Бұл – суретші Алексей Саврасовтың 1871 жылы салған картинасы. «Қарғалар ұшып келді». Автордың бұл көктемі, бір қарағанда сұрықсыз. Көркем туындыдағы тоналған қоңыр-ала даладан әсемдік іздеуіңіз мүмкін. Ал картинаны сөйлетіп тұрған – қарғалар. Олардың қарқылы мен бұтақтардың сыбдыры мүлгіген тыныштықта еңсеңді басады. Шынында да, табиғаттың сұрқы қашып, бұта-талдар жалаңаштанып, адамдарға да бір жақсы көңіл күй сыйлай алмайтын мезгіл – қыстың көктемге таяр өліара шағы.
Ол осы сұп-сұр далаға тамсанды. Қарғалардың келгеніне қуанды. Көктемнің иісін сезді. Суретші, табиғатты жиі салатын.
«Көктем келді ғой, барып сурет салыңдар. Қар еріп, құстардың сайрағаны қандай ғажап. Барып сурет салыңдар, эскиз жазыңдар, зерттеңдер, ең бастысы, сезініңдер», деп оқушыларын ылғи далаға жіберетін.
«Табиғат мәңгілік тірі – тыныс алады. Әрқашан ән салады – сондай ғажап ән. Жер деген жұмақ емес пе. Ал өмір – жұмбақ, әдемі жұмбақ», дейтін Саврасов.
1870 жылдың басында Кескіндеме училищесімен арадағы түсініспеушіліктерден (оқушылар санының аздығынан Саврасов мемлекеттік пәтерден айырылды) соң суретші отбасын алып Еділге кетеді. Ярославльде, Кострома маңында, Төменгі Новгородта, Юрьевецте болады. Ол бұл саяхатында жасаған эскиздерін кейін бес жыл бойы жұмысына пайдаланды. «Қарғалар ұшып келді» картинасы да осы Еділде басталған еді. Кейін Кострома губерниясының Молвитино ауылында (қазір Кострома облысы, Сусанино ауылы) жалғастырды. Онда бүгінгі күнге дейін сақталған Қайта тірілу шіркеуінің суретін салды (қазір шіркеуде Иван Сусанин мұражайы орналасқан). Ал автор картинаны Мәскеуде шеберханасында аяқтады.
Көпшілік картинаны алғаш рет 1871 жылы саяхатшылардың көрмесінде көрді. Таңғалысты. Барлық пейзажда өзен, ағаш, тіпті ауа бар, тек «Қарғаларда» ғана жан бар десті. Осылайша, Алексей Саврасовтың бұл картинасы орыс бейнелеу өнерінде жаңа бағыт қалыптастырды. Лирикалық пейзаж.
Картинаны алғаш көрген Павел Третьяков 600 рубльге сатып алады. 1872 жылы Саврасов беделді адамдардың сұрауымен «Қарғалар ұшып келдінің» алғашқы көшірмесін салады. Кейін картинаның тағы бірнеше көшірмесін жасады. Ол қазір Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында сақталған.
Зерттеушілер суретші туындысында енді келген көктемді, көктемгі көңіл күйді ымдап береді дейді. Картинаға қараған сәтте көктем енді келгендей күй кешесің. Сұрланған далаға алыстан түскен күннің жарығы – картинадағы көктемгі детальдардың бірі. Ал ондағы ауа... Біз ауаның түсі болмайды дейміз ғой. Ауаның суреті де салынбайды. Бірақ ауаны бейнелеуге болады екен. Алексей Саврасов шығармаға сезім, тыныс, білінер-білінбес өзгеше өңді ауа арқылы берудің асқан шебері болған. «Қарғалар ұшып келді» картинасы да жып-жылы, таза, көктемгі ауаға толып тұр.
Өмірдің әділетсіздігі сол, талантты адамдар тағдырлы келеді. Табиғаттың әр сәтіне, қылығына ғашық Саврасов та ауыр мұң кешті. Ішкілікке салынған суретші кедей күйге түсіп, көше кезіп, қаңғып қалды.
Саврасов тіршілікке икемсіз болды. Өмірін ұйымдастыра алмады. Атағы жарып тұрған жеңісті кезін пайдалана алған жоқ. Жарытып ақша да таппады. Пәтерден пәтерге сандалу, картиналарына айтылған сын, баласының өлімі (үшінші перзенті өмірден өткенде суретші қатты қиналды, сол уақыттағы суреттерінде ауыр қайғысы байқалады), әйелдің шапшуы – бәрі-бәрі суретшіні ішімдікке алып келді. Қатты салынған ол отбасыдан, 25 жыл еңбек еткен жұмыстан айырылды. Өнертанушылар суретшінің 1880-1890 жылдардағы шығармашылық кезеңі туралы сөз қозғағанда «ішкіш Саврасов» сөзін қолданады.
Автор бір бөтелке үшін Сухаревский базарында 2-3 рубльге сурет салып сатты. Қартайған шағында қаңғыбас атанған Саврасовты достары талай жөнге салды: жуындырып, киіндіріп, «Қарғаларды» немесе «Кемпірқосақты» қайта салуын өтінеді. Ал суретші бәрібір қашып кетеді.
Өмірінің соңында Саврасов жақсы күндерді көрді. Ішкіліктен арылып, отбасын құрып, бала сүйді. Бірақ денсаулығы жарамады. Көзі көрмеуге айналып, қалтыраған саусақтары қылқалам ұстай алмады. Иә, табиғатпен үндес, жаны нәзік, аспанға, айға, күнге қол созған Саврасовтың өмірі картиналарындай әсем болмады. Иә, тағдырға талант та қарсы тұра алмайды.