Әдебиет • 24 Шілде, 2022

Сіз білмеген бір сыр бар

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқырманға бәрі қызық. Ақын-жазушылардың шы­ғар­машылығынан бөлек жеке өмірі, күн режімі, қы­зы­ғу­шы­лығы, мінезі, әдеті, киім киісі, бәрі-бәрі. Жалпы, сөз өнерінде жүргендердің ләззаты да, азабы да жазу. Сол жақсы жазу талант пен шеберлікке ғана байланыс­ты дейміз. Ол да рас шығар. Дегенмен автордың күн­де­лікті қоңыр тіршілігі, болмысы мен өмір сүру тәртібі қаламына әсер етпей қоймайтыны тағы анық. Әлқисса.

Сіз білмеген бір сыр бар

Суретші Лермонтов

Лермонтовтың су­­ретшілігі әмбеге аян.­ Бала Михаилдың бұл қабілеті сурет­ са­ба­ғы­нан басталма­ға­н екен. Ол мектепке дейін де бояуларды жанымен сезіп, әдемі үйлестіре білген. Ал Лермонтовты бейнелеу өнеріне алғаш бейімдеген суретші Александр Сосницкий. Жас талапкерді Мәскеудегі мектеп-интернатқа дайындаған да осы Сосницкий. Кейін Лермонтов белгілі суретші Петр Заболотскийден сабақ алады. Айта кетейік, ол ақынның 1837, 1840 жылы екі портретін салады.

Лермонтов түрлі жанрда сурет салды. Пейзаж, портрет, жанрлық көріністер, әскери тақырыптар, өз шығармаларына иллюстрациялар, карикатуралар. Оның сәтті картиналары Кавказда жазылды. Айдалған кездегі, тіпті одан кейін де ол романтикалық сарындағы тақырыптарға әуестенді. Бүгінде Лермонтовтың кенепке, картонға және ағашқа майлы бояумен салынған 13 суреті, 40-тан астам акварель, 300-ден астам картина мен эскиздері сақталған. Жалпы алғанда, ақын да, жазушы да – суретші. Сөзбен сурет салады. Бояудың орнына ой қосады, сезім құяды. Асқан талантты Лермонтовтың артықшылығы сол, ол екі өнерді де меңгерген.

Сол суретші ақынның шектен тыс дөрекілігімен һәм келеке әзілдерімен даңқы шыққаны бар. Осындай қияңқы мінезінен болар, айналасындағылар оны жақтырмайтын. Тіпті небәрі 26 жыл өмір сүрген Лермонтов өлімінен соң петербургтік жұрт «Оған да сол керек...» «Оның орны сол жақта» деп күбірлесіпті. Иә, «көпте ақыл жоқ».

Ісмер Гоголь

Гоголь туралы аңыз көп. Құпия да аз емес. Өмірде бір­түрлі Гогольдің оғаш әдеттері мен фобиялары адам шошытады. Сөйткен Гоголь ықшам, қалтаға сия­тын кітаптарға қызығыпты. Тіпті кейде өзіне қызықсыз әрі оқылмайтын кітаптарды сыртқы пішіні үшін ессіз ақша жұмсап, жинаған.

Одан бөлек жазушы қолөнермен де айналысыпты. Қызық. Гогольдің ине сабақтап отырғанын елестетіп, таңғаласың. Ол рахаттанып отырып, батист орамалдарын қиып, өзінің шинельдерін жөндеген. Гогольдің ине ұстау ептілігі төрт әпкесі Анна, Мария, Ольга мен Елизаветадан жұқса керек. Иә, тігіншілік өнер Чеховта да болған. Бірақ ол бұл істі мәжбүрліктен үйренген еді.

Гогольдің өнері бұнымен бітпейді. Жазушыңыз тамақ істегенді де ұнатыпты. Ол достарын көбінесе қолдан жасал­ған тұшпараға шақыратын.

Аспаз дегенде Әсемқұлов еске түседі. Таласбектің та­мақты жақсы пісіргенін біреу білсе, біреу білмес. Жазушы бұл кәсіпті әскерде жүргенде үйреніпті. Тіпті қиын күндерде кафеге аспаздық жұмысқа кірсем бе екен деп те ойлаған.

Сол Әсемқұлов іске жарайтын ағаш, темір-терсек жинаумен де айналысқан. Бірде біреулердің сыртқа шығарып тастаған ескі диванын байқап, ағаштарын бұзып алып келіпті. Мақсаты – шеберге беріп, домбыра жасату. Трамвай бұзғанда да сайман жасауға жарайтын темірлерін жинап жүріпті. Ал үйге қонақ келгенде «құнды» ағаштарын шкафтағы тондардың ішіне тығып қояды екен. Көңілжықпастық қой, сұраған адамға жоқ дей алмайды.

о

Набоковтың көбелегі

Набоков бала ке­зі­нен көбелектерге құ­­мартыпты. Бұл нә­зік жәндіктерге деген қызығушылық жа­­зу­шыны ғылымға алып келді. Тіпті энтомолог-Набоков ғылыми мақалаларында көбе­лек­тердің кей түрлерін алғаш рет сипаттады.

Осылайша, көбелектер жазушы шығармашылығының символына айналды. Зерттеушілер Набоков өз еңбектерінде бұл жәндік туралы 570 рет атап өткен дейді. Ал автор егер Ресейде қалса, бір губерниялық зоологиялық мұражайда қарапайым ғылыми қызметкер болатынын талай рет айтқан.

Набоков қай жерде тұрса да, көбелектерді зерттеумен болды: Санкт-Петербургте, кейін Қырымда, кейін Францияда, Америкада да. Нәтижесінде, ол тұрақты өмір сүруге Швей­царияны ыңғайлы деп тапты. Неге Швейцария? Әрине, онда көбелек көп. Жазушы қуғындағы өмірінің 70 жылға жуық уақытында бірнеше коллекциялық жинақ жинады. Бірақ осы күнге дейін тек америкалық және швейцариялық кезеңдегі көбелек түрлері ғана сақталған.

Көбелек қуған Набоковты нәзік деп ойларсыз, бәлки. Жоқ, қаламгер жұдырығы жойқын боксшы да болды. Жасөспірім шақта меңгерген спорт түрі Набоковқа көп көмектесті. Эмиграция жылдары кедейліктен құтқарды. Жазушы сонда теннис пен француз тілінен ғана емес, бокстан да сабақ берді. Әрі боксты білу Набоковқа «Ерлік» романындағы жекпе-жекті жанды суреттеуге де ықпал етті. Қысқасы, қос қолғаптан Набоков ұтылған жоқ.

о