Бұл маңызды ынтымақтастықтың тарихы туралы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина өз сөзінде «Қазақстан – әрқашан дінаралық көзқарастарға түсіністік және сыйластықпен қарайтын көпұлтты мемлекет. Ынтымақтастық қарым-қатынастағы отыз жыл ішінде Қазақстан мен Ватикан басшыларының бірнеше кездесуі өтті. Отыз жыл ішінде биыл Рим Папасының елімізге екінші сапары жоспарланып отыр. 2001 жылы 23 қыркүйекте Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың шақыруымен Рим Папасы Иоанн Павел ІІ еліміздің қадірлі мейманы болған. Бұл елеулі оқиғалар туралы материалдар Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің қорларында сақтаулы. Қазақстан ежелден Шығыс пен Батыстың арасындағы өркениеттер тоғысы болған. Тарих қойнауынан бастап осы аймақта түрлі дінге бағынушылықтың түп төркіні қалыптасып, әр деңгейде өрбіген. Егемендігімізді еңсерген күннен бастап, азаматтарымыз діни сенім бостандығы құқығына ие болды. Қазақстанның демократиялық реформа жасап, тең құқықта дамуының негізгі бір тұтқасында діндар адамдардың еңбегі зор. Тек бейбітшілік, ұлтаралық және дінаралық татулық арқылы біз тарихтың толғаулы кезеңдерінен мойымай өтіп, тек қана экономикалық және саяси ұстанымдарды ғана дамытпай, рухани еркіндікті шыңдай білдік», деп тоқталып өтті.
Әлем халқы жақсылықтың жаршысы деп таныған Шапағатты Әкейдің жиырма бір жыл бұрынғы елімізге келген сапарында «Саған, Қазақстан және сенің барлық тұрғынына Құдайым рақымын түсіріп, сенің болашағыңа келісім мен бейбітшіліктің нұрын төксін», деп дұға тілеп сөйлеген сөзі Президент Архивінің 5-Н қорында сақталған.
Мұнда Рим Папасы Иоанн Павел ІІ «Еуразия аумағының дәл кіндігінде орналасқан осынау қайырымды да ұлан-байтақ елдің елордасына, тікелей Астана қаласына дейін менің қадамдарыма басшылық еткен Құдайға тәубе қыламын. Сан ғасырлық әрі сан алуан рухани және мәдени дәстүрдің мұрагері болған, ал қазіргі кезде жаңа әлеуметтік және экономикалық мақсаттарға ұмтылып отырған көпэтносты мемлекеттің бастауын қалаған осынау Жерге тебірене тәу етемін. Көптен бері мен бұл кездесуге құштар едім, сондықтан да Қазақстанның барлық тұрғынның ықыласы мен сүйіспеншілігін құшағыма ала білген менің қуанышым шексіз», деп мейірлене айтып өткен.
Қазақстанның тәуелсіздік жолында күрескен түрлі кезеңін тізбектей келіп, дүниежүзі халықтарына өнеге болған тәжірибелі шешімдеріне де тоқталып өткен еді. Ол өз сөзінде «Қазақстан басқа халықтармен, ұлттармен және мәдениеттермен мүдделес ынтымақтастықтың «көпірлерін салу» үшін қажетті алғышарттардың – туысқандықтың, диалог пен өзара түсіністіктің рухында өркендеуді қалайды. Нақ осындай келешегі зор мүдде тұрғысында Қазақстан 1991 жылы батыл бастамасымен Семейдегі ядролық полигонды жабу туралы шешім қабылдап, кейіннен ядролық қарудан біржақты бас тартуды жариялады және Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімге қосылды. Осы шешімнің негізінде сіздерде даулы мәселелерді қару қолдану арқылы емес, келіссөздер мен диалогтың бейбіт құралдарын қолдану арқылы шешкен жөн дейтін сенім орнықты. Мен ынтымақтастық пен бейбітшіліктің өзекті талаптарына тамаша сәйкес келетін, адамдарда нығая түскен саналылықпен талпынып отырған мұндай тәртіп бағытын мақтамай тұра алмаймын», деп тәнті болып, ризашылығын білдірген еді.
Үшінші мыңжылдықтың басында зайырлылық пен ынтымақтастықтың рухын таныта білген және әлем діндерінің бейбітшілікті орнықтырудағы рөлін қолдаған Қазақстанға алғысын төккен Шапағатты Әкей Иоанн Павел ІІ «Қазақ халқы, сені Елді шынайы прогресс тұрғысынан, ынтымақтастық пен бейбітшілік рухында мемлекет құрудың жауапты міндеті күтіп тұр. Қазақстан – азапқа түсушілер мен діни нанымдағылар жері, айдалғандар мен қаһармандар жері, ойшылдар мен суреткерлер жері, ештеңеден тайынба! Егер сенің денеңе түсірілген жарақаттың ізі терең де сан түрлі болып қалса, егер материалдық және рухани қалыпқа келтіру ісінде қиыншылықтар мен кедергілер пайда болса, ұлы Абай Құнанбайұлының: Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет сезімі. Ол жаратқан тәңірінің ісі (Қырық бесінші сөз) (ұлы ақынның бұл сөзін Рим Папасы қазақ тілінде айтты) деген сөздері сен үшін дәру әрі құлшыныс болсын», деп рухани күш-жігер сыйлап, дұға еткені қазақстандықтардың жадында жайдары пейілде сақталып қалған еді.
Дәстүрлі діннің қайсысы болсын бірігуге, адамның өзіндік санасының қалыптасуына ықпал етуге, басқа халықтарға, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне құрметпен қарап, төзімділікке тәрбиелеуге шақырады. Еліміз – түрлі конфессия мен этнос өкілінің тату-тәтті өмір сүруінің айқын үлгісі болып әлемге танылып отыр. Мыңжылдықтардан бүгінгі ХХІ ғасырға жеткізген дін жолындағы өзара түсіністік бәрінен жоғары болып келген. Бүгінде зерттеушілердің еңбектерінен католицизмнің біздің өлкемен ынтымақтастық тарихы қағандық, хандық дәуірімізден бастау алатынын дәлелдейтін дипломатиялық хат алмасулармен танысып жатырмыз.
Біздің ел дініне, діліне, тіліне, нәсіліне қарамастан әлемдегі халықтар арасындағы кедергілерді шегеруге, тең құқықты қарым-қатынасты дамытуға бағытталған бірқатар бастаманы жүзеге асырады. Бұл бағытта Қазақстанның бастамасымен 2003 жылдан бері үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін айтуға болады. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – конфессияаралық және этносаралық қатынастардағы зорлық-зомбылық пен террорға қарсы діндер диалогын жүзеге асыру үшін тұрақты халықаралық конфессияаралық институт құру. Алғашқы съезден бастап рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өркениеттің өрлеуін қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы декларация қабылдаған еді. Бүгінгі таңда бұл ұйым бүкіл әлемнің діні мен өркениеті мойындаған, барлық дәстүрлі дін басшысы міндетті түрде қатысуды құрмет тұтатын халықаралық іргелі форумға айналды.
Съезді ұйымдастыру және өткізу бойынша сол кездегі ұйымдастырушы орган – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құжаттары, хаттамалық шешімдері мен тапсырмалары, жоспары, шақыру жөніндегі ақпараттық жобалары, хат алмасулары және әрбір жылғы өткен съездің нәтижесінде қабылданған маңызды құжаттар мен декларациялар Президент Архивінің қорында сақтаулы тұр.
2022 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде Понтификтің елімізге биылғы 13–15 қыркүйегінде ресми сапармен келетіні анықталған болатын. Ватикан осыған дейін ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне қатыспаған еді. Бүгінгі католик шіркеуінің билеушісі Понтифик Франциск осы басқосудың VII съезінің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына алғаш рет қатыспақшы. Бұл Қазақстанның конфессияаралық диалогтың сенімді алаңы ретіндегі мәртебесін растайтын бірегей оқиға болмақ. Сол күні Понтифик Франциск көрші елдерден келген және жергілікті Рим-католик шіркеуінің дін қызметкерлерімен, семинаристерімен кездесуді көздеп отыр.
Дипломатиялық ынтымақтастықтың жаңа даму үрдісі ретінде Қазақстан мен Ватикан тек діни тұрғыдан өзара ынтымақтастыққа сенім артпай, өркениеттің өзге де өзекті салалары – білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бірқатар іс-шараны қолға алған.
АЛМАТЫ