Фото: istockphoto.com
Осыған байланысты жуырда Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев e-Parliament платформасының сынақ нұсқасы бір палаталы Құрылтай моделіне бейімделіп жатқанын атап өткен болатын. Ұлттық жасанды интеллект платформасы аударма жасау, хаттамалар дайындау мен қызметтік хат-хабарларды әзірлеу үшін қолданылмақ.
«e-Otinish AI жүйесінің көмегімен азаматтардың екі миллионнан астам өтініші өңделді. Бірыңғай QazTech платформасы толық іске қосылды. 2027 жылдың соңына дейін орталық мемлекеттік органдардың 108 ақпараттық жүйесін осы платформаға көшіру жоспарланып отыр. e-Parliament платформасының тестілік нұсқасы қазір бір палаталы Құрылтайдың жаңа заң шығару моделіне бейімделіп жатыр», деді Жаслан Мадиев.

Сарапшы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, цифрлық трансформация заң шығару процесінің ашықтығын арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысу мүмкіндігін де кеңейтеді.
«Маңызды заң жобаларын цифрлық платформалар арқылы қоғамдық талқылауға шығару азаматтық қоғам өкілдері мен тұрғындардың ұсыныстарын кеңінен ескеруге мүмкіндік береді. Бұл қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтеді», деді сарапшы.
Оның айтуынша, жасанды интеллектінің мамандандырылған модельдері саяси талқылаулардың сапасын едәуір жақсартады.
«Зерттеушілердің мәліметінше, жасанды интеллектіні пайдалану фокус-топтардағы топтық келісім индексін 8 пайыздық тармаққа арттырған. Сонымен қатар толық келісімге қол жеткізген фокус-топтардың үлесі бір жарым еседен астам көбейген. Осы бағыттағы ғылыми тағылымдаманың қорытындысы бойынша дайындалған талдамалық жазба биыл көктемде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаға ұсынылып, құжат Президенттің Әкімшілігіне жолданды», деді Ғазиз Әбішев.
Абзал Құспан: Сайлаудың сапасы партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады
Еске сала кетейік, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Президент Жарлығынан кейін Қазақстанның саяси партиялары ресми мәлімдемелер жасап, сайлау науқанына дайын екендігін хабарлады.