Әдебиет • 01 Тамыз, 2022

Толстойды түсіну қиын

167 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Иә, Толстойды түсіну қиын. Бәлки, ой биігіміз жетпейді. Бәлки, ол басқа ғаламшарда өмір сүрген. Толстой ақсақалды түсінбейтініміз сол, жазушы өзінің жұлдызды шығармалары – «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренинаны» аса менсінбейді. Немқұрайд­ы қарайды. Бұл ойын, тіпті қырық жылдан кейін де өзгерткен жоқ. Мәселен, 1871 жылдың қаңтарында Фетке жазған хатында: «Енді «Соғыс» тәрізді мылжыңға толы дүние жазбайтыным үшін сондай бақыттымын», дейді. «Мылжың» екен.

Толстойды түсіну қиын

Ал 1908 жылдың 6 желтоқсан­дағы күнделігінде: «Жұрт мені «Соғыс және бейбітшілік» және өздері үшін аса маңызды көрінетін т.б. бос дүниелер үшін жақсы кө­реді», деп жазады. Енді бірде 1909 жылдың жазында Ясная Полянаға келушілердің бірі классикке «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» үшін ризашылығын білдіріпті. Сонда жазушы: «Бұл Эдисонға біреу келіп: «Мен сізді мазурканы тамаша билегеніңіз үшін қатты құрметтеймін» деуімен бірдей. Мен өз кітаптарыма мүлдем басқаша қараймын», деп жауап береді. Мұндай мазмұндағы басқа естелік-жазбалар да жетерлік.

Сонда Толстой имандай шынын айта ма? Бәлки, бұл автордың еркелігі де болар. Бірақ байыпты да, шыншыл Толстойға өз жақсысын жаман деп еркелеу де жараспайды. Шынында, бұл қаламгердің талғамы мен таланты таразыға түс­кен тұста туған әділет болса керек-ті. Кім білсін... Толстойлық тал­ғамды түсіну де бір мұң.

«Соғыс және бейбітшілік» атауы бүгінде әлем оқырмандарының санасына әбден сіңіп, жатталып қалды. Шығарма тарихына зер салсақ, бұл атаудың бірнеше нұсқасы болды: «1805 жыл» («1805 год») (осы атаумен роман үзіндісі жарық көрген), «Жақсы аяқталғанның бәрі жақсы» («Всё хорошо, что хорошо кончается») және «Үш кезең» («Три поры»).

Зерттеушілердің айтуын­ша, жазу барысында Толстой дерек­көздерге ерекше байыпты­лық­пен қараған. Көптеген тарихи, мемуарлық әдебиетпен танысты. Оған «пайдаланылған әдебиет тізіміндегі» академиялық басы­лымдар дәлел. «1812 жылғы Отан со­ғысының сипаттамасы» көп­томдығы, М.Богдановичтің тарихы, М.Корфтың «Граф Сперанскийдің өмірі», М.Щербининнің «Михаил Семёнович Воронцовтың өмір­баяны». Сондай-ақ француз тарихшылары Тьердің, А.Дюма-әкейдің, Жорж Шамбренің, Максимельен Фуаның, Пьер Ланфренің мате­риалдарын да пайдаланды. Тізімде масондық жөнінде зерттеулер де, оқиғаға тікелей қатысушылардың – Сергей Глинканың, Денис Давы­довтың, Алексей Ермоловтың және басқа да көптеген адам­ның есте­ліктері де бар. Наполеон­­ның өзінен бастап, көптеген фран­цуз мемуаристің толық тізімі кел­ті­ріл­ген.

Ал осы мың-миллион рет оқыл­ған «Соғыс және бейбітшілікте» тұп-тура 559 кейіпкер бар деседі. Оның 200-і тарихи тұлғалар бол­са, қалған көпшілігінің шынайы прототиптері бар. Ойдан шы­ға­рылған кейіпкерлердің фамилияларымен жұмыс істеген кезде (жарты мыңнан астам адамға есім мен фамилия тауып беру оңай шаруа емес, әрине) Толстой мынадай негізгі үш жолды ұстаныпты: шынайы фамилияларды пайдаланды, шынайы фамилиялардың түрін өзгертті, шынайылардың үлгілеріне сүйене отырып, жаңасын ойлап тапты.

Романның көптеген эпизодтық кейіпкері тарихи танымал фами­лияларға ие. Мәселен, кітапта Разу­мовскийлер, Мещерскийлер, Грузинскийлер, Лопухиндер, Арха­ровтар және тағы басқалары аталады. Ал нағыз кейіпкерлер болса, әдетте, әжептәуір танымал бол­са да, шынайы емес, жасырын фами­лиялармен бүркемеленген. Мұның себебі ретінде жазушының кейбір мінез-құлқының қырлары ғана алынған кейіпкерді қандай да болмасын нақты прототиппен байланыстырғысы келмегенімен түсіндіріледі. Олардың қатарында Болконский (Волконский), Дру­бецкой (Трубецкой), Курагин (Куракин), Долохов (Дорохов) бар. Әрине, Толстой қиялға да берілді. Роман беттерінде нақты отбасымен байланысы жоқ, бірақ тектілігі білініп тұратын фамилиялар да ұшырасады (Перонская, Чатров, Телянин, Десаль және т.б.).

Бүгінде көптеген кейіпкердің нақты прототиптерінің есімдері де белгілі. Мысалы, Василий Дмит­риевич Денисов – Николай Ростовтың досы, оның прототипі әйгілі гусар және партизан Денис Давыдов болды. Ростовтар отба­сы­ның танысы Мария Дмитриевна Ахросимованың образы генерал-майордың жесірі Настасья Дмит­риевна Офросимовадан алынған. Оның бейнесі әсерлі шыққаны соншалық, оны Александр Гри­боедов өзінің «Горе от ума» комедиясында айна-қатесіз қайталайды. Оның ұлы, бретёр, думаншыл, ал кейін партизандық қозғалыстың көшбасшыларының біріне айналған Фёдор Иванович Долоховтың бо­йынан бірнеше прототиптің – со­ғыс қаhармандары, партизан­дар Александр Фигнер мен Иван Дороховтың, сондай-ақ атақты дуэлянт Фёдор Толстой-Американец­тің мінез-құлықтары байқалады.

Ал кәрі князь Николай Андрее­вич Болконскийдің, шау тартқан екатерининдік ақсүйектің образына жазушының нағашы атасы, Волконскийлер әулетінің өкі­лі арқау болғаны мәлім. Қарт Бол­конскийдің қызы және князь Андрейдің апасы княжна Мария Николаевнаның образын Толстой өз анасы Мария Николаевна Вол­конскаядан (тұрмыста Толстая) сомдады.

Осындай түрлі аңыз бен ақи­қатқа құрылған тұтас ғасырдың ұлы шығармасы автордың өзіне қалай ұнамауы мүмкін дейсің. Жазуға аттай алты жылын жұмсап, сегіз рет көшіріп, қайта жазған һәм әлемнің түкпір-түкпіріне атын жайған, абырой-атақ алып келген роман неге Толстойға ризашылық сезім сыйламады екен?.. Неге жақсы жаз­ғанын мойындамайды?

Қайткенмен, Толстойды түсіну қиын.