Қоғам • 22 Тамыз, 2022

Судьяларға сот жоқ па?

357 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында қылмыстық жазадан ақтал­ған адамдар туралы ақпарат жиі айтыла бастады. Әсіресе солардың қатарында ел ішінде саяси себепке байланысты сотталды деп есептелетіндер де бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Ақтал­ған­дар үшін қуанамыз, әрине. Осы орайда, жа­зық­сыз жандарды темір торға қамауға үкім шығарғандар қандай да бір жазаға тартыла ма деген сауал туындайды.

Судьяларға сот жоқ па?

Жоғарғы сот ұсынған дерекке сүйенсек, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, 2020 жылы 329 іс бойынша ақтау үкімі шығарылған. Былтыр ақталған 272 істің 45-і онша ауыр емес, 59-ы ауырлығы орташа, 155-і ауыр, ал 13-і аса ауыр қылмыс түріне жатады. Алайда ақтау үкімдері жалпы сот үкімдерінің 2-3 пайызын ғана құрайды. Ал сотталып, кейін ақталып шыққандардың үлесі тіптен аз.

Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, судьялар тәуелсіз әрекет етеді. Оған Ата Заңы­мыз­дан бастап бірқатар негізгі заңнама ке­піл­дік береді. Судья төрелік етер кезде тек Кон­сти­туцияға бағынып, тәуелсіз қазы ретінде іске соңғы нүктені ешкімнің ықпалынсыз өзі қояды. Сәйкесінше, сот төрелігін жүргізу кезінде судьяның жұмысына араласуға қатаң тыйым салынып, оның соңы жауаптылыққа әкеліп соғады.

Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конс­ти­туциялық заңында судья тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауап­ты­лық­қа тартылуы мүмкін екені айтылған. Судья тәртiптiк жауаптылыққа сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн, судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн тар­тыл­уы мүмкін.

Сонымен қатар құжатта судьялық қате, сон­дай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту судьяның жауаптылығына әкел­мей­тіні де қарастырылған. Судья қатесі деп мате­риалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және қолданбау әрекеті есептелінеді.

Судьялар мүлдем жауапкершіліктен боса­тылған деп айтуға болмас. Қылмыстық ко­декс­тің 418-бабында қасақана әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығарғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. «Судь­я­ның (судьялардың) көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығаруы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бас бостандығынан айыруға соттың заң­сыз үкiмінің шығарылуына байланысты немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айы­ра отырып, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», делінген Қылмыстық кодексте.

Бірақ судьяның қасақана шешім шығар­ға­нын дәлелдеу өте қиын. Оның үстіне, судьялар тәуелсіз саналатындықтан тек Бас прокурордың наразылығымен ғана оларға қатысты іс қозғалады. Ал қалған жағдайларда ескерту жа­рияланады, сөгіс беріледі, тәртіптік жаза қол­да­нылады, қызметінен кетеді.

World Justice Project халықаралық ұйымы анықтайтын «Сот тәуелсіздігі» индексіне сүйенсек, Қазақстанның сот жүйесі 139 елдің ішінде 66-орында тұр. Яғни тізімнің дәл орта тұсына жайғасқан. Осы орайда, судьялар қаншалықты әділ шешім шығарады, мүдделі топтар ықпал етпей ме деген сауал туындайтыны рас. Әрине, заң бойынша сот ісіне кедергі келтіруге Қылмыстық кодексте жаза қарастырылған. Бірақ судьялар арасындағы жемқорлық, сот ісіне қатысты біржақты ше­шім шығару әлі де кездеседі. Мәселен, кейін­гі 5 жылда Фемидаға ант берген 17 судья жауап­қа тартылған.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәсе­лелері жөнінде өткізген кеңесте осы мәсе­леге назар аударған болатын. «Соттар қыл­мыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталу­шы­ның кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табан­ды­лық танытса, тергеу амалдары сапалы жүр­гізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорға­лары сөзсіз», деген еді Президент.

Өкініштісі сол, судьяның шешіміне мүд­делі топтардың әсер еткенін дәлелдеу өте қиын. Ал мұндай жағдайда кінәсі дә­лел­­денбей, жазықсыз сотталып кеткен жан­дар­дың тағдыры тәлкекке түседі. Осыдан кейін қате ше­шім шы­ғар­ған судьяларға сот жоқ па деген заңды сауал туындайды...