Аймақтар • 10 Тамыз, 2022

13 қызметті автоматтандыру жоспарланған

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында цифрландыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жұмыс бағыты негізінен «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. Осы жылы «IQALA» модулі арқылы да бірқатар саланың сервистерін автоматтандыру ісі жалғасын таппақ.

13 қызметті автоматтандыру жоспарланған

«Қала тұрғындары мен бизнес өкілдері үшін тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық ұйым­­дарының қызметтерін алуды же­ңілдету керек. Сол үшін де Тараз қа­ласының табиғи монополиялар су­бъектілері қызметтері мен сер­вистерін автоматтандыру ма­ңызды болып отыр», дейді об­лыстық цифрландыру бас­қар­масының басшысы Руслан Ноқрабеков мәселенің мәнісіне үңіліп.

Оның айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру үшін де таби­ғи монополиялар субъектілері ұсынатын қызметтерді авто­мат­тандырудың маңызы зор. Жоба аясында «Тұрғын үй – коммуналдық сектор» модулін енгізу арқылы геопортал ала­ңында іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде, яғни 2022 жылы Тараз қаласы бойынша 13 қызметті автоматтандыру жоспарланған.

«Атқарылатын жұмыстар нақты мақсаттарға негізделген. ТМС қызметкерлерінің авто­мат­тандырылған жұмыс орындары халыққа қолайлы жағ­дай туғызуы керек. Сонымен қа­тар Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілері­нің қалалық қызметтер көр­сету саласындағы сыбайлас жем­қорлықтың тәуекелдерін бол­дырмауға жұмыс істейміз. Сон­дай-ақ Тараз қаласында IT-мамандар үшін бірқатар жаңа тұрақты жұмыс орны құры­лады», дейді Р.Ноқрабеков.

Басқарма басшысының сө­зіне сүйенсек, қызметтер авто­маттандырылған жағдайда ха­лықтың да жұмысы жеңілдейді.

«Сервис 13 коммуналдық (қалалық) қызмет бойынша бел­гілі бір уақыт ішінде бір жер­де кеңес алуға және өтінім беруге, бірнеше ұйымның бөлім­шелеріне бармай-ақ қызметтер көрсетуге өтінім жасауға және сервис арқылы үйден шықпай шарт жасасуға, кіріс өтінімдері мен ұсынылған жауаптардың өңделуіне мониторинг және талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Осылайша қызметтер көрсету сапасын жақсартады. Жұмыс жоспарға сәйкес атқарылған кезде: жеке тұлғалар үшін тұр­мыстық тұтынушыны жылу энер­гиясымен жабдықтау бойынша қызмет көрсетуге, көппәтерлі тұрғын үй кешеніндегі пәтерге шарт жасасу; жеке тұлғалар үшін тұрмыстық тұтынушыны жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қызмет көрсетуге, жеке қайталама объектіге шарт жасасу; жаңа нысанға жылу энергиясымен жабдықтау бо­йынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа қосымша ке­лісім жаса­су; жүктемені арттыру/азайту ­үшін жылу энергиясымен жабдық­тау бойынша қызметтер көрсе­ту шартына қосымша келісім ­жасасу, заңды тұлғалар үшін сумен жабдықтау және/немесе су бұру қызметтерін көрсетуге шарт жа­сасу; автономды жылытуға тех­никалық шарттар беру; жеке тұл­ғалар үшін қатты-тұрмыстық қал­дықтарды (ҚТҚ) шығару бо­йын­ша қызмет көрсетуге шарт жасасу; заңды тұлғалар үшін қат­ты-тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару бо­йынша қызмет көрсетуге шарт жасасу секілді мәселелер өздігінен шешімін табатын болады», дейді басқарма басшысы.

Біршама уақыт бұрын Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін еліміз бойынша 100 мыңнан астам IT-мамандарын құру қажеттігін атап өткен болатын. Өңірде бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесін­де, өткен жылы он тұрақты жұ­мыс орны құрылса, 2022 жылы цифр­ландыру саласында 35 жаңа жұмыс орны ашылады деген ­жоспар бар.

«Цифрландыру саласында қолға алынған жұмыстар­ды дер кезінде іске асырудың маңызы зор. Өйткені бүгінде сервистерді автоматтандыру арқылы көптеген жұмыс жедел түрде іске асады. Сол бағыттағы жұмысымызды жандандыра түсеміз», дейді Р.Ноқрабеков.

 

Жамбыл облысы