Аймақтар • 01 Тамыз, 2022

Аудандардың дамуына айрықша мән беріледі

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кез келген аймақтың дамуы ауыл мен ауданның көрсеткішіне тығыз байланысты екені белгілі. Көрсеткіш болғанда да бұрынғыдай сан қуып, сапаны ұмыт қалдырып, жоғары цифрларды қоя салатын уақыт кетті. Жуырда өткен жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алда өңірдегі өзекті мәселелерді саралап, нақты жағдайға талдау жүргізуді тапсырған болатын.

Аудандардың дамуына айрықша мән беріледі

Осы тапсырмаға орай алғашқы болып Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өзі басқаратын өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады. Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары, тиісті мемлекеттік орган басшылары қатысты.

Аудандар дамуын бағалауда әлеу­меттік-экономикалық көрсеткішке, жоғары тұрған органдар мен облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысына, ауданның кадрлық әлеуеті мен қоғамдық-саяси ахуалға баса назар аударылды.

Осы жылғы алты айда негізгі макро­­эко­но­ми­калық көрсеткіштер рей­­тингінде Сыр­да­рия төртінші орын алып, орташа даму динамикасын көрсетіп отыр. Облыс басшысы жыл басынан бері Сырдария құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне жол берген жалғыз аудан екенін еске салып, алда жоспарлы көрсеткіштерге мұқият көңіл бө­лу­ді және салынған нысандардың толық есебін жүргізіп, статистикалық органдарда тіркелуін қамтамасыз етуді тапсырды. Аудан бюджетіндегі кірістер бөлігінің орын­далмау қаупі байқалып тұр. Рес­пуб­ликалық бюджеттен нәтижелі жұмыс­пен қамту бағыты бойынша бөлінген қаражат толық игерілмеуі мүмкін.

Ауданда жұмыс орындарын құру, индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша жұмыс қарқыны баяулаған.

– Сырдария кәсіпкерлік саласы бойын­ша кенже дамыған аудандар қатарында тұр. Оның себебін аудан­ның Қызылорда қала­сына жақын орналасқанынан іздейтіндер бар. Мұны қайта зор мүмкіндік дер едім. Аудан басшысына осындай географиялық орналасу ерекшелі­гін пайдаланып, Қызыл­орда қаласы­ның айналасынан азық-түлік белдеуін құруды тапсырамын. Ол үшін аудан­да бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және мал, құс шаруашылы­ғын да­мытуға жеткілікті жағдай жа­салған. Осы жұмыстардың тиімді ұйым­дас­тырылуы азық-түлік бағасын тұрақ­тандыруға оң әсерін тигізері сөзсіз, – деді өңір басшысы.

Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары­на кешенді қолдау көрсетуді үйлес­тіру мақсатында барлық өңір­де от­ба­сын қолдау орталықтарын ашу­ды тапсырғаны белгілі. Бірақ Сыр­дария ауданында осы уақытқа де­йін «Бақытты отбасы» әлеуметтік бөлімі ашылмаған. Облыс әкімінің тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік ма­ңызы бар бақша өнімдерімен қамтуы үшін қосымша 464 гектар егістік жер дайындау туралы тапсырмасы да толық орындалмай отыр. Сондық­тан аудан әкіміне осы бағыттағы жұ­мысты тез арада қолға алуды тапсырды. Ауданда айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне займ беру жұмыстары мүлдем ұйым­дастырылмағаны да айтылды. Бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеру, ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды уақтылы пайдалануға беру және азық-түліктің басым бөлі­гі сырттан тасымалданатын өңірде егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңі­нен ақпараттандыру, келесі егін мау­сымына қазірден әзірлену міндет­тел­ді. Кадрлық әлеуетті дамытуға байланысты аудандарда кейбір лауазымды тұлғалар, әсіресе мектеп және балабақша директорлары бір орында ұзақ жылдар бойы тапжылмай отыратыны айтылып, оларды заңнама аясында ротациялауды қарастыру тапсырылды. Соңғы кездері ауданда кейбір қылмыс түрлері өскені бай­қалады. Бұл ретте құқық қорғау органдары жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, жаппай рейд ұйымдастырып, тұрғындарға сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізгені жөн. Бұл жұмыстарды іске асыру барысында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері де белсенді атсалысуы керек.

Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов та түйт­кіл­ді мә­­се­лелерді шешу үшін атқа­рыл­ған жұмысты баяндады. Жарты­­жыл­дықтағы әлеуметтік-экономика­лық даму қорытындысында Қармақшы 6 орында тұр. Он көрсеткіш арасында өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнер­кәсібі мен шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі көңіл көншітпейді. Осыны ширатуды тапсырған облыс әкімі ауданда жұмыс орындарын құру, индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша да қар­қын баяулағанын атап өтті.

– Қармақшының кәсіпкерлік саласы кен­же­леп қалған аудандар қатарында екені индустриялық аймақ­та бес жылдан бері жаңа жоба орналаспағанынан да көрініп тұр. Аудан әкімдігі бизнес бастаймын, кәсібін кеңейтемін деген ынталы азаматтармен тығыз жұмыс істеп, оларға шынайы қолдау көрсетуге тиіс. Өңірде бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және мал, құс, балық шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Сондықтан осы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру аса маңызды, – деді өңір басшысы.

Соңғы кездері Қармақшыда жол-көлік оқиға салдарынан қайтыс болғандар саны­ның күрт өскеніне де назар аударылды. Бұл ауданда да «Бақытты отбасы» орталығы бөлімінің ашылуы кешеуілдеп тұр. Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауындағы мүлік иелерінің бірлестіктерін құру мәселесі де тиянақтылықты талап етеді. Осы бағыттағы жұмысты тез арада қолға алу жүктелді.

Барлық ауданның көрсеткіші осы­лай сараланады. Әрқайсысының әлеу­меттік-экономикалық дамуы бақы­лауда болып, межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған аудан әкімдері мен өзге де лауазымды тұлға­ларға ша­ра қолданылады.

 

Қызылорда облысы