Абай • 11 Тамыз, 2022

Ұлттық мереке

815 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Абай күні» мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде өз деңгейінде атап өтілді. Ақынның туған күніне орай ел астанасында да бірқатар мәдени іс-шара болды. Рухани мереке елордалық зия­лы қауымның Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.

Ұлттық мереке

Ұлттық академиялық кітап­ханада Абай күніне арналған «Абай тағылымы» атты әдеби-мерекелік жиын ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Абай әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесі мен сирек қордағы материалдар ұсынылған көрме өткізілді. Сондай-ақ елімізге белгілі абайтанушылардың қаты­суымен өткен дөңгелек үстел­де ақын өмірі мен шығар­машылығы туралы түрлі тақырыпта баяндамалар оқылды. Одан бөлек Абай шығармаларын мәнерлеп оқу марафонына мектеп оқушылары қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Ақын мұраларын білуге арналған вик­торинамен жалғасқан мере­келік жиын басқа да танымдық іс-шараларға ұласты.

«Әр халықтың, ұлттың бүгін­гі күнмен астасқан мәселе­сін кешегімен, ертеңгімен жалғас­тыратын ұлы тұлғалары болады. Біз үшін де көне түркі жазулары мен Абай идеясы – сондай ұлы құндылық. Сондықтан да Абай күнін атап өту – ұлт үшін үлкен рухани есеп. Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл үшінші рет атап өтілетін Абай күніне арналған жиынымыздың мақсаты – хакім Абайдың теңдессіз мұрасын ха­лыққа жеткізу, жас ұрпақтың са­насына ақын идеясын сіңіру»,  дейді Ұлттық академиялық кітап­хана директоры Ғазиза Құдай­бергенқызы.

Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен өткен мере­ке­лік жиынға Қазақстандағы дипломатиялық елшіліктер, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, абайтанушы, ғалым Сұлтан Ыбырай, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, абайтанушы, ғалым Ернат Қашқынов және басқа да әдебиетшілер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сонымен қатар Абай күнін елордалық полицейлер де атап өтті. Мерейлі мереке аясында Нұр-Сұлтан қаласының Поли­ция департаменті ақынның 177 жылдығына арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Мәсе­лен, департаментте Абайдың асыл мұрасын насихаттайтын «Тұлғаға тағзым» атты кітап көр­месі қойылды. Сондай-ақ депар­таменттің ведомстволық музей басшысы, тарих ғылым­дарының магистрі Шынар Уайсова жеке құрам арасында Абай Құнан­байұлының өмірін насихаттау, ақынның шығармашылығы арқылы патриоттық рухты тәр­биелеу бойынша дәріс өткізді.

Айта кетейік, дәрістің мақсаты – ақын мұрасының қазақ руханиятында алар орны, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен оның құндылығы, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі жөнінде кеңінен ақпарат беру, сол арқылы тәртіп сақшыларының патриоттық, ерлік, жігерлік сезімдерін нығайту болып отыр.

Іс-шара барысында полицейлер ғұлама ақынның өлең­дерімен, абайтанушылардың зерттеулерімен тереңірек танысып, күнделікті қарбалас жұмыс­тарынан бір уақыт алшақтап, пайдалы мағлұмат алды.

Абай күніне орай Қазақ­стандағы АҚШ елшілігінің қыз­меткерлері де Абай өлеңдерін оқып, бейнежазба таратты.

«Қазақстанға келгелі бері біз де хакім Абай Құнанбайұлының өлеңдерімен танысуды жөн көрдік. Сонымен қатар үзінді болса да кейбірін жатқа айтқымыз келеді», дейді Брайан есімді қызметкер өзінің бейнеүндеуінде.

Атап айтсақ, АҚШ елшілігінің қызметкерлері «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңдерін оқыса, ал Джон есімді тағы бір қызметкер «Көзімнің қарасы» әнін орындап берді.

Ақынның туған күніне ар­налған бұл марафон Бейжіңде де жалғасты. Бейжіңнің Орталық «Чаоян» саябағындағы «Цзиньтай» музейінде Абай күнін мерекелеу аясында Абай оқулары өтті. Іс-шара 2014 жылы наурызда Қытай астанасының орталығындағы «Чаоян» саябағында орнатылған Абай ескерткішіне (авторы – әйгілі қытай мүсіншісі Юань Сикун) гүл қою рәсімінен басталды.

Абай оқуларын ҚХР министр­ліктері мен ведомстволарының, ШЫҰ Хатшылығының өкілдері, Қытайдағы ТМД елдері дипло­матиялық өкілдіктерінің басшылары, қазақстандық және қытайлық студенттер тыңдады. Сондай-ақ мәдени жиын қонақтары қазақ және қытай тілдеріндегі Абай шы­ғар­­маларының жинақтарымен танысты.

Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі Шахрат Нұрышев құттық­тау сөзінде Абайдың шығар­машылығы, оның қазақ филосо­фиясы мен әдеби тілді қалып­тастырудағы рөліне тоқталды. Елші 2015 жылдан бас­тап Бей­жің, Шанхай, Далянь және Сиань жоғары оқу орындарында «Қазақстан орталықтары» мен қазақ тілі кафедралары ашыл­ғанын, онда қазақ әдебиеті, мәде­ниеті, тарихы және Абай шығар­малары зерттелетінін баяндады.