Өнер • 10 Тамыз, 2022

Цирк

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кенеп боялмаса да оның айтар ойын ұғуға болады. Кейде мыңдаған түсті бір картинаға жинасаңыз да, сіздің жүрегіңізді селт еткізбеуі мүмкін. Мұны француз импрессионист суретшісі Жорж-Пьер Сера жақсы түйсінді. Содан да болар «Циркті» аяқтай алмады. Соңғы бөлігін жазуға оқталғанда, шеберхана есігін ажал келіп қағады.

Цирк

Бірақ «Цирк» аяқталды. Нео-импрессионист суретші Максимилиан Люс картинаның нүктесін қойды. Жорж-Пьер Сера Париждегі көрмесінің басталғанына 1 апта уақыт өтпей жатып, суреткердің кенеттен көз жұмғаны туралы хабар жетеді. Сераның өлімінің нақты себебі әлі анықталған жоқ. Дә­рі­герлер қойған диагноз бойынша дифтерия, инфекциялық эндокардит, пневмония, менингит сынды түрлі аурудың әсерінен қайтыс болуы мүмкін.

Жалпы, Сера – нео-им­прессионизмнің негізін салу­шы, дивизионизм немесе пуан­тилизм деп аталатын кес­­кіндеменің өзіндік әдісін жасаған. Сонысымен де оқыр­манның есінде қалды. Атал­ған шығарма француз хал­қының канкан биін көз алды­ңызға әкеледі. Алғашында фран­цуздар биді бағаламаған, өйткені ол өте әдепсіз өнердің жемісі деп саналды. Алайда көп ұзамай билік тарапынан арнайы құрылған комиссия Париж қаласының бюджетіне кіріс әке­ле бастаған биді орындауға рұқ­сат береді. Осылайша, бұл би цирк­те де орындалатын болды.

Бүкіл композиция мате­ма­ти­калық тұрғыдан өте дәл сы­­зыл­ған. Суреттегі әрбір нүкте­нің өзін­дік орны бар. Барлық ке­йіп­кер қатаң белгіленген көк торға сәйкес орналастырылған. Цирк атмосферасын жеткізу үшін автор күн сайын осында келіп, әртүрлі эскиз сызды. Шеберге шабандоздар, сайқымазақ қал­пақ­шалар қызық көрінді. Олардан мән іздеді.

Алдыңғы планда көріп отыр­ған сайқымазақ канкан билеуде. Бір қарағанда, клоун­ды цирк қойылымының ұйым­дастырушысы деп ойлайсыз, екіншіден оны қарапайым кө­рер­мен ретінде қабылдауға болады. Ат үстінде акробатика­лық трюктарды орындап жатқан гимнаст адамға шаттық ­сезі­мін сыйлайды.

Бір қарасыңыз картина қозғалыста жүрген секілді, десе де, автор бір сәттік көріністі қағазға қондырған. Көрермен ретінде басқа кейіпкерлерді тани аласыз. Кенептің өзіне тән ерекшелігі – көк, сары және қызыл түстермен ғана шектелуі. Бұл – қылқалам шеберінің қолтаңбасы.

 

Жетісу облысы