Әдебиет • 09 Тамыз, 2022

Кофе және әдебиет - 6

600 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып өлең оқығың келеді. Көңіл күй үшін, эстетикалық ләззат алу үшін. Жақсы өлең оқу да өмірдің бір рахаты. Өлеңсүйер оқырманның көбі лириканы жақсы көреді. Өйткені лирика – мөлдір өлең. Адамның ойы да бір кітапхана сияқты ғой – өлеңді аңсағанда әр ақынның есте қалған шумақтары таудан түскен бұлақтай көмейіңе келіп құйылады. Сонда әдебиеттің, ақындықтың, өлеңнің құдіретіне таңғаласың. Жақсы шығарманың адам ғұмырынан ұзақ жасауының өзі өнердің өмірден биік екенін көрсететіндей.

Кофе және әдебиет - 6

Өлең – жүректің сөзі. Ол жан­ның толқынысынан туса керек. Көңілдегі кірбің, зар, мұң, сағыныш пен өкініш, арман мен аңсардың түбі – өлең. Мөлдір өлең. Ешкім жазайын деп жазбайды һәм жазбайын деп жазбай кетпейді екен. Ақын қаламынан туған өлеңнің бәрі – өмірдің ісі. Жалпы, өлеңді жазу да, өлеңді оқу да – жүрекпен. Адам кез келген уақытта өлеңге бармайтыны тағы анық. Құлазиды. Көңілі босайды. Жалығады. Бәлки, біреуді сағынар. Сосын өлең оқиды. Ақын сөзімен жыртық көңілін жамайды. Жұбанады.

Өлең оқитын әр жанның өз ақын­дары бар. Ол енді талғамға байланысты. Біреу Абайды, біреу Қасымды, Жұмекен, Мұқағали, Фариза, Тұманбай, Сағи, Сырбай, Жұматай – қазақта жақсы ақын көп.

Өлең оқу да бір сәтпен, көңіл күймен келеді. Мысалы, Алматы­ны сағынғанда Есенғали есіңе тү­седі. «Сол Алматы, сол өзен...» Жал­пы, Есенғали Раушановты сү­йіп оқитындар көп. Әркімнің өз Есен­ғалиы бар деген сөз де рас. Ақынның сөзі – өлең. Ақынның сәлемі – өлең.

– Мама, – деймін, – бәрі жақсы, дін аман.

Жылама деп айтып ең ғой, жыламан.

Бәрі ойымда – ата мінез, салт-сана,

Елдің салтын естен неге шығарам.

Білем, енді оралмайды бал күнім,

Менің бұлтым тежеп әрең жаңбырын,

Аулақ барып, ішкі шерін тарқатып,

Өксіп-өксіп жылайды бір зарлығым.

– Мама, – деймін, – бәрі жақсы, дін аман,

Елдің салтын естен неге шығарам.

Мен шыдаймын, шыдай берем, шыдағам,

Бұлт қой анау жылаған...

Енді бір оқырман Гүлнар Са­лық­байға «шағым айтады». Жүрек­ті аямайды дейді. Жаза салады.

Біз енді қайтер екенбіз?

Жақынбыз және бөтенбіз.

Алыстан келсең, алдыңнан

Су алып шығар бөтен қыз...

Біз енді қайтер екенбіз?..

Мазамды алды мына ақшам,

Семсерін кезеп сұрақ сан.

Күлдіріп отыр басқа жан,

Жақсы еді сен кеп жылатсаң...

Кейде өлең ақынның көз жасы сияқты. Қосылып сен де жылайсың. Кейде қара түнді бұзып-жарып естілген шат күлкі сияқты. Онда да тымырайып отырмайсың: сен де жымиясың. Өлең табиғаты жаныңа медеу болған соң ақынның көңіл күйінен алыстап кеткің келмейді. Қашанда ақын жанының толқынымен бірге жүзгің келеді. Өйткені екі жүректің арасында перде жоқ. Тек ұқсастық бар. Кейде сендегі ой өлеңнен табылады. Өз сөзіңнің ақын қаламымен жымдасып, үндесіп жатқанына, әрине, ішің жылиды. Бірақ сендегі тереңде тұнып жатқан маржан-сырды күллі жұртқа жайып салған өлеңге, бір жағы, өкпелейсің. Мәселен, Жанна Елеусізге.

...Аңыз ғана – өлмей қалды.

Аз...

әйтпесе, Нағыз адам...

Жүрегімді сезбейді әлгі...

қаласы көп тағы заман.

Баспана боп жаныма Өлең.

Кетем шығар...

сүйіп Елес.

...мен Біреуді сағынар ем!

Әттең...

ешкім – Биік емес...

Ал лирикалық юморды ұна­та­тын жастар Айжан Тәбаракты оқиды. Ақын биязы ишарамен лири­калық қаһарманға наздана үн қатады.

Назы көп бұл жүректі қайтер екем?

Білмеймін, қай тағдырға бұйырасыз...

... Өмір жайлы бірдеңе айтар десем,

«Өлеңдерің жақсы...» – деп жымиясыз...