Әлемдегі әбігер
Алдымен бидайдың бітік болып шығуына қоңыржай климаттық ендіктер, жауын-шашынды ауа райы қолайлы екенін айтар едік. Сонымен қатар аграршылардың егінді оңтайлы мерзімде егіп, топырақта жиналған ылғалды сақтау бойынша жұмыстардың уақтылы жүргізілуі де дала алқабының алтын түске боялуына септігін тигізген.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) биылғы маусым айында ұсынған деректеріне сүйенсек, бидайдың ғаламдық өндірісі бір жыл ішінде 0,8%-ға, яғни 770,8 млн тоннаға дейін кеміген. Оған Аустралия, Үндістан, Марокко, Аргентина сынды елдердің бірқатарында экспорт көлемінің төмендеуі себеп болса, енді бірінде бидайды сыртқа шығаруға тыйым салынған. Ал Ресей мен Украина арасында болып жатқан қақтығыс Украина бидайының экспортталуына кедергі болып, көлемін әжептәуір азайтқан.
Қазақстандық астық одағының сарапшысы Евгений Карабановтың айтуынша, екі ел арасындағы соғыс салдарынан Африка елдерінің азық-түлік дағдарысы құрсауында қалу қаупі бар. Өйткені бұл елдерге ең арзан астықты қолайлы логистика арқылы Украина мен Ресей жеткізіп беріп отырған.
Ресми деректерге сүйенсек, бидай өндірісінің әлемдік көлемі шамамен 761 млн тоннаны құраса, оның 14%-ы Ресей Федерациясына (73,6 млн тонна, оның 34 млн тоннасы экспортқа бөлінеді) және Украинаға (29,2 млн тонна, оның 21 млн тоннасы экспортқа бөлінеді) тиесілі екен.
Ресей мен Украина қақтығысының шиеленісіп, ұзаққа созылуы Африка елдерін ғана емес, бүкіл әлем елдерін азық-түлік дағдарысына әкелетініне БҰҰ бас хатшысының бірінші орынбасары Әмина Мохаммед те алаңдаушылық білдірген еді. Ол бұл туралы Орталық Азия елдері бойынша турне шеңберінде биыл маусым айында Қазақстанға жасаған сапарында айтқан-ды. «Дүние жүзі бойынша болған пандемия мен локдаун азық-түлік тапшылығы мен баға өсіміне әкелді. Енді міне, екі ел арасында соғыс жүріп жатыр. Соғыс бітпей, мәселе де шешілмейді. Десек те, Қара теңізді ашып, астық тасымалын ұйымдастыру есебінен азық-түлік бағасын төмендетуге әрекет жасау керек», деген ол азық-түлік дағдарысының ауылы алыс емес екенін атап өткен болатын.
Жалпы, кейінгі сегіз жылда негізгі экспорттаушы елдерде бидай қорының төмен деңгейі байқалады. Ал биыл әлемдік бидай қоры тағы да 0,1% немесе 299,3 млн тоннаға дейін төмендей түспек. Бұл өз кезегінде бидай бағасының өсуіне әкелері сөзсіз. Сарапшы мамандар бидай саудасы бір бушель (≈ 27.2 кг) үшін 700-900 доллар мөлшерінде жалғасып, бұл күзгі-қысқы кезеңге жақындағанда екінші баға шыңына жетуі мүмкін деген болжам бар.
Қазақстанда бидай қоры жеткілікті ме?
Жалпы ішкі өндіріс, егер ұн тарту өнеркәсібімен айналысып жүрген кәсіпорындар тарапынан өңделетін бидай көлеміне қарайтын болсақ, ішкі қажеттілікті 100% қамтамасыз ете алады. Алайда соған қарамастан еліміз сырттан бидай сатып алады. Бұл арада бидай импортына сұраныс, оның дәнін егіс жұмыстарына пайдалану және ұн тартушылардың одан әрі өңдеуі үшін туындауда. Ал Қазақстан үшін негізгі бидай экспорттаушы – Ресей.
Қазақстан бидайының экспортына келсек, 2021 жылдың өзінде оның көлемі 40%-дан астамға өскен. ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымын есепке алмағанда, қазақстандық бидайды Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан және Италия елдері үлкен ықыласпен сатып алатынын айтар едік. Әсіресе бес жылғы үзілістен кейін Иран тарапынан қазақстандық бидайға қызығушылық артқан. ЕАЭО тауар айналымының статистикалық деректеріне сүйенсек, Қазақстан 2021 жылы қатысушы елдерге биылғы бес айда Италияға жөнелтілген бидай көлеміне тең астық дақылын экспорттапты. Осы ретте Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспортталған бидайдың салыстырмалы түрде аз көлеміне қарамастан өсу үрдісі жақсы деңгейді көрсетіп жатқан жайы бар. 2022 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша Қазақстанда бидай қорының азаюы байқалуда. Бұл ескі дақылды бидай қорының азаюына қатысты мәселе, ал жаңа өнім элеваторларға әлі түсе қойған жоқ.
Астық дақылы жеткізілімінің үзілуіне және Үндістанның экспорттық шектеулеріне байланысты бидай тапшылығы жағдайында бидай бағасы бір бушель үшін рекордтық 1 087 долларға дейін көтерілген жағдай болды. Ұсыныс болып, алайда уақытша тапшылықтың туындауы нәтижесінде қазақстандық бидайға сұраныстың өскені байқалды. Осыған орай елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылдың мамырынан қыркүйектің соңына дейін бидай экспортына экспорттық шектеулер енгізді. Экспорт белгіленген квоталар шеңберінде жүргізіледі, бидай – 550 мың тонна, бидай және қара бидай ұны – 370 мың тонна. Яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазақстандықтарға нан бағасының өсіміне алаңдаудың қажеті жоқ. «Азық-түлік корпорациясында астық (632,1 мың тонна бидай) жеткілікті мөлшерде, ол қажет болған жағдайда жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілмек. Нан бағасын ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап ұн тарту кәсіпорындарын астықпен қамтамасыз ету үшін жаңа өнім түскенге дейін арзандатылған бидайды 90 мың теңгеден сатуды жүзеге асырады. Барлығы 275 мың тонна бөлу жоспарланған», делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратында.
Ұн тарту өнеркәсібінің өз мұңы бар
Тартылған ұн өнімдеріне қатысты ішкі нарықтағы сұраныс отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіліп отыр. Алайда қазақстандық ұн тартушылар отандық емес, ресейлік шикізатты пайдалануға құлшыныс танытуда. Гәп мынада екен: бидайға ішкі бағаның өсуімен қазақстандық ұн тартушылар 2021 жылдың күзінен бастап бағасы арзандау ресейлік шикізатты пайдалануға көшкен. Ұн өнәркәсібі иелерінің бұл іс-әрекеті 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың ақпаны аралығында бағаны төмендетуге әкелді. Алайда Украинада қақтығыс басталып, ЕАЭО елдеріне ресейлік бидайды экспорттауға уақытша тыйымның енгізілуіне байланысты көрші елден бидай жеткізілімі тоқтады.
Ал енгізілген тыйымның нәтижесінде Ресейдегі бидайдың ішкі бағасы төмендеп, ресейлік ұн тартушыларға жаңа серпін берген көрінеді. Олар өз өнімдерін белсенді түрде өндіріп, өздері үшін ең тиімді бағыт – Орталық Азияға сата бастады. Осылайша, ресейлік ұн бағасы қазақстандық ұннан 10 долларға төмен болды.
Бұл оқиғалар қазақстандық ұн тарту өнеркәсібінің бұдан да үлкен қиындыққа ұшырауына алып келді. Астық өңдеушілер 2022 жылғы наурызда отандық ұн тарту өнеркәсібін қолдау және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бидай экспортына шектеулер енгізуді ұсынды. Алайда сол кезде бұл ұсынысқа Үкімет тарапынан қолдау болмады. Сөйтіп, ұн тартушылар сұраған шектеулер тек 2022 жылдың мамыр айында енгізілді, ал бұл кезде олардың өнімдеріне тұтыну бағасының өсуі жылдық көрсеткіште 30%-дан жоғары болды.
Қазақстандық бидайдың жетіспеуі немесе оның баға факторына байланысты ұн тартушыларға қолжетімсіздігі енді байқалған мәселе емес. Сондай-ақ елімізде бидайдың бітік шықпай, төмен өнім алған жылдары шаруаларға ғана емес, ұн тарту өнеркәсібі өкілдеріне де кері әсерін тигізеді. Қазақстанның астық жинаушылар 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 17,1%-ға немесе 2,4 млн тоннаға аз бидай жинады. Төмен өнім мен жоғары баға ұн тарту өнеркәсібі өнімінің өндірістік көлемін осы кезеңде 21,7%-ға (-243 мың тонна ұн), ал экспорттың 11,9%-ға (-300 мың тонна ұн) төмендеуіне әкелді. Осылайша, қазақстандық ұн тартқыштар жылдан жылға шетелге аз ұн жөнелтуге мәжбүр болып отыр.
Ал биыл мол егін жинауға мүмкіндік бар сыңайлы. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы Қазақстанда бидайдың жалпы түсімі 13-13,5 млн тонна деңгейін құрайды деп болжап отыр. Еліміздің солтүстігі мен орталығындағы қолайлы ауа райымен қатар аграршылардың егін егуді оңтайлы мерзімде аяқтап, топырақта жиналған ылғалды сақтау бойынша жұмысты дер кезінде жүргізуі де көңілге үміт ұялатады.
Сұлугүл БАКЕСОВА,
журналист