Ахмет Байтұрсынұлы • 21 Шілде, 2022

Бірдің бірегейі

841 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

Тіршілігіміздің негізін қалап, өмір сүруі­міздің заңдылықтарын қалыптастырған ежелгі ата-бабаларымыз кейінгі ұрпа­ғы­на өз тәжірибелерінен түйіндеп: «Ба­рын бағалай білгенге бақ қонады, құн­дылығын құнтай білгенге құт қонады» деген өсиет сөз қалдырыпты. Осы сөз­дің тамырын басып, айтпағын бүгінгі күннің тұрғысынан зерде сүзгісінен өткізіп, ой таразысына тартсақ, адамның басына бақ қонып, бақытты өмір кешуінің де, тірлік қарекетіне құт дарып, ырыздық несібесінің молайуының да тетігі – әркімнің өз ғұмырында пенделік ашкөздік бәсекенің құлы болмай, қанағат құшағында барыңның байыбына жетіп, бағасын білуінде, құндылығыңның құтын қашырмай, қадір-қасиетін сақтай алуында жатқанын аңғару онша қиындық тудырмайды. Алайда солай болғанымен, осы бір қарапайым қағиданы орындауға келгенде әлі күнге дейін ата-баба өсиетіне адалдық танытып, барымыздың бағын ашып, әр­қайсысына өздеріне лайық әділ баға бере алмай жүргеніміз де шындық. Өткеннің жақсысынан үлгі-өнеге алып, оны уақыт талабына сай жетілдіріп, дамыта алмай жүргеніміз де содан болса керек.

Бірдің бірегейі

Былай қарасаң, бәрін білеміз. Өйтке­ні жекелеген біреулер болмаса, «әттеген-ай, білмегендіктен осылай істедім-ау» деп, қылығына қысылып, өкініп жүрген көпшілікті көрмейсің. Соған қарамастан, білгендерін жүзеге асырып, соның игілігін көріп жатқан жұрт тағы байқалмайды. Сөз көп, тындырылған іс жоқ. Мұндай бәтуасыздықтың орын алып, етек жаюы – ғасырларға созылған кешегі патша­лық, большевиктік тоталитарлық жүйе­нің халқымызды ұлттық ортақ мүддеге орайластырар қалыптасқан танымдық бірлігінен, саналық тұтастығынан ажыратып, тек берілген тапсырманы ойсыз орындай берер тобырға айналдыр­ған аса қатыгездікпен жүргізген зұлым саясатының сойқанды салдары екенін баршамыз бірдей ұғынып, соның зардабын жоюға мақсаткерлікпен бірлесе күресе алмай отырғанымыздан екені де жасырын емес. Осы себепті бодандық бұғауынан құтылып, өз тағдырымыз­ды өзіміз шешуге мүмкіндік алғаны­мыз­ға табаны күректей 30 жыл өтсе де, әлі күн­ге жағдайды жете танып, елдің ертеңін, халықтың игілігін ойлаған есті­леріміздің төңірегіне топтаса алмай, әрқайсысымыз өз таным-түсінігіміздің жетегінде өз тірлігімізді жөн көріп, бас пайдамыздың қамымен бір-бірімізбен таласып, бәтуасыз айқай-шумен уақыт өткізіп келеміз. Мұның нәтижесі – күні кеше болған «Қанды қаңтар» қыр­ғыны; ел басына қауіп төнген сын сағат­та қалың қазақ халқының арасынан бас­шыға да, басқаға да айтқанын тың­дата алатын, ұйыған ынтымақ-бірлі­гіміздің бұзылуына жол бермей, бере­ке-бірлігімізді сақтап қалуға сеп болып, халық алдына шығып, тоқтамға келті­рер сөзі уәлі, аузы дуалы танымалы бір тұл­ғаның болмауы; елдігімізді, ерлігімізді жер етіп, сырттан көмек күтіп, жәрдем тілеуіміз.

Мұның бәрі, түптеп келгенде, жоға­рыда айтылған: бағымызды баянды етер барымызды дұрыс бағалай алма­ғанымызға, құт қондырар құндылық­­­та­рымызды құнттай білмегенімізге келіп тіреледі. Оның солай екенін дәлелдеу үшін өзімізде бардың бәрінің байы­бына жетіп, соларға өзімізше баға бе­реміз деп шашылмай, тек нақты бір тұл­ғаға қатысты ой өрбіткенді жөн көр­дік. Сол арқылы есімі елге танылған бұ­рынғы, кейінгі тұлғаларымыздың ең­бегін өзіміздің қалай бағалап, соған сай қалай құрметтеп жүргеніміздің дең­гейін әркімнің өз таным-түсінігіне қарай ба­ғамдауына болады ғой деп ойлаймыз. Осыған орай басқаны қоя тұрып, әңгімені қазіргі таңда еліміз 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өткелі жатқан Ахмет Байтұрсынұлы атамыздан бастайық. Өйткені бұл кісінің атын қазақтың мектеп табалдырығын аттаған жас баласынан бастап, еңкейген кәрісіне дейін түгел біледі. Біреулері оны «мемлекет және қоғам қайраткері», біреулері «ақын, әдебиет зерттеуші ғалым», енді біреулері «тіл білімінің негізін қалаушы, түріктанушы» деп таниды. Сондай-ақ оны «публицист», «педагог», «аударма­шы» деп білетіндер де баршылық. Деген­мен жалпы көпшілік арасында оны «ағартушы» деп қабылдау басымырақ. Осыған байланысты олардың Ахметті танып-білу деңгейлері де әр қилы екені аян. Жалпыға тән ортақ танымдық бір­­­лік болмағаннан кейін, оның аза­мат­тық ­болмысын, атқарған қызметін, тын­­дырған ісін бағалау да, соған орай көрсетілер құрмет те әркімде әртүрлі. Бұ­­ған бас­ты кінәлі – қазақтың «халқым» деп қарекет еткен қайраткерлерінің бә­рін «халық жауы» атандырып, қынадай қырған кешегі советтік тоталитарлық жүйенің зұлымдығы екені де қазір бар­шаға мәлім. Соның салдарынан еліміз тәуелсіздікке жетіп, арманда кеткен асыл азаматтарымыздың аяулы есімдерін кезінде жазықсыз жабылған жаладан, жағылған күйеден тазартып алғанымызға отыз жыл болса да, әлі күнге солардың шынайы тұлғалық тағылымын танып, адами ерекшелігінің табиғи болмысын ашып, елге сіңірген еңбегіне сай әр­қайсысына өзіне тән лайықты құрмет көрсете алмай келеміз. Теңгермешілік басым. Сол себепті, жасыратыны жоқ, қазіргі көпшілік жұрттың бәрі бірдей олардың есімдерін білгендерімен, затын толық білмейді. Соған орай заманында туған халқының жарқын болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, арыстандай алысқан есіл ерлердің жанкешті ғажайып тірліктерінен үлгі-өнеге алып, соларға еліктеп, солардай болуға ұмтылып жүрген жастар шоғыры да көрінбейді. Өйткені біз әлі күнге арыстарымыздың халық үшін қандай іс тындырғанын және оны қандай жағдайда, қалай тындырғанын жастарымыздың жетесіне жеткізе танытып, тұщына сезінуіне мүмкіндік туғызып, елітіп еліктіре алмадық. Оның орнына «біздерде мыналар бар, мыналар бар» деп мақтанып, олардың белгілі бір жасқа келген мерейтойына арнап жиын өткізіп, мадақ мақалалар жазумен ғана шектелдік. Қазіргі жағдайға қарағанда Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың 150 жылдығы да осы қалыптасқан тірліктің шеңберінде өтетін секілді.

Біздің бұлай деуіміздің мәнін нақ­тырақ түсіндіру үшін біраз жайларға ­салыстырмалы түрде жаңаша талдау жа­сап, жаңаша зерделеу қажет-ақ. Бірақ оны бір мақала көлемі көтермейді. Ол жеке әңгіме арқауы. Сондықтан бұл ара­да Ахмет Байтұрсынұлының атқар­­ған қызметі­нің кейбірін тек сана­ма­лап көрсетіп, осы­ған қатысты ата­мыздың көзін көргендер мен кейінгі ахмет­танушылардың берген танымдық бағаларын негізге ала отырып қорыт­қан өз пайымдауымызды ғана ұсынуға мәжбүрміз.

  1. А.Байтұрсынұлы – оқытушы-мұға­лім. Ахмет атамыз алғашқы қызметін мектеп оқытушысы болудан бастаған. Бұл кезде ол өзі үлгі тұтқан ұлы ұстазы әрі жерлесі Ыбырай Алтынсарыұлы­ның қараңғылық түнегінде қалған елі­не білім шырағының сәулесін түсіріп, келешегі жастарының алда халқына сауатты қызмет етуіне мүмкіндік тудыру үшін патша өкіметінің қазақ хал­қын шоқындыруға арнайы тапсырмамен жіберген миссио­нері М.И.Иль­мин­скийдің көңілін аулап, қор­лығына көніп, зорлығына төзіп, ба­сыбайлы құ­лындай қызмет ете жүріп, қазақ бала­ларын оқытатын мектеп ашу­ға рұқ­сатты қандай қиындықпен ал­ға­ны­нан толық хабардар болатын. Осы ұста­зының жанкешті еңбегінің өтеуі болған қазақ даласында ашылған сол мектептерден сауат ашқан қазақ балаларын Ресей отарлаушыларының өзі оқытушылық еткен кезде түрлі айла-шарғы қолданып, өздерінің сойылын соғар қолбаласына айналдырып бара жатқанын көріп, соған қарсы күресуді өз міндетім деп іске кіріскен еді. Соған ­орай оқытушылығының алғашқы күні­нен ­бастап, ағартушылықты тек сауат ашумен шектемей, өз оқушыларына білім алудың негізгі мақсаты шен-шек­пенге қол жеткізу емес, азапта жүрген хал­қыңды азаттыққа жеткізіп, өзге озық елдердің қатарына қосылуына бі­лік­­тілікпен қызмет ету – перзенттік парыз екенін жан-жақты ұғындырып бақ­ты. «Басқадан кем болмау үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек. Білім­ді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп үйретті. Ұлт тізгіні ұлт­тың өзіне тимей тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына біржолата көз жет­­кізгендіктен, «елді түзеудің баланы оқы­тудан, ұлт болудың қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынына» ерек­ше мән берген тұңғыш қазақ оқытушы­сы­на айналды. Ақтөбе, Қостанай уездерін­дегі орыс-қазақ мектептерінде оқыту­шы, Қарқаралы қалалық училищесін­де меңгеруші қызметін атқарған 1895-1909 жылдар жас оқытушыны өз замандастарынан ерекше шоқтығы биік, таным-түсінігі терең, білігі мол, кемеңгер тұлға ретінде танытты.
  2. Ахмет Байтұрсынұлының саяси қайраткер ретінде қалыптасып, жалпы қазақ жұртына танылуы да осы Қар­қаралыда жүрген кезеңінен, «тұтас ұлт тағдыры мен келешегінің мәселелері саяси сауатты, мақсатты бағдарлама ретінде аты аталып, түсі түстелген құжат ретінде: біріншісі – Ресей патшасына, екіншісі – Ресейдің атқарушы үкіметі­не, үшіншісі – Ішкі істер министрлігіне, ­саяси, эко­номикалық, әлеуметтік проблемаларды жеке-жеке атап көрсетіп, солардың шешілуін талап еткен» (З.Тайшыбай) қазақ даласынан тұңғыш рет Петербург­ке жөнелтілген петиция­лардан баста­лады. Бұл құжат кезінде Ресей тағын шай­қалтып, 17 қазан Манифесін тудыр­ған зор толқынға себеп болған дүм­пу­лердің бірі ретінде бағаланды. Осы «Қар­қаралы петициясын» ұйымдасты­ру­шылардың және мәтінін жазысып, ­со­ған бастамашылардың қатарында алды­мен қол қоюшылардың бірі – Ахмет Бай­тұр­сынұлы болды. Осыған орай ­пе­ти­цияны жазғандар да, жазуды ұйым­дас­тырғандар да «мемлекеттік қыл­­мыс­тылар» деп танылады. Сол кезең­нен бас­тап жандармдық бақылауға алын­ған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде ­губернатор Тройницкийдің бұйрығы­мен тұтқындалып, Семей түрмесіне жа­былды, кейін Орынборға жер аударылды.
  3. А.Байтұрсынұлы – әлеуметтік мә­се­лелерге, қоғамдық ой-пікірге ерекше ықпал жасаған білікті көсемсөзші (пуб­лицист). Оның мақалалары ғылыми ба­йып­тылығымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шынайы болмысын барын­ша нақты ашып, қазақ қауымының жаңы­лыссыз әрекет етуіне бағыт-бағдар беріп отырды. Үнемі жандармдық ба­қылау­да болып, кезегімен бірінен кейін бірі­не ауыстырылған түрмелер де, лагерлер де, жер аударулар да Ахмет Бай­тұрсын­ұлын алған бағытынан қайтара алмады. ­
    Саяси қызметі жолындағы көр­ген қор­лық, тартқан азапқа мұқалмай, елінің жарқын болашағы үшін соңғы демі біт­кенше таңқаларлық жанкештілікпен, бар қабілетін сарқа еңбек етті. Бір ғажабы, ол тындырған істердің қай-қайсысын да зерттеушілердің қазақ тарихында «тұң­ғыш рет» деп бағалайтындары да ерек­­ше таңғалдырар жай. Солардың бірі – алғашқы саны 1913 жылы жарық көр­ген ұйымдастырушысы да, бас редакторы өзі болған тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті. Бұл газет қоныс аударған орыс шаруаларына қазақтың құнарлы жерлерін молырақ алып беру жолына түскен отаршыл биліктің түрлі құйтырқы әдіс-айласын халыққа кең әрі терең ашып көрсету арқылы қазақ ауылдарын жап­пай отырықшылық тұрмысқа жедел көшу­ден сақтандырды, өктемшіл биліктің ­түрлі зорлық-зомбылығына ұлттық бір­лік пен біліктілікті қарсы қоюға үндеді. Туған жердің байлығын өз игілігіне жарату үшін халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Сол кездің куәгері, кейін жазушылығымен халқымыздың мақ­танышына айналған ұлы жазушысы М.Әуезовтің: «Қазақ» газетінің дү­ниеге келуі – шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты оятты... «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген ең­бегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажы­маған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмыт­пайтын істер болатын» деп бағалауы айтылғанның ақиқаттығына айғақ.
  4. А.Байтұрсынұлы – ұлт тәуелсіздігі жолында таймай, талмай күрескен тұлға. Ресейде сонау декабристерден соң ұмыт бола бастаған ұлттар теңдігі қай­та сөз бола бастаған тұста Алаш азаматтары бодан халықтар арасында бірінші болып, мүдделік бірлік таны­­тып, қалайда ұлттық автономияға қол жет­­кі­зіп қалуға жұмыла кірісті. Бұған дейін ұлт тәуелсіздігі жолындағы «Алаш» қоз­ғалысының орталық тұлғасына айнал­­ған Ахмет Байтұрсынұлы рухани інісі Міржақып Дулатовпен бірігіп, 1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен жалпықазақтық құрылтайда тұң­ғыш «автономиялы тәуелсіз қазақ мем­ле­кетін құруды» ұсынды. Бірақ құрыл­тай Әлихан Бөкейхановтың: «демо­кра­тиялық, федеративтік және пар­ла­менттік Ресей құрамындағы қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуы» керек деген ұсынысын құптады. Алайда осы қабылданған ұсынысты жүзеге асыруға келгенде елдегі саяси жағдай өте күр­делі еді. «Қоңсылас әр губернияларға телі­ніп, аумақтық бы­тырауға ұшыраған қа­зақ даласының әр аймағында өз элитасы билікке тырмысып, ортақ өгіз бұйыр­ма­са, оңаша бұзауларынан айырыл­ғы­сы келмейтін сыңай танытты. Сібірдегі Колчак үкіметі либералдықтан гөрі таза монархия­­лық сипатта болды. Семейдегі Алаш үкіме­­­тін жаптырды. Түрікстан автономия­сын­­да аз ұлттардың өзара қырқысы қозда­ды. Ондағы Уақытша үкімет бас­шылары М.Тынышпаев пен М.Шоқай елден аластатылды. Батыс Алашорда мен дутовшылдар мәмілесі де ұзаққа бармады. Большевиктер үстем­дігі тарихи шындыққа айналды. Ұлт­тық авто­номиядан не атымен қол үзу, не боль­шевиктермен келіссөз жүргі­зу қажеттілігі туындады. Осындай аласапыран кезеңде бұған дейін автономия төңірегіндегі кереғар пікірлерді үйлестіруге үнемі ұйытқы болып жүр­ген Ахмет Байтұрсынұлына бұл міндет­ті өз мойнына алуға тура келді. Ағарту ісіндегі, әдебиет пен ғылымдағы, әлеу­меттік қызметтегі табандылығы, білім­дарлығы, бірлікшілдігі арқасында түрік­шілдердің де, орысшылдардың да, қа­зақ­шылдардың да, либералшылдар­дың да, тапшылдардың да алдында үлкен беделге ие айтулы қайраткер­­мен келіссөзге большевиктер де пейіл­ді болды» (Ә.Кекілбаев). Кейінгі Алаш зерттеушілерінің: «А. Байтұрсынов, Ә.Бө­кейханов және М.Дулатов бас­та­ған үштіктің шешуші жанкешті ұйым­дастырушылық қызметінсіз 1917 жылы Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіме­тінің өмірге келуі мүмкін емес-тін» де­ген тұжырымға тоқтаулары да содан болса керек.
  5. А.Байтұрсынұлы – туған жердің тұтастығына сызат түсірмеуді мұрат тұтты. Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жыл­дың 27 тамызындағы Қостанай уезін Челябинск облысына қосу тура­лы шешіміне А.Байтұрсынұлының Каз­ревком мүшесі ретінде қарсы шы­ғып, жазған саяси наразылығы негізінде Қос­­танай уезі Қазақстан құрамына қай­та­рылды. Осыдан кейін ұлт тағдырын шешетін іргелі мәселелердің оң шешімін табу үшін бұл кезде толық үстемдікке ие болған большевиктердің жеңісін мо­йындап, РК(б) құрамына кірудің қа­жеттілігін жете сезінген Ахмет атамыз өз еркімен партия мүшелігіне өтеді. Алайда арада жыл өтпей жатып, сөзіне ісі сай келмейтін мұндай ұраншыл ұрдажық партияның қатарында болуды өз арының алдында жасалған қылмыстай көріп, өзі арыз беріп, партия қатарынан шығады. Бұл сол кездің жағдайында өз еркіңмен жаңғырыққа басыңды қоюмен бірдей еді. Ұлтының азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен ұлтшыл азамат жан жалдап жасандылыққа барудан адал ақ өлімді артық көрген болса керек. Оның абақтыдағы кезекті бір тергеуде тергеу­ші сауалына: «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарты болғандықтан, мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын», – деп жауап беруі де біраз жайды аңғартса керек.
  6. А.Байтұрсынұлы – қазақ әдебиет­та­ну ғылымының негізін қалаған зерт­теу­ші ғалым. Ол әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасаған. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерге терминдік жаңа мән беріп, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Халық ауыз әдебиетінің үлгі­лерін жинап жарыққа шығарды. Ол әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі – «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласында қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиетімен байланысы туралы ғылы­ми тұрғыда талдау жасап, ақын мұра­сы­ның эстетикалық қадір-қасиетте­рін жан-жақты ашып көрсетті. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуге де қомақты үлес қосты. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыстанушылардың қата­рына қосылды.
  7. А.Байтұрсынұлы – Қазақ тілі бі­лімі­нің негізін қалаушы ретінде ғылым­ның осы саласына бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін шаруаны бір өзі тындырып үлгерген ерекше талант. Зерттеушілердің оның еңбегін бағалағанда «Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың сіңірген еңбегі бір пара» деп тұжырым жасаулары да содан. «Сол арқылы ол түріктануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліп­пе, Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұң­ғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұң­ғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашар. Тіл танытқыштар. Мұның бәрі ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір­қазық болар мәңгілік үлестер» (Ә.Кекіл­баев) еді. Осы тұңғыштардың бә­рін бір адамның, оның ішінде бары-жоғы 4 жылдық мұғалімдер мектебін ғана бітірген ауыл мұғалімінің бір өзінің өмірге әкелуі – ерекше қабілеттілікті танытар өмірде теңдесі жоқ сирек құбылыс екенін көрсетсе керек.
  8. А.Байтұрсынұлы – ақын. Жалпы, ол шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, адал еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынайды. Ақынның алғашқы өлеңдері – «Қырық мысал» атты жинағы Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы ол қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, пси­хологиясына сәйкес ойларын қосып отыр­ған. «Маса» атты екінші кітабына енген өлеңдерінде де ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлең­­дерінің мазмұны осыны танытады. Кітап­тың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
  9. А.Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығар­маларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А.Крылов мысалдары­ның бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И.Хемницердің «Ат пен есек», А.Пушкиннің «Балық­шы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Да­нышпан Аликтің ажалы» шығар­маларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
  10. А.Байтұрсынұлы әдебиет зерт­теушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, бар­­лық халықтар әдебиетіне ортақ сипат­тармен ұштастыра талдауға тырысады. Оның жыраулар мұрасын жетік білетіндігі оның осы бағытта жазған әр еңбегінен айқын көрінеді. Бұған сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері мен XV– XVII ғасырлардағы жырау­лар поэзиясының біразының, атап айт­қанда: Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбы­ла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т.б. ақын-жазушылар шығар-­
    ма­­ларының А. Байтұрсынұлы еңбек­те­рінде кеңінен қамтылуы толық айғақ. Өз тұстастарынан оның тағы бір ерек­шелігі ол Еуропа жұрты әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеру арқылы содан тап­қандарын қазақ көркем сөз өне­рін жетілдіре дамыту жолындағы ізде­ністерінде өзара сәйкестік, үйлесім­ділік табуына арқау етеді.
  11. А.Байтұрсынұлы түріктанушы ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. 1926 жылы Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Түріктіл­дес халықтардың көптеген ғалымдары Байтұрсынұлын өздеріне ұстаз тұтты, оның еңбектерін өз халықтарының тіл білімін қалыптастыруда бағыт-бағдар беретін құрал ретінде пайдаланды.
  12. А. Байтұрсынұлы – мемлекет және қоғам қайраткері. Алаш Орда ­құ­рамын бекіткен Екінші жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрған­да ол осы комиссияның тұңғыш төрағасы болып бекітілген. 1919 жылы наурыз­ға дейін Алашорда үкіметінің Торғай ­облысы бөлімінің мүшесі болды. Сол жылы Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге қатысты. Осы жылғы шілдеде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстан­ның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.

А

Міне, қазақ халқының «елім» дер ерлерінің жаппай көзін жоюға ба­ғыт­талған кешегі Қызылдардың қыр­ғы­нында «халық жауы» деген жаламен жа­зықсыз атылып кеткеніне дейінгі А.Байтұрсынұлы тындырған істердің санамалап көрсеткенде еске оралған бір­қатары осындай. Осы аталғандардың қай-қайсысының да өте сапалы, мінсіз орындалғаны сондай, бүгінгі дамыған ғылымның, жетілген сананың озық ойлы өкілдерінің өзі арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның не мемле­кет және қоғам қайраткері ретінде атқар­ған ісінен, не ашқан ғылыми жаңа­лықтарынан, не шығармашылық жетіс­тіктерінен бір де бір «әттеген-ай» дегі­зер ақау тапқан емес. Олар әлі күнге әр түрлі жағдайларға байланысты айтылар өз ойларын А. Байтұрсынұлының қағидалы сөздерімен тұздықтап, оның халқына шексіз берілген адалдығын, осы жолдағы жанкешті тірлігін үлгі-өнеге тұтады, ерекше бағалайды. Мұның солай екеніне бұл арада А. Байтұрсынұлына қатысты айтылған ой-пікірлердің бәрін үйіп-төгіп тізбелемей-ақ (ондайлар же­тіп, артылады), оның өз замандастары мен кейінгі ұрпақтары арасынан оза шығып, еліне ерекше танылған екі-ақ адамның берген бағасын пайымдау ар­қылы нақты көз жеткізуге болады.

Оның алғашқысы – аласапыран заманда атамызбен қызметтес болып, пат­ша өкіметі мен большевиктердің бұра­­тана халықтарға жасаған зұлмат зор­лықтарының тауқыметін бірдей көрген, кезінде қазақ үкіметінің басшысы бол­ған, «Қызыл сұңқар» атанған жаңашыл ақын Сәкен Сейфуллин: «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қа­лың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлт­тық арын жоқтаған патша заманында жал­ғыз-ақ Ахмет еді. Қа­зақтың ол уақыттағы кейбір оқыған­дары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қыз­мет қылды… халықтың арын іздеп, өзі­нің ойға алған ісі үшін бір басын бәй­геге тікті... Ахмет бір халықты біз құсап ­бай, кедей деп екіге бөлген жоқ, тұтас жақ­­сы көрді» (А. Байтұрсынұлының 50-жыл­­дық мерейтойында сөйлеген сөзінен) ­де­се, екіншісі – кейінгі ұрпақ өкілі, Ахмет армандаған бүгінгі Тәуелсіздік зама­­нының орнығуына ерекше үлес қос­қан халқымыздың ғұлама жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Ахмет Байтұрсынов – ұлт­тық дамудың талай жыл әбден тот басып, қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегерішін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топы­рағында оған дейін де, одан кейін де болған емес» (А. Байтұрсынұлының 125 жылдығында жасаған баяндамасынан), – деп бағалайды. Көріп отырсыздар, екі заманның озық ойлы екі өкілі араларында 75 жыл өткеніне қарамас­тан, айтқан пікірлерінің ортақ түйіні бір: Ахмет Байтұрсынұлы патша заманында да, кейінгі Советтік кезеңде де қандай азап шексе де, қандай қорлық көрсе де халқына адал қызмет етуден айнымаған, елінің азаттығы, ұрпағының бақытты өмір кешуі жолында басын бәйгеге тігіп, жанкештілікпен еңбек еткен, болмайтынды болдырған, мүмкін еместі мүмкін еткен қазақ тарихындағы Жалғыз Қазақ, Дара Тұлға! Мұны кейінгі ахметтанушылардың өздері зерттеген салалары бойынша А. Байтұрсынұлын «Ұлттың ұстазы», «Ұлттың рухани кө­семі», «Адамгершіліктің диханы» деп танып, оны жалпы көптің жабыла қолдап, қолданысқа енгізулері де осы бағалаудың дұрыстығының айғағы болса керек.

Бұған талас жоқ. Енді осы айтылған­дарды негізге ала отырып, халқымыз­дың бағына біткен осы Дара Тұлғаны бүгінгі өзіміздің қай деңгейде танып, соған лайық қандай құрмет көрсетіп, сол арқылы жас ұрпақтың жанын баурап, оларға халыққа қалтқысыз қызмет ету­дің ахметтік үлгі-өнегесін қаншалық­ты дары­тып жүргенімізді пайымдауға бағыт­талған бастапқы айтпақ ойымызға ора­лайық. Сонда жоғарыда айтылған «әлі күнге елім деп ерекше еңбек еткен ерлеріміздің табиғи болмысын ашып, олардың әрқайсысына өзіне тән ла­йықты құрмет көрсете алмай келеміз, теңгер­мешілік басым» деуіміздің мәні де айқындала түседі ғой деп ойлаймыз.

Біз жоғарыда А. Байтұрсынұлына қатысты бүгінгі таным-түсінігі әртүрлі оқырмандардың өзінше салыстыра сараптауына мүмкіндік беру үшін оның атқарған қыруар жұмысынан әдейі он екісінің атын атап, түрін түстедік, нәтижесінен хабардар еттік. Қазіргі кезде Ахмет атамыз атқарған осы ша­руалардың тек біреуін ғана еліміздің бір азаматы өзге әріптестерінен гөрі сапалы да тиімді атқарып, айтарлықтай жетістіктерге жетіп, тірісінде елдің назарына ерекше іліксе, оны осы еңбегіне қарай орден-медальдармен марапаттап, түрлі атақтар беріп құрметтейміз, кейін солардың марқұм болғанының есімдерін ел есінде қалдыру мақсатында кейбіріне өздерінің туған ауылдарының, ұзақ жыл қызмет істеген мекемесінің атын, сондай-ақ қалалар мен ірі елді мекендердегі көше атауларын солар­дың атымен атаймыз, тіпті кейбір атақ-даңқы аймақтан асып, алысқа кеткен­дері мен кезінде ірі лауазымды қыз­мет атқарғандарына қала, аудан атта­рын сыйлаймыз, түрлі ескерткіштер орнатамыз. Мұның бәрін еңбек адамының мерейін көтеру, олардың игілікті істе­рін ұрпаққа үлгі ету, сол арқылы қоғам­ның жетілуіне, өзгелерден кейін қал­май ілгерілеп дамуына ықпал етуге сеп­тігі тиер ізгі шаралар деп есептейміз. Бұған ара-тұра билікте жүрген кейбір ықпалды жандардың баспатөрелік жасап, мата даңқымен бөзді өткізіп жібе­ретін кейбір жағдайлары болмаса, негі­зінен ешқандай дау жоқ. Барымызды бағалаудың, тұлғамызды өскелең жас ұрпаққа танытудың ата-бабаларымыз қалыптастырған дәстүрлі жолының зама­науи жалғасы тәрізді дүние деп қабыл­дадық. Бәрі дұрыс, құптарлық тірлік.

Тек өкініштісі – осының бәрі әр тұл­ға­ның елге сіңірген еңбегіне қарай екше­лінбей, бір өлшеммен өлшенген таным-түсінік деңгейінде кесіп-пішіліп, соған орай көрсетілер құрметіміз тек солар­дың белгілі бір жасқа келуіне байланысты өткізілер науқанды шаралармен шектелетіндігі. Тұлғалар дараланбады, соған орай олардың елдік санаға әсер етер тағылымдық ықпалы өз мәнінде пайдаланылмады. Мұның солай екеніне бүкіл мағыналы ғұмырын арпалысы мол астаң-кестен заманда халқының жойылып кетпей, сақталып қалуына, өзге азат елдермен терезе теңестіріп, бақытты өмір сүруіне арнап, патша үкіметінің зорлығына көніп, қорлығына төзіп, кешегі коммунистердің қуғын-сүргінінің бар қияметін бастан өткеріп, түрмелер мен лагерьлерде көрсетілген азаптау мен қинаудың бәріне шыдап, қашан жазықсыз атылып кеткенге дейін сан салалы қыруар жұмысты бір өзі тындыр­ған Ахмет пен кейінгі бейбіт заманда жайлы кабинетте сондай жұмыстың бірін ғана атқарып, жақсы жетістікке жет­кен атақ­тыларымызды бір деңгейде баға­лап, бір деңгейде құрметтеп жүргеніміз толық айғақ. Еліміздің Тәуелсіздік ал­ғанына отыз жылдан аса уақыт өтсе де, әлі күнге дамыған өзге озық елдердің қатарына іліге алмай, күйбең тірліктің көлеңкесінде өзара таласып, улап-шулап жүргеніміз де соның салдары. Бұл – біздің бұған дейінгі бірнеше ғасыр­лар­ға созылған бодандықтың бұғауында өзімізше ойлап, өзімізше іс тындырудан біржола қалып, тек отарлаушылар­дың айтқанымен жүріп, берілген тапсырмасын орындауға ғана машықтан­ған тобырға айналғанымыздың айқын белгісі еді. Үш ғасырда қалыптасып, құдіретін жүргізген осы құлдық сана қазіргі таңда да ерекше ұлықтап, үлгі тұтар Дараларымызды қапысыз тану­ға мүмкіндік бермей келеді. Тәуел­сіз­діктің өткен отыз жылында, басқаны былай қойғанда, өзімізбен тегі бір түрік­тердің Ататүрігі секілді бүкіл қазақ аза­маттарының арасынан қазіргі заманға сай ұран тастап, халықты бірлікке ұйы­тып, көшбастар өз Атақазағымыздың атойлап алға шыға алмай отырғаны да содан. Алайда біздің бұл пікірімізге кей­біреулердің келіспей: «ау, ана заманда өзінің атақты замандастары, бұ заманда бүгінгі тобынан ат оздырған дарынды ұрпақтары Ахметті өзгелерден ерекшелеп, «теңдесі жоқ дара тұлға» деп даралап, соған орай қазіргі таңда оны «Ұлт­тың ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі», «Адам­гершілдіктің диқаны» деп атап, ел болып құрметтеп жүрген жоқпыз ба!?. Бұдан артық қандай бағалау керек?!.», – деп, уәж айтып, өре-түрегелетіне де күдік келтірмейміз. Өйткені бұл да көз көріп, құлақ естіп жүрген шындық. Бірақ бұл бағалаулар – жалпы халықтық мойындау емес. Бұл – Ахметті зерттеп, жете таныған жекелердің ғана пікірі. Қалғандарыныкі – осылардың айтқа­­нын өз танымынсыз жайдақ қайталау, аттан­ға айқай қосқан көп дүрмектің дүбірлі жаңғырығы. Егер бұлай болмай, қазіргі айтып жүргеніміздей: бүкіл қазақ Ахмет Байтұрсынұлын «ҰЛТ ҰСТАЗЫ» деп танып, өздерінің шәкірттігін мойындаған болса, онда кең байтақ даламыздың қай түкпіріне барсаңыз да оған деген шәкірттік құрметтің белгісі айқын сезіліп тұрар еді ғой. Өйткені ол жекелеген біреулердің, болмаса, белгілі бір өңірдің адамдарының емес, тұтас ұлттың ұстазы ғой...

Өзге жұрттың Ахмет секілді бірдің бірегейі емес, қатардағы көп танымал тұлғаларының өзіне жасаған ұрпақ­тық ізет-құрметін көргенде еріксіз ойға қала­сың. Олар тұлғаларының кіндік қаны там­ған жерін кие тұтып, тәу етеді. Ал біз­дің, басқаны былай қойып, қатардағы таны­малы тұлғалардың бірі емес, өзіміз ерек­шелеп: «ұлт ұстазы», «ұлттың рухани көсемі» деп ардақтаған Ахметіміздің туған жеріне деген ізет-құрметіміз қан­дай?!. Бұған қатысты біз айтсақ ұзаң­қырап кетерміз, оның орнына фото-дерек­тер сөй­лесін, зерде көзімен үңіле қараңыз:

Мынау:

П

Бұл күнде аудан орталығынан 110 шақырым шалғайда жатқан, не төселген тас жолы жоқ, не өзгелердей пайдаланып жатқан газы жоқ, не бүкіл елді әлем тірлігінен хабардар етер интернеті жоқ, қысқасы, санда бар да санатта жоқ туған ауылының қазіргі көрінісі.

Мынау:

А

Әкесі мен бауырларының зираты.

(Суреттердің бәрі 2022 жылдың ақпан айында атамыздың 150 жылдық мерейтойына дайындыққа орай Ақкөлге барған облыс әкімінің Ахмет ауылының тұрғындарымен кездесуі кезінде түсірілген тілші материалынан алынды).

Міне, бұл күнде өзіміздің жабыла «ұлттың ұстазы» деп ұлықтап, «ұлт­тың рухани көсемі» деп басшы еткен, «адамгершіліктің диқаны» деп дә­ріптеп жүрген, бірдің бірегейі Ахмет атамыздың туған ауылының, кіндік қаны тамған киелі жерінің қазіргі көрі­нісі, боямасыз фото-көшірмесі осындай. Мұны көрген ұлт перзенттерінің көкірегінде қандай сезім туындайды: мақтаныш па, қорлану ма, оны әркімнің өзінің елдік танымына, азаматтық па­йым-парасатына қалдырайын. Мені мазалайтын ой мынандай: Қазіргі әлем­дік саяси-әлеуметтік жағдайдың тұ­рақ­сыздығына қарай «бірлігі беріктің – іргесі берік» деген қағидаға сай әр ха­лық өздерінің географиялық орналасуына, этникалық бауырластығына орай өзара бірігіп, ортақ одақ құрғаны, құ­рып жатқаны мәлім. Мысалға айталық, алдағы қыркүйек айында өтетін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына түркі дүниесінің ірі тұлғалары келіп, салтанатты жиыннан соң, біздің елдің басшысына: «Президент мырза, құрметтеріңізге рахмет, «түркология­ның атасы» аталған Ахмет атамыз бәріміз­ге ортақ қой. Енді осы сәтті пайдаланып, атамыздың туған ауылына барып, кіндік қаны тамған киелі жерді көріп, топырағына тәу етіп қайтсақ», –  деп өтініш білдіруі бек мүмкін ғой. Мұндай өтінішке қарсылық болмасы тағы анық. Сонда барғандарға қаласақ та, қаламасақ та, амалсыз жоғарыдағы фотода бейнеленген ауылды, атамыз дүниеге келген үйді, әулеттің зиратын көрсетуге тура келері сөзсіз. Сонда деймін-ау, мерейтойдың салтанатты жиынында атамыздың сонау аласапыран заманда адам төзбес азаптың, жан шыдамас қорлықтың небір сұмдығының зардабын бастан кешкеніне қарамастан, халқының азаттығы жолында «бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін шаруаны бір өзі тындырып», болмайтынды болдырған жанкешті ерлігін естіп, соған таңдана тамсанып, көруге құмартып келген мәртебелі меймандар біздің ел туралы не ойлайды?!. Олардың: «япырай-ай қазақ бауырларымыз сөзде аспандайтын, істе ұяттан жасқанбайтын елге айналған ба» деп қайран қалмасына кім кепіл. Сонда өзі бастап алып келген қонақтарының көңіл күйіндегі осындай өзгерісті көріп, мәнісін бүкіл болмысымен сезінген біздің Президентіміздің амалсыз жерге қараудан басқа шарасы бар ма?! «Ұяттан адам өлмес, сағы сынар» дейді дана халық.

Себепсіз салдар жоқ. Осының бәрі әңгі­менің әлқиссасында айтылған: «Ба­рын бағалай білгенге бақ қонады» деген ежелгі бабалар сөзінің түптөркінін өз мәнінде танып, біліктілікпен бағалай ал­мағанымыздан ба деген ой келеді. Бодан­дық бұғауынан құтылып, азаттық алға­нымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де Ахмет атамыздың жолын қуып, ел мерейін арттырар бүгінгі күн­нің ахметтерінің төбе көрсете алмай жүр­гені де соның салдары емес пе екен?!. Қалайда ел болып ойласу қажет секілді.

Ойлан Қазақ! Ойланбасқа болмайтын кез келді!..

 

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ