Фото: istockphoto.com
Компания мәліметінше, барлық учаскеде қажетті инфрақұрылым дайындалған. Жолдарда көлік құралдарын сәйкестендіру және жол жүру ақысын есептеу автоматты түрде жүргізіледі.
Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал бағытындағы ақылы учаскенің ұзындығы 645,64 шақырымды құрайды. Оның 91 шақырымы бұған дейін ақылы болса, 554,64 шақырымы жаңадан енгізіледі. Бұл жолда рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық – сағатына 140 шақырым.
Бұрылбайтал – Құрты бағытындағы ақылы учаскенің ұзындығы 80 шақырымды құрайды. Бұл жолда да көліктер сағатына 140 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғала алады.
Ал Талдықорған – Өскемен автожолының ақылы учаскесі 772,955 шақырымды қамтиды. Оның 32,4 шақырымы I санаттағы, ал 740,55 шақырымы II санаттағы жол. Бұл бағытта I санатты учаскелерде рұқсат етілген жылдамдық сағатына 110 шақырым болса, II санатты жолдарда 100 шақырымнан аспайды.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, абоненттік төлем ақылы жолдарға жақын орналасқан елді мекендерде тіркелген жергілікті автокөлік иелеріне арналған. Ол бір айға немесе бір жылға рәсімделеді. Төлем көлік құралының түрі мен жүк көтергіштігіне қарай белгіленеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Көлік министрлігі автомобиль жолдарын жөндеуді реттейтін нормативтерге өзгерістер енгізген болатын. Жаңа ережеге сәйкес көлік қозғалысы аз учаскелерде асфальт-бетон жабындысының орнына қиыршық тас және гравий қолдануға рұқсат беріледі.