Фото: istockphoto.com
Тиісті өзгерістер Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының алаңында өткен сарапшылар кездесуінде таныстырылды.
Мамандардың айтуынша, электронды сауданың қарқынды дамуына байланысты Қазақстандағы e-commerce нарығының көлемі 2025 жылы 3,77 трлн теңгеге жеткен. Осыған байланысты ірі цифрлық платформалар мен маркетплейстер қаржылық экожүйеге айналып, банк қызметіне ұқсас функцияларды атқара бастаған.
Осыған байланысты Ұлттық банк пен ҚНРДА әзірлеген заңнамалық түзетулер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді.
«Егер сатып алу процесіне үшінші тарап қаржыландырушы ретінде қатысса, ол банк болмаса да, оған тиісті міндеттемелер жүктеледі», делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, маркетплейстер қызметін реттеу тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, жасырын комиссиялардың белгіленуіне жол бермеуге және тәуекелдердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бірыңғай реттеу қағидаларын Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп әзірлейді.
Еске салайық, бұған дейін Demoscope мониторингтік бюросы елімізде әр оныншы адам қарызын несиемен жабатындығын хабарлаған болатын. Зерттеуге сүйенсек, тұрғындардың 39,7 пайызында бір ғана несие болса, 33 пайызы бірнеше несие төлеп жүр.