Еріксіз елпең желмен кернелген желкен! Жан тылсымы, тіпті қан қысымы миыңнан шындық ширатылымын шебер тарқатып, суылдата шашып жөнелгендей ме? Кеуілсіз емес, кернейлетіп, көркемдігімен бебеулетіп... Бұл қазақтың басына не келіп, не кетпеді? Арагідік тұяғынан қиылып, тұлпарлыққа жетпеді... Бәрібір орнынан оңалып, опалы күймен, күлден көтерілген не деген жаны сірі, епті еді! Осының бәрін таразы тарих талғаммен аса күйттеді. Қазақ болыпты, қазақ бар екен, қазақ болашаққа бой ұрған дана екен... Бірақ уысындағы бағын, берекесі мен бірлігін, тәңірі дарытқан ірілігін сол шарболат күйінде ұстана алып жүр ме!?
Бұған бәс тіксеңіз – талантты жазушы, таптаурынсыз талғам иесі Тұрысбек Сәукетаевтың «Желқайық» романын бас алмай оқып шығыңыз. Жалықтырмайды, жаһанданудан жұтылып кетпес үшін жаныңды қармақ ұшына іліп қоятын қысылтаяңдағы қыспағы да бар... Ұлт үшін кесек мінезбен, кернеулі келбетпен, шиырсыз ізбен жазудың өзі ерлік-ау, сірә... Тұжырып айтсақ, бұл – қазақ прозасының тәуелсіздік тұсындағы тегеурінді туындысы, «қалың роман оқылмайды» деген тоң-торыс уәжге тойтарыс. Қайта, бұл – бастап, тастай алмайтын, күллі жұлын-жүйкеңізді жібітіп, білмекке берекелендіретін, рухани бұла күшке кенелдіретін, өршілдікке өршелендіретін «нәр-сусын!» Разылығыңды тасытып, еңсеңді көтеріп, былай дегізетін: «е, бәсе, осындай ерек те шынайы шығарма туса, тусын!» Тың үлгі – тапқырлық күлігі! Үркектенбеңіз, үміт үзбеңіз. Қашанда алғашқының қадамы тұсаулы, шетқақпайлы, шәт-шәлекейлі, құсалы. Өткінші бұл үргедек сезім сана сапырылысының сараптамасынан соң табиғи танымға табан тіреп, әділдік тұғырына тұрақтанады. Уақыт-әміршінің бұлтартпас бұйрығы осы! Біздің білеріміз, түйеріміз – тосын сипатты, тұңғиық тағдырлас, тарту-таралғылы, айдарынан жаңашылдық лебі ескен «Желқайық» романы әдебиет атты алып теңізге керім желкенін керіп үлгеріпті! Қуансақ, осыған қуанайықшы! Ғабит Мүсірепов: «Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында», деп жүлгелеп, қысқа жазудың да қадірін өз мысалымен шегендеп кетіп еді...
Қазақ әдебиетінің өнікті де көрнекті жауынгері, дара қолтаңбалы жазушы Т.Сәукетаев шығармашылығы – әманда оқырмандарының безбенінде. Жүрек лүпілімен елеңдесе күтіп, елгезектікпен сіміреді. Себебі өз күткенінен артық өзекжарды тақырып тылсымына бойлата жөнелетін магиялық тартылыс күшінен әр оқырман рухани ләззатқа бөленеді. Өзгеше баян, қоңыр әуен, тіл күмбірі жан тербейді. Ынтықтыра тартып, есілтіп оқытады. Бір жұтқан зәмзәм суындай таңдай тақылдатады. Суреткердің заманымыздың соқталы да солғын тұстарын жіті аңғарып, қоғам дамуының нәзік қырларын дөп басып, турашылдық тәлімімен алақанға жая салатын шеберлік лабораториясында «Қилы тағдыр» атты романдар циклі мәуелі жемісін бере бастады. Алдыңғы екеуін – «Айқараңғысы» мен «Бұлағай» романдарын тұшына оқығандар, енді солардың заңды жалғасындай «Желқайықты» бастапқы құлшыныс, аңсармен қабылдап, қанағат сезіміне бөленіп жатқанын айту парыз. Және де бұл туындыны жаңа қазақ романистикасының бөлек сападағы айқын озық үлгісі, прозалық соны ізденістің маржаны, кейіпкер образын жасаудағы жаттандылықтан жалтара түсіп, жаһандық әдебиеттің сүзбелерімен һәм ұлттық үрдіспен байытылған «сәукетаевтық қолтаңба» деп айдарлап алыпты. Тіпті кейде дүмбідей диалогтері дырау қамшыдай дыз еткізе шапақтаса, монтаны монологтері жан дүниеңді балбырата арбайды. Қысқасы, оқырман өзін ұмытып, роман демімен тыныстайды, тартылыс күшінің шеңберіне маталып қалады...
Сан-салалығымен әрі күрделілігімен көңіл айдынында ерекшеленіп тұрған «Желқайық» романы әлі де болса сыншылар назарына дендеп іліге қойған жоқ. Ауызекі тұшыныс баға. Бастапқы сүйсініс, тәнтілік, қолдау пікірлер өріс жайған. Әсілі, жаппай жарылқанар, өңкей келісті, таза сынның мәйегінен дәмеліміз. Әдетте, талғамға татырлық туындысыз сын өрбімейдінің кебіне үңілсек, бұл не дағдарыс? Қасқайып нық тұрған «Желқайықты» көзге ілу – ұлт мақтанышы! Әдеби селқостық ешнәрсенің де әдібін жаппайды, қуартады, құлазытады. Бүгінгі қазақ қоғамында абай болатын бір түйткіл осыған телінсе керек. Әттеген-айы, бар саланы жайлаған алаңсыздық, көретін нәрсенің өзін көрбілтелендіре береді. Автордың жүйелі ескертуі де осыған саяды емес пе? Қоғам ағзасында бездей шоршып, шоғырлана жайылған күллі келеңсіздікті осы кітабында да түйреудей-ақ түйремеді ме? Сөйтсек, романдағы жанайқай түгесілудің орнына түрліше тұрпатталып, туырлықтайын жерден томардай боп өсіп жетіліп, ақиқат тұма бастауларының көзін бітеп тастайды екен. Жазушының көрегендікпен сезіп-көздеп, сөз қанжарын аяусыз сұққылайтыны осыдан болса керек. Ал біз осы кірбіңдердің кілтипанымен күрестің автор ұсынған ота кездігін қолайлы сәтте кезенудің орнына, немқұрайдылық пен немкеттілік танытамыз. Сонда әдебиеттен не пайда?..
Әдебиеттің пайдасы сол, нақтыласақ, Т.Сәукетаевтың ұлтына жанашырлығы мол! Айтудай-ақ айтып келеді, намысты піспектейді. Шындық – көп, ақиқат – жалғыз екеніне мойын ұмсындырып, талғам-таразысына тартады. Қоғамды қандай дауасыз дерт жайламады десеңізші. Жоғары лауазымдылар арасында мемлекеттің мүддесін шетелдерге «сатып», үйреншікті ғадетке айналды. Киелі саналған құндылықтың бәрін тып-типыл еткен безбүйректер ше? Өмір айнасы күл-қоқыспен ғана көлегейленіп қалғандай зәрені ұшырады. Бұған жазушы бетін басып, қалай шыдайды?..
Атом сынағының сөлекет-сүмпиінен ұрпақ тоз-тоз болып жатырында шіріп жатқанымен қоймай, Байқоңырмен буындырып, ауасын ластап, табиғатын табытпен теңестіргісі келді. Ежелгі Алтынорда сайыпқырандары мекендеген нулы жер-су, бабаларынан теріс бата алғандай, улы аймаққа айналды. КарЛАГ пен АлЖИР-дің ескі орнынан әлі күнге есінен ауғандардың топалаң-шаңы қағылатындай. Саяси қуғын-сүргін жұтпасына нақақ жұтылғандардың жанайқайы әлі де қазақ даласының әр тұсынан шошындыра естіліп, шоқ бастырғандай шүбәландырды. Қаймағы қалқып алынған ұлттан мәңгүрт жасау – сазбалшықтан ойыншық балауыздағаннан жеңіл тиіп, идеологиялық дырау қамшының астында небір боздақ дүреленді. Қолымыздағы Тәуелсіздік кейпі, кейде түсімізде өзімізді шошындыратын халге жеттік. Тәуелсіздікке толыққанды ие бола алып жүрміз бе деп, сан соғуға мәжбүрлендік... Ғаламтор арқылы жастар санасы уланып, ата салттың, дәстүр-қағидаттың тәрбиелік мәні құм астындағы алтындай жылтырап қалды... Уақыт қуғынындағы әлем-жәлем ғасырдың алба-жұлба бейнесін қағазға түсіргенше автор байыз таппады, жер тепкілеп, беталды жүзген «Желқайығының» бағытын түзулеуге тырысты. Сөйтіп, қалам табының қиналысына таза жүрек алқынысын қосты. Қандай кеселге де мойымайтын күдірейген жалды кейіпкерлер қайдан шықты дейсіз? Нендей гәптен?! Олардың біразы жұқана, жадау-жүдеу күйттеріне қарамай, жеке-дара, дербес образдалса да, жинақтала келіп бас кейіпкерлерге тән болмыспен тиянақтылық танытады. Бәрі шетінен бас кейіпкер міндетіне жегілген. Ұсақ, екінші кезектегі персонаждар жоқ. Әрқайсысы өз тағдырымен дараланып, өмір атты ұлы полотноның бір-бір штрих-қиюы іспетті бір-біріне сәуле шаша бояуын айшықтап, жымдаса өріледі. Шығарма сонысымен де дәстүрлі қазақ романдарынан оқшау сипатта танылады. Романның сіз іздеген, таңырқаған ерекшелігінің бір сипаты да осы болса керек.
Қаусаған дүниенің қаншасын осылайша тізгенімен, қоғам зары өзінен-өзі жеңілдемейтініне автор әркімнің жүрегін иландыра отырып жұлынға ине сұққанмен бірдей жаһандану жанталасынан ұлтты арашалап қалудың амалдарын кейіпкерлерімен бірге іздестіреді. Романда азаттық қарсаңындағы қазақ қоғамының әлеуметтік халі, рухани болмысы, ұлттық түйсігі психологиялық кең панорамалы ауқымда көркемдік қуатпен барынша шынайы суреттелген. Титімдей ғана, қарапайым көше сыпырушы Мотя тәтей аянышты тағдырдың қыспағында жүрсе де, өмір ағысының бұралаңында әділдік туын жықпауымен еңселенеді. Ал тума талант, жас ғалым Бақтиярдың опасыздар ортасындағы қайрансыз қалып, біртіндеп білімін саудалап, алқашқа айналуын нендей зауалдың тепкісіне балар едіңіз? Дарынды ақын Әбішкен Қайырдың өзекжарды туындыларын бір жұтым араққа сатуы ақтап алар азғындық па? Жалпы, азғындық атаулы ақтауға тати ма? Жезөкшеліктің мыстаны Розаның, қылмыссыз қыл еспейтін Сығанның, аса зиялы профессордың жалғыз ұлы наркоман Рашидтің талапайға түскен тағдырларынан қандай сабақ алуға болады? Өмірін ғылымға арнаған фанатик Ахметов, бір кезде партия, заң органдарында қызмет етіп, кейіннен ғылымға келген, қылмыс әлемінен жеңұшынан жалғасқан жымысқы Аманбаев, сталиндік тозақтан өтіп, шығыстан жарты тәнін сүйреп қайтқан ағашаяқ Шәуали, түркінің мыңжылдық тарихын жүрегі жылап жырлайтын ғұлама Сапарғалиев, полигон «перзенті» – Биназар, Федька, т.б. көптеген сюжеттік желі бар. Әр желі өмір құбылыстарының түрлі аспектісін кең қамтып, тарам-тарам жылғалана түсіп, бір арнада тоғысып, түйінделуімен құнды. Кейіпкерлердің қым-қиғаш тағдыры арқылы автор өмірдің небір шытырман қалтарыстарына терең барлау жасап, бүгінгі қайшылыққа толы болмысымыздың шынайы бейнесін айшықтауға талпынған.
Шығарманың тілі жүрдек, бояуы қанық, жазылу үлгісі автордың өзіне тән дара машығын айқындайды. Жылы юмор мен жүректі шым еткізер тәтті мұң аралас қилы оқиғалар палитрасы оқырманды сан алуан сезімге бөлеп, қызықтыра жетелейді. Қанатты қиялмен ұштасқан мистика, аян-түс, сюрреалистік көріністер шеберлікпен қиюласып, шығарманың философиялық-эстетикалық салмағын арттыра түскен.
Жүйрік романист Т.Сәукетаевтың аталған шығармасы Мемлекеттік сыйлықтың жүлдегері болуға әбден лайықты деген сенімдеміз. Жаңалықпен жалы жалданған озық үлгідегі бұл туынды қазақ әдебиетінің өркешті де, асқаралы биігі іспетті құбылыс екеніне екінің бірінің көзі жетері анық. Себебі «Желқайық» романы замана шындығының шырағданы секілді, сәулесін молынан шаша бермек... Жүректе тұтанған шырақ ешқашан сөнбек емес...
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері