды Кеңес өкіметіне жат элементтер деп есептеді.
Кеңес өкіметі орнаған кезінен бастап-ақ Маңғыстау уезінде милиция, сот, прокуратура, тағы да басқа органдар болғанымен, олардың жұмыстары Тобанияз басшылық еткен кезде, билер алқасымен, ескіден келе жатқан ел дәстүрімен байланыстырылып жүргізілді. Ел арасы алыс, көшпенді елде қылмыс та аз болатын, тіпті қылмысқа қарсы жүйелі заңдар да жоқтың қасы еді. Сондықтан да ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта, құн төлеу және тағы да басқа ұсақ-түйек келіспеушіліктер артында өкініш, кек қалдырмайтын халықтың дәстүрлі билер сотымен шешілетін.
Бірақ Тобаниязға оның қызметінің бас кезінен-ақ орталық қырын қарап, сырттай қауіптеніп, оған сенбей үнемі бақылауда ұстаған сияқты. Сол кездің өзінде-ақ, 1921 жылы 13 каңтарда РКП Кирпартбюроның отырысында КирЦИК-тің мүшелігінен үміткер Әлниязов пен Жұбаевты бекіту туралы мәселе қаралып, онда Ішкі Іcтep Халық Комиссариатындағы материалдар анықталғанша Әлниязовті бекітуді уақытша тоқтата тұру туралы қаулы қабылданған. Сол жылы 3 наурызда Қазақстан Орталық Атқару Комитетіне Әлниязовті сақтықпен қайтарып алу туралы ұсыныс жасауға шешім қабылданса, ал 30 сәуірде енді Темір ауданынан Әлниязов үстінен түскен арыз қаралыпты.
Ақырында оны 1921 жылы 14 сәуірдегі Кирпартбюро отырысының қаулысымен Адай ревкомының төрағасы етіп бекітеді. Бірақ1922 жылы оны қудалауға Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдері белсене кіріседі. Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінің жетекшілері – Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовпен оның тығыз байланыста болғандығынан да қауіптенсе керек.
Тобанияз контрреволюциялық топтың басшысы, қол астында Құрмаш Қосжанов бастаған қарулы тобы бар деп кінәлауына негіз болды. «Қосжанов Құрмаш бастаған бандылар қозғалысының басты дем берушісі әpi идеологиялық жетекшісі, «Адайдың ханы» Тобанияз Әлниязов. Ол өзі де бандыларға қосылып, олардың қимылына еріп жүр...» – деп көрсетеді «Адайлар ісінде». Кейбір деректерге қарағанда Құрмаштың Тобаниязбен байланысын өтірікке шығаруға болмайды. Бірақ Тобанияз Құрмашты жөнге салып, оның қарулы тобын Түрікмен, Хорезм жақтан жасалатын тонаушылық шабуылдарға тойтарыс беріп, халық тыныштығын қорғау үшін пайдаланған.
1921 жылы Хорезм жерінен Адай уезінің шекаралас ауылдарына бірнеше рет шабуыл ұйымдастырылады. Бұған дейін де ұзақ уақыт бойы Адай уезінің территориясына түрікмен қарақшылары шабуыл жасап, жергілікті адамдарды өлтіріп, малдарын айдап әкетіп отырған. Тобанияз бірнеше жүз қаруланған адамдарымен 1921 жылы қыркүйекте Қоңырат қаласына барып, ешқандай қақтығыссыз ел басшыларымен келіссөз жүргізеді. Т.Әлниязұлының Қоңыратқа барып, елге тыныштық орнатуын, халық арасындағы оның абыройын, беделін арттыра түседі де, керісінше, бұл жергілікті әкімшілікке, партия-кеңес қызметкерлеріне ұнамады. Ел ішінде алауыздық күншілдік, рушылдық, бақталастық өрбиді.
Партия-кеңес басшылары мен революциялық комитеттің арасындағы жұмыс бабында да қайшылықтар біліне бастайды. Жаңа өкіметтің – жай халыққа, жұмысшы-шаруаға еркіндік беріледі, барлық азамат тең құқықты болады деген сияқты үндеулері, партияның, кеңестің саясатын жете түсінбегендердің, әcipece басшы қызметкерлердің арасында қайшылықтар туғызбай қойған жоқ. Біреулер революциялық комитеттің ұстаған бағытын қолдаса, шолақ белсенді коммунистер кеңесті қолдады.
Бұл жағдай Т.Әлниязұлының істеген ic-әрекеттері үшін оны қызметінен алу керек деген жергілікті коммунистердің өтініштеріне орталық басқару органдарының құлақ асуына тура келді. 1922 жылы ол тұтқындалып, Орынборға жөнелтіледі.
Тобанияз Әлниязұлына қарсы қозғалған айыптауларының мәні КазЦИК-тің төтенше өкілі мен облыстық партия комитетіне, Қозыбековке 1922 жылы қыркүйектің 6-сында ГПУ-дің Адай уезі бойынша өкілі Рыбоследовтың жолдаған мәліметінде баяндалған. Т.Әлниязұлы мен оның серіктеріне қырдағы тұрғындардан қару-жарақ жинау жөніндегі ГПУ органдарының ic-қызметіне көрсеткен қарсылық әрекеті, жеке-дара «хандық» билік орнатқаны, соның ішінде 1921 жылдың азық-түлік жөніндегі салықтың орындалмай қалуы ревком төрағасының әлегінен деген айыптар тағылды. Бұған архив деректері куә.
Революциялық комитеті төрағасы Тобанияздың орнынан алынуының бірінші себебі, оның Хорезмге жорығы болса, екінші себебі, партия, кеңес қызметкерлері мен ревком аппаратының арасындағы қайшылық болды.
Хорезмге сапарынан кейін, республиканың жоғарғы органдары ревкомның жұмысын, оның ел арасындағы жүргізген саясатын қатты тексеріп, олардың басшыларын қысымға ала бастады. Кейін орнынан алып, қылмыстық іске тартты. Сол кездегі уез халқының үкімет саясатына қарсы белең алған наразылығын революциялық комитеттің басқа да беделді азаматтарынан көрді. Соның ішінде Тобаниязды барлық келеңсіз жағдайды ұйымдастырушылардың басшысы ретінде айыптап, оның соңына шырақ алып түсті. Осыған бір дәлел №1353 Бүкілодақтық Төтенше комиссияның бір құжатында оған мынадай мінездеме береді: «Тобанияз Әлниязұлы әулетті, құрметті тұқымнан, Қазақстанда өте беделді, белгілі адам, патша өкіметі тұсында бірнеше жыл болыс болған, бұрын да, қазір де үлкен бай... Барлық Адай жерінде үлкен беделді, ықпалды адам. Ол 1920-1923 жылдары округ революциялық комитетінің төрағасы болды, ол жұмыстан түскеннен кейін де адайды басқаруын қойған жоқ, «хан» атанды. Өзіне «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген жазуы бар дін уағызына сәйкес мөр жасатты. Кеңес өкіметінің заңына бағынбай, ел арасында үстемдік жүргізеді. Ел ішіндегі жағдайды тұрмыстық, дін жолымен шешті» делінген. Осы сияқты мінездемелерді бұдан басқа бірнеше құжаттан кездестіруге болады.
Тобанияздың бүкіл қазақ халқының, оның ішінде Адай округі, елінің алдында ықпалы аса зор болғанын, партия-кеңес органдары да, мемлекеттік біріккен саяси басқарманың аппараттары да мойындаған. Ол революциялық комитеттің төрағасы жұмысында жүргенде Адай округінің 1919 жылға дейін Түрікменстанға бағынуына наразы болып, Орынбордағы Қырғыз (Қазақ) Республикасының басшыларымен 4 айдай сөйлесіп, осы жұмысты дұрыс шешіп, Адай округі 200 жылдан кейін Қазақстанның құрамына енген.
Революциялық комитеттер, ауылдық кеңестер, кейін Тобанияздың ұсынысымен ауылдық революциялық комитеттер болып қайта құрылып, елдің жағдайын түзеу жолында бұқара арасында саяси, мәдени-тәрбиелік, әлеуметтік-шаруашылық жұмыстарын жүргізеді. Ел тек революциялық комитетті таныды, ел арасында бұлардың қажеттілігі арта түсті.
Партия-кеңес ықпалы халық арасында мардымды түрде жүрген жоқ. Мұның бірінші себебі, ол кезде партия қатарына тартылғандардың саны өте аз болса, олардың білім деңгейі, саяси сауаттылық өpici өте төмен болды. Сондықтан халық арасында кеңестің жұмысын тиянақты түрде үгіттеуге шамалары келмеді. Халық бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-санасын, әлеуметтік жағдайын күрт өзгертіп, партия-кеңес саясатына сәйкес жүргізуге аса ынталы болған жоқ. Екіншіден, ауылдық кеңестерде, ауылдарда, шаруашылық қызметтеріне жастар, «тілектестер» тобы тартыла бастағанмен, комсомолдар қатарына кірушілер саны көбейгенімен, бұлардың белсенділігі де онша артып жарымады. Үшіншіден, партия-кеңес жұмыстарына кіргендердің арасында, басшылық жұмысқа, билікке таласуға әуестенушілер де аз болған жоқ. Осыны іске асыруда өтірік-өсек, пара беру арқылы жақын туыстарын билік орнына, сауда-саттық жұмысына орналастыруға бар күштерін салды, мұндай жағдай кеңес саясатын жүргізуге аса зор қиыншылық әкеліп, өкімет ісіне келеңсіз көлеңке түсірді.
Осындай келеңсіз жағдайларға төтеп беретін бip ғана орган – революциялық комитет болды. Революциялық комитеттің жүргізген саясаты халықтың салт-тұрмысын, әдет-ғұрпын, ескіден келе жатқан ел арасындағы қарым-қатынасты, дау-жанжалды, соның ішінде, жер дауы, жесір дауын, барымталарды сол кездегі Кеңес заңы мен оның саясатына байланыстыра отырып жүргізуге тырысу болды.
1927-1928 жылдардан бастап Адай округінде алым-салық, мал дайындау науқаны кезіндегі асыра сілтеушіліктің салдарынан халық арасында наразылықты күшейте түсті. Өкімет саясатының бұрмалаушылығынан, байлар да, орта шаруалар да, тіпті 10-15-тей қой, 3-4 қарасы бар кедейлер де тіркелуге ілігіп, болмаса барлық малын салыққа төлеп, қайыршылыққа ұшырай бастады. Осыдан қашып бас сауғалау үшін, бірқатар байлар, әлді шаруалар басқа жерлерге үдере көше бастады.
Осындай ауыр жағдайлардың орын алу себебін заң бұрмалаушылардың тарапынан болып жатқанына жоғарғы өкімет басшылары мән бермеді. Кезінде тыңғылықты шара қолданудың орнына, мұны елдің беделді азаматтарына жапты. «Елдің арасына іріткі салушылар, халықты өкіметке қарсы бас көтеруге ұйымдастырушылар» деп қылмыстық іске тартуды көбейтті. Біріккен саяси басқарманың контрреволюциялық «Адайды құтқару» тобы туралы тергеу құжаттарында: «Әлниязұлы Тобанияздың бастамасымен құпия жиналыс өткізіліп, онда елді Түрікменстанға, Ауғанстан мен Персияға көшуге үгіттеу жүргізілді» деп көрсетілген. Құжаттарға қарағанда, осындай келеңсіз жағдайлардың бел алуының басты себебі Тобанияздың басқаруымен ұйымдастырылып жүрген ic делініп, мұның үстінен неше түрлі мәлімет жинаған.
Құжаттардағы мәліметтерге қарағанда және Тобанияздың тергеу кезіндегі жауабы бойынша да партия-кеңес органдары, Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы Тобаниязды орнынан алғаннан кейін де, «заңдық жолын тастаған жоқ, ел осы кісіге бағынады, осының айтқанын жасайды» деп соңынан қалмаған. Ел ішіндегі ыңғайсыз жағдайларға дейін Тобанияздың ықпалымен болып жатыр деп білген. Т.Әлниязұлы соңына түскен Біріккен саяси басқарма 1929 жылдың желтоқсанында онымен бipгe тағы да бірнеше адамды тұтқынға алады. Бұл іске «Байлардың, саудагерлердің, патша өкіметінің бұрынғы Адай округі Кеңес қызметкерлерінің контрреволюциялық ұйымы» деген қылмысты іске қатынасушылар деп, Қылмыстық кодекстің 58-2 бабымен 70 адамды айыптап тұтқындаған.
1930 жылдың наурыз айының басында Тобанияздың үстінен жүргізілген тергеу ici аяқталғанға ұқсайды. Оған дәлел де бар. 1930 жылғы 12 қыркүйекте Біріккен саяси басқарманың Гурьев округтік бөлімі Т.Әлниязұлын Алматыға толық құқықтық уәкілдігінің қарауына жіберуге қаулы қабылдайды. Бірақ оның не үшін Алматыға алдырылғандығы жөнінде құжаттарда ештеңе айтылмайды. Кейін бұл жұмбақтың шешуін ҚР ҰҚК мұрағатындағы №011377 істің, 3-томынан табылған Актіден таптық. Онда 1931 жылғы, наурыздың 9-ы күні – Алматы қаласында сағат 23-те Қазақстандағы ПП ОГПУ жанындағы Үштіктің 1930 жылғы 9 қазандағы №2434 іс бойынша Алниязов Тобониязға (Тобанияз – Б.Ж.) қатысты жазаның ең жоғары түрі туралы үкімнің орындалғандығы баяндалады. Ақтау қаласындағы бұрынғы және кейінгі ескерткіштерінде, басқа да баспадан шығып жүрген ғылыми-көпшілік еңбектерде Т.Әлниязұлының өлген жылы 1930 жыл деп көрсетіліп жүр. Міне, сөйтіп бұрынғы және кейінгі ескерткіштеріндегі өлген жылы 1930 жыл деген жазуды өзгерту керек сияқты.
Осыдан кейін көп кешікпей-ақ 1930 жылдың 9 қазанында Қазақстандағы мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдігі үштігінің ұйғаруымен ic бойынша айыпталушы 70 адамның 61-i (9 адам тергеу аяқталғанша түрмеде қайтыс болды) сотталды. Үштіктің шешімімен Тобанияз бастаған 21 адамды атуға, қалғандарының дүние мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеге жабуға үкім шығарады. Бұл ic араға ұзақ уақыт салып қайта қаралып, 1962 жылдың 8 ақпандағы және 1990 жылдың 26 сәуіріндегі Қазақстан Республикасы жоғарғы сотының қылмысты істер жөніндегі алқасының шешімімен айыпкерлердің әрекетінде қылмыстық құрамының болмауына орай, ic қысқартылды. Сөйтіп, Адай елінің арыстары еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана халқымен қайтадан табысып, ел тарихынан әділ орнын алған еді.
Болат ЖҰМАҒҰЛОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
профессор
Алматы